Ұлытаудың әкімі төркіндеп келген қызға айыппұл салады

Ұлытаудың әкімі төркіндеп келген қызға айыппұл салады
Кейінгі кезде Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Әсел Айтмағамбетова арасындағы дау қоғам назарын аударып, әлеуметтік желіде қатты талқыланып жатыр. Әсел Айтмағамбетова – Ұлытаудың тумасы. Ол аймақтағы әлеуметтік мәселелер жайлы TikTok-та бірнеше бейнежазба жариялап, ауыз судың сапасыздығын, қалада онколог-дәрігердің жоқтығын, инфрақұрылымның нашарлығын, жұмыссыздықтың етек алуын және жұмысқа орналасудағы жемқорлықты сынға алған. Мұның соңы облыс әкімінің оны сотқа беруімен аяқталды.
Даудың басы
Әсел Айтмағамбетова – көпбалалы ана. 15 жыл бұрын Қостанай өңіріне тұрмысқа шыққан. Туған жеріне көп келе бермейді. 2025 жылы 21 мамырда анасының сырқатына байланысты Жезқазғанға келгенде, өңірдің, қаланың соғыстан кейін қирап қалғандай болғанын көріп ашынған. Тұрғындармен сөйлесе бастаған. Сосын мұның бәрін әлеуметтік желіге видео матриал ретінде жариялаған.
«Жас Алаш» көпбалалы анаға арнайы хабарласты. Ол қаланың мұншалық әлеуметтік мешеулігіне қайран қалғанын, жергілікті билік басшысы Дастан Рыспековтің жұмысына сын айтып, оны «халыққа қызметші ретінде»сынағанын айтады. Алайда әкім өзін ашық сынға алғаны үшін оны сотқа беріп, «жалған ақпарат таратты» деп айыптаған. Сот әкімнің арызын негізді деп тауып, Әсел Айтмағамбетоваға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы бойынша 495 432 теңге айыппұл салған. Белсендінің жариялаған деректеріне жүргізілген «психологиялық-филологиялық сараптама» оның сөздері әкімнің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді деп қорытынды шығарған.
Бұл шешімді Айтмағамбетованың өзі жергілікті проблемаларды көтергені үшін жасалған қысым деп бағалайды. Қомақты айыппұлдан кейін әлеуметтік желіде көпшілік Әселді қолдап, әкімдік әрекетіне наразылық білдіріп жатыр. Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары өңір басшысының бұл әрекетін азаматтардың пікір білдіру құқығын шектеу деп түсінеді.
«Жезқазғанда су сап-сары. Жемқорлық пен ОПГ-ден (ұйымдасқан қылмыстық топ – ред.) басқа әділеттілік жоқ. Қираған үйлер, оларды апатты деп таныған, басқа баспана алуға қолында құжаты бар күтіп жүрген тұрғындар, жолдары жөндеу көрмеген, ауасы газ, арнайы ауруханалар салынбаған, қала қаңырап тұр. Оның бәрін түсіріп, әлеуметтік желіге салдым. Қоғам қатты талқылады. Сосын әкімдік ізіме түсті. Жезқазған – Қазақстандағы ең бай қала, Менделеев кестесіндегі барлық сирек металл бізден шығады, осмий деген металл тек бізде ғана өндіріледі. Сондай бай өңірдің тоз-тозын шығарған. Дым жоқ, ешкім қарамайды. Бәрін айттым, жасырмадым. Нәтижесінде әкім Рыспеков сотқа беріпті, 495 мың теңге айыппұл салды. Қазір апелляциялық сот өтті, шешім өзгермеді. Енді Жоғарғы сотқа дайындалып жатырмын», – дейді Айтмағамбетова.
Арызды облыс әкімінің өзі берген. Айтмағамбетованың айтуынша, оның қаладағы вокзал жақты түсірген видеосы шенеуніктің шамына қатты тиген. Себебі қаланың бұл бөлігінде қираған үйлер көп, жол жоқ, топырағы шығып жатыр. Тіпті балалар ойын алаңы да салынбаған. Мұның бәрін видеоға түсірген Айтмағамбетова Дастан Рыспеков басқаратын әкімдікті «Жемқорстан» деп атап, оны қызметінен кетуін талап еткен.
Айтмағамбетова соттың да тез өткенін айтады. Тіпті іс материалымен танысып та үлгермеген.
«Халқын тоздырып жіберіпті» дедім. Сол сынды көтере алмады. Сот та едел-жедел өтті. Өйткені Рыспеков оларды да сатып алған сияқты. Көпбалалы, декретте отырған анамын. Табыс көзім жоқ. Жезқазған КСРО уағында қалай құрылды, әлі сол күйінде тұр. Ештеңе өзгермеген. Жақында облыстың 3 жылдығын тойлады. Неменеге жетісіп тойлайды?! Жарыған ештеңесі жоқ. 100 мың ғана халқы бар қала, ең бай өңір. Дубай жасап жіберуге болады ғой. Байлықтар қайда кетіп жатыр. Шахтаға жұмысқа тұрғың келсе 5 млн, зауыт-фабрикаға барғың келсе 2 млн теңге бересің. Мектеп, балабақша – бәрін жемқорлық жайлаған. Бірнеше жылда бір үй салына ма, оның өзін халық ала алмайды. Лауазымды адамдар бөліп алып, сатады», – дейді ол.
Жезқазғанда сасық судан басқа дым жоқ
Ұлытау облысының тағы бір проблемасы – қоқыстың уақытында жиналмауы. Жыл сайын жылу маусымы басталғанда өңірдегі «Сүйікті қала» коммуналдық мекемесі мен қоқысқа жауапты «Сәт Тазалық» компаниясына қатысты дау туып жатады. Бұл туралы да «Жас Алаш» тұрғындар арызын тыңдап, былтыр қазан айындағы санында «Сәтбаевқа бардың ба, жертөлесін көрдің бе?» деген көлемді мақала да жазған.
«Сәт Тазалық» дегенің мүлдем жұмыс істемейді. Қоқыс үйіліп жатыр. Су деген сап-сары. Соның кесірінен халық суға фильтр қойып ішеді. Оның өзі тапшы. Бір онколог дәрігері жоқ. Қолы жеткендер көрші қала мен аймақтарға барып емделеді. «Ковид» кезінде салған емханалары қирап қалған. Осмий шығаратын қаламыз осы ма? Жезқазғанда балалар қыдыратын жер де жоқ. Талдары қурап қалған... Сахара!» – дейді көпбалалы ана.
Әсел Айтмағамбетованың айтуынша, оны әкім «жемқор» дегені үшін сотқа берген.
«Енді жемқор демегенде не дейін? Қарапайым тазалық сақталмаса, қоқыс алынбай айлап жатады. Экологиясы нашар, суы сап-сары, жолы анау... Осы жайттарды көзімен көрген мен «Жемқор» демегенде не деп айтамын?! Жезқазғандағы үйлер 1975 жылдары салынған үйлер. Сыртын өтірік сырлап қоя салған. Кезінде 1954 жылы салынған ағаш үйлердің бұзылуы үшін қаржы бөлінген. Тіпті тұрғындардың өздерінен 60 мың теңгеден ақша да жинап алған. Соның бәрін жеп қойған ғой. Бір сөзбен айтқанда, Жезқазғанда сасық судан басқа дым жоқ. Өтірік қана қала орталығын президент келеді деп жасап қойған. Ал айналасы қаңырап жатыр. Мен осының бәрін айтып, көрсеттім. Егер арты таза болса әкім сотқа бермейтін еді. Керісінше, «Қарындасым кел, иә, кемшіліктер бар. Халыққа көрсетіп жатыр екенсің. Бірге жұмыс істейік» деп айтуы керек еді ғой. Менің жариялаған видеоматериалдарымда 98 пайыз халық Рыспековтің түрін де білмейді. Себебі ол халықтан қашады, кездеспейді. Ал әкімдіктің менімен соттасқысы келмегені, ымыраласпақшы болдық дегені жалған. Керісінше, қысым көрсетті. Өзінің қолындағы қызметін асыра пайдаланып отыр».

Шәмші Хамзе, облыстың қоғамдық кеңес мүшесі:
Облысымызды Ұлытау емес, Қоқыстауға айналдырып жіберді
Ұлытаудағы мәселелер өте күрделі. Антикор бар кезде қаншама жұмыс атқарылды. Бірақ жемқорлық таусылмай жатыр. Жеп қоя береді. Антикор ҰҚК-ға қарағалы жұмыс баяулаған секілді. Әйтпесе, барлық өңірлерге бөлінетін бюджет бізге де бөлінеді. Бірақ нәтиже жоқ. Меніңше, мұның басты себебі – жемқорлық.
Ал қоқыс мәселесіне келетін болсақ, мұның тарифі тұрғындардың қалтасынан шығады. Ол бойынша да мәселе бар. Қазіргі мердігерге сенім жоқ. «Сәт тазалықтың» тарифі қымбаттады, бірақ жұмыс ілгерілемейді. Қазір де олар «әлі тариф бағасы арзан» деген уәж айтады. Мүмкін арзан шығар, бірақ олар сенімнен қалды. Біз тарифті қымбаттатсақ, олар қоқысты бәрібір үйіп қоятын сияқты. Жалпы облысымыздың аты ұлылықты сипаттаған «Ұлытау» еді, бұлар «Қоқыстауға» айналдырып жіберді ғой. Өңірге қоқыс жинайтын компанияларды басқа аймақтан тартамыз дейді. Бізге ешкім келгісі келмейді. Себебі шығын көп. Әкімшілік ол шығындарды көтермейді. Олардың кезінде жасаған қателігі конкурстарды мердігер компанияларға беріп тастады. Нәтижесінде монополия жасаған компаниялар пайда болды. Сондықтан солар нарыққа кіргісі келмей, үлкен тендерлермен ғана отыр. Бұған жергілікті кәсіпкерлерді жұмылдыру керек. Алпауыт компаниялар бар, мысалы, «Қазақмысқа» осы мәселемен жүгіну қажет. «Қазақмыс» көлік әперсін, «Адал еңбек» деген мекемесі бар, сонымен де мәселені шешуге болады. Бұл жерде проблема үлкен емес, тек немқұрайлылық пен салақтық қана бар.
Рыспековтің беделі біздің облыстың беделіне сай боп тұрған секілді. Көпбалалы анамен соттасқанша, белсенділерді жинап, бір мәселені болса да шешкені дұрыс еді. Облыс басшыларына айтылатын сын жетеді. Бұлар сын көтере алмайды. Мен қоғамдық кеңес мүшесімін. Соның өзінде әкіммен кездесу үшін арнайы жазыламыз. Себебі бұлар аспанда, біз жерде тұрамыз. Олай дейтінім, 10-қабатқа телефондарымызды тастап кіреміз, ал өңір басшылары телефонмен отырады. Әділдік қайда?! Телефоннан заңды бұзған, жеп қойған адам ғана қорқу керек. Жаңа Қазақстан құрамыз дейміз. Жақсы бастамалар көтеріліп жатыр. Ал біздің шенділер бір қоқысты жинай алмайды. Біздің аймақ басшыларының ой-өрісі, іс-қимылы осыған сай болып тұр. Бізде жауапкершілігі жоқ басшылар көп. Олар өмір бақи мемлекеттік қызметте отырып, Астана-Алматының төрінен қос-қос пәтер алады. Олар демалыс күндері Жезқазғанда тұрмайтын секілді. Жанашырлық жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Біздің әкім – электрик». Мәселесі көп, шешімі жоқ Жезді тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр?
Әкімдері «электрик» Ұлытау
Иә, шынында да Жезқазған қаласы және биыл құрылғанына 3 жыл толған Ұлытау облысы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі сын көтермейтін деңгейде. Бұған «Жас Алаштың» арнайы жобасы аясында барып, облысты аралағанда көзіміз жеткен. Инфрақұрылымның тозуы күнделікті өмірге кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, ауыз су сапасының нашарлығы – шешілмей келе жатқан басты проблеманың бірі. Тұрғындар тек сүзгі орнатып күнелтіп отыр. Экологиялық ахуал да оңбай тұр. Ауыр металдар мен өнеркәсіптік қалдықтар зардабы ма, өңір қатерлі ісік ауруы бойынша республикада бірінші орында. Аймақ тұрғындары онкологиялық дертке шалдықса, алыс қалаға сабылуына тура келеді. Денсаулық сақтау мекемелері де ескірген. Әсел Айтмағамбетова сынға алған облыстық көпсалалы аурухананың ішкі жағдайы соның бір мысалы ғана. Өңірдегі тағы бір шешілмей келе жатқан проблема – электр қуаты. Бұл даауыл-аймақты әбігерге салған үлкен мәселе. Кең-байтақ Ұлытау облысының көп ауылында жарық жиі өшеді. Электр жүйесі әбден тозған, маман да тапшы. Кейінгі уақытта өңірдегі кей әкімдер әкім емес, «электрик» болып жүр («Жас Алаш» былтыр жазған).
Ұлытау облысында жол сапасы мен тұрғын үй мәселесі де өзекті. Облыс құрылған 2022 жылдан бері жол жөндеуге 30 миллиард теңге жұмсалғанымен, нәтиже шамалы. Жолдар шұрық-тесік, жөндеу жұмыстарының сапасы күмәнді. Тіпті Антикор жол жөндеу саласында жемқорлық фактілері барын анықтаған. Жаңа облыс құрылғалы бері жергілікті биліктің тиісті бөлімдері жолдардың төлқұжатын да жасамаған болып шықты. Тұрғын үй құрылысы тоқырап қалған. Кейінгі ширек ғасырда Жезқазғанда бірде-бір жаңа көпқабатты үй салынбапты. Қаланы көріктендіру, жаңарту жұмыстары жоқтың қасы, көшелер қараусыз, сүреңсіз кейіпте. Бұрын салынған тұрғын үйдің өзі сапасыз салынып, іргесінен су шығып, қаңырап бос тұр. Әлеумет үшін аса маңызды білім беру нысандары да ескірген. Өңірдегі мектептер мен балабақшалар 40–50 жыл бұрын салынған, тозығы жеткен, жөндеу көрмеген. Мұғалім тапшылығы да сезіледі – былтыр ғана аймақта 300-ден аса педагог жетіспейтіні айтылған.
2022 жылы арнайы құрылған Ұлытау облысының алғашқы әкімі Берік Әбдіғалиұлы да жоғарыдағы мәселелерді шеше алмай, сыннан көз ашпастан кетті. Оның тұсында, тіпті бірнеше мемлекеттік қызметкер ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталып, сотталды. Мысалы, облыстық мәдениет басқармасының басшысы, Сәтбаев қаласының әкімі сияқты қол астындағы лауазымдылар жемқорлықпен ұсталса, заң бойынша облыс әкімі отставкаға кетуі керек еді. Бірақ Әбдіғалиұлы қызметінде тағы біраз қалған. 2023 жылы облыста табиғи ресурстар басқармасы басшысының су тасқынына бөлінген қаржыны жымқырғаны анықталса, білім басқармасының басшысы да қызметінен босатылды. Бұдан өңір басшылығының беделіне қосымша дақ түсті. Ақыры 2024 жылғы қазанда Берік Әбдіғалиұлы қызметінен босатылып, орнына оның орынбасары болған Дастан Рыспеков жаңа әкім болып тағайындалды.
Айтпақшы, бұл Ұлытаудағы қарапайым азаматтарды жергілікті билікті сынағаны үшін сотқа берген бірінші жағдай емес. Жалпы Жезқазғандағы мәселелерді жергілікті белсенділер үнемі жазады, айтады. Бірақ коммуналдық саладағы мұндай проблемаларға назар аударған тұрғындардың өздері қысымға тап болды. Мысалы, Сәтбаев қаласында жергілікті мәселелерді көтеріп жүрген Нұрболат Базарбекұлы есімді белсенді Facebook желісінде көпшілікке ашық дереккөзден алынған суретті пайдаланғаны үшін сотқа тартылды. Айыппұл да төледі.
P.S. «Жас Алаш» төркіндеп келіп, айыппұл арқалап қайтқан Әсел Айтмағамбетоваға қатысты және өңірде 3 жыл ішінде қандай өзгерістер болғандығы жайлы облысқа сұрау салған еді. Әкімдіктегілер қоңырауымызға және жазып жіберген хатымызға да жауап бермеді. «Қалада бизнесі бар» деп аты аталған Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановқа да хабарластық. Бірақ қала әкімінен де жауап ала алмадық. «Жас Алаш» аталған мәселелер бойынша облысқа ресми сауал жолдады.
Тұрсынбек БАШАР