Ұлт рухын ту еткен... (Сейдахмет Бердіқұлов туралы сөз)

Көркем ой мен көрікті сөздің қазақы жаратылыс-жарасымын тани білер замандастарымыз жазушының шығармашылығы туралы арғы-бергіде аз айтып, аз жазып жүрген жоқ.
Бүгінгі сөз де – сол Сейдағаң туралы айтылған, айтылып келе жатқан сан тарау ойлар мен сан алуан толғамдардың жалғасы.
Арада қанша уақыт өткенімен, естен шықпас бір жиын жадымда жаңғырады.
Камал Смайыловтың алпыс жасқа толған мерейлі тойында баяндама жасап тұрып, Шерағаң – Шерхан Мұртаза өзінің замандас, құрбы-құрдастарына бағыттап: «Біз ұлы нәубеттің тырнағынан аман қалғандармыз» деген сезім мен ойдың қыл пернесін басып өтер сөз айтқаны бар...Шерағаңның осы бір сөзін ынта-шынтасымен тыңдап, ұйып отырғандар қатарынан менің қасымда отырған Сейдахмет аға: «Мұртазаев, тауып айттың! Жарайсың!» деп қол соққаны есімде. Сөзінің соңын: «Ара-тұра осындай тауып айтатының бар...» деп әзілге жығып, залды күлкіге қарық етіп еді... Қайран нар бітімді ағаларым-ай! Олжас Сүлейменовтің «Камал, ты хорошо знаешь, что я не люблю халатное отношение!» деген ұтқыр сөзі де сол күні өзінің тұсауын кесіп еді.
Содан бері аттай шауып арқырап отыз бір жыл өтіпті...
Сол күні 60 жасын атаған Камал Смайылов та, ол туралы баяндама жасаған Шерхан Мұртаза да, әзілмен елді қарық қылған Сейдахмет ағамыз да арамызда жоқ...
Мен бүгін сол «жүректен шығып, жүрекке жеткен» аталы сөзге соқпай өте алмадым. Ұлы нәубеттің тырнағынан аман қалғандардың бірі, бірегейі туралы ойымды сол сөзбен бастағанды жөн көрдім. Ащы да болса айтары мол, қазақ атты халықтың тасмаңдай тағдырынан айқын хабар берген осы бір тегеурінді текті сөздердің астарында қаншама тарих шындығы мен уақыт қиянаты жатыр десеңізші?! Отызыншы жылдардың қолдан жасалған қырғыны тұтас бір ұлттың жартысына жуығын қалай жалмағаны әлі күнге өзегімізді запыраны мол отты жас болып өртейтіні өтірік пе? Дүние-дүние болғалы киіз туырлықты қазақ елі мұндай нәубет пен шығынды ешқашан, тіпті «алқакөл-сұламаның» кезінде де көрмеген деседі білетін жұрт. Ендеше, осы жылдары дүниеге келіп, қып-қызыл қырғынның құрығынан аман қалған кешегі «қызыл қарын, жас бала», бүгінгі ұлтының мерейі мен рухын ту етіп көтеріп, арқасын Алатауына сүйеп, арманын туған даласымен аялап, қажыр-қайратын халқының оттай ыстық ықыласымен суарып, ғұмыр кешкен Сейдахмет Бердіқұловқа да бұл сөз тікелей қатысты. Өйткені ол «егеулі найзадай» жарқыраған отты сөзі ел жадында жаңғырып, тот баспай келе жатқан суреткер, жүйрік қаламгер ағамыз да от пен суды тең кешкен, ана құрсағында жатып, аштықпенен беттескен, ажалменен белдескен, жетіге жетпей «отыз жетіде» әкеден айырылған, балалық шақтың бал дәурен-қанаты соғыстың сұрапылында қайырылған, бірақ берілмей, беріспей бірін-бірі жетелеп, жебеп жүріп өскен, сөз бен ойдың биігін бағындырған сол ұрпақтың маңдайалды өкілі!
