Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 08 Қараша 2021

Ұл – қызға, қыз – ұлға айналатын заман

None
None

Шетелдегі сияқты біздің елде де жыныс ауыстыруға заңды түрде рұқсат берілгеніне бір жылдан асса да, көпшілік бұл ойды әлі қолдамауда.

Мұндай сорақылықты дініміз де, діліміз де, салт-дәстүріміз де қабылдай алмайды. Дәл осы жолды таңдап, өзін ұл яки қыз сезінгенде ғана бақытты өмір сүреміз дегендер бөркін аспанға ата қуанып жүр. Олар үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып та қойған. Яғни жынысын ауыстырғысы келген адамның психологиялық ауытқушылығы болмай, өз жынысына сәйкессіздігі дәлелденген болуы керек. Медицина тілімен айтқанда, «транссексуализм» диагнозын психологиялық тұрғыда нақтылануы тиіс.

«Эстроген гормонын тиісті мөлшерде қабылдаған еркектің болмысы өзгеріп, нәзіктеніп, әйелге тән белгілер пайда бола бастайды» дейді мамандар. Ал әйелде керісінше. Дәрі ішіп, ағза отаға дайын болған кезде ғана хирургиялық жолмен жынысы өзгертіледі. Отаның күрделілігі айтпаса да түсінікті. Дәрігерлер «ота шамамен 5-6 сағатқа созылады» дейді. Ескере кететіні, жыныс ауыстыру бір ғана отамен шектелмейді. Әйел не еркек толыққанды жүрек қалауына жету үшін бірнеше ота жасалады. Ал пышаққа түсудің қаншалықты ауыр екенін жай ғана соқырішекке ота жасатқан адамдар жақсы біледі. Ал бірнеше ота жасатып, одан кейін асыр салып өмір сүрем деп айту қорқынышты секілді.

Осы мәселеге қатысты талай науқасқа ота жасап, еміне шипа беріп, көптің алғысына бөленген хирург Нұртас Ниязбекұлымен тілдескенімізде: «Қазіргі таңда медицина ғылымы өте жақсы дамыған. Оған мысал да жоқ емес. Бірақ өз басым жыныс ауыстыруға үзілді-кесілді қарсылық білдіремін. Адам қай жыныста дүниеге келсе, сол жыныста дүниеден өту керек деп санаймын. Жалпы, жыныс ауыстырғысы келетіндерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – ана құрсағында жатқаннан физиологиялық бұзылысқа ұшырағандар, екіншісі – жаратылысынан қосжынысты болып туғандар, яғни гермафродиттер. Медицина тілінде жыныс ауыстыруды «транзишен» деп атайды. Ағылшын тілінен аударғанда «ауысу, өту» мағынасын білдіреді. Адам жынысын ауыстырса да, генін өзгерте алмайтынын ұмытпауы керек. Оларға берілетін дәрі де денсаулыққа аса қауіпті. Қанша дәрі ішкенімен, бойындағы о баста жаратылған гормондар сақталады. Адамға қажетті жыныс мүшелерін жасау үшін ешқандай да донордың керегі жоқ. Мұндай іспен айналысатын білікті мамандар өзінің ағзасынан не терісінен-ақ қалаған жынысын жасап береді. Жыныс ауыстырғандар өмірінің соңына дейін гормондық дәрілер ішуге мәжбүр болады. Өйткені бұл табиғи жолмен берілген ағзалар емес. Үнемі көпқоспалы дәріні пайдаланған адамның өмір жасы да қысқаратыны анық. Себебі пайдаланған дәрілер басқа ағзаға теріс әсер етеді. Сол үшін мұндай қадамға бармас бұрын, әр дүниенің қадірін саралап алған жөн», – деп, мұндай ойды ақылға жеңдіруге шақырды.

Асыл дініміз исламда мұндай азғындыққа бару үлкен күнәнің бірі болып табылады. Бірақ жыныс ауыстырып жатқандардың бәрі өзге діндегілер деп айта алмаймыз. Бейресми деректерге сүйенер болсақ, жантүршігерлік ота жасаудан ислам мемлекеті саналған Иран Республикасы көш басында тұр. Демек, жынысын өзгерткісі келетіндер дінге, ұлтқа қарамайды. Бұл ретте адамға сана берсін деп тілеуден басқа амал жоқ.

Жаратылысқа қарсы шығып, айды аспаннан келтіріп жатқандар саны жыл сайын артып келеді. Бұл бәрімізді алаңдатуда. Бүгін осы жолмен өзгерген адамдар ертең білместікпен бас қосып шаңырақ көтерсе, арғы жағын айтудың өзі қорқынышты. Әлеуметтік желіде жынысын өзгерту туралы кез келген ақпаратқа «Ертеңгі күніміз не болады? Ұлымыз жынысын өзгерткен еркекті «келін» қып алып келсе, келешек ұрпақтың көрген күні не болады?» деп дабыл қағуда. Бірақ олардың үніне құлақ асып, содан нәтиже шығаруға асығатындар шамалы. Айтылған пікір дәл сол жерде желге ұшып кетіп жатты. Өкінішті.

