Ұлы Нұрғисаның ғасыры басталды

Осыдан 100 жыл бұрын... Тіпті 60-70-80 жыл бұрын қазақ даласының, мынау әлемнің «Әлқиссаны» тыңдамаған, «Құстар қайтып барадыны» естімегенін ойлап көріңізші...
Ұлы Нұрғиса Тілендиевтің есімі де, елесі де жоқ уақыт. Тіпті жаңа заманның босағасын аттағанмен, жаңаша есепке бейімделіп үлгермеген, ұлына «ел жайлауға шыққанда – ел жайлаудан түскенде туғансың» деп, азан шақырып, ат қойып беріп жүре берген қазақ ортасында дүниеге келген Нұрғисаның аты-жөні құжатқа да кешігіп түсіпті. Ұлы ұстазы Ахмет Жұбанов жаздырып берген метіркесі, одан беріде «соғысқа барам» деп, өзі екі жас қостырып алған туған күні – Нұрғисаның ғұмыр-жасы болып, қазақпен бірге жасасып келе жатыр. Нұрғисаның атын білген, Нұрғисаның әні мен күйін тыңдаған буын – біз екенбіз. Біздің аталарымыз, біздің әкелеріміз екен. Бұдан былайғы қазақ Нұрғисаны біледі, Нұрғисаны ардақтайды. Аспанда күн сөнгенше, жер түнекке сіңгенше...
Ұлы композитордың шығармашылығы да, өмірі де сан қатпар. Әр басқан ізі – аңыз. Соғыста болғаны, боксқа қатысқаны, биші болып кете жаздағаны... Динамен, Қажымұқанмен ел аралап, концерт қойғаны, Жамбылдың құшағында өскені, Жұбановтың қамқорлығында болғаны және соның бәріне қалтқысыз еркелегені, шексіз сүйгені... Өзінен кейінгі буынға жанашырлығы, қазақ өнеріне қамқорлығы, қазақ ақын-жазушыларымен шығармашылық байланысы... Үйленгені, перзент сүйгені, қонаққа барғаны, қонақ шақырғаны... Күй жазғаны, ән шығарғаны, сүйгені, күйгені... Жазылмас дертке шалдыққаны, тіпті «Халық қаһарманын» қалай алғаны... 73 жасында дүниеден қалай өткені... Бәрі-бәрі аңыз.
Нұрғисаның аңызы, Тілендиевтің даңқы бір ғасырды енді ғана еңсеріпті. Әлмисақтан бері бар сияқты. Қазақ атаулы көзін ашқалы, адамзат дүние жаралғалы Нұрғисаны білген сияқты, көктегі тырна, көлдегі аққуға дейін Нұрғисаның сазын тыңдап келе жатқандай. Әшейінде айбынды көрінетін «100 жылдық» дейтін меженің өзі Нұрғиса даңқының жанында жуас тартатындай. Аталмай қалды, іздеусіз кетті дейтіндей емес, күрзі жұдырықты шатақ Тілендиев жеті қат көктің төрінен «ал қайтер екенсіңдер, көрейін» деп, сұстана қарап отырғандай бір күй.
Нұрғисаның туған күні – оның 100 жылдық мерейтойының заңды старты болды. Туған жерінде арнайы жиын өтті. Алматыда, «Қазақконцертте» сыбызғысы тұрыпты, тұяғына дейін өзі жинап, өзі қалыптаған «Отырар сазының» концерті болды. Осы екі жиында да «Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіні (ең басты іс-шара – Францияда, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде гала-концерт; АҚШ-та, әйгілі Карнеги-холлда, концерт пен көрме; Бейжіңде «Құстар қайтып барады» концерті – әзірге белгілісі осы), жыл бойы бүкіл қазақтың даласы мен тауы Нұрғиса деп шиыршық атып тұратыны туралы сүйіншілеп жатты. Тәйірі, Нұрғисаның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізе алмасаң, далаңды дүбірге толтыра алмасаң, ел болғаның қане дегің келетіндей бір күй.
Өзі ел жайлауға шыққан шақта, көш үстінде туғам дейді. Бірақ өзі әулие тұтқан Ахмет Жұбанов таңдаған дата – басылған мөр, 1 сәуір – ресми, бейресми туған күні. 16-ақ жасында ешкімге айтпай, екі жас қостырып алып, «кәмелетке толып», соғысқа сұранып аттанғаны есеп емес, өзі таңдаған 1925 – туған жылы. Алдындағы ағаларынан қара қағаз келгенде жыласа да жасымай, үйде бұғып отыра алмай, қаршадай күнінде-ақ жауға аттанған, бабасы Қарасайды кие, Махамбетті пір тұтқан ер Нұрғисаның, Жамбыл атасын қорған, Жұбановты пайғамбар тұтқан жыр Нұрғисаның жылы басталды.
Көз алдыңа қыранша қомданып, исі қазаққа дирижерлік етіп тұрған Нұрғисаның микрофон алдына жайғаса қалған шалқақ қалпы елестейді.
– «Әлқисса», тартатұғын Нұрғиса!
Олжас СЛАМЖАН