Ұлт ұстазына арналған күй

Қазақстанның халық күйшісі Шәміл Әбілтай жуырда ғана «Ұлт көсемі – Әлихан» күйін шығарған болатын.
Енді, іле-шала артынша «Ұлт ұстазы – Ахмет» деп тағы бір күйдің тұсауын кесті.
Негізінде екі күйдің атауы бөлек болғанымен, мағыналары ұқсас келеді. Ол туралы күйші былай деп толығырақ тарқатты. «Ұлт көсемі – Әлихан» мен «Ұлт ұстазы – Ахмет» күйлерін шығаруыма Алматыдағы қаңтар қырғыны себеп болды. Алматы қырғыны трагедияның трагедиясы. Бұны басында насихаттайын деп көрген едім, артынша керегі жоқ екенін түсіндім. Өйткені бұл қырғынның астарында өте лас тірліктер жатыр. Яғни шенеуніктердің таққа таласынан туындаған тірлік. Бірақ қырғында бір батырды ерекше атағым келіп отыр. Ол – Назарбаевтың ескерткішін құлатқан жігіт Азамат Батырбаев. Оны да үтікпен күйдіріп, жанын шығарды. Жалпы Назарбаев кеткенімен, жүйе кеткен жоқ. Ал жаңа Мемлекет басшысынан мән шығады ма, шықпайды ма, оны уақыт көрсетеді. Ал кешегі трагедия еттен өтіп, сүйекке жеткен оқиға болды. Ұмытылмайды. Жаншылғандардың емін табу үшін қос алып Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсыновқа арнап күй шығардым. Қос күй арқылы «Тұңғыш» деген сөздің мағынасын түсіндіргім келді. Олай дейтінім, алдағы уақытта Конституция заңы өзгергелі жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның қанша бабын алып тастасада, қазір халыққа керек нақты тұсын сызып тастау керек. Ол Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы деген сөз. Сондай-ақ бүкіл отбасы адам өлтірсе де, сотталмайды дегенге тыйым салу қажет. Өйткені Дариға Назарбаева Шерлок Холмостың үйін сатамын деп, алшаңдап жүр. Алматының тең жартысын жекешелендіріп алған Болат Назарбаев та бос жүр. Міне, Конституцияның осындай баптарын алмай, халық та тыншымайды. Оны аттап өтіп, әкімдерді күйретеміз, өлім жазасын қысқартамыз деді. Біреуді өлтірген адам қалай өлмей, тірі жүреді? «Тұңғыш» сөзіне қайта оралсақ, Бұрын елімізде ешкімді «Тұңғыш» деп өбектеп, үкілемеген. Ал Назарбаев өз-өзін тұңғыш деп жариялап жіберді. Тұңғыш десек Абылай хан, Қонаевтарды тұңғыш деу керек. Шындығында, Алаш мемлекетін құрып кеткен Әлихан Бөкейхановты «Тұңғыш» деу қажет. Совет өкіметінің озбырлығын түсініп, белін бекем буып, өзінің көрегендігімен бәрін шеше білді. Совет өкіметі құрыды. Ал Әлихан Бөкейханов өмірден Адам болып өтті. Қай ғасырда да ол «Көсем» болып қала береді. Бірақ ол ешқашан өзін тұңғыш деп жарияламаған. Сол себепті Конституцияны сылап-сыйпамай, халықтың көңілін көншітердей баптар өзгерсе деймін, – дейді.
Ал «Ұлт ұстазы – Ахмет» күйінің туындауын күйші 70 жастан кейін туындаған, ғайыптан келген ғажап туынды деп есептейді. Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов болса, Ахмет Байтұрсыновты оның идеологы ретінде атайды. Яғни «Әлиханды жалғыз қалдырмайын деп, Алаш ордасының бас идеологы, ағарту саласында бас әліпбиіміздің негізін салған Ахмет Байтұрсыновқа да тоқталуды жөн санадым. Домбыраның қос ішегіндей, көздің қос жанарындай, құстың қос қанатындай екеуін бөлмейін деп «Ұлт ұстазы – Ахмет» деп күй шығардым. Оны әзір ешкім білмейді. Тек жақында ғана Ахмет Байтұрсыновтың институты мен мұражайына барып, күйді орындап, тұсауын кестік. Бұны халық білгені жөн деп есептеймін. Күй күйді білдіретіндіктен, халыққа күйді қалдырғым келеді. Өйткені ұшақтың аспандағы жолы болатыны секілді, күйдің де көзге көрінбейтін жолы болады. Ахметті тартсам, Ахметті сезінетіндей етіп күйді шығардым. Осы күй арқылы халық шабыт алуы тиіс. Қазақ елі тұрғанда күй де өлмейді» – дейді халық күйшісі Шәміл Әбілтай.