Ұлытауда полицейлер адам азаптағаны үшін түрмеге қамалды

Ұлытау облысында Жаңаарқа ауданының үш полицейі азаптау ісі бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімімен түрмеге қамалды.
Сот дерегінше, оқиға 2024 жылдың 14 тамызына қараған түні болған. Полицейлер аудандық полиция бөлімінің дәретханасында ұсталған азаматты қатты соққыға жығып, орта деңгейдегі дене жарақатын салған.
- Сот алқасы әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды;
- Прокуратура бұл іс бойынша 6 жыл жаза талап еткен.
- Сонымен қатар сот оларға 3 жыл бойы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салды.
Сотта екі полицейдің кәмелетке толмаған балалары бар екені жеңілдететін жағдай ретінде қаралса, антты бұзу – жазаны ауырлататын фактор ретінде есептелді.
«Прокурорлар алты жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Қазылар алқасы әрқайсысына бес жылдан жаза тағайындады. Сотталғандарға үш жыл бойы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салынды», - деп хабарлады сотта.
Айыпталушылар кінәсін мойындамаған және ақтауды талап еткен. Алайда куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары мен жиналған дәлелдер қазылар алқасын олардың кінәсіне көз жеткізді.
Бұған дейін Атбасар қаласындағы түзету мекемесінде азаптау ісі бойынша алқабилердің ақтау үкімі жойылып, жаңа тергеу басталған болатын. Бұл іс бойынша 12 қылмыстық-атқару жүйесі қызметкері тұтқындарға қатыгез және адамгершілікке жат әрекеттер жасағаны үшін күдікке ілінген.
Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық актіні ратификациялаған. Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанның қамау орындарында азаптау тыйылмай отырғанына алаңдап, мұндай қылмысқа кінәлілердің көп жағдайда жазасыз қалатындығын айтқан.
Қазақстан үкіметі болса, елде азаптауға мүлдем төзбеушілік қағидасы ұстанылатынын мәлімдеп келеді. 2019 жылдан бастап азаптау қылмысы үшін сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді, сондай-ақ істің ескіруі, өкіну немесе тараптардың татуласуы негізінде жауапкершіліктен босатылмайды. Ал 2023 жылдан бері мұндай істер бойынша шартты жаза қолдануға мүлдем тыйым салынған.
Сол жылы, яғни 2023 жылдың наурызында, Қазақстанда азаптауға қарсы қосымша шара ретінде түрмелер мен полиция бөлімшелерін міндетті бейнебақылаумен жабдықтау талабы заң жүзінде бекітілді.
Прокуратураның 2025 жылдың қаңтар айындағы дерегінше, елде 126 адам азаптау дерегі бойынша сотталған. Алайда олардың алтауы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.
Қазақстандық Адам құқығы бюросының дерегінше, 2009 жылдан бері Қазақстаннан БҰҰ-ға азаптау бойынша көп шағым түскен, бірақ Қазақстан билігі БҰҰ шешімдерінің заңды күші жоқ және тек рекомендация сипатында деп есептейді, осылайша жауапкершілікті өзіне алмайды.