Украинаның мемлекеттік шекара қызметі Лукашенконың сөзін жоққа шығарды
Украина Беларусь әскерилерінің үштен бірі шекара маңына орналастырылғанына сенбейді.
Бұған дейін Украина қарулы күштерінің Курск облысына басып кіруіне байланысты президент Александр Лукашенко «Россия» телеарнасына ұзақ сұхбат беріп, Украинамен шекарадағы әскери контингентті нығайту туралы айтқан.
Оның сөзінше, Беларусь армиясының үштен бірі Украинамен шекараға ауыстырылған.
«Біз армияның үштен бір бөлігін әкелгенімізді, тіпті батыста да жұмылдырып, оны оңтүстікке, бөлімшелерімізді жаттықтыру үшін полигонға жібергенімізді ескеріңіз», - деді Лукашенко.
Лукашенко Украинаның Беларусь маңында 120 мың әскерін ұстап тұрғанын да мәлімдейді. Беларусь басшысының айтуынша, батыс бағыттан Беларуське шабуыл жасалса, Минск тойтарыс беруге дайын.
«Біз оларды күтеміз. Ол жерде бізге оңайырақ болады. Мұнда Бресттен Гродноға дейін және одан жоғары жерде қорғаныс желілері салынған. Литва мен Польшаның шекаралары іс жүзінде жабық. Біз де осы украин-ресейлік арнайы әскери операциядан сабақ алып жатырмыз. Біз [әскерлерді] қайда орналастыру керектігін көріп отырмыз. Мен олардың қанша екенін айтпаймын, бірақ бұл бүкіл шекараны жабуға жеткілікті», - деді Александр Лукашенко.
Ал, Украина Лукашенконың мәлімдемесіне сенбейді. Мемлекеттік шекара қызметінің спикері Андрей Демченко әскерилер шекарадағы беларусь әскерлерінің жеке құрамының ұлғаюы туралы дерек тіркемегенін айтты.
«Беларусь Республикасымен шекарадағы жағдай өзгеріссіз. Көріп отырғанымыздай, Лукашенконың риторикасы да өзгермейді, лаңкестік елдің көңілінен шығу үшін жағдайды тұрақты түрде ушықтырады», - деді Демченко «Украинская правда» басылымына берген түсініктемесінде.
Еске салайық, 10 тамызда Лукашенко Беларусь аспанында украиналық ұшқышсыз ұшақтарды жою туралы хабарлаған болатын. Беларусь Сыртқы істер министрлігі өткен аптада дәл осы мәселе бойынша БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ға жүгінді.