Сейдағаң – жүректі, жігерлі, күрескер буынның төлі екенін өмірде де, өнерде де әркез дәлелдеп өтті. Оның бұл орайда, ең басты сенер, сүйенер қаруы – қаламы болса, қаламына қашанда қуат берер қайнарының көзі – қаршадайынан қалғу білмей, дүниелік құбылыстардың ақ қағаз айдынына түсіп, екі ауыз сөз жазса да өзгеге ұқсамай, өзгеше өрілуіне тікелей себепкер болған суреткерлік мінезі.
Құдай мінезсіздіктен сақтасын!
Осыдан табаны күректей отыз жеті жыл бұрын ызғары мен аязы жүректерді қарыған әйгілі сексен алтының желтоқсаны еске түседі. Елдік мінез бен азаматтық намыс таразыға іліккен, халқымыздың арына тиген сол бір қиын-қыстау кезеңде Зимановтармен, Жұбағаңдармен, Сафуан ағаларымызбен қатар Сейдағаңның да «атойлап, ерге қонған» бір мінезі ел аузында аңыз боп тарағаны кім-кімнің де жадында... Мәскеуден келген арнаулы топтың көзінше мүйізі қарағайдай Орталықтың өкіліне қасқая қарап тұрып: «Нұсқаған сұқ саусағыңды әрі тарт! Бізді тұқыртып келе жатқан осы нұсқау бергіш саусақтар!» деп кесіп айтқанын қалай ұмытуға болады?!. Тұп-тура 19 желтоқсан күні айтылған бұл сөздерді батырлық демей көріңіз!
Жалпы батырлық Бердіқұловтың жаратылысынан бойына біткен мінезі! Ол кісі арғы атасы Қарасайдың атын көп жұрт аузына ала бермейтін өткен ғасырдың 60-70 жылдарында жиі айтатын. Қаламгердің туған ауданы 1974 жылы жазушының елуін атап, Ұзынағашта кездесу өткізді. Сол жиында: «Біздің ел – қып-қызыл жалаулардың елі! Жалаулатамыз деп, өткенді ұмытуға бола ма? Өткенсіз ел – жетім ел! Біз – Қабанбайы бар, Райымбегі бар елміз! Біз – ұлы Жәкең жырға қосқан Ер Қарасайдың ұрпағымыз! Өз басым жолға шығарда, қиналғанда, қысылғанда Қарасай бабамның атын айтамын! Бүгін де, міне, алдарыңа сол ұлы бабамыздың атын арқалап келдім! Бәріңді бабамның аруағы қолдасын!» деп сөзін аяқтағаны есімде. Ел қол соқты. Жауырыны қақпақтай, қайсар мінезді қаламгер ағамыз сахна төріндегі креслоға үнсіз жайғасқан сәт-сағат көз алдыма елестеді. «Мехико дүбірі» мен «Мехико жаңғырығының» ел ішіне кең тарап, спорт суреткерінің атағы дәуірлеп тұрған кез (мен бұл арада журналист деген сөзді әдейі «суреткер» деген сөзбен ауыстырып отырмын.) Өйткені... Сейдағаң спортты жыр жазғандай жазатын.Батыр бабаларына сиынуы да сол спортқа деген ғашықтықтың көрінісі ғой!..
Жазушы қаламының толғағын көрген қай туындысын алмаңыз, спорт сөзі мен спортқа қатысты ұғымдарды айналып өтері кемде-кем. Әрі-беріден соң, спорт ұғымы жазушы үшін жай ғана дене шынықтыру мен уақыт өткізудің үлгісі емес, кейіпкерлермен қоса тұтас ұлттың ерлік қалпы мен намысын қайраудың, жігерін жанудың көркемдік әдісі тәрізді... Автор ауыл туралы тебіренсе де, Алматы туралы толғанса да, Сингапурда жүріп, өмір, тіршілік жайлы шалқыса да, Мехикода болып, теңбіл доптың тартысына еліткен Пеленің жүз мың қаралы жанкүйеріне таңғалса да суретсіз, бояусыз бір жол жазбайтыны қалай ақиқат болса, әлгі өзінің мұратты мақсаты мен суреткерлік мінезіне де қалтқысыз адалдығын, берілгендігін бұзбайтыны айдай анық болатын!
Қазақ әдебиетінде Бердіқұловқа дейін спорт арқылы халықтың өмірлік реалиясын көрсету, ұлттың асқақ рухын жырлау, соны қалың оқырманның рухани қажетіне айналдыра білу кем кездесер, көркем ойдың түрені тие қоймаған әдіс. Туы да, туырлығы да бөлек, мектебі де жаңа, соны. Журналистік жүйрік алғырлықты жазушылық терең таныммен, сұлулықты күллі сыр-сымбатымен жеріне жеткізе айта білер суреткерлік парасатпен сәтті ұштастыру, бұл орайда, автордың қайталанбас, ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасы дер едім. Шетсіз де шексіз даланың құба жон төсімен жалын желге жайып, құстай ұшып келе жатқан ақбоздай елестейтін баяндаудың Бердіқұловқа тән бір мүдірмес жүйрік үлгісі – әсерін айнытпай, образды тұтастығын бұзбай, құрғақтыққа қаны қас қашанғы мінезімен нені айтса да бейнелеп айтар жазушы қаламының белгі-бедерлері «Егеулі найза», «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Мұңайып оянған қала», «Нартәуекел», «Аспаннан шұға жауған күн» секілді атақты шығармаларын айтпағанда, елуінші-алпысыншы жылдары жазылған «Ол орамал жоғалмайды», «Жүрек ұйықтауды білмейді» тәрізді алғашқы повестерінен де менмұндалап көрінетін.
Бердіқұлов повестерін оқып отырып, ертеректе бала кезімізде ошақтың отын қағыстырып қойып, мұржасы мүжілген тоқал үйдің төрін күзететін әжелердің қиял-ғажайып әңгімесін ұйып-тыңдағандай хал кешетінің бар. Таныс сурет, таныс кескіндер ғана көз алдыңа елестеп қоймай, танауыңа ошақтан шыққан түтіннің ащы исі келеді. Алаңсыздығында – адалдық, адалдығында – сенгіштік, аспан асты, жер үстін жайлаған тіршілік дүниесіне шексіз іңкәрлік жатқан осынау қазақы болмыс пен қайталанбас бояулардың астарында халықшыл, қоғамшыл мінез бен өр мінезді рухтың қуаты барын аңғару қиын емес. Оқырманмен сырласар ойдың шаршы алаңына тұлабойы қайсарлықтан жаралған, қазақ арманы мен мұратын арқалаған суреткер – Бердіқұлов шығады! Оның кейіпкерлері қай қиыр, қандай жағдайда жүрсе де бір сәт өзінің әуелі жұмырбасты пенде екенін, сонан соң күні кеше ғана ат мініп, түйе жетелеп, мың-мың қаралы жылқы айдап, осынау Ұлы Даланың – Атырау мен Алтай арасын кезген, кіндігін Қаратауға байлаған, арқасын Алатауға сүйеген жауынгер жұрттың ұрпағы екенін әсте ұмытпайды, есінен шығармайды.
Жазушы өмірдің нақты мысалдарына жүгініп, нақты тұлғалар мен адамдар тағдырына көбірек үңілгенді, кейіпкерлердің жан дүниесін жарқыратып ашар қоғам, тіршілік ақиқаттарына бойлап, бейнелі көркем сөздің табиғатына, мінездердің психологиялық иірім-ағыстарына тереңірек бойлағанды жөн көреді. Жазушы ойдың ішкі айшығымен қатар, сөздің сыртқы сымбатына, үйлесе қабысар келбет-көркіне, стильдік тұтастығына көбірек мән береді.
Қаламгер болмыс-бітімін даралай түсер осынау қадау-қадау ерекшеліктер төркінінде өзгеге де, өзіне де мейлінше қатал сарапшы, қатыгез сыншы болып қалыптасқан шығармашыл тұлғаның мінез бітімі жатқаны байқалады.
***
Сейдағаң – мені «Қазақстан пионері» газетіне қызметке алған, еңбек кітапшама алғаш қол қойған басшы, тұңғыш редакторым. Ол кісі: «Балалар газеті», «үлкендер газеті» деген ұғым – шартты ұғым. Екеуінің де тілі – көркем өрілген қазақ тілі! Көркемдік – қазақ журналистикасының басты мақсаты. Тілді шұбарлау – қылмыс!» – деп отыратын.
Ол «сары майдан қыл суырғандай» әр сөздің өз орнында тұрғанын қалайтын. Жақсы материал оқыса, жаймашуақ күйге еніп қуанар, нашар дүниені көрсе, «қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатар» редактор-Бердіқұловтың күнгей-көлеңкесін қатар көрген, білген әріптес-шәкірттері ағаның бұл мінезіне қанық еді. Сондықтан да ол кісінің алдына шамалары келгенше «қайнауы жетпеген» дүниені ұсынбайтын. Қолына қалам ұстап, тағдырын ақ қағаз айдынына тапсырған күннен бастап, өмірінің соңына дейін тасқа түсер табанды сөздің таралғы-бауын түгендеумен өткен Сейдағаң туралы әр кезеңде «Егемен Қазақстан», «Лит газета», «Қазақ әдебиеті», «Халық кеңесі», «Жұлдыз» жазушының төл газетіндей болып кеткен кешегі «Лениншіл жас» – бүгінгі «Жас Алаш», тағысын-тағы басылым беттерінде үздіксіз жарияланып келген әр буын өкілдерінің жүрекжарды лебіздері мен мақалалары соның дәлелі. Сайып келгенде, алуан-алуан ой айтар бұл лебіз-сөздер «бірге қызметтес болып едік» дейтін қысқа қайырымдар қорығына қамалған жайдақ, жадағай мақтаумен шектелмейді. Жасырмай турасын айтсақ, өз кезінде көбімізге аса жайлы да бола бермеген осы бір қатал редактордың «қазымыр мінезінде» қаншама жанкешті талап, асқақ мәдениет, биік талғам, сайып келгенде ұлтты, ұрпақты тәрбиелер Сөз дейтін ұлы өнер алдындағы жауапкершілік жатқанын енді-енді аңғарып жүрміз.
Өз басым Сейдағаңның осы бір суреткерлік мінезі мен қамшыгерлік қасиетін ат жалын тартып, ерге қонған жылдарда – редакторлықтың кермек дәмін татып, ауыр салмағы иыққа мықтап түскен «Егеменде» жүрген кезеңде анық, айқын сезінгенімді іштей мойындаймын. Сейдағаңның редактор – ұстаз, әріптес, сөз өнерінің саңлақ шебері ретінде айтқан әр ескертпе тілектері жадымда жаңғырады. «Көктен түскен төрт кітаптың бірінде «әуелі сөз жаралған» деп бекер айтылмаған... «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейді қазақ атамыз дегенді де жиі айтатын.
Сейдахмет Бердіқұлов жастар газетінің тізгінін ұстаған кезең – өткен ғасырдың 70-80 жылдары. Алпысыншы жылғылардың екпіні саябырсып, жалын атқан «жылымықтың» беті қайта бастаған тұс. Идеологияшыл қоғамның қаһарына қайта мінген аса күрделі кезең. Тиісті жақтардан «Лениншіл жасқа», оның бас редакторына жиі-жиі «қысым» көрсетілетіні ел аузында көшіп жүретін... Алған бетінен қайтпайтын, жастар газетінің қажырлы басшысының «таяқ жеген», «таяқ жегізген» сәттері де есімізде... Соның арқасында ұлтты сүйетін, ұлтқа қызмет ететін ұрпақ қалыптасып жатты. Ұлтты, ұлттық мұраттар мен құндылықтарды қорғау мен сақтаудың майданы басталды. Жалған ұран, жадағай сөздер мен айқас алдындағы ойлау, сөйлеу, ықпал ету мәнері өзгерді. «Лениншіл жас» сол майданның» алдынан көрінді. Осы бағыттағы ой мен сөздің көрігін үрлеп, сана мен сезімге әсер етудің ең өтімді, рухани қазығы берік ықпалды басылымға айналды. Қазақ журналистикасында ұлт рухын ту етіп көтерген Бердіқұлов кезеңі қалыптасты.
Бұл – тарихтың объективті шындығы.
Алда-жалда...
Жетпісінші жылдар қазақ баспасөзінің тарихына нендей мінез-қасиетімен, қандай үрдіс-өнегесімен кірді деген сұрақ қойыла қалса, басқаны қайдам, сол кездегі журналистиканың қыры мен сырына қанық біраз азаматтарымыз сол тұста айтылған Ақселеу Сейдімбековтің: «Осындай ықпалды қарудың» тізгінін ұзақ жылдар ұстаған Сәкең қазақ баспасөзін тың белеске шығаруға атсалысып қана қойған жоқ, сонымен бірге халқының сана-сезімін де сапалық биікке көтеруге үлес қосты» деген «тайға таңба басқандай» дәл тауып айтқан орынды пікірін қайталары күмәнсіз.
Өйткені бұл – адал, әділ айтылған ақ сөз!
Иә...
Редакторлық еңбек – азабы мол да алғысы аздау еңбек. Әрине, көзмайыңа артық салмақ салмай, келген дүниенің бәрін «мұртын баспай-ақ», қол қойып отыра беріп те редактор болуға болады... Егер Сәкең талап тізгінін босатып, газет бетін «ағысқа» айдап салса, онда жетпісінші, сексенінші жылдары ұлттық ойлау мәдениетін әлгіндей биікке көтеруге өлшеусіз қызмет еткен айбынды «Лениншіл жас та», қайсар мінезді қайраткер, жазушы, публицист, журналист, осы жылдары қазақ сөз өнерінің майданына араласқандардың көшбасы-көсемі болған Сейдахмет Бердіқұлов та болмаған болар еді?! Сол үшін де Сәкеңнің самайын ағартқан редакторлық міндетті оның творчествосынан, тұтастық келбетінен бұза-жара қарауға болмайды. Сәкең – табиғат-ана өлшеп-тамап жатпай, молынан ұсынған бойдағы дарынының қомақты бөлігін тасқа басылар қазақ сөзінің гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне сарп еткен майталман-ұстаз, ақылгөй аға, баспасөз әлеміне талай-талай жалқұйрығы төгілген сәйгүліктерді алып келген бапкер, қара көрігі мен маман шыңдайтын қара балғасы қолынан түспей өткен қара сөзден қамал тұрғызған хас шебер, ұлт руханиятына есепсіз еңбек еткен ұстыны бөлек ұстаханашы!
Осы жылдар ішінде «Лениншіл жастың» бетінде өрімі бөлек ойлар мен өрісі кең көркем дүниелер жиі-жиі басылып, ұрпақ санасын «қалғуға» жібермеді. Әлемдік әдебиет пен отандық әдебиеттің өркенді тұлғалары жайлы мақалалар басылса, олардың «қара қылды қақ жарып айтар» сұхбаттары жиі жарияланатын. Жаратылысынан намыс дейтін ақбоздың қанатына қонып жүріп, ой айтудың алуан-алуан әлемдік үлгілерін бойына сіңірген бас редактор жастар газетін жұдырықтай жұмылдыра білді. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Мұқағали Мақатаев, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, т.т. секілді дәуірлік ой айту мінберіне көтерілген тұлғалардың ойлары, сөздері, сұхбаттары жарияланып тұрды.
Бердіқұлов танымы терең тұлға, ой мен сөздің сирек жанашыры деген сөздер тіл ұшына оралғанда, есіме төмендегі өмір ақиқаты түседі... Ұлы Жәкеңнің жаратылысын жарқыратып ашқан ақындық дейтін Тәңірден бітер ғажайып өнердің болмысын бағалауға, тануға себі тиер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Жүрегі тола жыр еді...» деген атақты мақаласы тіл ұшына оралады. Бір жолы сәті түсіп, Әбеңнен маржандай төгіліп түскен мақала жайлы сұрағанымда, ол кісі: «Ұлы Жәкеңнің ел аузында сақталған аңызға бергісіз ақиқаттары себеп болды. Себептердің әлеміне сүңгуіме көмектескен қаламдас інім, талантты жазушы, сөз өнерінің талғампаз шебері – Сейдахмет Бердіқұлов!» деп еді.
Осы сөздің жалғасын кейін Сейдағаңның өз аузынан естідім... Сүйінбай мен Жамбыл турасында айтқан айбынды сөз, айдынды аңызын жазушы бір новелласында («Ақындар салған қасқа жолда») былай жазыпты: «Аңыз, тағы да аңыз... Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп Мұхтар Әуезов атаған Сүйінбайға ақындық тоғыз жасында аян берді. Жамбылға да ақындық ерте қонды. Ол өзінің алдындағы Сүйінбайға қарады. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай» деп, оны жырға қосты. Ол Сүйінбайды пір тұтты. Төбесі аспанға тіреліп қуанғанда да, демі тұншығып, шабыттың шабан аттай қинаған шағында да Сүйекеңмен дидарласумен жүруді ұзақ өмірінде. Сүйінбай Жамбылға Москвада жолықты. Қазақ өнерінің декадасы өтіп жатқан үлкен залда алғаш рет аузына сөз түспей, қысылып отырған, булығып отырған Жамбылды ол қамшысымен тартып қалады. Осыдан кейін ақтарылып қоя берген ұлы жыр алыбы өзінің атақты «Туған елім» поэмасын өмірге әкеледі...» деп... Бұл ел аузында кең тараған қызыл жолбарыс хақындағы аңыз-әфсәналардың Бердіқұлов жүрегі арқылы өткен бір ғажап сәті!
Бердіқұлов әлемі дейтін күрес пен ойды, сезім мен сенімді қанат еткен сиқырлы, сырлы, жұмбақ әлемнің ұрпақ, ұлт санасына берер тәлімі мен тәрбиесі мол.
Бердіқұлов әлемі спорт пен сұлулықты, қала мен ауылды, дала мен ғаламды, қазақ пен адамзатты арқалаған әлем!
Бәлкім...
Жазушының басқа қаламгерлерден бір өзгешелігі де, маңдайына жазылған бақ-талайының оқшаулау көзге түсер бір тұлғалы ірі тұсы да біз түгендеген осы қасиеттерді өз ойынан, өз кейіпкерлерінің бойынан сарылып, сарқылып іздеуінде жатқан болар?!.
Иә...
Қалай десек те жарасып тұр.
Өйткені...
Сейдахмет Бердіқұлов үлкен әдебиеттің кемел мінезді, кең айдынды әдебиеттің өкілі еді. Тұлға биігіне көтерілген көрнекті жазушы, ойшыл суреткер, жүйрік журналист жолда жалтақтамай, күйгелектік байқатпай, өзіне ғана жарасар ежелгі сырбаз, сыралғы мінезінен жаңылмай, аспай-саспай, өрісі кең өз әлемін жасаумен өтті. Ол толса, толдым демейтін, қабағына қонған қуанышын да ақ жарқын мінезімен танытып, аялай білер, алғашқы повестерінің біріндегі бас кейіпкері Қуаттың жүрек қиялын тербеген айбарлы да асқақ Алатаудың қолтығында жатқан кішкентай ғана көгілдір Қыстағын дүбірге толы ұлы дүниеге, мұхиттарды-мұхиттарға, құрлықтарды-құрлықтарға жалғайтын нағыз үлкен әдебиеттің көгілдір Кеңістігіне көтере білген талантты суреткер, қайсар мінезді қаламгер биігіне көтерілді.
Ол өзінің туған жұртына, қалыбы бұзылмаған қазақ атты халқына деген махаббатын арқалап өткен асау рухтың иесі еді!
Ол өзінің алған биігін аласартпай, тынысы тарылып, Бақи атты екінші дүние есігін қағып, шақырып жатқанда да: «Біз өлу үшін емес, өмір сүру үшін келдік! Халыққа барамыз. Халықтың ішіне барамыз!» деп ажалға қасқая қарап тіл қатып еді.
Сол сәт есімде тұр...
Суреткер қайсарлығы демей көріңіз!
1993-2023 ж.ж.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты