Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:29, 02 Қараша 2023

Ұлытауға бардың ба?

Ұлытау
Фото: Жас Алаш

«Жас Алаш» газеті «Менің Қазақстаным» атты жаңа жоба бастады. Жоба аясында жаңадан құрылған облысты аралап, халқының тұрмыс-тіршілігін жан-жақты баяндаймыз. Өңірге жауапты шенеуніктермен сұхбаттасамыз. Газетіміздің бүгінгі санында Ұлытау облысындағы күрмеуі көп мәселелер сөз болады.

Жезқазғанға жоғарыдан қарасаң, шынымен де ұшы-қиыры жоқ сап-сары даланы көресің. Ежелден неліктен Сарыарқа аталғанына көз жеткізеді екенсің. Қаланың көлемі Кеңгір су қоймасын бөгеп тұрған алып тасты елестетеді. Мысты өлкеге келгендегі алғашқы көргеніміз, қала алып құрылыс алаңына айналып кеткендей. Қазылған жолдар, құрылыс материалдары, басына «каска» киген құрылысшылар, олардың техникалары – бәрі де бұл өңірдің әлдебір мерекеге дайындалғанындай әсер береді. Әйткенмен, бұл кейіннен бізге алдамшы сезім сияқты көрінді...

Құрылғанына бір жылдан енді асқан облыс орталығына табан тірегендегі мақсатымыз – өңір жағдайымен танысу еді. Қазақстанның мысты қазынасы атанған қалаға сапарлау үшін пойыздан билет қарағанымызбен, қасқалдақтың қанындай болып кеткен билетіміз табылмады. Алматы-Жезқазған аралығына жүретін таксилерді жағалағанымызбен, олардың жол ақысы ұшақтан қымбат екен. Сондықтан амалсыз әуе жолын таңдауға тура келді. 

Әуежайдан алдымен бізді Сарыарқаның сары самалы қарсы алды. Желсіз жерден келіп, тынысымыз бір кеңіп қалғанымен, оның зардабын кейін тарттық. Ұшса құстың қанаты, шапса аттың белі талатын қырқа-адырлы дала «келдің бе» дегендей, маңғаздана қарайды. Жері мен аспаны ұштасып кеткен көкжиекте сағым ойнайды. Мұнар артындағы қызарып батуға айналған күн Батысты қанға бояп, дәл алдыңнан төніп тұрады екен. Қол созым жердегі шарбы бұлттарды көріп, аспан тым жақын ба деп қаласың. Осындай ойлардың әлегінде тұрғанда күткен таксиіміз келді. Қап-қара жол талғамайтын көліктен бет-бейнесі ежелгінің батырларындай ірі, желкесі күжірейген, қолында жуан темекісі, көзінде қара көзілдірігі бар жігіт ағасы түсті. Амандық-саулықтан кейін:

– Сендер ме, Алматыдан келген журналистер, – деді. Біз бас изедік. «Самат» деп, күректей қолын ұсынды. Арық, жіңішке саусақтарымыз оның алақынында қалып қойды.

– Жүріңдер, мен сендерге қаламыздың бар «сұлулығын» көрсетіп апарайын деп, қалаға тура емес, айналма жолға түсті. Өңкиген «джиппен» адыр даланың төсін қақ жарған асфальтпен ызғытып келеміз. Қалаға кіреберісте шашылып жатқан қоқыс алаңы бірден көзге түсті. Оны келген қонақтардан ұят болады деді ме екен, сыртын қоршап қойыпты. Бірақ ар жағындағы сүреңсіз көрініс бәрібір облыс орталығына емес, бейнебір қараусыз қалған елді мекенге келгендей жүрегіңе жағымсыз сезім ұялатады. Қазылып жатқан жолдарды айналып өту біраз уақытымызды алды. Бізді алып келе жатқан шопыр жолдың көктемнен бері жөнделіп жатқанын айтты.

Жезқазған жол
Фото: Жас Алаш

 

 

@jasalash.kz Жезқазғандағы ең өзекті мәселенің бірі - ауызсу. Краннан ағатын судың сапасы сын көтермейді. Халық лай су ішуге мәжбүр. #жезқазған #су #ұлытау #fyp ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz

Дұрысы, жөндейміз деп қазып тастаған. Құбырларды ауыстырып жатыр екен. Әңгімелесе отырып Гагарин көшесінен Сейфуллинге бұрылдық. Облыс орталығы деген аты болмаса, көне үйлер, ескі проспект Кеңес заманын еске салып, айналадағы сұр түс еңсеңді баса түседі. Әу бастағы жоспарымыз бойынша Жезқазған-Сәтбаев қалаларының жағдайын білу, облыстың ең жақын нүктесі Жезді кенті мен алыс нүктесі ретінде белгілеп алған Сарысу халқының тұрмысымен танысу болатын. Саматпен сапарымыздың жоспарын бөлістік. Алыстан келгенімізден бе екен, әлде барлық таксилер бірдей ме, тиын сындырып қалуға тырысып, тым жоғары баға айтты. «Жол жаман, бәрі қымбат» деп қара аспанды төндірді. Қазір интернет заманы емес пе, жол шығынымен таныс біз ол айтқан бағаға келісе қоймадық та, Ғарышкерлер көшесіндегі жалдамалы пәтеріміз алдында қоштастық.

 

жол
Фото: Жас Алаш

***

Алты аймақпен шектесетін Ұлытау облысының орталығы Жезқазған 1954 жылы құрылған. 1997 жылға дейін кеншілер орталығы қыз-қыз қайнап, қала халқы 130 мыңнан асқан. Бірақ облыс мәртебесі Қарағандыға ауысқасын қаладан да береке кете бастаған. Зауыт-фабриканың ауаны ластауынан, Байқоңырдан ұшатын зымыран қалдығы, ауыз судың таза болмауынан адамдар біртіндеп көше бастаған. Бүгінде қала халқы 90 мыңға жетпейді. Совет заманында өркендеген өндіріс орталығы өкінішке қарай сол заманда қалып қойған. Жанымдағы серігім, фотограф-оператор Асланмен бірге кешкі қаланы араладық. Жастарды аз кездестіресің. Болса да топ-топ болып жүретін өткен ғасырдың 90-жылдарындағы жасөспірімдерді еске салады. Бейбітшілік көшесімен «Жастар» сарайын кесіп өттік. Әріде қарайып «Металлург» стадионы көрінді. Шіркеуді басып өтіп, Кеңгір жағалауындағы аллеяға тоқтадық. Алдымызда жайылып жатқан су қала шамдарына шағылып, жымың-жымың етеді. Бұл жерде де адам қарасы аз, құлаққа ұрған танадай тыныштыққа үйренбеген жүрегің атқақтай жөнеледі. Күндізгі жұмсақ самал ызғар желге айналыпты. Ық іздеп паналаған Аслан екеуміз көп тұра алмадық, жағамызды көтеріп, қолымызды қалтамызға салып, пәтерге зыттық.

жол
Фото: Жас Алаш

Әкімдік құжат жасай алмай, құрылыс тоқтап тұр

Ертеңіне қаланың күндізгі көркін тамашалауға шықтық. Орталық болғасын көбірек адаммен кездесіп, сөйлесеміз деген дәмеміз де жоқ емес. Алаша хан көшесінде сұңғақ бойлы, қызыл торы, үстіне джинсы жейде мен шалбар киіп алған, онысы өзіне құйып қойғандай қона кеткен жігіт қарсы алды.

Нұрболат Базарбекұлы
Фото: Жас Алаш

Бұл өңір белсендісі – Нұрболат Базарбекұлы еді. Сырттай сөйлескеніміз болмаса, кездеспегенбіз. Таныстық. Қатарластарынан әлдеқайда жас көрінеді екен. Аз-кем сұхбат барысында Жезқазғанның біраз мәселесіне қанық болдық. Нұрболат «облыс құрылғалы Жезқазғанда ештеңе өзгермеген. Себебі әкімдіктің құжаттары дайын емес. Кесірінен құрылыс тоқтап тұр» дейді. Ол бізге жолдарды жылда қазатынын, келесі жылы жөндеген жолын тағы да сыпырып тастап, қайта салатынын айтып қалды. «Жігіттер сонша жерден облыс жағдайымен танысамыз деп келген екенсіңдер, бір-екі күн қастарыңда болайын» – деген жолбастаушымыз бізді қазылып, шаңы шыққан көшелерге алып барды.

– Сұрасаң «құбыр ауыстырып жатырмыз» дегенді айтады. Сапа жоқ. Қалай қабылдап алады түсінбейсің. Бір күрделі жөндеуден өткізгенде соның бәрін істеп кетуге болады ғой. Бітпейтін сылтаулары көп. Неге ақшаны шығын етіп қайта-қайта қаза беретіні түсініксіз. Енді оның аржағында қандай саясат жатқандарын өздері біледі.

– Халықтың ойы қалай, неше жылдан бері шыдап жүре бере ме?

Нұрболат қолын бір сілтеді де:

– Халық наразы. Жүріңдер өздерің сөйлесесіңдер, – деп, ұзыннан созылған дүкендер желісі, яки базар екені түсініксіз жерге алып келді. Қабырғадағы жазуға көзім түсті «Сейфуллин 52» деп жазылыпты. Көліктен түскенде екі жігіт отыр екен. Бір қолымда микрофон, бір қолымда диктофон жетіп бардым. Үрпиіп қарады. Журналист екенімді айта бергенімде «бұл қаланың тұрғыны емеспіз» деп, әрі қашты. Бұрылып қарасам, тратуар деген аты болмаса, тасты-топырақты жолмен маң басып, мосқалдау кісі келе жатыр екен.

жол
Фото: Жас Алаш

– Армаңыз, аға!

– Бар бол.

Алғашқы диалогымыз жақсы басталғасын, ішім жылып қалды. Төпелетіп сұрағымды қойдым. Аслан болса айналаны түсіріп, ситуацияларды ұстап қалуға тырысып жатыр. Жанымыздан өткен адамдар үрке қарайды. Ағамыз көңілді екен, сұрақтарымызға да көңілдене жауап берді.

– Несін айтасың. Бәрі баяғыша, өзгеріс жоқ. Жолды істеп берсе екен. Әйтпесе біздің қалада үнемі жел тұрады. Қазып тастаған топырақ шаңға айналып, жүре алмайсың. Суымыз анау, бірде болады, бірде болмайды. Бала-шағамыз қиналып кетті. Түк жоқ, құлап жатыр. Мына сіздер тұрған жол жаздай шаң боп жатты. Енді қашан салады? Қала әдемі болғанын қалайсың. Әдемі жерде өмір сүргің келеді. Істелетін шығар деп үміттенесің, бірақ олай емес. Жақында қар жауады. Мына құрылыстың барлығы келесі жылға қалады.

– Аға, аты-жөніңіз...

– Не істейсің атымды, атым Армия, – деп қарқылдап күлді де, анадайда күтіп тұрған әйелін қолтықтап кете барды.

Жолдың бұл бетінен ештеңе шығара алмағасын, кесіп, арғы бетіне өттік. Себебі аялдамада адам қарасы көп екен. Маңдайы күнге жарқырап, автобус күтіп тұрған үстіне күз мезгіліне келмейтін қалың киім мен аяғына етік киген қырықтардан асқан кісіге жолықтық. «Мен Жезқазғанда тұрмаймын, Рыбачийден келдім, өңірдің жағдайын несін сұрайсыңдар. Рыбачийге орталық кәріз жүйесін қашан тартасыңдар деп әкімдіктен сұрағам, біздің ауыл түгіл қалада орталық кәріз жүйесі толық тартылмаған деп бетімді қайтарып тастады» деген ағамыз автобусының келгенін айтып тайып тұрды. Одан кейінгі екі-үш адамымыз да асығыс екен, автобустары келіп қалыпты. Байқағанымыз – тұрғындардың көбі журналистпін десең қашқақтап тұрады. Өз қаласы туралы сөйлеуге, өзгеріс туралы қалауын айтудан да тартынады. Соны айтқаннан не өзгереді дегенді көзінен оқисың. Ашық айтқандары да болды. Бұйығы адамдардың әлдебір жаққа асығып бара жатқанын көресің. Сөйлей қалғандарының өзі «Құрылғалы Жезқазғанда не өзгерді?» деген сұраққа мүдіріп қалады. Жергілікті халықтан ұққанымыз, облыс құрылғалы Жезқазғанда өзгерді деп ауыз толтырып айтуға тұратындай ештеңе байқалмаған. Есесіне, ауыз су, жол, экология мәселелері ушығып кеткен. «Баяғы жартас – сол жартас» дегендей, баяғы Жезқазған сол Жезқазған.

жазқазған мүсін
Фото: Жас Алаш

Әкімдік су шыққан жерді белден қазып жүр

Дегенмен де жұрттың пікірі біржақты емес, қаладағы ауқымды құрылыстың басталғанына қуанатындар да бар. 30 жылда мұндай жұмыстарды көрмегендер қаламызға жан бітіп жатыр деп есептейді. Қараусыз қалған өңірдің тамырына қан жүгіре бастағанына риза. Тіпті құрылыс басталып, жылжуы ақырын болса да тәубе деп отыр. Жастардың да пікірі екі жақты. Әттеген-айы жастардың білім алатын, ізденетін коворкинг орталықтары бой көтермей жатыр екен. Салынып жатқан ғимараттар аз. Себебі ғимараттардың салынуына басты екі кедергі бар. Кедергінің бірі – әкімдік тарапынан құжаттардың дайын болмауы, екіншісі – салатын жер жоқ. Жерді әлдекімдер сатып алған. Бұл сөздердің рас-өтірігін тексеру мақсатында қалада салынып жатқан ғимараттарды араладық. 25 жылда бір үй салынбаған қала көркі тым сұрықсыз. Дауыл арасындағы тозған үйлер тіпті жаныңды жабырқатады. Бірі – басталған, екіншісі – аяқталмай тұр. Баланың үйлерді құрастырып ойнап, ортасына келгенде жалығып, шашып кеткен ойыншығына ұқсайды. Тіпті облыс құрылмай тұрып салынған, бірақ бітпеген үйлерді көрдік.

үй
Фото: Жас Алаш

Соның бірі – Гагарин көшесінің бойындағы 5 қабатты үй. Жергілікті халық оны «Гагарин ойындағы үй» (бойындағы дегенге ойындағы деген сөзді ұйқастыра салған болу керек деп ұқтым) деп атайды екен. Көпқабаттыны толық бітіріп, пайдалануға тапсырар кезде астынан су шыққан. Қазір апатты жағдайда тұр. Есік-терезесі шағылып, үңірейіп тұрған үйдің бір жағына қарай қисайғаны алысырақ тұрып қараған көзге оңай байқалады. Қасына жақындай алмайсың. Бұзылған судың исі қолқаңды қабады. Бұл су – осы айналадағы кәріз жүйесіне жалғанбаған жер үйлердің «септигінің» суы. Бес қабатты ғимарат салынатын болып, жер қазылған, қазылған жерге сол судың барлығы келіп құйылған.

Біз барғанда тағы да көп қабатты үй салу мақсатында дәл соның жанынан құрылысшылар жер қазып жатыр екен. Бұл жерден де су шығыпты. Әкімдік «алтын шыққан жерді белден қаз» дегенді «су шыққан жерді белден қаз» деп түсінген сияқты. Әйтпесе, бір рет су шығып, дайын үйді апатты жағдайға жеткізгесін, соның жанынан үй салуға болмайтынын түсінуге көп білім мен ақыл керек емес қой. Енді бұл үйді «Қазақмыс» қармағына алып, бұзып тастап, қайтадан салады екен. Алғашқы бастамасы бұлай болып жатқан үй салу жұмыстары қаладағы пәтер жетіспеушілігін шешеді дегенге сене алмайсың.

Сарыарқаның жері емес, ауыз суы да сары

Су мәселесі облыс орталығында шешілмей тұр. Жергілікті шенеуніктердің бас ауруы да – су. Үй салайын деп жер қазса да, сары су шығады, халықтың ішетін суы да сары. Мұны біз алғаш пәтерге кіргенде-ақ байқағанбыз. Жуынайын деп кранды ашып қалғанда «ағып тұрған шай ма, әлде сыра ма» деп, бір сәт ойланып қалдық. Жергілікті тұрғындардан сұрай жүріп ұққанымыз – Жезқазғандағы ауыз су мәселесі ушығып тұр. Қаншама жылдан бері жөндеу көрмеген құбырлар шіріп біткен. Халықтың басым көпшілігі сары су ішуге мәжбүр. Су тазалайтын құрылғы алып орнатуға бәрінің қалтасы көтере бермейді. Соның кесірінен түрлі ауру да көбейген. Қала халқы облыс болып құрылдық, енді бәрі оңалар деген үмітпен ғана шыдап отыр. Қаншама жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп келе жатқан Нариман Ерман да «бізге ең алдымен керегі – таза су» дейді. Нариман ағамызбен апатты үйлерді аралап жүріп кездейсоқ таныстық. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, көзі күлімдеп тұратын ағамыз экскаваторын тоқтатып қойып, жерастынан шыққан суға қарап тұр екен. Біздің журналист екенімізді білгесін, өзі сөйлесуге бейіл танытты.

су
Фото: Жас Алаш

– Үй салайын деп жатырсыздар ма? – дедім сәлемдесуден кейін.

– Иә, бірақ су шығып кетіп жатыр. Енді әкімдіктің жауабын күтіп отырмыз.

– Сонда да үй сала ма?

– Солай шығар. Бірақ мынаның мәселесін шешуіміз керек.

Алғашқы диалогымыз су болғасын, елдегі су мәселесін сұрадым. Басында «мен құрылысшымын, әркім өз ісін білгені жақсы» деп жақ аша қоймаған ағамыз, біраздан соң ашылып, ашынып сөйлеп кетті.

Нариман
Фото: Жас Алаш

«Осы судан ішіп отырмыз. Үй, жол салғанның керегі не, ауыз су таза болмаса. Ертең бәріміз ауру боламыз. Алдымен су, ауа таза болса, халық тұрақтап, қоныстайды. Ал енді экология нашар болып, лай су ішіп отырса, кім көшкісі келмейді. Қалай өмір сүреміз? Қарағандыдағы қатерлі ісік орталығында жатқандардың басым көпшілігі – ұлытаулықтар. Қазір Қарағандыға немесе Қызылордаға қарай шығып көрші, жолдың қандай екенін байқайсың. Жол жоқ, бәрі біткен. Бәрі болады дейді. Сеніп отырмыз, халық қазір сеніммен күн көріп отыр. Жергілікті азамат ретінде айтуын айтып жатырмыз. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалады. Бұл жерде жүйені өзгерту керек. Ол өзгермей, ештеңе өзгермейді. Мына үйді қараңызшы. Қаншама қаржы кетті. Енді қайтадан салайын деп жатыр. Жауапты адамдар қайда қарады, қабылдаған маман не ойлады?» – деп, құлайын деп тұрған көпқабатты үйге мұңая қарады.

Шынында да облыс орталығындағы ауыз су мәселесін шешу де оңай болмайын деп тұр. Сәтбаевтан тартылған су құбыры бірнеше жылдан бері 18 шақырым жердегі қалаға жете алмай жатыр. Есқұла су қоймасының ауыз суы бұлақ суындай таза. Сол суды Жезқазғанға жеткізу мәселесі қарастырылғанмен, жоба біраз жылдан бері бітпей қойған. Соңғы сатысында тұр екен, сол іске қосылса... Тұрғындар қаржы бөлініп, жұмыс аяқталса, таза су ішіп, тазарып қалармыз деп күтіп жүр. Нариманның «Қарағандыдағы қатерлі ісік орталығында жатқандардың басым көпшілігі – ұлытаулықтар» дегенде де шындық бар. Ұлытау облысы еліміздегі қатерлі ісікке шалдыққандар бойынша алдыңғы орында. Дерт жыл сайын дендеп барады. Былтыр осы өңірдің 308 тұрғыны аты жаман ауруға шалдықса, 2023 жылдың бірінші тоқсанында 285 адамнан обыр анықталған. Экологиялық апатты аймаққа кіреміз деген халық биліктен өтемақы талап етіп отыр. Облыста қатерлі ісік көрсеткіші артқасын үкімет арнайы комиссия құрып, зерттеу жүргізген. Бір қызығы зымыраннан бөлінетін гептилден де, өңірдегі өндірістен де, қала іргесіндегі зауыт-фабрикадан да тіпті ішер ас-судан да ісікті арттыратын қатерлі зат табылмаған. Салдары бар, себебі жоқ. Жұмбақ. Тұрғындар мұның бір себебін «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі фабрикадан көреді. Өйткені фабрикадан шығатын түтінге фильтр орнатылмай келеді. Жергілікті билік алдағы уақытта онкологиялық аурухана салуды жоспарлаған. Сөйтіп, дерттің себебі емес, салдарымен күресетін болады.

Қазақмыс
Фото: Жас Алаш

Өңірді аралап жүргенде жаңадан салынатын ғимараттар мен экологияға қатысты «Қазақмыстың» аты көп аталғандықтан корпорацияның басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің есігін қақтық. «Қазақмыс» төрағасы бізді бірден қабылдады. Кең бөлмесінде кездестік. Мен тұрғындардың арызын жеткіздім, фильтр мәселесіне тоқталдым.

«Иә, күкірт қышқылы цехына қатысты ылғи айтады. Фильтр орнатуымызды сұрайды. Жыл сайын зауыттың күрделі жөндеуіне 30 миллион доллар жұмсаймыз. Фильтр көмектескенде біз бұл мәселені баяғыда шешетін едік. Күкірт диоксидінен арылуға ешқандай фильтр көмектеспейді. Мен тұрғындармен кездестім, арыздарын тыңдадым. Сол кезде түсіндірдім. «Қазақмыс» әр жылы жергілікті бюджетке экология бойынша 4,5 млрд теңге бөледі. 10 жыл бойы төлеп келе жатыр. Шамамен 40 млрд теңге қаланы экологиялық жағынан жақсартуға бөлінген. Осы ақша қайда кетті, қандай бағытта жұмсалды? Үлкен сұрақ. Егер экологиялық бағытта жұмсалса, кем дегенде Кеңгір су қоймасын тазарту керек еді. Маған бірнеше рет белсенділер суды тазартып беруін сұрады. Бірақ бұл мәселе менің құзырымда емес. Біз бөлген ақшаға су қоймасын 10 жыл ішінде екі рет тазартуға болатын еді деп ойлаймын», – деді "Қазақмыс" төрағасы.

Бұл кездесуде біз «Қазақмыстың» біраз жоспарларына қанық болдық. 2022 жылдың қараша айында «Қазақмыс» облыстық әкімдікпен меморандумға қол қойған. Келісімшарт бойынша жалпы шығыны 35 млрд теңгелік 22 жоба іске асырылуға тиіс. Оған бірнеше кедергі бар. Сондықтан құрылыстың басым бөлігі тоқтап тұр.

«Қазақмыстан» шығып, Желтоқсан мен Бейбітшілік көшесіне бұрылдық, бағытымыз – облыс әкімдігі. Біз Ұлытау өңіріне сапарлайтын кезде Берік Әбдіғалиұлымен кездесетін болғанбыз. Бірақ қалаға келгелі екі рет жоспарлағанымызбен, екеуінде де әкім уәдесінде тұрмады. Бірінде Сәтбаевтағы әлдебір іс-шараның ашылуына кетсе, екіншісінде шұғыл жиналысқа кіріп кетіпті. Шенеуніктердің мұндай өтірігінен шаршағанбыз һәм үйреніп қалғанбыз. Сондықтан таңғалмадық. Бірақ бұл жолы облыс әкімімен емес, өңірдегі білім басқармасы басшысымен кездесуге бара жатырмыз. Сапура Түлекова әртүрлі сылтау айтып, әкім сияқты кездесуден қашқан жоқ. Оның да жоспарланған жиналысы бар екен, бірақ жиналысына орынбасарын жіберіп, бізді қабылдады.

Ұлытау облысында мұғалімдер жетіспейді

Облыстағы білім ғимараттары 40-50 жыл бұрын салынған. Сапасы сын көтермейді. Өңірде мұғалім тапшылығы сезіледі. Дәл қазір 300-ден артық мұғалім жетіспейді. Биыл қолына енді дипломын алған 155 маманды жұмысқа тартса да, сол қажеттілік әлі азаймай тұр. Әсіресе шалғай ауылдарда маман жетіспеуі қатты байқалады.

сапура түлекова
Фото: Жас Алаш

«Көктем басталғалы еліміздегі педагогикалық оқу орнына барып, жас түлектермен кездесу өткіздік. Өңірімізге маман тартуға тырыстық. Соның әсерінен бірқатар студенттер келді. Үймен қамтамасыз етіп жатырмыз. Жезді кентінде арнайы мұғалімдер үйі бар. Жезқазғанға келген мұғалімдерді колледждегі жатақханада тұрғызып жатырмыз. Мұғалім жетіспеушілігінен зейнетке шыққан мамандарды қайта жұмысқа шақыруға мәжбүрміз», – деді Түлекова.

Жезқазғанның салқын ауасын жұтып, пәтерімізге қайтып келеміз. «Қала ауасы таза емес, құрамында улы элементтер көп, салдарынан қатерлі ісік дамып жатыр» деген тұрғындар сөзі құлағымда қалып қойыпты. Ұмытайын десем де есіме түсе береді. Сондықтан болар, терең дем алмауға тырысамын. Улы ауаны көп жұтпайын деген түрім. Асланға қарасам, ол да сөйтетін сияқты. Бетіңді шымшып өтер суық жел дедектетіп әкетіп барады. Кеш түсіп, қала шамдары жана бастаған уақыт. Ғарышкерлер көшесіндегі біз тұратын ескі көпқабатты үйдің сыртын альпинистер сырлап жатыр екен. Сырды төменде шелекке құйып, оған насос жалғап қойыпты. Дырылдаған дауысы төңіректі алып тұр. Баспалдақпен көтеріле беріп, айналаға зер сала қарадым, әр жерде темекі тұқылын лақтырып тастапты, пошта есіктері майысқан. Қабырғасы жөндеу көрмеген, қоқысы шашылып жатқан подъезде өзімді Латын Америкасына қашып барып, Колумбияның, яки Перудың ескі ауданынан арзан пәтер жалдап алған босқынға ұқсаттым. Неге екені белгісіз Буниннің «Күнде оралам жалға алған пәтеріме, көрге кірген секілді көрден шығып» деген өлеңі тіліме орала берді...

Сөз басында желдің зардабын тарттық деп айтып өткен едік. Пәтерге жеткенде сары суға жуына тұрып, бетімнің тыз-тыз ашығанын байқадым. Қазған жолдан көтерілген шаңмен бірге бет-аузым жарылып кетіпті. Сарыарқаның жері емес, су да сары...

Көлік тұрағының астында Жошының бірнеше ұрпағының қорымы қалған

Сапарымыздың бір бағыты – Жошы хан кешені. Таң атпай кедір-бұдыр тас жолмен жүріп, күн шығарда кесенеге жеттік. Кешен қаладан 40 шақырым жерде орналасқан. 22 шақырымын асфальтпен, ары қарай тас төселген жолмен жүресіз. Жол емес, кедір-бұдыр жермен барасыз десек дұрысырақ болады. Кешенге 20 метр қалғанда ғана жарқыратып асфальт төселген жолға шықтық. Жошы хан ескерткіші зорайып көрінеді. Оған қарама-қарсы екі ат жегілген қос дөңгелекті әскери арба ескерткіші орнатылыпты. Кешеннің айналасын қоршап қойған, қорғанның арғы жағынан молалар қараяды. Республикалық бюджеттен 1 млрд 900 миллион теңге бөлініп салынған кешеніміз – осы. Оған туристер түгіл біз әрең жеттік.

Бізді кешенінің жетекшісі, тарихшы Мұхтар Бақытұлы күтіп алды. Жетекшімен сөйлесе отырып байқағанымыз, бұл кешен басынан дұрыс салынбаған екен. Облыс орталығы Қарағанды болғандықтан, Жезқазған әкімдігі тапсырыс беруші ғана. Кешенді қаладағы Достық үйінің бөлімі ретінде тіркеген. Енді облыс қазіргі кешенді шығыны көп ауыртпашылық көріп отыр. 8 маман қызмет ететін орталықта жалақы мәселесі де мәз емес. Кеншілер қаласында аз айлыққа ешкім жұмыс істегісі келмейді. Орталықты аралай жүріп бірнеше монитордың істемей тұрғанын да көрдім.

Мұхтар Бақытұлы
Фото: Жас Алаш

– Мына мониторлар істемей тұр ма? – деп Мұхтар Бақытұлынан сұрадым.

– Он бес монитордың жетеуі істемейді. Қалғаны да істен шығайын деп тұр. Жүргізушіміз, бағбанымыз жоқ.

– Бұл мәселелерді әкімдікке айттыңыздар ма?

– Айтып жатырмыз. Не керек екенін жазып беремін, бірақ бюрократия ары қарай жұмыс істетпейді. Порталға салғызбайды. Мәселе осында, – деген кешен жетекшісі маған қарай қолын жайды. Мұхтар Бақытұлы кешенмен таныстырғасын, сыртқа шығып, кесенеге бардық.

Бұл жер әу баста Жошы хан пантеоны болған. Оның басым бөлігін 1929 жылы шолақбелсенділер тонап, қиратып тастаған. Ал қалғаны кешен салу кезінде жоспары дұрыс құрылмағандықтан жойылған. Мысалы, қазір көлік тұрағының астында Жошының бірнеше ұрпағының қорымы қалған. Жошы ұрпағынікі делінетін 300 мазар сүріліп кеткен. Жоба жасарда ешкіммен ақылдаспаған. Жошы хан мазары жанындағы этно ауылмен салынып жатқан жол арасында 10 кесене болған. Аралай жүріп, 1228 жылы салынған, 1999 жылы қалпына келтірілген Жошы хан кесенесіне де кірдік. Кеше ғана жерленгендей әсер береді. Себебі сыртын Самарқанның көк тасымен қаптап тастаған. Геодезистер мұндай мәрмәрдің қойылуы дұрыс емес екенін айтып, дабыл қағып жатыр. Ауыр тастар ғимараттың еңсесін басып, болашақта кесененің бұзылуына әкелуі мүмкін.

сатбаев
Фото: Жас Алаш

Сәтбаев қаласы – қоршауы бұзылған алаңдар мен апатты үйлер

Жошы хан кешенінен түс ауа шығып, Сәтбаев қаласына жеттік. Бізді баяғы жолбастаушымыз Нұрболат қарсы алды. Өзі осы қаланың тумасы болғандықтан, Сәтбаевтың жағдайымен таныс, бес саусағындай біледі екен. Абай көшесімен жүріп келеміз. Алдымыздан мешіт пен шіркеу шықты. Бір-біріне қарама-қарсы салыпты. Маған Сәтбаев Жезқазғаннан гөрі облыс орталығындай әсер берді. Кеншілер мен шахтерлер қаласында 69 мың халық тұрады. Әкімдігі, орталық алаңы – бәрі бір жерде орналасқан кішкентай қала екен. Жошы хан кесенесінің жолдарынан кейін бұл қаланың жолы тақтайдай тегіс сезіледі. Жаңарып, салынып жатқан үйлер бар екен. Абайдан өтіп, Ерден көшесіне бұрылдық. Нұрболат бізді МЖК тұрғын үй кешеніне алып келді. Алдымен тұрғындармен кездестік. Облыс құрылғалы қалада құрылыс жанданған. Басталып, аяқталмай қалған құрылыс көп. Біткен нысандардың сапасы сын көтермейді.

алаң
Фото: Жас Алаш

Соның бірі – футбол алаңдары. Оны саларда әкімдіктің асыққаны көрініп тұр. Асықты дейтініміз, алаңға келетін жолды алаңның басына, ал есігін ортасына салып қойған. Кейбір алаңдардың есігі сынған. Қоршауы желмен бірге тербеліп тұр, дауыл тұрса құлап кетердей. Пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаса да, қоршауы бұзылып жатыр. Футбол ойнап жүрген балалар бұрынғы алаңымыз жақсы еді дегенді айтады. Жаңасына көңілдері толмайды. Елімізде футбол алаңында қайғылы жағдайлар көп болады. Бірнеше рет қақпа құлап, кішкентай балалар көз жұмды. Желмен бірге тербеліп тұрған қоршау бағандарын көріп, осы жағдайлар еріксіз еске түсті. Қайғылы жағдайдың бетін аулақ қылсын, бірақ мына бағандардың құлап кету қаупі шынында да зор.

Нұрболаттан «өзің өңір белсендісі екенсің, жергілікті шенеуніктерге бұл жағдайды айттың ба?» деп сұрадым. «Сәтбаев қаласындағы басшылар ескі Қазақстанның жүйесімен жұмыс істеп отыр. Бізде бәрі құжат бойынша. Қағазда тап-тұйнақтай істеп қояды, ал іс жүзінде ештеңе жоқ. Жоғарыға есеп беруге шебер. Әкімшілік халықты жинап алады. Болашақтағы жоспарын көрсетіп, сендіріп қояды. Халық соған иланып жүре береді. Жұмыстарына қарның ашады. Мен қаладағы мәселелерді әлеуметтік желіде бірнеше рет көтердім. Жауап жоқ», – деді ол.

Шапағат Әубәкір
Фото: Жас Алаш

Сәтбаевтағы өзекті мәселелермен танысып шыққасын, әкім Шапағат Әубәкірмен кездестік. Тұрғындардың арызын, қаладағы шешілмей жатқан мәселелерге не кедергі болып жатқанын сұрадық. Басты мәселердің бірі – қаладағы ескірген үйлер. Аталған үйлердің салынғанына 50 жылдан асқан. Жаңа үй салып беретін инвестор да табылған. Енді басты кедергі үй иесімен келісім. Себебі ескірген үйдің бағасы да қымбат емес. Шамамен 8-10 миллион теңге. Бұл қаржыға Сәтбаевтан үй ала алмайды. Жаңадан салынып жатқан ықшамаудандағы 3 бөлмелі пәтердің құны 25-30 миллион теңге. Инвестор барлық пәтер иелері келіспей, жұмысқа кіріспейді. Сондықтан бұл мәселе шешімін таппай отыр. Әкімдік республикадан ескі үй тұрғындарына қосымша төлеп беретін қаржы болса деп отыр.

Қызарып батқан күнмен бірге Жошы хан мен Сәтбаев қаласынан алған әсерлерімізді көңілге түйіп, біз де мекенімізге қайттық. Жезқазған сияқты бұл қалада да ұдайы соғып тұратын мазасыз жел бар. Мазасыздық...

«Журналистер бізді ұмытты!»

Жезқазған даласының топырағы әралуан. Бұл топырақ құрамындағы әртүрлі металдардың көптігіне байланысты екен. Егер топырақ қызыл болса, ол жерде мыс көп деген сөз. Ал көгеріп жатқан жерлер марганецтің пісіп жатқанын білдіреді. Жезді кентіне бара жатқанда осындай көгерген топырақты көп кездестірдік. Өткен ғасырдың 30-жылдарында қойнауына бұрғы бойлатып, браунит кені бар екені анықталғасын, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оны жеделдетіп өндіру басталған. Майдандағы 70 пайыздан астам марганец осы кеннен алынған. КСРО уақытында 12 мыңнан аса кеншілерден құралған халық қоныс тепкен мекен, тәуелсіздіктен соң тоқырауға ұшыраған. 1995 жылы «Қазмарганец» АҚ банкрот болып, байыту фабрикасы жабылған. Қала халқы көшіп кеткен. Кентке кіреберістегі иесіз көпқабатты үйлер елді мекенді елеске айналдырған. 1997 жылы Жезді ауданы Ұлытауға қосылғасын көшіп кетушілер тіпті көбейген. Қазір бос тұрса да, бұл үйлер жеке адамның мүлкі саналады. Жергілікті әкімдік өздігінен бұзып тастай алмайды. Жекешелендіру процесі ұзақ болғандықтан қаңырап тұр.

Кенттегі әкімдік мекемесін ұзақ іздемедік, тұрғындардың жол сілтеуімен оңай тауып алдық. Есік алдында қырма сақал, аздап мұрт қойған, шашына ақ кіре бастаған орта бойлы адам күтіп алды. Амандық-саулықтан кейін білдік.

Жақсылық Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Бұл кенттің әкімі – Жұмабек Мұратбек. Сыртынан қарасаң, әкімге ұқсамайды. Ертіп кабинетіне алып барды. Жұпыны екен. Ортада ұзын үстел, төрге қара орындық қойылыпты. Үстел үстінде компьютер, арғы жағында қағаздар шашылып жатыр.

– Алматыдан келдік дейсіңдер ме? – деді әкім орындығына отыра беріп.

– Иә, «Жас Алаштың» журналисіміз.

– Бәркелді-бәрекелді. Атақты газет қой. Бұрын көп келетін, кейінгі уақытта ат ізін салмай кеттіңдер. Басқалар сияқты журналистер де бізді ұмытты ғой, – деген әкімнің онсыз да қысық көзі одан сайын қысыла түсті. Сол қысылған көзі ашылған жоқ, бір нүктеге қарай отырып:

– Мен әкімнен гөрі, электрикпін, – деп сөзін бастады.

– Кентте электрик маманы жетіспей ме?

– Тек Жезді емес, аудан көлемінде маман жоқ.

Мен сұраулы жүзбен әкімге қарадым.

– Кенттегі басты проблема – электр энергиясы. Себебі Ұлытау ауданы бойынша электр мекемесі жоқ. Қарыз боп жабылып қалған. Соның салдарынан кентте мамандар да жоқ. Жарық өшіп қалса, тұрғындар маған хабарласады. Әрине, оны өздігінен жөндеу заңсыз һәм қауіпті. Электр қуатының мәселесі біз үшін өте өткір. Сіздерге өтініш ретінде айтайын, осы мәселені республикалық деңгейде көтерсеңіздер екен. Өйткені аудан басшыларының бұл мәселені шешуге құзыреті жетпейді. Бұл үкіметтің араласуымен ғана шешіледі, – деді ашынған әкім.

Жезді жақсылық мұратбек
Фото: Жас Алаш. Жезді әкімі ескі трансформатор алдында

Жұмабек Мұратбек бізді ауласына ағаш өсіп кеткен электр станциясына алып келді. Ішіне кірген едік, бейнебір КСРО кезіне түсіп кеткендей күй кештік. Уақыт тоқтап, тіпті қабырғадағы суреттерге дейін сол уақытты еске салады. Сымдары айқыш-ұйқыш, бір-біріне жалғанған трансформатор дырылдап тұр. Ескі телефон, ескі қауіпсіздік шараларына арналған киімдерді шаң басып жатыр.

Әрі қарай кентті аралап жүріп, осы жердің тұрғыны Мұхамеджанды кездестірдік. Алматыдан журналистер келді дегенді естіген болу керек, жолға шығып, күтіп тұр екен. Көлігімізді тоқтатты.

Жезді
Фото: Жас Алаш

– Балалар, халдарың жақсы ма?

– Жақсы, аға. Өз хәліңіз қалай? – деп Аслан екеуміз бірдей қол ұсындық.

– Менің хәлім жақсы. Елдің хәлі болмаса... Өздерің де көрген шығарсыңдар. Әкімге кірдіңдер ма?

– Бардық. Электр энергиясын айтып, ашынып отыр.

– Иә, біздің әкім – электрик. Бағананың сиқына қараңдар, құлайын деп тұр? – деп ескі бағандарды нұсқады. Шынында да бірнеше бағанның төмен жағындағы цементтер үгітіліп қалыпты. Жуандығы бас бармақтай екі сымға ілініп, әзер тұр.

– Төменгі жағына цемент құяйын дегенімде, «шаруаңыз болмасын» деп қайтарып жіберді. Кабельдері өртенген, оны біз қайта-қайта жалғаймыз. Электр станциясы да өртенген, тоналған. Оны да көрген шығарсыңдар?

– Әкім апарып көрсетті.

– Онда жағдайдан біршама хабардар екенсіңдер. 2 жылдан бері жоқ мекемеге ақша төлеп отырмыз. Ақша қайда кетіп жатыр, білмейміз. Егер үйімізде теледидар, тұрмыстық техникаларымыз жанып кетсе, ешкім жауапкершілік алмайды. Келісімшарт жоқ. Күн жел болса, өшіп қала береді. Бұрынғы президент қол қойып, қаншама тағдыр зардап шекті. Кентіміз қаңырап қалды. Екі жарым мың халқы бар жерге ауданды өзгертіп жіберді. Ол кезде Жездіде он мың халық тұратын, – деді Мұхамеджан.

Жезді әкімі «20 жылдан кейін «Жас Алаштың» кентімізге алғаш келуі, сіздер жиі келіп тұрсаңыздар» деп қимай қоштасты.

Біз әрі қарай сары даланың бетінде жыландай ирелеңдеген тар жолмен Жезқазғанға қайттық. Ол жерде замандас, қаламдас Абай Ораз күтіп отыр. «Ұлытау өңіріндегі шалғай ауылды тауып бер» деп Алматыдан шығарда қолқа салғанмын. Жездіде жүргенде Жезқазғандағы «Ержан тойханасының алдына келуімді өтінді. Ауыл алыс болғандықтан мен де жүргізушіні асықтырдым. Жошының жолындай емес, тез жеттік. Әрі қарай бізді Абай Сарысуға алып кетті.

Ұлытау облысы
Фото: Жас Алаш

Әкімдері – электрик, тұрғындарының мазасы жоқ

Жезқазған-Қарағанды тас жолымен келеміз. Сары дала толқын-толқын кішкентай адырлардан тұрғандықтан біресе бұлт етіп жоғарыға шығамыз, біресе зу етіп төменге түсеміз. Сонда да Абай көлігінің жылдамдығын азайтпайды. Өзі жүріп үйреніп қалған болар сабырлы. Мұндай жолға үйренбеген Аслан екеуміз қырға жылдам шығып, түскен сайын ішімізде бірдеңе үзіліп түскен сияқты болады. Далаға көз салып келемін, Жезқазғаннан алыстаған сайын жылқы көбейе бастады. Үйір-үйір жылқылар құйрығын қағып қойып жайбарақат жүр. Жолда 60 разъезд, Теректі, Түйемойнақ аталатын ауылдардан өттік. 60 разъездте 15 шақты ескірген, сырты алабажақ үй тұр. Ешкім тұрмайды, көшіп кеткен. Көкжиегі тым алыс, бітпейтін дала. Көлік қанша жылдам жүрсе де бір орнында тұрғандай сезіледі. Адамды ойландыруға жетелейді. Ішіміздің пысқанын сезген Абай жол қысқарсын деді ме Сарысуға қатысты бір әңгіме бастады.

«Сарысуға 20 шақырымдай жерде тау деуге келмейтін биіктеу төбе бар. Адамдар малын қарайтын кезде, жоғын іздесе сол төбеге шығады. Оған қатысты түрлі аңыз айтылады. Өткен ғасырдың басында төбені жыландар мекендеген. Тіпті көп болғаны сонша ары-бері көшкенде өзендей ағылады екен. Айналадағы малды шағып, күн бермепті. Сондықтан оны тұрғындар «Жыланды» деп атайды. Кейіннен адамдар төбеден уранның бөлінетін айтып жүрді. Қайбір жылы қаладан үш адам келіп, бағалы металын аламыз деп қазған. Олардың ұрлығының үстінен ауылдың бір адамы түскен. Жынды суға есірген үшеуі мен ақсақал арасында төбелес болып, мұның арты үлкен дауға ұласты. Кейіннен төбеде шынында да алтын кені анықталды. Қазір шетелдік компания алыпты. «Адамдарға көшпеңдер, жақында кен ашылады» дейтін көрінеді» деді Абай.

– Мынауың керемет қой, жазу керек, - дедім Абайға.

– Жаздым, өлеңге сыймады, әңгіме еттім.

– Жарияладың ба?

– Иә, «Айқай» деген атпен шықты. Біраз талқыланды.

Өзімді әдеби процесте жүрмін деп есептейтін едім. Абайдың «әңгімем шықты, талқыланды» деген сөзінен ұялып қалдым. Шынында да оқымаған екенмін.

ұлытау
Фото: Жас Алаш. Сарысудың жөндеу көрмеген жолы

Түйемойнақтан өте бере асфальт жолымыз ауылға 18 шақырым қалғанда асфальт жолымыз бітіп қалды. Ары қарай шаңды қара жолға түсуге тура келді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында салынған тас жол бірде көрініп, бірде құмға сіңген судай жоғалып кетеді. 30 жылдан астам уақытта күрделі жөндеу көрмеген тас жолды төсеу – облыс құрылғалы ғана қайта қолға алына бастаған сияқты. Оны әр жерге үйілген құмдардан байқадық. Ауылға жетіп, кездескен тұрғындарға журналист екенімізді айтқанымызда, Жездідегідей мұнда да басты мәселе электр тогы екенін ұқтық. Жалпы электр тогы Ұлытау облысындағы үлкен проблемаға айналыпты. Бағаналар шіріп, құлап жатыр.

Сәтжан Құрманбаев
Фото: Жас Алаш

Бұл ауылдың әкімі Сәтжан Құрманбаев та – «электрик». Құлаған бағананы тұрғызады, сымдарды тартады.

«Токқа қарыз бар. Бірақ кімнің, қандай мекеменің қарыз екені белгісіз. Демек, артық электр энергиясын пайдаланатындар боп тұр ғой. «ЖезРЭК-ке» ақша төленіп жатыр. Коммуналды қызметке 4 теңгеден беру керек. Себебі бағаналар соның меншігінде. Бірақ ақшаны бермейді. Себебі халықты қарыз деп есептейді. Жаңа айтып өткенімдей, кім қарыз екені белгісіз. Жайрамнан электр энергиясын жібереді. Бірақ екі ортада ток жоғалып кетеді. Соны есептейтін маман жоқ. Мәселе осында», – деді Сәтжан Құрманбаев.

Әкім мен тұрғындарға электр сымдарын тартып, бағандарды жаңартуға рұқсат бермейді. Егер бұл ауыл әкімінің құзыретіндегі жұмыс болса, «ақшамызды өзіміз бөліп, бәрін жаңалап алатын едік» деп, екі алақанын ысқылап дайын отыр.

Ауылдың екі көшесіне асфальт төселіпті. Оны әкім мақтанышпен көрсетті. Бірақ қалған көшелері еліміздің 30 жылда жеткен «жетістігін» паш етіп жатыр. Ауылды аралап жүрміз 900-дей тұрғыны, 300-ге тарта үйі бар екен. Бір үйдің алдынан өте бере 5-6 мотоциклді қаңтарып қойып, әңгіме айтып отырған 3 адамды кездестірдік.

жез
Фото: Жас Алаш

– Журналиссіңдер ма? – деді алпысты алқымдаған, қалыңдатып мұрт қойған, орта бойлы, қара торы ағамыз. Есімі Оразбек Альбатин екен. 20 жылдай қалаға қатынайтын таксист болыпты.

«Алдымен жолдың жағдайын айтайын. Ең көп зардап шеккен мына мен. 20 жыл қалаға адам тасыдым. Бір тиын пайда тапқан жоқпын. Селкілдеген жол шыдатпайды. Көлігім жиі сынатын. Ақырында өртеніп кетті», – деді Оразбек Альбатин.

– Оразбек болатын әңгімені айтайық. Ол сенің бір басыңдағы жағдай ғой. Елдің жайын осындайда айтпасақ, қашан айтамыз, – деп анадайда отырған 40-тан асқан, толықтау келген кісі орнынан атып тұрды. Есімі Ербол Базарұлы екен.

«Мал шаруашылығымен күнелтеміз. Мал етін қаладағы базарға апарып сатып, нан-суымызды содан айырып отырмыз. Оны сату үшін малдың сенікі екенін растайтын құжат керек. Құжатты мал дәрігері береді. Ал біздің ауылда сол маман жоқ. Ол 300 шақырым жердегі Ұлытауда отыр. Малды суретке түсіріп, whatsapp-пен жібереміз. Ол көкеміз хан. Жіберген хабарламамызды оқымайды. Хабарлассаң, телефонын көтермейді. Сөйлесе қалса да «база істемей тұр» дегенді айтады. Біз не істейміз. Сойған малымызды сенбіден қалдырмай базарға апаруымыз керек. Нақақтан күйіп отырмыз. Естір құлақ бар ма өзі», – деді Ербол Базарұлы.

Ауыл тұрғындарының басты мәселелерінің бірі осы екен. Ауылда мал дәрігері болғанын қалайды. «Ісіміз жеңілдейтін еді» дейді.

Кеш қарая қайтадан Жезқазғанды бетке алдық. Көз ұшында зорайып көрініп тұрған Жыландыға қарадым. Айналасы теп-тегіс жерде жалғыз өзі шошайып тұр. Аңызға арқау болған жалғыз төбе, бар сырын ішіне жұтқан айқай төбе қош бол...

P.S. Ертеңіне таң атпай Алматыға жол тарттық. Ұшақ әуелеп көтеріле бергенде қимай, сары далаға қарадым. Төмендегі ығы-жығы үйлер, Кеңгір су қоймасы қарайған нүктеге айналды. Сан ғасырлық тарихты қойнауына жасырған сары дала шексіз көкжиекпеп ұштасып, көз алдымызда қалып бара жатты.

Тұрсынбек Башар

Алматы – Жезқазған – Сәтбаев – Жезді – Сарысу – Алматы