Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 23 Ақпан 2022

Ұлт дидарындағы ұят ұмытылмайды

None
None

      Қазақтың тегіне біткен жомарттық, кеңпейілділік, қонақжайлылықпен қатар, қанына сіңген мақтаншақтық вирусы асыра сілтеп сөйлеуді әдетке айналдырып жіберді.

Айталық, «Қазақтың тарихында қазақ ұялатындай  ештеңе де жоқ» деп бөскенімізге жол болсын. Болғанда қандай. Арғы-бергі тарихымызды парақтап қарасақ, ұяттан жерге кіріп кете жаздайтындай томпақ тұстарымыз толып жатыр. Ұялатындай тірлікке ұялмайтын, қызармайтын, сөз өтпейтін «бетонбет» болып алған бар кінә өзімізде. Біз ұялмасақ, болашақ ұрпақ бас шайқайтын болар, бәлкім. Ұятты бәрінен де биік қойған қазақ тарихында ұялатындай тірлік болған, болып жатыр, бола да береді. Тарихта орын алған әрбір қателігімізден сабақ алудың орнына, жасырып жауып тезірек ұмытқымыз келеді. Ұлт дидарындағы ұятты «дақтарға» бірер дәлел келтіре кетейік.

      Ғибраты мол ғұлама жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Күнделік» (Алматы «Ана тілі» 1997ж.) кітабынан оқығаным бар. Ауылы аралас, қойы қоралас Қыпшақ, Арғын, Жағалбайлы арасында дау-жанжал өршіп, тыныштық болмапты. Осы сорақылықты сәтті пайдаланған патша губернаторы мұздай қаруланған әскері бар бекеттер салып тастаған. Бұған қазақтың 40.000 шаршы (кітапта осылай көрсетілген)  шақырым құнарлы, қара топырақты жері кеткен. Сонда Жағалбайлы да, Арғындар да, Қыпшақтар да «маған да жоқ, саған да жоқ» – деп той жасапты. Ал керек болса. Алауыздықтан аузындағысынан айрылған қазаққа не дерсің. Мұны аз десеңіз жершілдігіміз, рушылдығымыз, жікшілдігіміз әл күнге жағамызға жармасып келеді.

        Ұят-ай!                              

      «Сорлы қазақ сол үшін, Алты бақан ала ауыз» деп кемеңгер Абай босқа күңіренбеген екен. Коммунистік державаның көсемі Хрушевтің қитұрқы һәм аса қатерлі сорақы саясаты дәуірлеп тұрған кезде қазақ жерінің Солтүстік бөлігі Ресейге өтіп кетуден әупірім Тәңірмен, қала берсе Тәшеновтің  тегеурінді табандылығымен аман қалды. Сөйткен таутұлға Тәшеновті  шеттетіп, шынжырлап Шымкентте ұстадық. Өзбек президенті Кәрімовтің аты тарихта өзбек жерін кеңейткенімен қалатын болса, біз барымыздан айырылып, бармағымызды шайнап отырмыз.     

       Ұят-ай!       

    Жексұрын Хрушев тағынан түсіп, билік тізгінің Брежнев алғанда Ташенов 50 жастың о жақ, бұ жағында еді. Сол Брежневпен әмпай-жәмпай дос болған Қонаев Ташеновты күресінге лақтырып, түк болмағандай жүре берді.  Әйтпесе, түкпірде жатқан Ташеновты тартып алып Министрлер кабинетін не облыс басшысы етіп қоюға қауқары жететін еді. Қонаев та періште емес,  бары-жоғы қам сүт емген пенде ғой, өзінен өткір адамның жанында жүргенін қаламаған шығар.

      Бұл қазақ кезінде Абайға да қамшы жұмсаған.

      Ұят-ай!

 Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Масасынан» оянған қазақ кейін ұлы жазушы М.Әуезовты, ғылым корифейлері Қ.Сәтбаев, Е.Букетов, Ш.Есенов т.б. қуғын-сүргінге ұшыратуға көп «үлес» қосты. Қазақ қазақты ататынды шығарды. Заманбек пен Алтынбек сияқты асыл ұлдарымызды оққа байлап жібердік. Жаңаөзеңде шерушілерді шекесінен атып, қан-жоса қылдық. Айдалаға атылған оқ қазаққа тиеді. Жазықсыз жандар жапа шегіп, жер жастанып жатыр. Айдың-күннің аманында. Олардың обал-сауабын арқалап жатқан ешкім жоқ.

      Ұят-ай!

    Қазақты Ассамблеяның аяғының астына салып бердік. Қараңызшы, жүз адамнан тұратын ұлт та бір, 10 млн қазақ та бір болып қалдық. Қазақ өз  Отанында елеусіз, көрінбейтін көп ұлттың біріне айналды. Мен қазақпын деуге қорқады.

      Ұят-ай!

Біздің ашкөз, жалтақ шенеуніктеріміз өзге ұлт өкілдерінің сөзін сөйлейді. «Өз ұлың өзекке тепсенде кетпейді» деп ойласа керек. Тәп-тәуір Қазақстан деген ел едік. Енді, міне, асыра сілтеп, барды-жоқты жарнамалап, жыртылып жатырмыз. Байтақ жердің байлығын төгіп-шашып, мақтанамыз-ай келіп.  Мақтаншақтық мемлекеттік идеологияға айналды.                                                                        

         

         Ұят-ай!

      Барыс жылының басында бейбіт елдің шетін жау шапты. Басбұзар бандиттер елді тонады, ғимараттарды өртеді, қан төгілді, билікті күшпен басып алуға әрекет етті. Сонда дейміз-ау, ҰҚК, ІІМ, СМ, ТЖМ «Сырбар», «Ұлан» т.б. күштік құрылымдар мен байлық буына мастанған биліктегілер шошқа тағалап жүрген сияқты. Отаншылдық, патриоттық сезімнен жұрдай биліктің сатқындығы, опасыздығы, ашкөздігі, дүниеқоңыздығы осындай әлеуметтік жарылысқа алып келді деуге толық негіз бар.

         Ұят-ай!

      Бүкіл елді дүрліктірген қаңтар қасіретінің дақпырты басылмай жатып, «Қазақстан» арнасы тарихи оқиғаға негізделген «Сарай сыры» сериялын көрсете бастады. Жәңгір хан қанша жерден прогрессивтік көзқарастағы тұлға болғанымен, мектеп салдырып, мешіт тұрғызып, бақ орнатып, асылтұқымды жылқы өсіріп дала төсін жаңғыртқанымен, қалың елге жасаған жауыздығын тарих бетінен сызып тастай алмайсыз. Айталық, хан баласы ақсүйек Жәңгір Фатима тотыштың аярлығы мен Исатай батырдың аңғалдығын пайдаланып,  мұздай қаруланған патша әскерін астыртын алдырып, отаршылдыққа қарсы тұтанған ұлт-азаттық көтерілісті аяусыз басып-жаншып қанға бөктірген. Сол аталмыш фильмде Жәңгір хан: «Халқымның маңдайына жазылғаны сол шығар», –  дейді.

        Ұят-ай!

      Қайсы бірін айтасың. Тарихқа ананы-мынаны іздеп, тауып бір нәрселерді қосуға болатын шығар-ау, бірақ ешнәрсені сызып, өшіріп, алып тастай алмайсыз. Қатыгез тарих бұған көнбейді, кешірмейді де. Ақтаңдақ тұстарымызды қайталамас үшін, «ұят болған екен» деп ұялудың орнына  «ештеңе де жоқ» деп ертегі айтамыз. Адамзатты тарих тәрбиелейді. Тарих айна қай жерде қауіп-қатер болғанын, қай жерде жеңіс пен жеңіліс болғанын бұлжытпай көрсетіп тұрады. Тарихқа тән берейік, өйткені ұлт дидарындағы ұят ұмытылмайды. Біздің айтайын дегеніміз, баяғы заманда Голландия елінде бір наубайшыны әйелін өлтірді деп өлім жазасына кесіп жіберіпті. Арада бірнеше жылдар өткен соң әйелдің аман-сау жүргені анықталыпты. Сол уақыттан бері Голландия сотында жаңа қызмет түрі ашылыпты. Сол қызметкер сот процесі жүріп жатқанда «Наубайшыны ұмытпаңыздар!»  деп ескертіп отырады екен. Сол сияқты кез келген іс-әркетемізге ұятты қарауыл етіп қойсақ, тура жолдан таймас едік.

                               

 

Тегтер: