Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:20, 31 Мамыр 2022

Ұлт жадындағы жаңғырық

None
None

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерделеу және шешу туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында – облыс әкімі жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылған болатын.

Бүгінде комиссия құрамындағы зерттеуші-ғалымдар репрессия құрбандары туралы құжаттарды жан-жақты зерттеп, саяси баға беру бағытында жауапкершілікпен еңбек етіп келеді. Осыған орай облыстық мемлекеттік архив «Ұлт тарихындағы зұлмат жылдар жаңғырығы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда саяси қуғын-сүргін зардабының сол кездегі тұрғылықты халықтың саяси әлеуметтік және демографиялық жағдайына кері әсері жайлы пікір алмасу болды.

Мемлекеттік архив басшысының орынбасары Ж.Алтынбаева қордағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттарды зерделеу, айқындау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталса, архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің археографы А.Әлиасқарова «Ұжымдастыру науқаны және ашаршылық ақиқаты» тақырыбында баяндама жасады. Ал тарих ғылымының кандидаты Сағат Тайман ХХ ғасырдағы кеңес өкіметінің қуғын-сүргін саясаты барысында жапа шеккен, ақталған және ақталмаған адамдардың тізімін жасау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бұл бағыттағы күрделі әрі терең жауапты деректерді нақтылауда архив қызметкерлері мен ғылыми зиялы қауым арасындағы тығыз қарым-қатынастың қажеттігін айтты. Ғалымның айтуынша, әлі де болса сыры ашылмай жатқан құпия құжаттар жетерлік. Сондай-ақ ату жазасы үкімінің орындалған жерлерін де нақты айқындау мүмкін болмай отырғанын айтады.

Тарих ғылымының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас болса қазіргі уақыттағы комиссия жұмысының негізгі бағытын атап өтіп, тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытындағы тұжырымдарын ортаға салды.

«Қазақ халқы қуғын-сүргін саясатынан көп зардап шекті. Социализмнің идеологиясын қабылдамағаны үшін білімді, дәулетті, ұлтжанды, ықпалды адамдардың барлығының көзін жойды. Егер осындай қолдан жасалған қастандық болмағанда, қазақ елі бұл уақытта кемелденген мемлекетке айналар еді», – деді Н.Мыңжас.

Облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инспекторы Л.Қосымова жазаға тартылғандар туралы сыры ашылмаған тарихи құжаттарды және басқа да ақпараттарды қолжетімді ету мақсатында – Ішкі істер министрлігінде маңызы бар «Мемориал» сервисі құрылғанын айтты. Онда қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туған жылы, тұрғылықты жері, тұтқындалған уақыты, сотталғаны және ақталғаны жөніндегі мәліметтер жинақталған. Онда архивтік құжаттарды зерделей отырып, қажетті мәліметтер берілген.

Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Жарылқасын Баттал жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу, Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың арасынан ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Қоғамдық даму басқармасының «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Дәулет Омаров ашаршылық, ұжымдастыру, тәркілеу жылдарындағы қазақ елінің қилы тағдыры, күштеп жер аударылған халықтар туралы ой-пікірімен бөлісіп, қайраткер тұлғалардың тағылымы мол істері бүгінгі жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде ерекше маңызға ие екенін айтты.

Сыр өңірінің жұрты қуғын-сүргін құрбаны болған қайраткерлерін еске алу, олардың рухына құрмет көрсетуді ешқашан ұмытқан емес. Ашаршылық зардабы мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған көрнекті ұлт зиялыларын ардақтау мақсатында –  облыста 2 елді мекенге, 5 мектепке, 45 көше мен даңғылдарға есімдері беріліп, 5 мүсін және 7 ескерткіш орнатылды.

Тегтер: