Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 12 Тамыз 2025

Ұлы ақынның ұлы тойы: сыртқы сән мен ішкі мән

Абай

Биыл ұлт тарихына тың ой, терең көзқарасымен келіп, өшпес із қалдырған дала данышпаны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды.

Бұл – еліміз бен халқымыз үшін айтулы дата, маңызды мерекенің бірі. Себебі қазақ өркениеті бүгінде Абайға дейін және Абайдан кейін деп сараланады. Абай – ұлттың ой-санасын, дүниетанымын, моральдық құндылықтарын жаңа биікке көтерген кемеңгер тұлға. Ақын шығармашылығы – қазақтың өркениеттік жолын, рухани болмысын, адамгершілік бағдарын айқындап берген бірегей құбылыс. Сол себепті де күні кеше еліміздің әр өңірінде Абай тойы дүркіреп өтіп, әдеби-мәдени іс-шаралар өткен еді. Абай тойы елдің рухани өмірін серпілтіп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да өңірге пайдасын тигізіп, жұрт есінде қалар өнегелі шара болуға тиіс. Хакім тойына дайындық барысында әр өңір осы түйінді басты назарға алғаны анық. Семей өңірі ақын туған күніне арналған онкүндікті дүркіретіп, жоғары деңгейде өткізді.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласында да Абай тойы атаусыз қалмады. Мереке Абай саябағында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Абайдың шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған бұл ауқымды рухани-мәдени шараға қала әкімі бастаған бірқатар елге белгілі тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты. Көрермендер назарына ұсынылған мерекелік бағдарламаның шымылдығын жас бүлдіршіндердің хакім Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқуымен ашуы шараның шынайы рухани мәнін айқындай түскені рас. Қатысушылар іс-шара аясында 2009 жылы ашылған «Хакім Абай» музейіне барып, ондағы бай мазмұнды экспозициялармен танысты. Музей төрінен орын алған құнды жәдігерлер, мысалы, ұлы ақынның шығармашылық еңбектері, аудармалары, заманының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін деректер мен тарихи заттар қонақтарды өткен ғасырдың рухани кеңістігіне жетелеп, хакім мұрасымен тереңірек таныстырды. Мерекелік күннің жалғасы Көрме орталығында ұйымдастырылған «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» атты көрмемен өрбіді. Бұл көрмеде ақынның өмір жолы мен асыл мұрасына қатысты тарихи және мәдени маңызы зор экспонаттар қойылып, оның кемеңгерлік болмысы мен қалдырған рухани қазынасының терең мәнін ашуға мүмкіндік берілді. Шараның қорытынды кезеңінде республикалық «Абай әлемі» байқауы өткізіліп, өнерсүйер қауымға ақын шығармашылығын жаңа қырынан танытатын тың туындылар ұсынылды. Сонымен бірге қаладағы мәдениет ошақтарында арнайы концерттер мен әдеби кештер ұйымдастырылып, көрермендер Абай мұрасын өнердің сан алуан түрі арқылы қайта сезініп, рухани толысу сәтін бастан кешті. Осындай мазмұнды әрі көп қырлы бағдарлама арқылы ұлы ақынның мұрасы бүгінгі ұрпақ санасында жаңаша жаңғырып, оның өшпес есімі тағы бір мәрте ұлт жүрегінде жаңғыра түсті.

Хакімнің туғанына 180 жыл то­луын мерекелеу – Абай рухына тағзым ғана емес, ұлы ойшылды жаңа қырынан танып, оның мол рухани байлығынан тағылым алатын елдік мейрам, ұлт­тық толғам болуға тиіс. Себебі неміс жұрты үшін Гете, қытай халқы үшін Конфуций қандай құрметті болса, біз үшін Абай сондай. Ол «Адамзаттың бәрін сүй» деген дегдар гуманизмді, «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген ұлттық бірегейлікті өсиет еткен данышпан. Осы орайда Шымкент қаласының тұрғыны, жас әдебиетші Арайлым Зеберхан Абайға деген шын құрмет той не мерекелік іс-шара деңгейінде қалмау керегін алға тартты.

«Абай шығармашылығы – халықтың өзін-өзі тануы мен кемелденуінің айнасы, ал мерейтойын атап өту сол айнаға тағы бір мәрте үңіліп, бүгінгі болмысымызды саралау мүмкіндігі дер едім. Абай – өткенді дәріптеп қана қоймай, болашаққа қадам басудың рухани платформасы. Дегенмен Абай тойын өткізу туралы әңгіме қозғалғанда, біз әдетте үлкен сахналардағы мерекелік концерттерді, ресми жиналыстар мен әдемі сөздерге толы баяндамаларды елестетеміз. Алайда шындыққа тура қарасақ, халықтың хакімге деген махаббаты тек тілде ғана. Тіпті тойын көбіне-көп формалды деңгейде ғана атап өтеміз. Шараның ауқымы, қатысушылардың саны, бөлінген қаржы – бәрі бар, бірақ ақын сөзінің рухани өзегіне терең бойлау сирек кездеседі. Абай тойы – тек еске алу күні емес, біз үшін өзін-өзі тану мен жаңару, жаңғыру сәті болуы тиіс еді. Бірақ көп жағдайда ол сахнадан оқылған жаттанды өлеңдер мен дайын сценарий шеңберінен аспай жатады. Осының өзі Абай аңсаған арманнан әлдеқайда қашық жатқанымызды білдірсе керек. Қазір Абай тіріліп кеп, өзінің тойын көрсе не дейді екен деп ойлаймын. Дарақылыққа ұрынған дариғашыл ұрпағынан түңіледі-ау. Абай сөзі – ұлттың ішкі болмысы мен бітімін көрсетіп, рухани сабақтастығын нығайтар күш. Ақын мұрасы – халықты білім мен мәдениетке шақыратын, әділет пен парасатқа үндейтін мәңгілік бағдаршам. Бүгінгі жаһандық өзгерістер аясында Абайдың «толық адам» ілімі, ар-ождан тазалығы, еңбек пен ғылымға адалдық идеялары – күллі қазақтың өмірлік құндылықтар жүйесін қалыптастыратын темірқазық. Абай тойын шын мәнінде атап өтудің жолы ресми жиындардың санын көбейте беру емес қой. Егер біз ұлы ойшылдың мұрасын мерекелік шара, жаңғырық сөздер мен жарнама деңгейінде ғана қалдырсақ, бәрі бекер болғаны», – дейді.

Сәруар Бақберген

Шымкент қаласы

Тегтер: