Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:08, 10 Қараша 2022

Ұл тусаң – Тимурдай ту!

None
None

Жастайымнан «Лениншіл жас» кезінен айнымас серігім, рухани басшым болған қазіргі «Жас Алаш» газетінің өткендегі санындағы: «Қазақтың біртуар, танымал спортшылары мен оларды баптап, жаратып, додаға қосқан атақты бапкерлер туралы естеліктерді жүйелі түрде жариялап отырмақпыз» деген жолдарды оқып, қатты қуанып қалған едім.

Біраз спорт саңлақтары туралы қызықты материалдар жарияланды да. «Жас Алаштың» жақындағы, дәлірек айтқанда 15 қыркүйектегі №73 санынан гүрзі жұдырықты, атақты боксшы, марқұм Әбдісалан Нұрмаханов ағамыз туралы«Нар тұлғалы Нұрмаханов» атты, Жамал Қамаш атты қаламгердің көлемді мақаласын оқып, қатты сүйсіндім. Сүйікті газетімнің осы «Тұлға» рубрикасына, байырғы оқырман және ардагер спортшы ретінде өзіндік үнімді қосуды мақсат етіп, қолыма қалам алдым...

          «Қазақ доп тебе алмайды», «Доп қазақтың оңтайына келмейді»  сияқты кереғар пікір білдіретін басқа ұлт өкілдері ғана емес, өзіміздің кейбір керітартпа қазақтарға: «Жоқ! Тепкенде қалай тебеді!» – деп, дәлелді уәж  айтудың сәті түсіп тұрған сияқты.     

       Әрине, әңгіме аяқдоп туралы болғанда, кезінде қазақты әлемге әйгілеп, ұлттық мерейімізді асырған, өкінішке қарай бүгінде арамызда жоқ болғанымен, ең алдымен ауызға ілінетін тұлға, темірдей тегеурінді Тимур Сегізбаев ағамыз екендігі талассыз. Кәдімгі, қазақ футболының аңызына  айналып, өзіміздің бала кезімізден кумиріміз болып, болмасақ та, соған ұқсап баққан аяқдоптың майталман шебері – Тимур  Сегізбаев!

        Иә, мектеп қабырғасында жүргенімде, мен «Тимур Сегізбаев» болып, домалақ доп қуаладым. Сыныптас достарымның ішіндегі Мұрат Бейсембаев атақты қақпашы Құралбек Ордабаев, жалқау Өмірзақ Кәрібаев –қарсыластардың қақпасының алдын торып, өзі жүгірмей, пас сұрап, тек гол соғуды ғана ойлайтын Сергей Квочкин, Сағымқан досым допты өз қақпасы маңынан шірене соққанда, қарсыластар қақпасының алдына топ еткізе түсіретін соққысы, сұмдық қорғаушы Вадим Степанов, шабуылшы Қанатбек,атақты Пехлеваниди. Сөйтіп, бәріміз қазақтың маңдайына біткен әйгілі «Қайрат» командасының бір-бір«белді ойыншысы» атанып, ала доп қудық. Сонда, сол сүйікті есімдерден қуат алып, кәдімгідей, өзімізді сол атақты ойыншылардай сезіне шапқылаушы едік...

Алайда, сөз орайында айта кетейін, мен Тимур ағамыздай футболшы емес, өзімнің шыққан биігім – ардагерлер арасында гир спортынан Алматы облысы бойынша бірнеше дүркін чемпион, күміс және қола жүлдегері атанып, спортты күні бүгінге шейін серік етіп келемін.

       Енді негізгі айтар ойым –Тимур Сегізбаев ағамызға ауысайын.

       Тап қазір менің алдымда осыдан 11 жыл бұрын, яғни 2011 жылдың мамыр айында басылып шыққан «Жас Алаш» газетінің қиындысы жатыр. Газеттің сол санында темірдей Тимур ағамыз туралы қаламгер-журналист Қорғанбек Аманжолдың «Қазақ футболының аңызы» атты очеркке бергісіз көлемді мақаласы басылған. «Сөзіңді біреу сөйлеп тұрса, тілің қышып бара ма...» демекші, айтар ойымды қаламгер Қорғанбек Аманжолдың нақты деректері және бұлтартпас фактілерімен байланыстыра өрбіткенді жөн санадым. Екіншіден, автордың дайын материалдарынан алған фактілерді өзімдікіндей көрсетіп, «жиендік» жасап, ұрлықшы аталмас үшін Қорғанбек бауырымыздың мақаласынан үзінділерді өзгеріссіз, сол күйінде қара әріппен беріп отырмын. Сонымен...

       «Қазақ  футболының  бағына  қарай  елуінші  жылдардың  елең-алаң  ортасында жасөспірім Тимур халықтық ойын-футболды  қалады. Оның  спорттық өмірінің өрелі жолы, қанат қаққан қия шыңдары, ойын  өрнегі, шеберлік деңгейі «футбол қазақтың қанына дарымаған» деп, әлі  күнге шейін көкитіндердің сөзін осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ жоққа  шығарып қойған-ды. Отандық футболдың бүгінгі жай-күйі мүшкіл  болса, ұлттық құрама халықаралық жарыстарда құлап-сүрінуден  жазбаса, оған кінәлі қазақтың қаны мен жаны емес. Оған кінәлі осынау  бар халыққа сүйікті спорт түрін дамыта алмай, қаулап өскен  қаншама  жас түлектердің арасынан кезіндегі Тимурдай таланттарды таба алмай,  соларды дұрыс баули алмай отырған футбол төңірегіндегі дарынсыз  фукционерлер деп білеміз. Әйтпесе, қазақ спорт атаулыны ешқашан  жатырқап, жатсынбаған. Көкпары, жамбы атуы, жаяу бәйгесі, арқан  тартыспағы, асық атыспағы, ат үстінен күміс ілуі, аударыспағы, басқа  да қызуқанды спорттық ойындарының неше атасы болған  халқымыздың футболды да әу бастан-ақ жанындай сүйгендігіне  дәлелдер көп. Таратып айтар болсақ, әңгіме ұзап кетпек. Ал дәлелдің ең  үлкені сол, футбол қазақ өрені Тимур Сегізбаевтың бүкіл  тағдырына,  ал Сегізбаев қазақ футболының басты тұлғасына айналғандығы».

        Шынында, «футбол төңірегіндегі дарынсыз функционерлер» демекші,  осыдан жарты ғасыр шамасы бұрын спорт қана емес, ұлт жанашыры, төрт  бірдей Олимпиада ойындарына журналист ретінде барып, «Олимпия  маршруты» деген ортақ атпен бірнеше кітап, «Ережесіз белдесу» атты  алтынға бергісіз рухани дүние – кітап шығарып, оқырмандардың  сүйіспеншілігіне бөленген Несіп Жүніспайдың республикадағы аудан-аудан  ғана емес, әр ауылдарда болып, қазақтың қара домалақтарын жинап,  «Намыс» атты жасөспірімдердің футбол командасын құрғаны менің ғана емес, дүйім спорт сүйер жұртшылықтың есінде. Қазақтың қай ата-анасы  қаршадай баласын сонау Алматыға жападан жалғыз доп тебуге жібергісі  келсін. Сол әке-шешелерге балаларының келешекте Қазақстанның, қазақ  ұлтының намысын қорғап, әлемге әйгілі ете алатын спортшы болатындығын  түсіндіре,  саналарына  сіңдіре  біліп,  қаншама  қайрат,  тер  төгумен  құрған  команданың, спорттың исі мұрнына бармайтын «функционер» –  шенеуніктердің кесірінен, тәп-тәуір үйреніп, қалыптасып келе жатқанында  быт-шыт етіп таратып жібергенін қайтейін. Уақытша қиындықтарды жеңіп,  өз құлқындарын ғана ойламай, команданы сақтап қалғанда, УЕФА-ның бас  бәйгесін жеңіп алмасақ та, қазір жер планетасындағы ортаңқол команданың  бірі боп, баяғыдағы «Қайрат» сияқты, қазақты әлемге танытып жүретін  қауқарлы  командаға  айналған  болар  еді-ау  сол «Намыс» командамыз.

          «...1957 жылы Тимур Қазақстан құрамасының сапында КСРО  мектеп оқушыларының спартакиадасына қатысу үшін Ригаға  аттанды.  Сонда Москвада бірер күн аялдағанда футболға құлай беріліп, бетін  біржола бұрғызған бір оқиға болды. 16 жасар бозбала өткен жылы ғана  салынған ғажайып «Лужники» стадионында жүз мың жанкүйердің  жаныққан айқай-атойымен бұрқ-сарқ қайнаған футбол аламанын таңдана, тебірене тамашалады. Футбол құдіретіндей елестеген  атышулы  Эдуард Стрельцовтың жойқын шабуылдары мен өзгеше ойындарын  көрді. Сірә, Валентин Ивановтың «Огонек» журналында: «Стрельцов  сотталып кетіп, бірнеше алтын жылды зая жіберіп алмағанда, футбол  королі кім болатыны екіталай еді» деп жазуы тегін де емес шығар. «Үлкен футбол осы екен ғой» деп ойлады Тимур. Жан дүниесінде  жаңа  бір жанартау оянғандай толқыды. Сөйтіп, үлкен футболда өзінің де  бағын сынауға бекінді.

          Бақ сынағаны сол, бұл кезде ол Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының белді ойыншыларының қатарында-тын. Жақында ғана Фрунзе қаласында Қырғызстан астанасының құрамасын алматылық  өрендер 5:0 етіп ойсырата жеңгендерінде 2 голды өзі соққанына іштей  мерейленіп жүрген жайы бар еді. Ал енді Стрельцовтың тау құлатардай  екпінін көргеннен кейін Ригадағы оқушылар спартакиадасында  Тимурдың шабуыл ұйымдастыру таланты мен доп соққыш мергендік қасиеті жарқырап ашылды. Осы жолы ол армян құрамасымен болған  ойында болмасты болдырған керемет жасап, жұртты таңғалдырды.  Футбол мамандарына еріксіз бас шайқатқан ол не ғаламат десеңіз,  айтайық.  Бірінші таймнан кейін 0:5 болып ұтылып, салдары суға кетіп тұрған. Ал екінші таймның 45 минуты өткенде таблодағы есеп 5:5 болып өзгерді. Бес допты да Сегізбаев соққан болатын!»

          Ал ендеше!Қане, қазақтың қара домалақтарының доп тебе  алмайтыны?! «Бүкіл қазақты жалғыз Тимур Сегізбаевтың жетістігі арқылы  бағалауға болмайды!» – дегіңіз келіп тұр-ау. Неге ол жалғыз? Жалғыз емес! Аз ғана уақыт ішінде доп тебудің қыр-сырын меңгеріп, шеберліктерін әдәуір жетілдіріп үлгерген М.Тілешев, Н.Жұмасқалиев, С.Мұжықов, Ә.Бөлешев, Т.Нөсербаев, Д.Тәжімбетов, А.Күмісбеков сынды жасыл алаңда ала допты ұршықша иіріп, голдарды да қақпаға шегеше қаға алатын қазақ футболшылары – сол «Намыста» ұлттық жігерін қайрап, шыңдалған қара домалақтар емес пе?! Тап сол тұста спорт тұтқасын ұстаған чиновниктердің қанында ұлттық намысы, қазақ спортына бір мысқал болса да жаны ашитын қасиеттері бар болса, тағы да қайталап айтайын, қазақ футболы осы күні дамып, дүрілдеп-ақ тұрған болар еді-ау! Қайтейін...

          «1960 жылдың көктемі. Тимур жалындаған 19 жаста болатын. Сухуми маңындағы Қара теңіз жағалауында жаттығып жатқан команданың соңынан арманына асығс алабұртып жалғыз жол тартқаны есінде.

          Бапкер Н. Глебов Минскіде болатын маңызды матч алдында  жолшыбай Гомельде жолдастық кездесу өткізіп, үміткер үш  ойыншының екеуін таңдап алуға тиіс болды. Олар Ангарскіден келген  Вадим Степанов, Тимур және тағы бір жігіт еді. Әрқайсысына өз  орнында ойнауға 30 минуттан берілді. Бірінші Степанов ойнап, оған  «өте жақсы» деген баға қойылды. Содан кейін шыққан Тимур жай ғана  жақсы болмай, жарты сағатта екі гол соғып үлгерді. Үшінші жігіттің  ойынын бапкер ұнатпады...

          Осыдан көп ұзамай әлемнің алтыдан ірін алып жатқан Кеңес  Одағы көлемінде жұлдызы жарқыраған алғашқы көзайым күн де келіп  жетті. Иә, 1960 жылдың 12 мамыры Тимур Сегізбаев өміріндегі шын  мәніндегі ерекше күн. Осы бір ғажайып футболшы жайында айтылар  әңгіменің ешқайсы да бұл күнді аттап өте алмайды. Себебі, ол талайлы  жас жігіттің жай 19-ға толған кезекті ғана туған күні емес-тін. Бұл күні  ол алғаш рет «Қайраттың» негізгі құрамында алаңға шығып, тұңғыш  ойында өз туған күніне талайды тамсандырған тамаша сыйлық тартты.  Тимурдың нақ осы матчта Минск «Белорусінің» қақпасына салған егіз  қозыдай қос добы алматылықтардың жоғарғы лигадағы алғашқы  жеңісіне жол ашып, бүкіл команданы абырой төріне шығарды. «Қайрат» командасының осы жеңісі туралы бірінші болып сол күні Қазақстан  Компартиясының Орталық Комитеті естіпті. Одан соң қуанышты  хабар филармонияға жетіпті дейді. Концерт жүргізуші көпшіліктің  алдына арнайы шығып: «Жолдастар, Минскіде «Қайрат» 2:0 есебімен  өзінің алғашқы жеңісіне қол жеткізді!» деп жақсы лепесті сүйіншілеп,  жария етеді. Ертеңіне Сегізбаев есімін күллі Қазақстан мен Белоруссия,  одан соң біртіндеп ұлан-байтақ Кеңес Одағы білді десе де болады.  Өйткені, ол кезде елдің құлағы футбол десе, соншалық елеңдеп  тұратын».

          ...Иә, шекірейген намыссыз шенеуніктер «Намысты» таратып, құртып  тынды. Басқа спорт түрлері де ақсап, құрдымға кетіп бара жатқан тұста, өзі де бесаспап спортшы, тағы да сол қазақ, ұлт намысы, қазақ спорты десе – қаны қызып, айға шапқан арыстанша айбаттанып шыға келетін атпал азамат,  өне бойы ұлттық намыспен жанылған журналист Несіп Жүніспаев «Егемен  Қазақстан» және өзі басқарып отырған «Спорт» газетінде «Қазақ спорты  қайда барасың?» деген проблемалық мақаласын жарқ еткізіп басты.  Ешкімнің ар-намысына да тимейтін, жеке бір адамды мұқатып, кекетуді де  көздемейтін, тек «Қазақ спортының тасын қайтсек өрге домалатамыз?» деген тұрғыда жазылған мақаласы Несағаңның басына әңгіртаяқ болып тиді. 

Ақжүректілігі, үлкен азаматтылығы мен шыныдай таза адамгершілік қасиеттеріне орай, өзінен жасы үлкендердің де Несіпті аса силайтындығынан «Нес-аға» деп құрмет көрсететін-ді. Сол-ақ екен, Несекең аяқ астынан «халық жауы» болып шыға келді. Республиканың спорт басшылары оны еш  себепсіз жұмыстан қуды. «Тоқпағы мықты болса – киіз қазық жерге кірер»  дегендей, басқа еш басылымдар Несіп Жүнісбаевты қызметке алмады.  Өйткені, «мықты тоқпақтан» қорықты. Газеттердің басшылары түгіл үкімет, министр, парламентте отырғандардың өзі Несағаңа ара түсуге жарамады. Сондағы азаматымыздың қалай қорланғаны, шарасыздықтан, намыстан жігері құм болып, өмірден күдер үзе жаздаған күйзелісін кім түсіне алар...  Сол кезде төрт бірдей олимпиадаларға журналист ретінде (кейіннен бесінші  рет олимпиадаға барды, Мұхтар Құл-Мұхамбеттің көмегімен) қатысып,  құнды рухани дүниелер тудырған, спорттың бірнеше түрлерінен спорт  шебері, бірнеше әлемдік спорт қоғамдастықтарының мүшесі атанып, қазақ  қана емес, әлем спортына бір адамдай қызмет еткен бірегей, танымал тұлға  осындай жазықсыздан жазықсыз құқай көрсе, онда өзіміз сияқты  қарапайым  жандардың көрген күні не болмақ...

          «1964 жылдың 26 тамызында Москвада «Спартакпен» болған  матч Қазақстан футболының тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз.  Тимур осы жолы өзінің естен кетпес ерекше екі голын соқты. «Қайрат» 2:0 есебімен қаһарлы қарсыласты ұтып, бөтен алаңда мерейлі жеңіске  жетті. Осы қос гол оған бүкілодақтық атақ-абырой әперді. Алып елдің  орталық газеттері келесі күні «Тимур және оның командасы» деген  тақырыппен шықты. Бұл сөз советтік футболдың абызы Николай  Старостиннің дуалы аузынан шыққан еді. Алпысыншы жылдардың өн  бойында «Қайратты» осылай деп атайтын.

          Әсіресе 1963-ші жылы «Қайрат» өз алаңында ешкімге дес бермеді,  барлық мықты командаларды ұтып, ықтырып тастады. Оның мықты  қорғаныс шебін «Қайраттың» бетоны» деп атайтыны да нақ осы кез».

          Сол жылдары оқушы біздер футбол десе ішкен асымызды жерге  қоюшы едік. Алматыға барып, «Қайраттың» ойынын көру бақыты ауыл  балаларына қайдан бұйырсын?! Қазіргідей әлемнің түкпір-түкпіріндегіні  алақандағыдай көрсетіп  тұратын теледидар жоқ. Көңілге дәт – радиодан  Николай Озёров пен қазақ дикторы Диас Омаровтың футбол репортаждарын  тыңдап отырып, өзіміз ойнап жүргендей қызбалана дуылдасамыз. «Тимур  Сегізбаевтың оң аяғының соққысы «смертельный» екен. Белгі ретінде қызыл  лента тағып қоятын оң аяғымен доп тебуге рұқсат етілмейтін көрінеді!» деп  бірі-бірімізге білгішсіне шуласамыз. Бәріміз футбол ойнап жүріп,  әрқайсымыз өзімізді Тимур Сегізбаевтай сезінуші едік. Сондай болсақ деп  қиялдаушы едік. Тимур ағамыздың аңызға айналған ойынын көру  бақыты  өзіме 1966 жылдың жазында Алматыға білім қуып барғанда бірақ  бұйырыпты. Ұмытпасам, үш ойынын көріп, футболшы ағамызға деген сүйіспеншілігім мен бозбалалық махаббатым бұрынғыдан асып түспесе, кемімеген еді... 

          «Футболшы Сегізбаевтың ойын өрнегінің мықты жағы аса қуатты соққысы  және ысылған шебер машығы болатын.  Ол допты тепкенде қақпашыны ұшырып жібереді екен, оң аяғымен тебуге тыйым  салыныпты  деген  аңыздар  да  пайда  болған. Ал,  ақиқаты  сол,  Тимур  50 метр қашықтықтан соншалықты әдемі әрі дәл пастар  беріп,  30  метр жерден керемет голдар соғып отырған. Өзімен бірге ойнаған ардагер  куәгерлердің айтуынша, сондай ғажап голдардың бірін атақты Анзор  Кавазшвили қорғап тұрған Мәскеу «Торпедасының» қақпасына  біздің  Тимур 1963 жылы енгізген екен. 40 метр жерден жойқын күшпен  соғылған доп атылған оқтай зырқырап келіп, торды бүлк еткізгенде,  стадион шаттықтан теңселіп кетті дейді. Сегізбаевтың жасыл алаңдағы  хас шеберлігі, жойқын соққысы, дегдар әрі әдемі ойыны кез келген  футбол симфониясының фрагменті болғандай.

          Тимур гол салуға құштар шабуылшы болғанымен, ешқашан дөрекілікке жол бермеген екен. Ол Кеңес Одағының ең сырдесте, һәм  сырбаз ойыншысы, футбол зиялысы саналған. Десе де бір жолы  алаңнан қуылыпты. Ал оның өзіндік сыры бар. 1967 жылдың қыркүйегі. Киев. Жергілікті «Динамо» сайыпқырандары «Қайраттың»  қақпасына қайтарусыз үш гол салып, одан әрі өңмеңдей түскен. Допқа  таласқан бір сәтте Йозеф Сабо қолын артқа тастаған болып қасақана  Леонид Остроушконың бетінен салып жіберіп, сақинасымен жаралап  тастайды. Тимур шыдай алмай: «Йозеф, мұның не? Ұят қайда?» десе,  анау өркөкіректеніп, дөрекі жауап қайырады. Сәлден кейін Тимурмен доп таласында қақтығысып қалғанда, Иозеф Сабоның жалпақ бетіне темір жұдырық сарт етті. Ызаға булыққан жігіттердің ұстасқан жері  осы екен. Төреші Бочорадзе өз көзіне өзі сенбейді. «Тимур, сенбісің? Неге?» дей береді. Тимур қолын бір сілтеп, алаң сыртына бет алғанда,  төреші қызыл карточканы әрең суырады. Өз қателігін түсінген Сабо  артынан қуып жетіп, құшақтап, кешірім сұрайды. Екеуі де ойыннан  шеттетіледі. Иә, сыпайы да, тәртіпті де қатаң сақтайтын Тимур қажет  болғанда қиянатқа төзбей, өзінің де, өзгенің де ар-намысын қорғай алатын еді. Көш бастайтын нағыз  капитан солай болуы керек қой».

          Тимур Сегізбаевтың, жоғарыда айтылғандай, футболдан оқушылар  арасындағы  Ригада 1957 жылы өткен жарыста армян футболшыларынан 5:0  есебімен жеңіліп жатып, ойынның екінші таймында бір өзі бес гол (!) соғып,  еліміздің командасын жеңілістен құтқарып қалғандағы, 1964 жылдың  тамызындағы Т.Сегізбаевтың Москваның атақты, неше дүркін СССР чемпионы атанған «Спартактың» қақпасына құйындата қос голды  шеберлікпен соққандағы, тағы да басқа ойындардағы ерліктері нені көрсетеді? Бұл Тимур арқылы «қазақ» деген ұлттың намыс жолында   ширығып, аруақтанып кететін, керек кезінде болмастың өзін болдыра  алатын, батыр да батыл, өр, намысшыл ұлт екендігін көрсетіп тұрған жоқ па?!

          «Намыс» демекші, Тимур ағамыздың өзім көрген соңғы матчын тамашалап, жүрегімді толқытып кеткен мына жайтты айтайын.

          Алпысыншы  жылдардың  аяғына  қарай  «Қайраттың»  капитаны  ойын  үстіндегі  толассыз жарақаттардан азап  шегіп,  белдегі  құяңы  да  бастыртпай,  сыр  бере  бастаған.  Ол  әлі  де  ойнай  алатын  еді.  Бірақ  Сегізбаевтың  намысы  өзгеге  ғана  емес,  өзіне  де  қатал:  нашар  ойнауға қақысы жоқ-тын.  29  жасқа  толардан  үш  күн  бұрын,  1970 жылдың 9 мамырында қазақтың ұлы футболшысы жасыл алаңға  ойыншы  ретінде  соңғы  рет шықты. Артында қызығы мен қиындығы мол, өмірінің мағынасына айналған 168 матч  қалды. Тимур Санжарұлы көзі булана, қысқа ғана қол бұлғап, Орталық стадионның  мінбер астындағы орынжайларына кіріп кеткенде, стадионның дүркірей қол соққан  қошеметі талай уақыт толастаған  жоқ. Бакудің «Нефтчиімен» «Қайраттың» ойыны  Тимур ағасыз  жалғасып  жатты.  Өмір  заңына  ешкімнің әмірі жүрмейтіндігі осы-ау...

          Тап осы жолдарды жазып отырып, көңілім  құлазып, Тимур ағамдыкіндей, қос  жанарымнан  ыстық жастың еріксіз ыршып шығып кеткенін өзім де аңғармай қалдым.  Осындай ұлы тұлғаның үлкен спортпен қош айтысқанына деген өкініш пе, жоқ әлде  бақытты балалық шағымда, қатарластарым сияқты, өзім де  кумир тұтып, оған еліктеген,  жастық жігерімді жаныған асыл жанға деген сағыныш сезімнен бе, әйтеуір, 75 деген қариялық жасқа толған менің өзім де түсініп болмаған бір жағдайды бастан кешіп отырмын. Жоқ, әлде, ұлттың бетке ұстары – бренді болған «Қайраттан» Тимур  ағамыздың  ойыннан  қол үзген кезінен бері кері кетіп, футболымыздың мүсәпір, қазіргі мүшкіл  халге  жеткенін мұңға бата ойлағандықтан, жанымды жүдетіп, жүректің сыздағаны ма, өзіме де  түсініксіз бір беймәлім жағдай...

          «Тәуелсіз Қазақстанның Футбол ассоцияциясының президенті болған кезінде Тимур Сегізбаев футболдың барлық баспалдақ-сатыларынан өткен салиқалы қайраткер болатын. ФИФА Қазақстанды өзінің толыққұқықты мүшесі етіп қабылдаған кезде осынау мәртебелі халықаралық ұйымының президенті Жоа Авеланжаға Отанымыздың туын тапсыру құрметі өзгеге емес, нақ Тимур  Сегізбаевқа тиюінің өзі де үлкен нышанды аңғартса керек. 1994 жылдың маусымында Дүниежүзілік футбол федерациясының Чикагодағы 51-ші конгресінде  болған осы тебіреністі оқиға сәтінде Тимур Санжарұлының көңілі  босап, көзіне жас келіп қалған-ды. Иә, бұл да тегін емес еді. Тәуелсіз туған елін әлемдік футбол қоғамдастығына Қазақстан футболының бейнесі дерлік тағдыршешті тұлға, қазақ футболының аңызы, қазақ футболының мерейі Тимур  Сегізбаев алып кірді».

          Тимур Санжарұлы сынды алып тұлғаның ФИФА футбол  қоғамдастығына  өз  қолымен  тапсырған тәуелсіз  қазақ  елінің  көгілдір  Туы  көптің бірі боп емес, жеке-дара, экономика, ғылым, өнер мен білім  саласында ғана емес, спортта да көшбасшы болып, «қазақ» атты батыл да  батыр, өршіл де өр ұлтты әлемге танытып, мәңгілік желбірейтіндігіне сенейік.

Тимур  Сегізбаевтай атпал азамат туатын алтын құрсақ қазақ аналары  да баршылық. Сондай ұлдарды ұлтжанды, намысшыл етіп тәрбиелеп, тау  қыранындай баптайтын бапкерлер (иманы жолдас болғыр Тимур ағамыз сияқты) де бар. Әрине, үлкен спортқа үлкен қаржы қажет. Ондай қаржыны  қоржынға салатын алтын-күмісіміз де, мыс-мырышымыз да, көмір-теміріміз  бен уран кеніміз де жеткілікті. Спорт пен дене шынықтырудың бұқаралық сипат алып, дамуына аса мән беріп, тиесілі қаржының молынан бөлінуіне және орнымен жұмсалуына Тәуелсіз еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пәрмен беріп отыр. Тек соны ұқсата біліп, спорт саласы басшылығына дене тәрбиесі мен спортқа жаны ашитын, ұлттық намысы бар азаматтар  отырса  болғаны. Ол қиын шаруа емес. Әрине, істің жемісін көру үшін оған біраз уақыт керек. Әйтпесе, Қазақстанның футболы ғана емес, қай командасын алсаңыз да, онда қазақтың емес, әлемнің құрама командасы ойнап жүргендей әсер  қалдырады. Кім ғана  жоқ?  Орыс, хохолың  да,  неміс, негрің де, кәріс пен дүнгенің де, еврей мен сербің де біздің команда сапында. Соларың бір-екі жыл намысымызды қорғаған болады да, мыңдаған  долларды  қағып  алып,  «шу  қарақұйрық»  деп  басқа  жаққа  тайып  тұрады.  4-5, мейлі,  6-7  жыл  өтсін,  бірақ өзіміздің  қара домалақтардан (әрине,  ауыл  балалары ғой, қаланың ақ саусақтарында жігер, қайрат-күштің, ұлттық намыстың боларына онша сенбеймін) құралған команда, яғни ұлттық намыспен жігерленген, «мен қазақпын» дейтін жастарымыз іріктеліп, командалар солардан  жасақталмайынша, қай спорт түрінен болса да, жоғары нәтиже күтпей-ақ қой! Әлем командаларының ең соңында  салпақтағанымыз – сол салпақтаған!

Ауызды қу шөппен сүрткендей болмайын, біраз спорт түрлерінен қазақты әлемге танытып, «бәрекелді!» дегізіп, «сен тұр, мен атайын» дейтін намысты да, жігерлі ұл-қыздарымыз бар, оны ешкім жоққа шығара алмас. Алайда, әлемдік додаларда жеңіске жеткізіп, Тәуелсіз еліміздің көк Туын көкке желбіретуші ұл-қыздардың басқа ұлт өкілі емес, ҚАЗАҚ болғанына не жетсін!

...Қазақ футболын, кезінде қазақты әлем елдеріне әйгілеп, ұлтымыздың бренді болған Тимур Сегізбаев ағамыздың топырағы торқа, иманы жолдас болсын! Ел-жұртыңыз cізді ұмытпай, жүрек түкпірінде есіміңізді мәңгі ұстайды, темірдей тегеурінді Тимур аға...

          Ғабдул-Сәбит Юсупов,

спорт ардагері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,

Қаратал ауданының Құрметті азаматы 

                       

Тегтер: