Укранада “Ресей арнайы қызметтеріне жұмыс істеді” деген күдікпен 175 жасөспірім ұсталды

Financial Times басылымының жазуынша, Ресей арнайы қызметтері Украинадағы жасөспірімдерді, оның ішінде жетім балалар мен мәжбүрлі қоныс аударушыларды жүйелі түрде өз пайдасына жұмыс істеуге тартып отыр.
Басылымға сұхбат берген Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) ресми өкілі Артем Дехтяренконың айтуынша, былтыр көктемнен бері СБУ шпиондық, өрт қою және жарылыс дайындау ісі бойынша 700-ден астам адамды ұстаған. Олардың 175-і кәмелетке толмаған.
FT деректеріне сәйкес, жасөспірімдер Telegram, Discord, WhatsApp және Viber арқылы вербовкаланған. Оларға тапсырма орындағаны үшін 100-ден 1000 долларға дейін сыйақы уәде етілген. Тапсырмалар қатарында: әскери нысандар мен әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін суретке түсіру, жарылғыш зат орнату, энергетика инфрақұрылымын немесе әскери комиссариаттарды өрттеу сияқты әрекеттер бар.
Мәселен, Харьков қаласында 19 жастағы қыз қолөнерлік жарылғыш құрылғыны электросамокатқа орнатты деген күдікпен ұсталған. Бұл самокат «Қарулы күштерге сыйлық» ретінде берілген. Жарылыс салдарынан бір әскери қаза тауып, екіншісі жарақат алған.
СБУ дерегі бойынша, жасөспірімдердің көпшілігі не істеп жатқанын толық түсінген. Алайда кейбірі алаяқтық жолмен тапсырмаға тартылған.
«Кәмелетке толмағандар өз әрекеттерінің салдарын ұғына бермейді», - деді Дехтяренко.
Сондай-ақ СБУ соңғы уақытта ресейлік вербовщиктер тапсырмаларды қатаңдатып жатқанын айтады: бұған дейін трансформаторларды өртеуді тапсырса, қазір украиндарды "террорист-смертник" ретінде пайдалануға көшкен.
Осыған байланысты Украина билігі халыққа арнайы ескерту науқанын бастады. Хабарламалар SMS арқылы таратылып, көшелердегі баннерлерге орналастырылуда.