Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:07, 08 Қыркүйек 2020

Ұлт ұстазына арналады

None
None

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Тағзым мен тағылым» онлайн отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында: «Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды», – деп атап көрсеткен болатын.

       Шарада құттықтау сөз алған мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов екі жылдан кейін туғанына 150 жыл толғалы отырған ұлы тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы шаралар жоспарына тоқталып, онлайн отырысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады. Шара модераторы, Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қабаның айтуынша, орфографикалық жұмыс тобы 10 отырыс өткізген екен, бұл өз кезегінде үлкен талқылауларға ұласып отырған. Ономастикалық комиссияның үш отырысында еліміз бойынша 500 атау өзгертілген, яғни саясаттың салқыны тиген көптеген көне атаулар қалпына келтіріліп, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты тұлғалардың есімі берілген. Сондай-ақ  Республикалық терминологиялық комиссияның екі отырысы өтіп, әрқайсысында 500-ден астам термин мақұлданған. Бұл дегеніңіз – 1000-нан астам жаңа термин қолданысқа еніп, тіліміз соншалықты сөзбен байыды деген сөз.

     «Ұлт ұстазының тағылымы» тақырыбында баяндама жасаған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, ғалым Ербол Тілешов кесек ойға толы көсемсөздің тиегін ағытты: «Үш жыл болды, Тілдер мерекесі қазақ ғылымының атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне тұрақтады. Бұл өте маңызды. Тарих аренасына шыққан кез келген халық өз тәуелсіздігі үшін күреседі. Қазақ тарихы да осындай азаттық арпалысына тұнып тұр. Ресей империясы мен қазақ халқының күші тең емес еді. Жаратқан Иеміз сол алмағайып кезеңде халқымыздың көз жасына ұлы Абайды өмірге әкелді. Одан кейін халқына қалқан, жауына семсер болар Алаш азаматтарының шоғыры қазақ көгіне шықты. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсыновты ерекше атаймыз».

       Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, Торғайдағы мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекей Ахмет Байтұрсынұлы туралы ойларын ортаға салып, құттықтау жолдады. Шараны вице-министр Н.Дәуешов қорытындылады.

Тегтер: