Ұлытау ауруханасында қаза тапқан төрт баланың анасы – жүйелі дағдарыстың көрінісі ме?

Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында орын алған трагедия қоғамда үлкен резонанс туғызды. 27 сәуір күні 42 жастағы Гүлнұр Жуанышбаева – полиция капитаны, төрт баланың анасы, оның ішінде кенжесі үш жаста ғана – соқырішекке байланысты жасалған операциядан кейін көз жұмды.
Orda.kz порталының дерегінше, бұл тек бір оқиға емес. Аудандық ауруханадағы медициналық қызмет сапасына байланысты бірнеше адам қаза тапқан.
Қарапайым диагноз – қайғылы нәтиже
Гүлнұр ауруханаға қарапайым аппендицит диагнозымен түседі. Жергілікті дәрігерлер жалпы наркозбен ота жасаған. Алайда наркоздан кейін әйелде анафилактикалық шок болып, жүрегі 23 минут тоқтап қалған. Реанимацияланғанымен, мидың ісінуі салдарынан бір аптадан соң көз жұмған.
Гүлнұрдың туысы, Мақсат Қасқатаевтың айтуынша, бұл операцияға дейін қажетті анализдер толық жасалмаған. «Оның II типті қант диабеті болған. Аллергопроба алынбаған. Бұл – тек дәрігерлердің қателігі емес, бұл – жүйелік проблема», – дейді ол.
Бұл – бірінші емес
Туыстарының айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлар ауруханада бұған дейін де болған. Бір жыл бұрын осы ауруханада 17 жастағы жасөспірім де соқырішек операциясынан кейін көз жұмған. Ата-анасы дәрігерлерді кінәлағанымен, сараптама ешқандай заң бұзушылық таппаған.
2025 жылғы наурызда Александр Гончар есімді тұрғынның әйелі, жаңа босанған келіншегі инсульттен қайтыс болған. Ол бірнеше бөлімшеде емделсе де, аурухана нақты диагноз қойып үлгермеген. Компьютерлік томография нәтижесі үш күннен кейін ғана келген, ал сол уақыт аралығында науқастың жағдайы нашарлап, 12 наурызда қайтыс болған.
Ауруханада не болып жатыр?
Жергілікті тұрғын Магаз Абдығазымовтың айтуынша, білікті мамандарды «сырттан келді» деп шеттетіп, орнын біліксіздер басып отыр. «Бұрын Нұрмұхамед деген тамаша хирург болған. Қатерлі ісікке операция жасап, адамды аман алып қалған. Бірақ оны да, басқа жас мамандарды да түрлі жолмен жұмыстан кетірген», – дейді ол.
Аурухананың жұмысы туралы халық арасында «Жаңаарқаның ауруханасына бармаңдар, онда адам өлтіреді» деген сөз таралып кеткен.
Басшылық не дейді?
Аурухана директоры Ерлан Базарбеков Гүлнұрдың өлімінің себебі ретінде наркоздан болған анафилактикалық шокты көрсетіп отыр. Оның сөзінше, «аллергопроба жасау» протоколға кірмейді. Сонымен қатар, кадр тапшылығын да басты себептердің бірі ретінде атады.
«Кадр тапшылығы – негізгі мәселе. Әрине, проблемалар болды, мойындаймыз. Бірақ біз жұмыс істеп жатырмыз», – деді Базарбеков.
Жағдай ушығып кеткеннен кейін Улытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Еркебұлан Бейсембаев Жаңаарқаға барып, бірқатар жауапты тұлғаларды қызметінен уақытша шеттеткендерін хабарлады. Оның айтуынша, аурухана соңғы үш айда үш рет тексерілген.
«Хирург, анестезиолог, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары және аурухана директоры қызметінен шеттетілді. Қазір кадрлық құрамды жаңарту үшін жұмыс жүргізілуде», – деді ол.
Халық не талап етіп отыр?
Гүлнұр Жуанышбаеваның туыстары 16 шағым жазған. Олар ауруханадағы барлық заңбұзушылықты құжаттап, фото-видео айғақтар жинап, халықаралық ұйымдарға дейін шағым түсіруге дайын екенін айтты.
«Біз дәлелсіз ешкімді айыптап отырған жоқпыз. Әр факті, әр тәртіп бұзушылық – тіркелген, жазылған. Барлық құжаттар, бейнежазбалар, фотолар мен ресми өтініштер дайын», – дейді Мақсат Қасқатаев.