Бүгін, 10:10
Ұлытау облысында полиция басшысының орынбасары ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді

Ұлытау облысында Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің басшысының орынбасары мен тергеушісі қомақты пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы өңірлік «Патриот» арнасы хабарлады.
Күдіктілер Жаңаарқа кентіндегі дәмханалардың бірінде қолға түскен. Арнайы «құрықтау» шарасын облыстық ҰҚК департаментінің қызметкерлері жүргізген.
Тергеу дерегінше, полицейлерге 5 миллион теңге берген азамат қылмыстық жауапкершіліктен құтылуды көздеген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл сома алдын ала сөз байласу арқылы параны талап ету жолымен алынған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 3-бөлігі («Алдын ала келісім бойынша жасалған, параны талап ету арқылы алу») бойынша іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.