Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:11, 09 Қыркүйек 2022

Ұлт ұстазының мерейтойына арналды

None
None

Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «40 мысал, 40 мақал» көшпелі әдеби тіл керуені өтті.

Жиынға қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Жиылғандар алдымен А.Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Мұрат Әйтенов өзінің құттықтау сөзінде қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.

– Ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, аудармашы, түркітанушы, педагог, ақын Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл! Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын! – деді.

Іс-шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды.

Шымкентте өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешен ашылған. Композициялық мүсін Шымкент қаласының орталық саябағы аумағында орналасқан. Тұғыр гранитпен қапталған. Мүсіндердің биіктігі орташа есеппен – 210 см. Тұғырдың ұзындығы шамамен – алты метр, ені — үш метрге жуық.

Одан бөлек қалада Ахмет Байтұрсынұлы атында көше, мектеп және ескерткіш бар.

Тегтер: