Улы ыдыстар, ауытқыған уақыт және ағзадағы дисбаланс
Жаңа ғасыр адамының өмір салты мен приоритеттері, мәселелері мен талаптары өткен жүз жылдықтармен салыстырғанда мүлде жаңаша сипат алған.
Қалалық өмір салты мен ондағы динамика күйзелістен шығармай, экология мен тағам құрамындағы химикаттар денсаулыққа «аз-аздан үздіксіз» зиянын тигізіп жатыр. «Ауру астан» дегенді қазақ баяғыда айтқан, ғалымдар да дәлелдеп болды. Дегенмен көпшілік ауқаттану уақыты мен рационға маңыз беріп қарамайды. «Жас Алаш» осы жайлы нутрициолог, фармаколог Балнұр Есенәліқызымен әңгімелесті.
Ағзаның өз «будильнигі» бар
Адамның ағзасы күннің атысы мен батысына тікелей тәуелді. Осыдан келіп циркадты ритм деген түсінікке тоқтаймыз. Яғни тәуліктегі 24 сағаттың ұйқы мен белсенділікке арналған кезеңдері болады. Мұны ағзаның биологиялық уақыты немесе биологиялық сағат деп те атайды. Алайда біз сол заңдылыққа бағынбай, ағзаның табиғи ырғағын бұзатын сыртқы және ішкі факторларға мән бермей жүре береміз.
Бүгінгі дәуір, жаңа технологиялар, жарық ғимараттар мен үй мидың қабылдауын өзгертіп, ұйқы режиміне елеулі әсер беріп жатқанын аңғармаймыз да. Әсіресе смартфондар мен әлеуметтік желілерге деген тәуелділік ушығып отыр. Адам жұмыстан шаршап келсе де, міндеті секілді телефонын шұқылап ұзақ жатады, әр нәрсені парақтайды. Жасанды жарықтар «күн батты» деген сигналдың жетуін, мелатонин гормонының бөлінісін баяулатады. Уақытылы ұйқыға жатпаған адам қалай ерте тұрсын? Жұмыс немесе сабақ деп миыңды оятып, орныңнан тұрғаныңмен де ағзаны ұзақ уақыт бұлайша қинау проблемаларға әкеп соқтырады. Мұнымен айтқым келгені, қанша сағат ұйықтағаның емес, қандай кестемен ұйықтағаныңа мән беру қажет. Әлеуметтік уақытты ғана емес, ағзаның биологиялық уақытын да ескерген жөн.
Өйткені организмнің күн мен түнге бейімделетін өз «будильнигі» бар. Ол – бүйрекүсті бездері. Таңның алғашқы сәулесімен бірге оянып, күні бойғы белсенділікке, ойлануға, қозғалысқа, стреске төзімділікке бейімдеп отыратын без кеш бата бастағанда «ұйықтағысы келеді». Бірақ бүйрекүсті безін ойлап жатқан біз жоқ, маңызды шаруаларды кешке қалдырып жатамыз, үлгермей жүрсек, түн ортасына дейін жұмыс істей береміз. Ондай кезде аталған бездер түн уақытындағы белсенділікті стресс деп қабылдап, стресс гормоны кортизолды бөледі. Осыдан соң көз де жұмылмай қояды, жүрек қағысы жиілеп, шаршап тұрсаң да ұйқың қашады. Бір күн, екі күндік бұзылыс болса мейлі ғой, бүгінде көпшіліктің өмір салты бұл. Яғни бүгінгі дәуір адамдарының бүйрекүсті безі бір тәулікте екі рет «өмір сүреді», өмірі екі есе қысқарып қалып жатады... Ал жүктеменің шектен тыс болуы жақсы әсер бермейтіні анық.
Осыны естігендердің немесе ұйқы режиміне қатысты кеңес алғандардың көбі бір-екі күн не апта бойы дұрыс ұйықтамасам да, демалыс күндері жақсылап тынығамын, түске дейін жатамын деп ақталады. Алайда «ұйқының қарызын қайтару» деген түсінік жоқ. Себебі ағзаның 24 сағат пен ұйқы гормонына өз есебі бар. Мелатонин кеш қарая бөлініп, таңға таман азаяды. Ол ұйқы шақырумен айналысып қана қоймай, күндіз бойы ағзада орын алған қателіктерді реттеп, қалпына келтіреді. Сәйкесінше, бүгінгі күннің ұйқысы бұзылса, өзін қалпына келтіру қабілеті де әлсірейді. «Накопительный эффект» пен басқа да проблемалар, экология, дұрыс тамақтанбау, стресс араласып, денсаулықты нашарлатады.
Соның ішінде стреске бөлек тоқталып өткеніміз жөн шығар. Негізі бұл сөзді негативті қабылдаймыз. Шын мәнінде, стресс те адам ағзасына тән қалыпты процесс. Бірақ оның да өз мөлшері бар. Сол шектен асып кетсе, жиі қайталанса, күйзеліс күйі біз ойламаған қауіп пен қатер төндіреді. Ол ағзаның қандай да бір ақауын немесе қабынуларды күшейтіп әкетеді. Жүйке мен жүрек қан-тамырларына күш салып, қартаюды жеделдетеді. Психологияға шабуыл өз алдына. Асқорыту да нашарлайды. Спорт пен қозғалыстың аздығы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі.
Білсек те, зиянды өнімдерді тұтынамыз
Ұйқы режимі мен қозғалыстан бөлек, тамақтану дағдысын да сақтамаймыз. Тәбет тартқанын жеп, тойғанымызды білмей, кейде ашығып, диета ұстаймыз. Қалыпты, бес мезгіл тамақтанамын деген күннің өзінде, олардың сапасы мен балансы ескеріле бермейді. Әрине, фанатизмге беріліп, әр грамм мен калорияны есептеудің де қажеті жоқ. Тек рационды қарастырып, уақытылы тамақтанып, таза суды көп ішкеннің өзі көп дертке дауа, денсаулыққа пайда. Оған қоса, таңғы ассыз жүрмей, жатарда тойып бешбармақ пен палау жемей, күтіну қажет. Ояна салып бір стақан жылы су ішіп, тым суық немесе ыстық астан сақтану керек. Бір күнде үш рет толыққанды тамақтанып, ұйықтар алдында үш сағат бұрын ауқаттануды доғарған жөн.
Тамақтану мәселесіне келгенде әлеуметтік фактордың араласатыны да жасырын емес. Халықтың орташа табысына қарай арзан тамаққа, азық-түлікке сұраныс жоғары. Олардың сапасы да бағасына сай болатыны белгілі. Бағадан бөлек, нарық пен әлемдегі шекараның жоқтығы да азық-түлік индустриясына әсер етті. Күрделі технологиялармен жасалатын тағамдар, жылдам әзірленетін немесе ұзақ сақталатын нәрселер дүкен сөрелерін жаулап алды. Оның бәрін зиян деуге де келмес. Алайда табиғи өнімдер тұтыну, химикатсыз ас ішу әсте қиын. Соның ішінде, ГМО қосылған өнімдерді тұтынудан барынша бас тартқан дұрыс. Генетикалық модификацияланған ағзалар дегенді көпшілік біле бермейді. Бұл ДНК-сы гендік инженерия арқылы мақсатты түрде өзгертіліп, бейімделген ағзалар. Мұндағы мақсат – өсімдіктердің өнімділігі мен қолайсыз климатқа, стреске, зиянкестерге төзімділігін арттыру. ГМО-ны ғылым мен зерттеулер зиян деп мойындамаса да, оның пайдасыз екені айдан анық. Әрі аллергия мен метаболизмнің бұзылуына, ішектің микрофлорасына кері әсері көп көрініс береді. Дәрігерлер мен нутрициологтар жиі қайталайтындай, табиғи таза өнімдерді тұтынған абзалырақ.
Улы ыдыстар
Хош, бүгінгі күні дұрыс тамақтану жағынан мәселеміз бар екені айқын факт. Бірақ денсаулыққа айтарлықтай зиянын тигізетін, бірақ жасырынып жүретін, көпшілігіміз мән бере бермейтін факторлар да жеткілікті. Соның ішінде, ыдыстар жайлы айтқым келеді. Химияның қызығы сол ғой, бір-біріне тиген нәрсенің бәрі әрекеттеседі, бір-біріне әсер етеді. Ал ыдыс-аяқ тамақтан ажырамайтын нәрсе. Демек, оған да мән берілуі тиіс.
Ыдыс та бір нәрседен жасалады. Осы тұста көзге көріне бермейтін проблематикалар бар. Көбіне тамақ әзірлейтін ыдыстардың құрамына ауыр металдар мен бояғыш заттар қосылады. Мәселен, тефлонмен өңделген немесе асты күйдірмейтін, майсыз тамақ пісіре беруге болатын ыдыстарды жаппай сатып алып, керемет екен деп қолданып жүрміз. Бірақ онда политетрафиорэтилен мен пертфороктан қышқылы аз мөлшерде болсын кездеседі. Осының өзі улы зат деп есептеуге жеткілікті.
Тағы пластик ыдыстардың құрамында бисфенол, фталаттар болса, ол қабыну, бедеулік немесе белсіздік, онкология тудыруы ықтимал. Әсіресе тамақты пластик ыдысқа салып СВЧ-пештерде қыздыруға болмайды. Сол секілді алюминийден жасалған ыдыстар мен фольга да зиян. Жылдар бойы ағзада жинала беретін алюминий йондары бүйрек пен бауырға, жүйке жүйесіне залал әкеледі. Анемияның пайда болуына әсер етеді. Ал алюминий ыдыста су, сүт, тағы сол сияқты нәрселерді қайнатқанда тотығу процесі жүреді. Дәл осы сынды, мыс ыдыстарда жартылай қанықпаған майлар, дәрумендер тотығып, бос радикалдар түзіледі. Шынылардың іші түрлі-түсті болғаны да жақсы нәрсе емес. Себебі бояулардың құрамындағы қорғасын зиян. Мәрмәр мен керамиканың құрамында да улы деп есептелетін желім болады. Меламин ыдыстарды жасауда кадмий, улы формальдегид қолданылады. Сондықтан ыдыс-аяқты түр-түсіне немесе арзандығына қарап емес, сапасына қарап бағалаған жөн.
Одан да экологиялық тұрғыда ең таза есептелетін ағаш ыдыстарға көбірек жүгінген абзал. Оларды 1-2 жыл қолданған сайын ауыстырып отырса болғаны. Эмальды ыдыстар да зиянсыз. Бірақ сыры ұшса, оны да қолданбау керек. Ыстыққа төзімді мөлдір шынылар, тот баспайтын болаттың 10/18 маркасы, шойын, силикон ыдыстар мен керамикалар да ұтымды нұсқа.
Нутрициология – ғылым
Өмір салты мен бүгінгі тіршілік ритмі, экология мен қозғалыстың аздығы, күйзеліс пен тағы сол секілді факторлар ағзадағы процестер мен зат алмасудың дисбалансына әкеледі. Оны режим реттеумен ғана ретке келтіру мүмкін емес. Тамақтану мен дәрумен қабылдау жағын мамандармен кеңесіп, қатаң сақтау қажеттілігі туындайды. Нутрициология осымен айналысады.
Әдетте белгілі бір компоненттердің жетіспеушілігі мен дисбалансы ауыр салдарларға әкеліп соқтырады. Сондықтан қашан және қалай, қандай өнімдер тұтыну керек екенін маман бекітіп беретін жағдайлар кездеседі. Шын мәнінде, қан талдауын тапсырып, ағзадағы көрсеткіштерді анықтаса, әрбіріміз нутрициологқа жүгінер едік. Бұл мамандар тамақ пен оны тұтынуға қатысты барлық мәселеге араласып, ақуыз, май, көмірсулардың, дәрумендер мен макроэлементтердің, олардың өзара байланысы мен сіңірілуін, энергияға айналып, жұмсалуын, денсаулық пен өмір сапасына әсерін зерттеп, ұсыныстар береді. Ағзаның қазіргі жағдайы мен қажеттіліктерін анықтап, доза мен комбинацияларды бекітеді. Өз кезегінде аталған ғылым химия мен биологияны ғана емес, молекулалардан бастап жаһандық геосаяси жағдайларға дейін қамтиды.
Әдетте, нутрициологтарға созылмалы ауруы немесе артық салмағы барлар, спортшылар мен асқорыту жүйесінде паталогиясы бар адамдар, терісі, шашы, тырнағы әлсіздер жүгінеді. Бірақ салауатты өмір салтын ұстанғандықтан, сау тамақтануды мақсат етіп келетіндер де аз емес.
Кейде астың да әлеуеті жетпейтін кездер болады. Ондайда дәрумендер қабылдауды ұсынамыз. Қатаң ескертерім, дәрумендер мен ББҚ-ларды тек анализдерден соң, дәрігердің рецептімен, өз мөлшері мен уақытында қабылдау керек. Әйтпеген жағдайда, гипервитаминоз орын алуы немесе ауру қоздырғыш әсердің пайда болуы ғажап емес.
Естіген диетаны ұстай беруге болмайды
Көпшілік бұл мамандарды диетологтармен шатастырып алады. Алайда бұл екеуі екі түрлі сала. Диетологтың ұсыныстары мен бекіткен «емі» салмақ тастау, денсаулық жағдайларына қатысты, форманы жақсартуға, емделуге қатысты әртүрлі болады. Осы мақсаттарға қарай, кейде маңызды макро және микро элементтердің балансы мен ағзаның сұраныстары ескерусіз қалып қояды.
Мәселен, калорияны экстремалды түрде шектеу немесе азайту. Бұл ең көп кездесетін және ең зиянды мысал дер едім. Себебі ағзаны ашықтыру жақсы салдарларға әкелмейді. Керісінше, дәрумендер мен минералдардың дефициті пайда болып, иммундық жүйе әлсіреп кетеді. Одан соң, ұзақ уақыт аралығында тек бір ғана өнімді жеп-ішуге рұқсат беретін диеталар да зиян. Бүгінде қарақұмық пен айран, алма немесе ақуыздар диетасы жиі ұшырасады. Дегенмен де, мұндай монодиета нутриенттердің дефицитін тудырып, денсаулықты нашарлатады. Сол секілді көмірсусыз диета да энергияның жетіспеушілігіне әкеліп, асқазан-ішек трактын бұзады. Майларды шектеу де жүрек пен ми жұмысына кері әсерін береді.
Диетаны дұрыс ұстауды меңгергеніміз жөн. Әртүрлі азық-түлік, соның ішінде, ет пен көкөністер, жемістер мен дәнді-дақылдар, сүт пен басқа да өнімдерді рационға қосатын диета баланс сақтауға ықпалдасады. Порцияға мән беріп, уақытылы тамақтанған дұрыс. Әрі ютубтан, әлеуметтік желілерден көріп, біреуден естіп алған диетаны жөн-жосықсыз ұстана беруге болмайды. Диета тек организмнің өз ерекшеліктері мен сұраныстарына сай болғанда ғана пайдалы.
Гормондар
Біраз маңызды нәрсенің басын ашып айттық. Бірақ тағы бір тақырыпты талдауымыз керек. Ол – гормондар. Денеміздегі процестерді ғана емес, мидың жұмысы мен көңіл күйді де реттейтін гормондар әртүрлі әрі күрделі. Олардың аз немесе шамадан тыс көп бөлінуінің белгілері байқалса, дәрігерге жүгініп, ем алу қажет.
Дайындаған Баян Мұратбекқызы