Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:30, 20 Ақпан 2025

Украинаның қазақ мұнайы арқылы АҚШ-қа жолдаған сәлемі

КТК
Фото: cpc.ru

«Каспий құбыры консорциумы» мұнай құбырына жасалған ұшқышсыз аппараттар шабуылынан кейін сыртқы сауда табысына келетін шығынды болжап көрген экономистердің сөзі бір жерден шығып жатыр: бұл бюджетімізді үлкен тапшылыққа ұшыратуы әбден мүмкін.

Онсыз да қаптың түбін қаққандай, салықты көтеріп жатқанда мұнай экспортынан табыс азайса, жағдай тіпті қиындай түспек. Осындайда «біздің үкімет неге үнсіз» дей беріп едік, араға екі күндей салып барып, сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Украина тарапымен келіссөз жүргізетінін, алдағы уақытта мұндай жайттардың қайталанбауын ақылдасатынын мәлімдеді.

Қазақстан бюджеті 300 млрд теңгеден қағылуы мүмкін

Оқиға хронологиясына келсек, 17 ақпанға қараған түні «Кропоткинская» мұнай айдаушы станциясына жеті бірдей дрон арасына интервал салып, бірінен кейін бірі шабуыл жасады. Оның Украина Қарулы күштерінің қолымен жасалғанын өздері мәлімдеді. Ал себебі біреу – Ресейдің әскери агрессиясын қолдайтын стратегиялық нысандарды жою. Ресми мәліметтерге қарағанда, абырой болғанда құрылыс нысанының өзі біраз зақымданғаны болмаса, адам шығыны жоқ және мұнай да далаға төгілмеген. Оның үстіне, қосымша, айналып өтетін жолы да бар болып шықты.

Жалпы, жылына мұнай құбырымен ағып жатқан 63 млн тонна қара алтынның 53,8 млн тоннасы немесе шамамен 86%-ы қазақ жерінен, Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарынан шығады. Олар құбыр арқылы Қара теңізге жетіп, одан әрі АҚШ пен еуропалық компаниялардың Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттарына жөнелтіледі.

Енді ұшқышсыз аппараттар шабуылы кесірінен әйгілі құбырдың мұнай айдау қарқыны 30-40% аралығында бәсеңдейтін болды. Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак осындай болжам айтады. Себебі оның есебінше, «Кропоткинская» станциясының өзі бір жарым, екі айдай жұмыс істемейді. Оның орнына Қазақстан мұнайы айналып өтетін жолмен жөнелтіле бермек.

Белгілі сарапшы, сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Олжас Байділдиновтің пікірінше, осы шабуыл салдарынан ел бюджетіне 300 млрд теңге түспей қалуы мүмкін. Оны қарапайым жолмен есептеп шығаруға болады: мысалы, былтыр 53,8 млн тонна жөнелтілген, яғни айына 4,5 млн тонна деген сөз. Екі айдағы 30%-ы 2,7 млн тонна немесе шамамен 19,7 млн баррель. Оның нарықтағы құнына келсек, шамамен 1,4 млрд долларға шығады.

Тек бұл жерде айта кететін бір жайт, Теңіз кен орнындағы осыған дейін айтылып келген «Болашақ» кеңейту жобасының аяқталғанын ескерсек, онда кеніште өндіру көлемі арту керек. Оның үстіне, мұнай айдау станциясының құрылысын жөндеу де қыруар шығын. Айналып келгенде, бәрінің шығыны дөңгелектеп алғанда 2 млрд долларға баруы мүмкін. Ал енді осы шығынның 30%-ы Қазақстанның қалтасынан шығатынын ескерсек, 600 млн доллар 300 млрд теңгеге айналады. Себебі КҚК акционерлерінің қатарына «ҚазМұнайГаз» да кіреді.

Мұнай сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, құбырдағы мұнай тасымалының 2 айдай төмендеуі Қазақстанның экспорт түсімін жылына 5%-ға дейін азайтуы мүмкін. Себебі еліміздің жалпы экспортының ең кемі, жартысын мұнай алып отыр. Ал сол мұнай экспортының 95%-ы Ресей аумағы арқылы өтеді. Соның ішінде әңгіме болып отырған КҚК арқылы 80%-ы ағып жатыр.

Ал ел бюджетінің жартысына жуығы осы мұнайдан түсетін табысқа қарап отыр. Демек, елдің қаржылық тұрақтылығына біршама қауіп бар.

Экспортты әртараптандырмай келгеніміз таяқ боп тиді

Бір нәрсе түсінікті, дәл қазір әңгіме арқауы – КҚК құбырына тең келетін балама экспорт жолы жоқ. Екінші жағынан, көп жылдан бері сөз болып жүрген «Баку – Тбилиси – Жейхан» бағытын толық қуатта іске қосу тапсырмасы әлі орындалмай келеді. Іске асқан жағдайдың өзінде, тасымал көлемін 20 млн тоннаға дейін ғана арттыра алады. Бұл жоспарды іске асыру үшін Ақтау портын кеңейту қажет.

Былтырғы есеп бойынша бұл жолмен небәрі 1,5 млн тонна ғана экспортталған. Қазіргі шамасына қарай оны ары кетсе 5-6 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Бірақ оған бүкіл инфрақұрылым, мемлекетаралық келісім дайын ба? Ол да түйіні шешілмеген мәселе. Сайып келгенде, мұнай экспортын әртараптандыру ісін әлі күнге дейін созбаққа салып отырғанымыздың нәтижесі таяқ болып тиіп отыр.

Айта кетерлік бір жайт, еліміздің энергетика министрлігі мұнай тасымалдау көлемінің тұрақты екенін мәлімдеді. Оған қоса, Қазақстандағы тәуліктік мұнай өндіру көлемінің де төмендеуі байқалмайды. Мұнай саласы бойынша сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, «Кропоткинская» станциясына Ресейдің «Кавказ» станциясынан да мұнай жеткізіліп жатыр. Соған қарағанда, «Транснефттің» мұнай тасымалы көлемінің төмендеуі туралы мәлімдемесі Ресей мұнайына қатысты болуы да мүмкін.

Қалай болғанда да КҚК құбырындағы мұнай тасымалының азаюы бірнеше мүмкіндікке жол ашпақ. Бір жағынан Қазақстан ОПЕК+ аясында мұнай өндіру көлемін азайту уәделерін орындай алады. Екінші жағынан, бұл жағдай қосымша экспорт бағыттарын қарастыруға ықпал етеді.

Қауіп біз ойлағаннан да зор болуы мүмкін

Мұнай құбырына жасалған дрондар шабуылының зардабы Қазақстан үшін біз ойлағаннан да зор болып шығуы мүмкін. Өйткені станцияны қалпына келтіру жұмыстары 1,5-2 ай шамасында созылады деп болжанғанымен, Ресей үкімет басшысының орынбасары Александр Новак Путинмен өткен жиында оның әлдеқайда ұзаққа баруы мүмкін екенін айтты. Себебі ондағы әбден бұзылған газ құбыры қондырғысын Siemens компаниясы орнатқан. Ал Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, бұл компаниямен келісімшарт бойынша техникалық қызмет көрсетудің 5 жылдық мерзімі былтыр бітіп кеткен. Сондықтан шабуыл зардабын қалпына келтіру жұмыстарының мерзімі болжам күйінде айтылғанымен, оның нақты уақытына қатысты еш сенім жоқ.

Осы ойға қоса кететін және бір сөз бар. Украинаның Бас штабы соғысқа қолдау көрсетіп отырған стратегиялық инфрақұрылымдарға деген шабуыл жалғаса беретінін жариялады. Сондықтан қазіргі жағдайда бюджет біршама қаражаттан қағылады десек, тұрақты шабуылдар жағдайды тіпті қиындатары сөзсіз.

Украинаның Қазақстанда не шатағы бар?

Олжас Байділдиновтің пікірінше, осы дүрмектің басында ақылға сыймайтын бір сұрақ тұр. Аталған құбырмен ағып жатқан мұнай қазақ жерінен шықса, оны сорып алып, Еуропаға жөнелтіп жатқан АҚШ пен еуропалық компаниялар екен, ендеше, Украинаның бізде атасының құны қалды ма?! Оның соғысқа не қатысы бар? Осыған ми жетпей тұр.

Оның үстіне, осы соғыс басталғалы үш жыл ішінде КҚК құбырына еш зақым келмеді. Соғыс қандай жағдайда өрбіп жатса да, халықаралық консорциум құбырына ешкім оқ атпаған. Сондай-ақ осы құбырдағы өнім ешқандай санкцияға да түспей, бүкіл сауда мен дивиденд атаулы бұрынғы қалпында жүріп жатқан еді. Ендеше, Украинаның ала жіпті аттап, Ресеймен өзара қастыққа еш қатысы жоқ құбырға шабуылдағаны қалай?

Сарапшылардың пайымынша, онысы осы шабуыл арқылы АҚШ пен Еуропаға «сәлем» жолдаған сыңайлы. Ақыры Украина жерінде болып жатқан соғыс тағдырын Украинаның қатысуынсыз-ақ шешіп жатыр екен, олай болса, «біз мұндамыз» деген даусын осылай білдірген болуы мүмкін. Тек, екі ортада шыбын өледінің кейпімен Қазақстан мұнайы жем болып отырғаны өкінішті.

Белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов те осы ойды қуаттайтын пікір қосады. Ондағы мұнайдың Chevron секілді алпауытқа тиесілі екені ешкімге тосқауыл бола алмайды. Қайта, керісінше, осындай алпауыттарға тиісу арқылы бүтін бір мемлекетке сөзін өткізе алады. Украина тарапы, бәлкім, АҚШ-қа осылай үн қатқан да болар.

Ал қалпына келтіру жұмыстарына акционерлер мен осы құбырға мүдделі тараптар атсалысуы керек. Анығын айтқанда, құбырдың бастапқы қуатына тезірек оралғаны – Қазақстан мен біздің мұнайды пайдаға асырып жатқан Chevron секілді шетелдік алпауыттар үшін әлдеқайда маңызды. Осыны меңзеген Ресей президенті де «керек болса өздері жөндеп алсын, бар керек-жарағын санкцияға қарамай әкелсін» деп кешегі өткен жиында кекетіп отыр.

Ербол Тұрымбет