Қасиетті Құран сөзіне тоқтайтын текті халықтың ұрпағы болғандықтан, бұл қасіретті жағдайға діни тұрғыдан қарау керектігін де ұмытпадық. Халықты түзу жолға бастап, жамандықтан жирентіп, жақсылыққа үйретіп жүрген дін өкілдерінің де пікірін білген едік. «Алла о баста қалағанын ұл, қалағанын қыз етіп жаратты. Мұндай асқан шеберлік өзге ешкімнің қолынан келмесі хақ. Бірақ қазір медицина қарыштап дамыды дегендер ойларына келгенді істеп жатыр. Бұрындары жүректі, өкпені, бауырды ауыстырыпты дегенді еститін едік. Енді жыныс ауыстыруға болатынын да білдік. Алайда шариғат бойынша жыныс мүшені ауыстыру – харам. Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Оған мына аят-хадистерді айғақ етсек болады. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты», – деген. Міне, осыдан артық қандай дәлел керек? Мұны сезіну үшін адамға жүрек, иман, ақыл қажет», – дейді имам Әбудардан Таласбай.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда жыныс ауыстыру жағынан Таиланд мемлекеті көш бастап тұр. Бұл елге көптеген елдің трансгендерлерінің келуіне себеп те жоқ емес. Себебі мұндағы отаның құны өзге мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мұнда шамамен жылына 500-ге жуық жыныс ауыстыру операциясы жасалатын көрінеді.

Жеті ата аспай қыз алыспайтын, тегіне асқан жауапкершілікпен мән беретін қазақ үшін бұл шешім – ұлтқа жағылған күйемен тең. Өкінішке қарай, мұндайлардың сөзін сөйлейтіндер де бар арамызда. Солардың бірі –  Шолпан Ахметова. Оның қызы жынысын ауыстырған екен. Алғашында шешіміне қарсы болғанымен, уақыт өте таңдауына түсіністікпен қарап, психологиялық және материалдық тұрғыдан көмек көрсеткен. «Мұндай таңдауды әркімнің өзіне қалдырған жөн. Себебі біреудің ішкі жан дүниесін екінші адам мүлде түсінбейді. Алғашында оның шешіміне бәріміз біртүрлі қарадық. Бірақ оның пікірін құптауға тура келді. Өйткені ол бала күнінен ер балалармен бірге ойнап, ұлдың киімін киіп өсті. Балалық деп мән бермесек те, психикасына өз әсерін білдіріпті. Ол бізге: «Өзімді ер-азамат ретінде өте жақсы сезінемін», – деп жиі айтатын. Біз мән бермейтінбіз. Сөйтіп жүріп өз арманына қол жеткізді. Қазір жеке куәлігінде ер адам деп жазылып тұр. Есімі ол қалпы Арман болып қалды. Себебі есімі ұл балаға да, қыз балаға да келе беретін. Көз алдымызда жүрген нәзікжанды қыздың бір сәтте-ақ ер-азаматқа айналғанын о баста қабылдай алмай, біраз қиналдық. Кейін бәріміз де үйреніп кеттік. Сондықтан әр адам өз таңдауын жасап, өзіне жайлы өмір сүрсе болғаны. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ал заң жүзінде рұқсат бергені де дұрыс болған. Әйтпесе жасаймын деген адам жеке клиникаларға да, шетелге де барып жасатып жүрді. Бұл – әркімнің таңдауы», – дейді.

Иә, адам ағзасы адам қолымен жасаған басқа дене мүшесін қабылдауы екіталай. Тек қуатты дәрілердің күшімен ғана біраз уақыт ағза жұмысын қалыпта ұстауға болатынын мамандар да айтты. Өмір бойы дәрі ішіп жүру дегеніңіз де оңай емес. Медицина қаншалықты дамыса да, жаратылысқа қарсы шығып, ерден әйелге, әйелден ерге ауысу – басыңды өлімге тігумен тең. Бір сөзбен айтқанда, өз қолыңмен өзіңді мүгедек жасап қана қоймай, Жаратқанның ісіне қарсы шығып, үлкен күнә арқалайсыз. Сондықтан да бала өмірге келген сәттен бастап ұл баланы ұлша, қыз баланы нәзік қалпында тәрбиелеуде қателік жіберіп алмайықшы!

Вырезка:

1

Әлем бойынша жыныс ауыстыру операциясы алғаш рет 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретшіге жасалған. Нағыз әйел болып, бала туғысы келген ол бірнеше рет жатыр жасатуға да әрекет еткен. Алайда бойына күшпен қондырылған жатырды жатырқаған ағзасы бір күнде сыр беріп, Эйнар қайтыс болады.

2

Үндістанда жыл сайын жүздеген қыз бір жасқа дейін жыныс ауыстырудың құрбаны болады екен. Отбасында қыздан гөрі ұл баланың дүниеге келгенін тәуір көретін кейбір үнділер жасқа да толмаған қыздарын жасырын клиникаларға апарып, жынысын еркекке ауыстыруды әдетке айналдырған.

Тегтер: