Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Ұлыбритания Қадыровтың анасын және Қадыров қорын санкциялық тізімге қосты

Рамзан Қадыров
Фото: grozny.tv

Британия Сыртқы істер министрлігі Ресейдің үш ұйымы мен сегіз азаматына қарсы жаңа санкциялар енгізілгенін жариялады.

Министрліктің мәліметінше, бұл шектеулер «украиналық балаларға Ресейде мәжбүрлі түрде идеологиялық ықпал көрсетуді қолдайтын тұлғалар мен ұйымдарға» бағытталған.

Санкциялық тізімге енгендер

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың анасы Аймани Қадырова;

Ахмат Қадыров қоры (басшысы – Аймани Қадырова, қор Украинаның басып алынған аумақтарына гуманитарлық жәрдем жіберумен айналысады);

Кремлге жақын жастар ұйымдары: «Движение первых» және «Волонтеры победы»;

Татарстан премьер-министрінің орынбасары Лейла Фазлеева;

Федералдық жастар орталығының жетекшісі Валерий Майоров;

Шешенстандағы арнайы полиция жасағының командирі Замид Чалаев;

Ресей Білім министрлігі жанындағы балалар құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Анастасия Аккуратова;

Украиналық балаларды ұрлап, Ресейге әкетуге қатысы бар өзге де ресейлік шенеуніктер.

«Движение первых» ұйымын құру туралы заңға Владимир Путин 2022 жылдың жазында қол қойған. Бұл – Ресейдің Украинаға қарсы толыққанды соғыс бастағанына шамамен алты ай толған кез. Путиннің айтуынша, 2025 жылда қозғалысқа 11 миллионнан астам адам тартылмақ.

Ал Ахмат Қадыров қоры – Ресейдің басып алған аумақтарына гуманитарлық жәрдем жеткізумен айналысатын ірі құрылымдардың бірі.