Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 17 Наурыз 2022

Ұлт зиялыларының ұстаханасы

None
None

Ұлт зиялыларының ұстаханасы туралы сөз қозғағанда ойымызға «Жас Алаш» газеті оралады.

Бұдан бір ғасыр бұрын Ташкентте жастар басылымын ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болғанда Ғани Мұратбаев 19 жаста екен… Міне, содан бері қаншама заман өтті, қаншама саясат өзгерді, халқымыз қаншама зобалаңды бастан кешті десеңізші! Қай кезде де қазақ қаламгерлерінің рухын жанып, намысын қайрап, жігеріне жігер қосып, күш-қуат беріп отырған бір басылым болса, ол – «Жас Алаш» газеті!

Заман ағымы сан мәрте өзгергенмен, арада тұтас бір дәуір өтсе де газеттің ұлт зиялылары белгілеп берген бағыты еш өзгермей келеді, қайта салып кеткен сара жолы даңғыл жолға ұласты. Ұлт мүддесіне келгенде тайсалмайтын батылдығы, қара қылды қақ жарған әділдігі, жаңашылдығы өзгерген жоқ. Бүгінге жетті.

Алаш арыстары С. Сәдуақасов, А. Байтұрсынов, Б. Майлин, М. Әуезов, Ж. Аймауытовтардың маңдай тері сіңген, қолтаңбасы қалған басылым ұлтқа адал қызмет қызмет ету жолынан айныған емес. Олар қалыптастырған мектепті Ш. Мұртаза, С. Бердіқұлов, У.Қалижан, Т. Данияр, Н. Жүсіп сияқты қаламынан сарасөз саулаған, елге тұтқа болған бас редакторлар жалғастырды.

Шерағаң газетті басқарған 60-шы жылдары Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Р.Нұрғали, А.Сейдімбек, О.Бөкей, С.Әшімбаев, Т.Жанұзақов сынды жарқын тұлғалар ұлттың рухани кемелденуіне үлес қосып,  қазақ әдебиетінің биік белеске көтерілуіне ықпалын тигізді. «Шерағаңның шекпенінен» шығып, қазақ руханиятының саңлақтары атанған қаламгерлер қаншама!

Ал 70-80-ші жылдары басылымның туын биікте желбіреткен С.Бердіқұлов мектебінен: Ж.Аупбаев, Е.Сағат, Ж.Шаштайұлы, Ж.Бейсенбаев, Ж.Солтиева, Қ.Жиенбаев, Ө.Оралбаев, Ә.Қайырбеков, Н.Үркімбаева, Н.Жүнісбай, Қ.Әзімхан, С.Парманқұл, Д.Дүйсебай, т.б. шықты. Бердіқұловтың берендері кейін өздері де төл журналистік мектебін қалыптастырып, қазақ журналистикасында қолтаңбасы бар журналистер шоғырын тәрбиеледі.

Аға толқынның сара жолын бүгінде ел мақтанышы болып жүрген Б.Омаров, Б.Исабаев, Ә.Қаба, Ғ.Мелдешов, Ә.Қойтанов, Б.Нұрахметов, Ә.Әуелбеков, Қ.Рысбеков, Н.Байсақалова, Қ.Мұқаш, С.Смайыл, Б.Бейсенұлы, Б.Сәрсенбина, Р.Қараева, Н.Мауытов, Қ.Достанов, Ш.Шахай, Қ.Әбдуов, М.Атабеков, Б.Ойсалар жалғастырды. Одан кейінгі кезеңде «Жас Алаш» газеті тегеурінді толқын өкілдерімен толыға түскенін оқырман қауымы жақсы біледі.

Тарихы Мұратбаев мектебінен бастау алатын, Алаш арыстарынан бүгінге сабақтасып жатқан аға ұрпақ жолымен абыроймен жүріп өткенімізді, ұлт зиялыларының ұстаханасынан тағылым алғанымызды мақтан етеміз.

«Жас Алаштың» құтты шаңырағына қызметке қабылданған 90-шы жылдары таралымы көбейіп, даңқы аспандап тұрды. Таралымның артуына газет жанынан «Мыңнан бір мезет», «Ырғақ», «Сергектік», «Жібек жолы», «Сүзеген сөз» тәрізді қосымшалардың шығуы себеп болғаны анық.

Бас редактор Уәлихан Қалижанның редакторлық қасиетінің бірі қаламы ұшқыр, ойы озық, идеяшыл жас журналистерді жинап, айрандай ұйыған ұжымды іскерлікпен басқаруында.Оған қоса, басшының батылдығы, өткірлігі жас журналистердің еркін қалам сілтеуіне жол ашып, өзекті тақырыптарды жазуға үндейтін.

Шығармашылық еркіндік берілгеніне алғашында таңғалып жүрдім. Журналистерді уақытқа телміртіп қоятын не болмаса жазған материалына шұқшиып, қызыл сиямен сызып тұрып қарайтын цензура жоқ. Әрине, елге кең таралатын, ұжымы үлкен басылым болғандықтан, материалды беру, өңдеу, газет стилін сақтау талаптары қатаң сақталатын.

Өз басым басқа мамандық иелерінен көп кездесе бермейтін, жасалаштық журналистерге тән керемет қасиеттерге бүгінге дейін сүйсініп отырамын. Жасалаштықтар әріптесінің жақсы дүниесін көрген бойда ағынан жарыла құттықтап жатады. Олардың осы бір адамгершілігін кейде тауым шағылып, көңілім мұздаған сәттерде есіме аламын. «Жас Алаштан» кейін бірыңғай мемлекеттік қызметте жүрмін. Қызметтестеріме, жаңа келсе де, бұрынғы болса да, ықылас-пейіліммен, сөзбен болсын, іспен болсын, қолұшын беруге ұмтылуымның түп-төркіні «Жас Алаштың» мектебінен алған тәрбиемде жатыр деп білемін.

Жасалаштық әріптестерім бойыма сіңірген тағы бір әдет – атадан-балаға мирас болып келе жатқан, бірақ қазіргі заман ағымына қарай ұмытылуға айналған, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, қарапайымдылық пен кішіпейілдік. Біз бүгінге дейін үлкенді көрсек, атын тура атамай, ізет сақтап Қасаға, Дүраға, Сапаға, Әдаға деп тұрамыз.

Ел өңірлерін аралап, оқырмандарды алаңдатқан көкейкесті мәселелерді газет бетінде өткір көтеріп, оқырмандар ықыласына бөленген күндердің ләззатын сөзбен айтып жеткізе алмас едім. Бір жолы іссапармен Батыс Қазақстан облысына бардым. Орал қаласын, аудандарды араладық. Оқырмандармен кездесу аяқталып, жеке пікірлескенімізде ауылдың үлкені маған, «жазғандарыңды көп оқимын, соған қарап жасың үлкен шығар деп ойлап жүрсем, жап-жас жігіт екенсің» деп, ықыласын білдіргені бар. Сондайда «Айналайын, аңқылдаған ағаларым-ай!» дейсің іштей, ақ көңіл пейілдеріне разы болып.

Газетте бөлім редакторы, редакция алқасының мүшесі болып қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен де, зерттеумен де шұғылдануға уақыт тауып, өнімді еңбек еттік. Зерттеулерім кейін «Ұлттық журналистиканың саңлағы» атты кітапқа енді. Материалға тың деректер іздеп, іссапарға шыққан кездеріміз аз болған жоқ. Соның бірі журналист Қалдыбай Абдуллин ұрпақтарын іздеу болды.

Бұл жөнінде журналист Тұмар Асыл El.kz ақпараттық-танымдық порталында «… журналистің (Қ.Абдуллиннің) туған жері Алматы облысы Жамбыл ауданы Шилібастау стансасына арнайы іссапармен барып, сол ауылда тұратын Әндем Молдыбаевтың үйінде болып, әңгімесін жазып алып қайтқан Нұрлан ағамыз  Қалдыбайдың бірнеше суретін көріп, отбасы, ата тегі, қызметі мен өмірбаяны жөнінде біраз жайтқа қанық болып қайтқан.  Сол іссапардан «Қалдыбайдың әулеті» («Жас Алаш», 6.05.1993 ж.) деген материал жазылып, жарияланды. Оқырмандар журналист туралы тың деректермен танысты. Қазір Қ.Абдуллин жөнінде біршама факті, естеліктер, фотосуреттер жиналған. Оқырман қауымның ұмыт қалған азаматымен қайта қауышқандай күй кешкені хақ», деп жазыпты.

Иә, жалындаған жастық шағымыз «Жас Алаштың» құтты шаңырағында өткеніне тәуба дейміз. Қаламымызды ұштап, қабырғамызды қатайтып, күрмеуі мол үлкен өмірге басқан қадамымыздың сәтті болуына, шығармашылықтың даңғыл жолына айналуына себепкер болған, ұлт зиялыларының ұстаханасы – Жас Алашқа» ризашылығымыз шексіз.

Ғасырлық мерейтойың құтты болсын, Алаштың асылы – «Жас Алаш»!

Тегтер: