Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:40

Үлкен ауылында ресми түрде АЭС құрылысы басталды

АЭС
Фото: Zakon.kz

Алматы облысындағы Үлкен ауылында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысы ресми түрде басталды. Жобаны Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.

Іс-шарада АЭС-тің макеті таныстырылып, ұлттық нақыштағы рәсімдер өткізілген. Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сатқалиев бұл күнді ел тарихындағы маңызды бетбұрыс деп атап өткен. Оның айтуынша, жобаның табысты іске асуы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, ғылым мен инженерлік кадрларды дамытуға зор үлес қосады.

«Бұл – стратегиялық жоба. Ол атом өнеркәсібін дамытып, еліміздің индустриялық-инновациялық өркендеуіне және ұзақ мерзімді экономикалық өсуіне жол ашады. Референдумда халықтың басым бөлігі жобаны қолдады, бұл – қоғамның сенімінің айқын дәлелі», – деді Алмасадам Сатқалиев.

Ресейлік «Росатом» корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв та бұл оқиғаны әлемдік атом энергетикасы үшін маңызды сәт деп бағалаған. Оның айтуынша, АЭС құрылысы Үлкен ауылына жаңа тыныс беріп, инфрақұрылымды дамытып, өңірдің әлеуметтік деңгейін арттырады. Сонымен қатар, өндіріс орындарын Қазақстанда барынша көптеп орналастыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен. Еліміздегі екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады.

Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.

Тегтер: