Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:28, 16 Наурыз 2021

Ұлт боламын десең, ұрпағыңды ойла!

None
None

   Бұл мақаланы жазуыма «Ана тілі» газетінің өткен жылы 29 қазан күнгі санында жарияланған белгілі ақын, журналист Серікбол Хасанның «Балалар басылымы қолдауға зәру» деген ойлы, проблемалық мақаласы түрткі болды.

Редакция қозғалып отырған мәселенің өте толғақты, тәуелсіз еліміздің болашағына қатысы мол болғанын шынайы сезінгендіктен де мақаланы ұлт мүддесін қозғайтын үлкен басылымның бірінші бетінен бастап беріпті. Автор балалар басылымында да қызмет еткендіктен шығар, бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесінің кері кетіп, мыңдаған ұл-қыздарымыздың рухани аштыққа ұрынғаны жүрегін сыздатып жазғаны материалдың өн бойынан анық аңғарылады.

Рас, айдай ақиқат әңгіме бұл. Дәл осылай екенін бұдан қырық жылға жуық уақыт бұрын «Қазақстан пионері» газетінде қызмет етіп, енді бүгінде бастауыш сынып балаларына арналып алты рет жарық көретін «Жыл – он екі ай» әдеби-танымдық журналында бас редактор болып қызмет атқарып жүргендіктен өте жақсы білемін. Ол уақытта біз мемлекеттік мәні терең, өскелең ұрпаққа беретін тәрбиелік міндеті зор басылымда жұмыс істейміз деуші едік. Республиканың партия, кеңес, комсомол ұйымдары мен білім беру саласындағы билік тізгінін ұстағандар «Барлық жақсы – балаларға!» деген ұранның аясында шынайы көңілмен балалар басылымдарының таралымын көбейтуге күш салатын. Үлкен газеттермен салыстырмалы түрде алғанда жалақымыз бен берілетін қаламақымыз сәл де болса жоғары еді. Сондықтан «Балдырған» барша қазақстандық балалардың сүйікті журналына айналды, «Ақ желкеннің» авторлары көп болды, «Қазақстан пионерінің» таралымы 200 мыңға таяды. Енді бүгін қызық үшін «Ұлан» газетінің болмаса «Ақ желкен» мен «Балдырған» журналдарының соңғы бетінің төменгі жағына көз жүгіртіңізші, таралымы қандай екенін өзіңіз де көресіз.

    Бұл не болды, сонда? Үлпілдетіп өсіруге, рухани дүниеге ендеп, тұнығынан сусындап жетілуге тиісті ұл-қыздарымызды ата-ана, ұстаздар қауымы болып – бәріміз саналы түрде қағажу қалдырдық па, қалай? Оларды әдемі киіндіруге күш саламыз, ішер астарының дәмді де нәрлі болуы үшін аянып қалмаймыз да, ал өрелері өсіп, кітапқұмар да білімдар, жан-жақты адам болып жетілуіне келгенде соған жол ашатын төл басылымдарын жаздырып беруге неліктен соншалықты тарынамыз? Балаларымыздың бас-басына қалта телефонын әперіп, шұқылатып қоюға құмбылмыз да, бір жылдық жазылым бағасы 3000 теңгеден әрі аспайтын, 60, тіпті 80-90 жылдан бері бәріміздің сүйікті «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкеніміз» (аталар мен әжелердің «Қазақстан пионері», «Пионері») болған газет-журналдарын жаздырып беруге не себепті жылаңқылық жасаймыз? Егер өз еркіне салса, олардың қай-қайсысы да ұнатқан кітаптарын сатып алып, қалаған төл басылымдарының бірі болмаса біріне жазылмас па еді? Бірақ өркеніміз, ертеңіміз деп, үкілі үміт артатын балаларымыз еңбек етпейді, ақша таппайды, сондықтан жәутеңдей қарайды. Осы жағын бір мезет естен шығармай, жан-тәнімізден жаралған өз ұл-қыздарымыз бен балдай тәтті немерелерімізді жыл сайын үзбей жүргізілетін баспасөзге жазылу науқаны кезінде бір рет қуандырудан неге қашамыз?  

