Ұлыбритания Кадыровтың анасын қара тізімге енгізді

Ұлыбритания Ресейге қарсы санкциялық қысымды кеңейтті. 3 қыркүйекте елдің Сыртқы істер министрлігі жариялаған жаңартылған тізімге Ресей билігі мен Кремльге жақын ұйымдардың бірқатар өкілдері енгізілді.
Атап айтқанда, шектеулерге Шешен Республикасының басшысы Рамзан Кадыровтың анасы Аймани Кадырова және Ахмат Қадыров атындағы қайырымдылық қоры ілікті. Лондон мұны Украинаның соғыс аймақтарынан балаларды күштеп әкету мен идеологиялық ықпалға байланысты әрекеттерге қатысы бар адамдарға қарсы шара деп түсіндірді.
Санкция тізімінде сонымен қатар прокремльдік жастар ұйымдары — «Движение первых» пен «Волонтёры победы», Татарстан вице-премьері Лейла Фазлеева, Ресейдің жасөспірімдерге арналған федералдық орталығының жетекшісі Валерий Майоров, Шешенстан полициясының арнайы бөлім командирі Замид Чалаев және Ресей Білім министрлігінің департамент басшысының орынбасары Анастасия Аккуратова бар.
Ұлыбритания СІМ бұл қадамды «Ресейдің украиналық балаларды заңсыз көшіруіне тікелей қатысы бар тұлғаларға қысым жасау» деп атады.