Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:07, 24 Ақпан 2026

Ұлтыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле

Әке мен бала
Фото: ашық дереккөз

 Заманауи сұранысқа лайықталып өзгерген бұл даналық сөз – қоғамымыздың өзекті мәселесіне айналған үлкен уайым және стратегиялық ұстанымның тобықтай түйіні. 

 Отбасы институтының бұзылуы, ажырасу көрсеткішінің өсуі, балалардың толық емес отбасыларда тәрбиеленуі – мұның бәрі қоғамды ойландырмай қоймайды.

ҚР Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы дерегіне сәйкес, жыл сайын Қазақстанда 120 мыңнан астам жұп некеге тұрса, оның 40 мыңнан астамы ажырасады екен. Яғни, әр үш некенің біреуі бұзылады деген сөз. Ол аз болғандай, ҚР 2021 жылғы Ұлттық халық санағының деректеріне сәйкес, тіркелген ажырасулардың 43%-ы тұрмыс құрғанына төрт жыл толмаған жас жұптардың үлесінде. Демек, біз тұрақты отбасын құра алмай жатырмыз. Неке – бұл тек қағазға қол қою емес, өмір бойғы серіктес табу, өзара сыйластық пен құрметке негізделген бірлестік құру. Ал біздің жастарымыз осыған дайын емес екендігі айқын көрініп тұр.

Ең ауыр жағы – жыл сайын болатын ажырасулардың жартысынан астамы балалы отбасылар. 2020 жылы ғана 54 мың баланың толық емес отбасында қалғанын елестетіңіз. Бұл – білдей бір қала тұрғындарының саны. 18 жасқа дейінгі балалы отбасылардың 31%-ынан (700 мыңнан астам бала) астамын – жалғыз аналар құрайды. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін жағымсыз фактор және болашақ әлеуметтік трагедияның басы.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген зерттеу респонденттерінің некені бұзуға қандай факторлар себеп болуы мүмкін деген сұраққа берген жауаптарына назар аударайық. Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, қатысушылардың жартысынан көбі өз «екінші жартысының» опасыздығын кешіре алмайды: сауалнамаға қатысқандардың 61%-ы мұны ажырасуға негіз болатын себеп деп келіскен. Екінші орында — физикалық зорлық-зомбылық (51%), үшінші орында — ерлі-зайыптылардың бірінің маскүнемдікке немесе есірткіге тәуелділігі (48%).

Кейбір мәселелер бойынша ерлер мен әйелдердің ажырасу себептеріне деген көзқарастарында айырмашылық бар. Қыз-келіншектер арасында некеде физикалық (62,1%) немесе психологиялық зорлық-зомбылықты (37,7%) мүлде қабылдамайтындардың үлесі айтарлықтай жоғары. Сондай-ақ әйелдер құмар ойынға тәуелді адамдармен (37,1%) және дәстүрлі емес жыныстық бағдар ұстанатын азаматтармен (17,4%) ұзақ мерзімді қарым-қатынас құруға дайын емес екенін білдірген.

Ал ер респонденттер арасында әйелдерге қарағанда ажырасуға себеп ретінде мінездердің үйлеспеуін (36%), махаббат пен сезімнің болмауын (30,2%), балалы болу мүмкіндігінің жоқтығын (18,9%) және жұбайының ата-анасына құрметсіздік танытуын (13,5%) атап көрсеткендердің үлесі жоғары болған.

Мәселенің түбірі неде? Дұрыс отбасын құру үшін қызға да, ұлға да ұлттық тәрбиемен қоса, заманауи қоғамның талаптарына сай тәрбие керек сияқты. Тек салт-дәстүрді насихаттап қана қоймай, қазіргі қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетін, құқықтық теңдікті, экономикалық дербестікті де үйрену қажет. Қыз бен жігіттің қарым-қатынасы өзара сыйластыққа, құрметке негізделуі қажет. Оның үстіне қоғамға, қоршаған ортаға көзқарастары ұқсас, өмір сүру ұстанымдары ортақ болса ғана, отбасының беріктігі нығаяды.

Қазір қоғамда жағымсыз мәнге ие болып жатқан қыз алып қашу әрекетін сынға алып, қажет болса заң тұрғысынан жауапқа тарту арқылы екі түрлі көзқарастағы жігіт пен қыздың бас қосуына жол берілмегені дұрыс. Жаңа Конституция жобасының мәтінінде некені анықтайтын норма («Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы») енгізілген. Бұл норма жобаның ІІ бөліміндегі негізгі құқықтар мен бостандықтар туралы баптар аясында 30-баптың 2-бөлімінде жазылған. Бұл норма некенің ерікті келісімге ғана негізделетінін анық түрде білдіреді. Өйткені мәжбүрлі неке – бақыттың бастауы емес, қайшылықтың негізі. Мұндай әрекеттер қыз баланың құқығын ғана емес, болашақ отбасының іргесін де шайқалтады.

Мұнымен қоса, жігіт пен қыздың үй болуын діни жолмен емес, азаматтық некенің қадірін түсіндіріп тәрбиелеу қажет. Заңды тіркелген неке – әйел мен баланың құқықтық қорғаны. Мешітке барып неке қиылғанда қыздың жігіттен махр сұрап, дүниені талап етуі де отбасын құруға, өзара сүйіспеншіліктің беріктігіне нұқсан келтіруде. Отбасы сауда алаңы емес, сенім мен махаббатқа құрылған қауіпсіз одақ болуы тиіс.

Қауіпсіз отбасы дегеніміз не? Бұл – зорлық-зомбылықсыз, психологиялық тұрақтылық, экономикалық сенімділік пен құқықтық қорғалғандық орнаған орта. Бұл – екі адамның арасындағы өзара құрмет пен жауапкершілік. Мұндай отбасын құру үшін тек мемлекеттің заң шығарғаны жеткіліксіз. Әр ата-ана өз перзентіне үлгі болуы керек.

Біз қыз тәрбиесін қанша жерден сөз етсек те, ұл тәрбиесін екінші орынға ысырып қоя алмаймыз. Осы орайда жігіттердің отбасы алдындағы жауапкершілігін нығайтып, міндетін арттырған тиімді болмақ. Біз ұлдарымызға «асыраушы болу» ғана емес, «қамқор болу», «серік болу», «әке болу» мәдениетін үйретуіміз керек. Әке тәрбиесі әлсіреген қоғамда отбасы құндылығы да әлсірейді. Ертеңгі отбасының берік болуы – бүгінгі ұлдың саналы болуына байланысты. Ұлды жауапкершілікке, еңбекке, адалдыққа, әйелге құрметпен қарауға тәрбиелеу – ұлтты сақтаудың бір жолы.

Мен әйел депутат ретінде заңнамалық деңгейде отбасы институтын нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдаймын. Бірақ ең мықты заң да отбасындағы тәрбиені алмастыра алмайды. Ұлттың болашағы – әр шаңырақтағы тәрбиеге байланысты. Ұлдарымызға шағын жасынан бастап отбасы алдындағы жауапкершілікті, әйелді құрметтеуді, бала тәрбиелеудегі әкенің рөлін үйретуіміз керек. Қыздарымызға өз құқықтарын білуді, өзін-өзі құрметтеуді, отбасында теңдік пен серіктестікті талап етуді көрсетуіміз керек.

Ұлтымызды сақтау үшін отбасыны сақтауымыз керек. Бұл – ата-аналардың, мектептің, қоғамның, мемлекеттің ортақ жауапкершілігі. Тек осылайша ғана біз саналы, жауапкершілікті, отбасын құра алатын ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Әр отбасы – біздің ұлтымыздың болашағы екенін ұмытпайық.

Қарақат ӘБДЕН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты