Ұлытаулық ұлан қоржынға күміс салды
Елімізде спорт саласының дамуы жыл өткен сайын үлкен қарқын алып келеді.
Атап айтсақ, еркін күрес, самбо, дзюдо сияқты спорт түрлерінен ел азаматтары көптеген жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Орал қаласындағы Мұз спорты сарайында өткен самбо күресінен ардагерлер арасында әлем чемпионаты сөзімізге дәлел.
Дүниежүзілік жарыста еліміздің намысын Жасұлан Айдаболов қорғап, 88 келі салмақта сан-саңлақтың сағын сындырып, әлем чемпионатының күміс жүлдесін ел қоржынына салды. «Жас Алаш» редакциясы жеңімпазды құттықтап, жүлдегермен жеңіс жолы туралы, Қазақстандағы самбоның даму үдерісі жайлы әңгіме өрбіттік.
- Жасұлан аға, спортпен қанша жасыңыздан бастап айналыстыңыз? Спорттың түрлері негізі көп қой, неге самбоны таңдадыңыз? Мүмкін, бала кезде бір спортшыға қызыққан боларсыз немесе туыстарыңыз осы спортқа қарай бағыттады ма?
- 11 жастан бастап еркін күреспен айналысуды бастадым. Әкем інім екеумізді Жезқазған қаласындағы еркін күрес жаттығу залына алып барып, алғашқы тренеріміз В.Бервиновке тапсырды. Алайда біраз уақыт өткен соң бапкеріміз Германияға көшіп кетті. Содан 1997 жылы Жезқазғанға самбошы, бапкер Жанат Байшолақов көшіп келіп, самбо үйірмесін ашқанын естідік. Інім Арнат екеуміз еркін күрестен самбоға Жанат бапкерге бардық. Міне, содан бастап самбошы болдық. 12 жастан аудан, облыстық жарыстарға қатыса бастадым. Қазір самбо, қазақ күресінен спорт шеберімін. Інім – Арнат дзюдо, самбо, қазақ күресінен спорт шебері. Ол да күреспен айналысады.
- Әлемдік додада осындай жеңіске жету үшін үлкен еңбек пен қажыр-қайрат, одан бөлек қолдау керек, сіздің қолдаушыларыңыз кімдер болды?
- Жеңіске жету үшін спортшыда ең бастысы – жүректе Аллаһқа деген иман, рух, мінез, қайсарлық, үлкен еңбек, тәрбие болу керек. Жеңіске жетуге себепкер болған жақын адамдарым – ол әке-шешем, отбасым, бапкерлерім, достарым. Қазіргі бапкеріміз – Сейілхан аға жасы 64-те, ардагерлер арасында дзюдо күресінен әлем чемпионы, самбодан әлем чемпионатынан 2 орын, күміс алған абыройлы тұлға. Осы жолғы жеңісіме ол кісінің еңбегі көп сіңді.
- Сіздің ойыңызша, елдегі қазіргі самбоның даму қарқыны қандай деңгейде? Ұлытау облысының жаңалықтарын жиі қарап отырамын, самбодан облыстықтар өте жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр.
- Елдегі самбоның даму қарқыны өте жоғары деңгейде, Ж.Байшолақов, А.Асамиданов, М.Ондағанов ағаларымыз самбо күресін дамытып, шәкірттерді дайындап, әлем және Азия чемпиондарын жылда дайындап шығаруда. Біздің облыстың самбошылары, дзюдошылары жылда жақсы нәтижеге жетіп, жеңіспен оралуда, ел бойынша үздік үштікке кіреді. Негізі, туған жерім – Жезқазған. Руым – найман, оның ішінде жылкелді. Әкем мен атам – қара шаңырақ Қарсақбай өлкесінің тумалары. Қазіргі уақытта менің жасым 41-де, жұмыстан кейін жаттығуға сағат 19:30-22:00 аралығында күнде барамын, жексенбі демалыс. Залда 20 адам дайындаламыз, үлкені 78 жаста, көпшілігінің жасы 30-35-терде. Бұл облыс адамдарының жасқа қарамай, спортпен шұғылданатынының бір дәлелі деп ойлаймын.
- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Тағы да осындай жеңістеріңізбен қазақ елін қуанту ойда бар ма?
- Алдағы уақытта 2024 жылы болатын самбо, дзюдо күресінен әлем біріншілігіне дайындалып, әлем чемпионы болуды мақсат қойып отырмын. Мақсат болмаса, еңбек етпесек, чемпион болу қиын. Самбо күресінен 2023 жылы Семейде Қазақстан чемпионатыңда 2 орын – күміс, Астанада Азия чемпионы болдым, Оралда әлем чемпионатында 2 орын алып, күміс иелендім. Осы үрдісті биік деңгейде жалғастырмақ ойым бар. Бұдан бөлек, Жезқазғанда бір жарым жылдай дзюдо күресінен бапкер болғаным бар еді. Бапкерлікпен айналысу да ойда бар.
- Сіздей ағаларынан үлгі алып, өсіп келе жатқан жас спортшыларға қандай кеңес бересіз?
- Жастарға айтарым – ерінбей спортпен айналысу керек, спортшылар қоғамда сыйлы болады, спорт адамды тәрбиелейді, қайсарлыққа, жүректілікке, үлкенді, кішіні сыйлауға үйретеді. Спортшы алдыға мақсат қойып, чемпион болу керек. Денсаулық – бізге берілген аманат. Спортпен айналыссақ, денсаулығымыз мықты болатыны айтпаса да белгілі.
Шыңғыс Атай
Ұлытау облысы