Украинаның Қазақстандағы жаңа елшісі тағайындалды

2025 жылғы 8 сәуірде Украина Президенті Владимир Зеленский Қазақстан Республикасындағы Украина елшісі қызметіне Виктор Майконы тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Бұл тағайындауға дейін Виктор Майко Украина Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.
Қазақстандағы Украина елшісінің орны 2022 жылдың қазан айынан бері бос тұрған еді. Ол кезде елші қызметін атқарған Петр Врублевский өзінің сұхбатында айтқан даулы пікірі себепті дипломатиялық жанжал туындап, нәтижесінде қызметінен босатылған болатын.
2022 жылдың тамыз айында оның орыс ұлтына қатысты айтқан пікірі қоғамда үлкен наразылық туғызып, бұл жағдай екі ел арасындағы қарым-қатынасқа әсер етті.
Виктор Майконың елші қызметіне келуі Украина мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастарды жаңғыртып, екіжақты байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.