    Міне, осы жерде, неге екені, мемлекет қаржысын оңды-солды шашатын немесе жылдың ақырғы айында бөлінген ақшаны игере алмай қапылып қалатын үкіметіміздің де  пейілі әбден тарылып, қусырылып тұрады. «… Мемлекеттің қаражаты да, мүмкіндігі де жетеді, – деп күйіне жазады С.Хасан. – Жоғарыда аты аталған «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған» секілді балалар басылымдары ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарайды. Ал балалар білім алатын мектептер жергілікті әкімдіктердің білім беру басқармаларына, ал мектептердегі білім саласындағы басшылықты жүзеге асыру білім және ғылым министрлігіне жүктелген. Алайда білім және ғылым министрлігі де, әкімдердің білім беру басқармалары да оқушылардың басылымға жазылуына, олардың қызығушылығының қалыптасуына жағдай жасамайды».

  Иә, бәріміз айтуға тиісті айдай ақиқат – осы. Автор осылай деп, дертті жерімізді дөп басып отыр. Егер бұлай болмай, үкіметтің тізгінін ұстап, елдің қаржы мәселесін өз қолымен шешіп отырған мырзалардың жүрегінде балаларға деген кішкене жанашыр сезім болса, онда олар республикамыздағы әрбір мектеп пен балабақшаға балалар басылымдарының бір-бір данасын жаздыртып алуына жағдай жасар еді. Сонда олардың кез келгенінің таралым саны бірден 20-25 мыңға көтеріліп кетпес пе еді?!

   Бұл мемлекеттің қаржыландыруымен жарық көріп келе жатқан тарихы, дәстүрі бар балалар басылымдары туралы айтар лебізім. Осының сыртында әрқайсының бағыт-бағдары айқындалып, өз оқырмандарын қалыптастырған «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек», «Бала би», «Алақай, балақай», «Жыл – он екі ай» және басқа да журналдар жөнінде де тілге тиек ете кетудің орайы келіп-ақ тұр. Осылардың бәрі тәуелсіздік жылдары тіркеліп, негізінен алғанда өздерін-өздері қаржыландыру арқасында жарық көріп келе жатқан басылымдар. Мәселен, өз иелігімдегі «Тоғанай Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылтайшылық ететін «Жыл – он екі ай» журналын ауызға алайыншы. Оның әуелгі негізі отыз жыл бойы жылына бір реттен шығып тұрған әдеби-танымдық күнпарақ кітап болатын. Елді нарық қыспағы алқымға алған ауыр кезеңде жарық көруін тоқтатты. Бұл Мұзафар Әлімбаев, Құрманбай Толыбаев сынды өмір бойы балаларға арнап шығармалар жазған аяулы ағалардың арқасына аяздай батты. Осындай ауыр кезеңде сол кісілердің айтуымен қолға алып, журнал ретінде балғын оқырмандарға ұсына бастап едім, міне, содан бері артық-кемсіз жиырма жыл өте шығыпты.

    Әуелгіде дәстүр бойынша жылына бір рет, одан кейін екі реттен жарық көрді. Кейінірек жыл мезгілдеріне орайластырып төрт реттен шығарып, ақыр аяғында оқырмандардың сұранысына байланысты екі ай сайын қолдарына тигізетін болдым. 96 беттік журналдың әр санында 50-60 ақын-жазушы мен жазу өнеріне құштар ұл-қыздардың тырнақалды туындыларын қамтимын. Қозғамайтын тақырыбы жоқ, жанрлық құрылымы да сан алуан. Мақтанып айтқаным емес, дәл бүгінгі күні осындай сипатымен де жарық көретін қазақ балалар басылымдары арасында дараланып тұр. Мұзағамыз «Ескірмейтін есті кітап» деп жоғары бағасын берген биік деңгейін аласартпай, қайта бәсін арттырған үстіне арттырып келеді.

 Баяғыда, өзіміз қызмет істеп жүргенде, балалар басылымының тілі деген мәселеге айрықша мән беретін едік. Сол үрдісті берік ұстанып, іріктелетін авторлардың материалдарына ең әуелі осы тұрғыда қатаң талап қоямын. Жарияланатын әңгіме, ертегі және танымдық дүниелердің машинкалық бір-екі жарым беттен аспауын ерекше қадағалаймын. Оқыған ұл-қыздар жалықпай, әдеби кітап оқуға деген құштарлықтары оянса екен деймін. «Ой, Тәке, «Жыл – он екі айыңды» асыға күтеміз. Немерелеріммен таласа-тармасып оқимын», – дейді әр кездескен сайын Қызылорда облысының Шиелі ауданында тұратын белгілі қаламгер Нұрмахан Елтаев.

   Әр басылым – ұжымдық еңбектің жемісі. «Жыл – он екі айды» қолға алған кезімде Құрманбай аға алғашқы санын құрастырып, үлгі-нұсқасын қалыптады. Сол нұсқалы дүниені жетілдіруді үрдіс етіп, үлкен-кіші оқырмандардың ұсыныс-тілектері бойынша жүздей санын елге ұсындым. Оның журнал деген аты болмаса, жүзі – жүз кітап.

 Менің жанкешті еңбегім арқылы жарық көрумен келе жатқан «Жыл – он екі айға» үкіметтен жиырма жылда жиырма тиын алған емеспін. Жазылым ақшасына жарық көреді. Әрине, ол жетпейді, сол себепті амалсыз өзім қаржыландырамын. Сөйтіп, тоқтатпай шығарып келемін. Күні бүгінге дейін ешқандай еңбекақысыз, қоғамдық негізде қазақ балалары үшін қызмет етіп едім, биліктегілердің мынадай безбүйрек ықыласы өзгермесе, бұдан кейін де дәл солай жалғаса беретін түрі бар.

   Бір жылы, журналым енді жарық көре бастаған кезде, Тараздағы Ш.Смаханұлы атындағы мектепке бардым. Директоры бұрын комсомол, партия, кеңес қызметінде болып, енді бірер айдан соң зейнет демалысына шығуға қам жасап жүрген әйел кісі екен. Алып барған журналымды көрді де, бірден «жоқ, біз бұны тарата алмаймыз» деді.

  • Апай, мен бұл журналдарды сізге емес, оқитын оқушыларыңызға әдейілеп әкелдім. Өзіңіз оқымасаңыз оқымай-ақ қойыңыз, бірақ білімдар, кітапқұмар болғысы келетін шәкірттеріңізге бүйтіп қиянат жасамаңыз, – дедім күйінішті үнмен.

 Иә, содан соң арада бірнеше жыл өтіп, баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқан тұста Алматыдағы Шона ағамыздың араласуымен ашылған бір мектепке ат ізін салдым. Директорына «кітапханаға бір журналымызды жаздырыңыз, өзім бастауыштың әр сыныбына кіріп, журналымыз жөнінде аз-кем әңгіме айтайын» деген сөзімді бастай бергенімде, киіп кетіп: «Бұл сіздің жеке коммерциялық жұмысыңыз, біз бұған араласа алмаймыз», – деді.

Міне, бүгінгі Алматыдай ғылым мен өнердің, әдебиет пен мәдениеттің, білімнің ордасындағы мектеп директоры, ұстаздар ұжымының білдей басшысы атанып жүрген азаматтың сөзі. Енді өзіңіз-ақ айтыңызшы, осыған күйесіз бе, әлде көрмеген болып көз жұма қарайсыз ба!? Әлгі азаматқа «Әй, көкем-ау, жас ұрпақ тәрбиесінен асқан не бар? Ол қара бастың қамын күйттеуді көздеген коммерциялық жұмыс емес, мемлекеттік мәселе емес пе?» – деп ашына, айқайлай айтқым-ақ келген. Бірақ өйте алмадым. Директор деген аты бар емес пе, соны сыйладым, бір жағы, аядым...

  Өкініштісі, бүгінде осындай директорлар мен әртүрлі деңгейдегі әкімдер, министрлер қаптап кетті. Біздің балбөбектеріміз солардың соншалықты балалап, өте көбейіп кеткендігінен қисапсыз зардап шегіп, кітап оқымайтын, оқығысы да келмейтін сауатсыз ұрпақ болып өсіп келеді. «Ана тілі» газетіндегі «Балалар басылымы қолдауға зәру» деген мақаланың астарынан өз басым осындай ойды да ұқтым.

    Бізде газет-журналдарға жазылу жұмысы науқан ретінде жүргізіліп, желтоқсанның 20-сында бітеді. Көріп жүрмін, биыл барлық басылымдардың таралымы төмендеп кетті. Бұған пошта қызметінің нашарлауы да аз ықпал етпеді. Десек те, бұл жұмыс біржола тоқтаған жоқ қой. Әлдеқандай себеппен мезгілінде жазыла алмаған оқырманның алдағы айларға жазылуына әбден болады. Сондықтан кішкентай оқырмандарымызды да назардан тыс қалдырмаңыздаршы, ағайындар!

Тегтер: