Ұлтқа арналған өмір
Аштықтан өткен бірі бала
Осы эссені жаздым. Ал тақырыбына келгенде қатты қиналдым. Аяғында тапқан тақырыбым осы болды. Бұл асылық сөз емес, нақ айтылған сөздей көрінді өзіме. Олай болатыны, биыл жүз жылдығы аталып өтіп жатқан Ш.Смаханұлы – күллі қазақтың бұлыңғыр бүгінін емес, келелі келешегі үшін өмірін арнаған арда азамат еді.
«Өлімінің өзі де жұмбақ» деп жазыпты әйгілі ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева. Дәл осы ойды Шөкең көкеміздің аяулы жары Аманкүл жеңешеміз де айтқан екен. «Анамның тілі үшін!» деп Алматының көшелерін кезіп, әр қазақпен тілдесіп, шапқылап жүрген кісіні көргендердің бәрі де кенеттен кетіп қалды дегенге қимады. Қай-қайсының көңілінде де түйдектелген күдік-күмән қалды.
Біздің сөздік қорымызда «жеке батыр» деген сөз бар. Шона Смаханұлы орталықтың өктемдігі кеуделеген заманда жеке батыр болған кісі. Сұрапыл соғыста жалаңаш кеудесін қалай оққа тосса, бейбіт, мамыражай дейтін жылдарда дәл солай күресті. Қасиетті қазақ тіліміздің өркені болатын қазақ мектептері үшін күндізгі күлкісінен, түнгі ұйқысынан қағылды...
Өмірі күреспен өткен асыл ағаның ауыр өмірін біле түсу үшін балалық «бал шағынан» жылап еске алатын мына бір үзік естелігін оқыңызшы, оқырман.
«Өгіздің басын Ойықтың төр жағында отырған («Өр жағы» деп те айтатын) ауылға қарай бұрды Дағай. Мен әлі артында жабысып келем. Бұлтты күндей қабағын қарс жауып алған. «Сол көзімнің жыртыңдап қоймауын-ай!» деді ол өзінен-өзі қатты абыржып. Бір шоғыр болып отырған, қисайған, қыңырайған қараша үйлерге таяп келеміз. Түс кезі болса да ауылдан қыбырлаған жан баласы көрінбейді. Оның есесіне желке жүні күдірейген, қорқау көзді иттер үйден-үйге емін-еркін кіріп жүр. Ауылға ене берген бізге айбат шеге ырылдап, ақситып тісін көрсетеді. Аузы қан-қан болған сары ит басқа үйден сумаң ете қалды. Ауыл айналасына жіті көз жүгірткен Дағай: «Япырым-ай, өлген мал бар ма, әлде?» деді күбірлеп.
Есігінің етегі жартылай ашылып тұрған үйдің тұсына келдік.
– Сарда! Оу, Сарда! Бармысың, шықсаңшы бері! – деген Дағайдың шақыруына ешкім дыбыс бере қоймады. Кершолақтан ол түскесін мен де түстім. Нағашымның көлеңкесі сияқтымын. Үйге кірдік. Жерде де, төсек үстінде де аяқ-қолы айқасып, қимылсыз «шашылып» жатқан адамдар. Көрпе-жастық, ыдыс-аяқтар есіктен-төрге, төрден-есікке дейін ыбырсыған. Мен алғаш ұйықтап немесе ауырып жатқан шығар деп ойлап ем... Дағай жалаңаяқ шоқ басқандай шошып кетті. Түсініксіз, жаман дауыс шығарып, сөйлеп жүр.
– Сұмдық-ау! Сұмдық-ау! Шыққыр көзім не көріп тұрсың бүгін?! О, Жасаған, қандай қаһар төккенсің бұл үйге?! Ол кемсең-кемсең жылады. Бүкіл денесі селк-селк етеді. Зар еңіреген күйімен көрші тұрған екінші үйге кірді. Мұнда да әлгіндей... жан шошырлық көрініс. Дағай зарлы сөзін жалғап жүр.
– Мынау сорлы балаға (мені айтады) бір жапырақ нан тауып берсем деп келгенімде көргенім осы ма?! – Кідіруге дәті шыдамай, қайта шықты. Басқа бір үйге таяғанымызда:
– Сен мұнда кірмей-ақ қой, – деді маған. Сірә, қорқар, жүрегі ұшар деген болу керек. Ол ішке кіргенде, мен жабықтың үлкен жыртығынан сығалап қарап тұрдым. Жамандыққа қимай, үй-іші ұйықтап жатыр ма дегендей, дауыстап:
– Ей, ағайын, тұрсаңдаршы! Не болған сендерге! – деп қояды. Екі үйдегі сұмдықты көзімен көрсе де, көңілі сенбей жүрген сияқты.
Біреу ыңырсып, қимылдағандай болды. Қырынан жатқан адам сол ғана басын көтерді. Кірпігі әрең қимылдайды.
– Дағаймысың?.. – Тілі күрмеліп, әрең сөйледі. – Жай осы болды. Тұра алмай қалдық қой. – Ол қасында қыбырсыз жатқан баласын иегімен нұсқап:
– Мынаны детдомға... – деді де, одан әрі сөзге келмей, басы қайта қисайды. Мен оның Ойық мектебінде өзіммен бірге екінші класта оқыған баласын танып тұрмын. Тақылдап тақпақ айтатын:
Айым менің Сталин,
Күнім менің Сталин.
Бәрімізді жетілтіп,
Білім берген Сталин, – деп.
Қу сүйек болып қалыпты. Шеке тамыры білініп жатыр.
Дағай енді ешбір үйге де бас сұққысы келмей, ауылдың орта шеніне барды да, бар дауысымен айқай салды:
– Жанай, Жапақ! Тірі жан бармысыңдар?! Шықсаңдаршы! Үкіметтен продпомощь келеді. Ыдыстарыңды дайындап, сыбағаларыңды алсаңдаршы, түге!
Бір қария көрінді. Аяғын ілбіп басып, таяғына әрең сүйеніп келе жатыр.
– Отағасы-ау, не болған мына ауылыңа?! Айтсаңшы! Бір үйден түтін шықпай қалған несі бұл?!
– Е, несін сұрайсың, Дағай. Жойқын төбе болды ғой бұл ауыл, – қарт кісінің көзінен аққан жасы сақалын жуып тұр».
Айшықты істің айбарлысы еді
1957 жылы Алматыға көшіп келген Шона ағамыз «Қазақстан мұғалімі» газетіне қызметке тұрады. Мектептермен тікелей байланыста жұмыс істейтін басылымның нақ өзі. Ал уақыт тың игеруге байланысты қазақ мектептері ондап, жүздеп жабылған кер кезең. Қазақстанды орыстандыру қарқыны екпіндеп жүріп жатқан шақ. Сонда пәтердің азабы мен баспаға тапсырған кітаптарының жарық көрмей кідіруі қабырғасын қаншалықты қайыстырып, жанын жегі құрттай жеді десек те, ең ауыры республика астанасы Алматыдағы қазағының тілін, ділін ұмытып, орыстануы үдеп, дес бермейтін бағыт алуы болды. Орыс көрсе үдірейе қарап тірлік кешкен ауданнан келген азамат емес пе, күндіз де, түнде де мазасы май ішкендей бұзылады. Салт-санадан, ата дәстүрден ажыраған елдің ертеңі не болады деп күйініп, күйзеледі. Іші қазандай қайнайды. Кремльдің тоқпағы жаман. Компартияның саясаты есін алып қойған қазақтың мен мықтымын дегендерінің бәрінің еңсесі төмен. Енді ғана қалаға сыналай кіріп, алматылық бола алмай жүрген адам ғой Шөкең. Әй, сондағы жалғыздықтың да жапасы, қарсы қылар әрекетінің жоқтығы ет жүрегін езді-ау, бір...
Бүгінде аузымен орақ орған ақылды да, айбарлы да көбейді ғой. Сол шіркіндер Қазақстандағы жабылған 700-дей қазақ мектебі мен Өзбекстанға берілген құйқалы жерлерді Қонаевтан көреді. Солар сондай патриот, керемет күрескер, шын мәнінде ұлт жанашырлары болса, жаңа да әділетті Қазақстан құрып жатырмыз дейтін бүгінгі күні неліктен орысшылдығымыз үдеп барады? Орыс мектептері былай тұрсын, аралас мектептердің өзін азайта алмай күйзелгенде көзіміздің жасы сора-сора болып аққанда неге қара көрсетпейді?..
Елуінші жылдардағы қазақ мектептері санының күрт азаюына Дінмұхамед Ахметұлын тікелей жазғырудың еш жөні жоқ екендігін сол кездің саясатынан хабардар азаматтар айтудай айтып, жазудай жазып-ақ келеді. Кішігірім шаруашылықтар жабылып, іріленген орталыққа көшкенде он бес-жиырма бала оқитын мектептер де қоса жабылды. Бұл бүкіл қазақ жеріне қатысты ортақ көрініс еді. Қонаев 1952 жылдан 1960 жылға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, одан кейін екі жыл Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Н.С.Хрущевтің дәуірлеп, тіпті БҰҰ-ның мінберін аяғындағы туфлиімен тоқылдатып тұрған заманы. Сонда Димекең атамыз Қазақстанның төрт ауданын Өзбекстанға қосуға келісім бермегені үшін қызметінен кетірілген. Кейін Л.И.Брежнев тұсында өзбек ағайындарға өтіп кеткен аймақтарды түгел қайтартпағанымен, әйтеуір әрекетсіз қалмағанын жақсы білеміз. Қалып қойған бөлігін Генсек досына қайта-қайта айтып, көндіре алмағанына өкініп өткенін де өте жақсы білеміз. Енді ол кісі аруақ қой. Күш-қайратымыз асса, ақылымыз тасыса, тіл мен жаққа сүйеніп, жалған намысты жалаулата бермей неге отырмыз?..
Қай кезде де, қандай жүйеде де желбуаз сөз емес, нақты іс-әрекет керек, бауырлар!
Шоқ тілді Шона отты намыстың, соқыр көзге де жарқырап көрінетін айшықты тірліктің адамы болатын. Шындық үшін шамырқанатын кескекті ер еді. Алаяқтармен алысты, қоғам байлығына қол салатын, мол салатындардың талайын фельетондарымен мұрттай ұшырды. Оғаштықпен, оспадарлықпен ымыраға келмей күресті. Өмірі күреспен кестеленген ереннің нақ өзі қазақ мектептері мен балабақшалары дегенде шығарға жаны қалмады-ау, қалмады. Ақиқатын айтқанда, жеке батырға айналуының себеп-сыры да содан. Қайтсем екен, не істесем қазақтың тұқымын тұздай құртатын кесапаттың бетін кері қайтара аламыз деп тызақтады, тыпыршыды. Өстіп тұйыққа тірелгенде ойына оралғаны Қонаев болды. Қазақстанның билігі қолында тұр. Қазақтың халықтық қалпынан ай мен күннің аманында ажырап бара жатқанын көріп, біліп отыр ғой. Дегенмен алдынан өтейін, нақты ақуалды өз аузыммен айтып, аужайын байқайын деді. Деді де қолына шымшыма, ащы сын, уыты атқан оқтан да өтетін фельетон жазып, әдеттенген қаруы – қаламын қолына алды. «КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев жолдасқа хатты жазармын-ау, бірақ ол кісіге қалай кірем, кім көмектеседі?» деген ой еді қинаған. Көз алдына орысша шүлдірлеген қарадомалақ бүлдіршіндер келді. Сол-ақ екен, ызалы ашуға булықты. «Өз елінде, ата-бабалар қасық қанымен қорғап, мұралап қалдырған қасиетті жерінде жүріп, айналайын балаларым, қазақтың қаракөз ұрпақтары өз ана тілінде неге оқымауы керек?» деп тістенді. Бар ой-ниетін, қылаусыз көңілін:
«Анамның тілі – айбыным,
Анамның тілі – ай-күнім», – деген өлеңіне сыйдырған Шонаның өзі емес пе, ары қарай қазақ мектептері мен балабақшаларының аянышты күйіне қатысты тыншу бермеген ойларын тастүйін етіп баяндап, астына жеке қабылдасаңыз жақсы болар еді деген өтінішін қоса жазған хатын Үкімет үйінің кіреберісіндегі арнайы жәшікке салып кетеді.
«Мылтықсыз майдан» сырлары
– Мені алғашқы сәттен әрі таңдандырып, әрі баурап алған Шөкеңнің күрескерлік қасиеті еді, – дейді қоғам қайраткері, журналист-жазушы Марат Тоқашбай. – Ана тілдің тағдыры үшін ғана туған секілді, шаршап-шалдығып көрген емес. Тіпті өзі тұрғай, бұл іске Аманкүл жеңешем мен ұлдарын да жегетін. Ата-аналарды қазақ сыныптарын ашуға байланысты өтетін жиналыстарға шақыру, хабарландыруды машинкаға басып, көбейту Аманкүл жеңгейдің мойнында. 300-400 дана етіп басылған бұл хабарландыруларды көше-көшеге, дүкендердің, дүңгіршектердің маңына, аялдамаларға, бағаналарға жапсыру – біздің мойнымызда.
Ертесіне қарасақ, әлгі жапсырылған хабарландырулардың көбісі жоғалып кетеді немесе жыртылып жерде жатады. Амал жоқ, қолдары желіммен сауыс-сауыс болған «сарбаздар» алдында атқарылған жұмыстарына қайта кіріседі. Мәселен, 1986 жылы «Айнабұлақ» ықшамауданында №118 мектептің жанынан қазақ сыныптары ашылар тұста дәл осылай болды. Ата-аналардың қазақ сыныптарын ашу жөніндегі өтінішіне Алматы қалалық оқу бөлімі рұқсат бергеніне қарамастан, сол қағаз жаңа оқу жылы басталуға екі-үш күн қалғанға дейін мектеп директорының тартпасында қозғаусыз жатқан. Қалалық оқу бөлімінен мұны кездейсоқ құлағы шалған Шөкең ата-аналарды дүр сілкіндіріп, мектеп директорының шаңын қақты. Сонда директордың айтқан уәжі: «Қазақтар балаларын қазақ сыныптарына бергісі келмейді. Ешкім балаларының құжатын тапсырған жоқ».
– Дәл солай болса, баланы сіз жинай алмасаңыз, біз жинаймыз. Ертең кешкі сағат 5-те осында ата-аналар жиналысы болады. Соған қатысыңыз! – деп Шөкең директорға кесіп айтты.
Дереу бастамашыл топты іске кірістірді. Аманкүл жеңгей басқан хабарландырулар жер-жерге және ілінді. Келесі күні келісілген уақыттан бұрынырақ мектепке келсек, қасында жеті-сегіз ғана ата-ана бар, директор аулада тосып тұр екен. «Далада тұрғанша жүріңіздер, ішке кіріңіздер» деп қоярда-қоймай бәрімізді екінші қабаттағы бір сыныпқа алып келді. Отырмыз, уақыт өтіп барады. Келіп жатқан ешкім жоқ.
Қазақ сыныптарының мәселесі туралы әңгіме сабақтаған Шона аға дегбірсізденіп орнынан тұрып кетіп, арлы-берлі жүрген. Кенет далаға қарады да: «Ойбай, Рақымжан, жүгір! Қайтар аналарды!» – деді. Сөйтсек, мектеп директорының тапсырмасымен есік алдында тұрған үй сыпырушы әйел балаларын қазақша сыныпқа беруді көздеп келген ата-аналарды «ешқандай жиналыс жоқ» деп, келген келгенінше қайтарып жатыр екен. Мектеп ауласынан шығып бара жатқан жұрттың біразы қайтарылып, амал жоқ, қақпа алдына өз адамымыздың бірін қоюға мәжбүр болдық.
Солай еткеніміз өте дұрыс болыпты, ата-аналар үсті-үстіне ағылып келе бастады. 15-20 минутта класс іші лық толды. Мектеп директоры амалсыз залға шақыруға мәжбүр болды. Не болып жатқанын естіген шығар, Іле аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі де жетіп келді. Өзі қазақ екеніне қарамастан, күллі қазаққа орысша сөйлеп, қазақ сыныптарын көбейтудің мүмкін еместігін зулап айта бастады. Оны жұрт тыңдасын ба? Айтыс, шу күшейе түсті. Сол арада Шөкең ақыл тауып, жиналғандарға бірнеше парақ қағазды таратып берді де:
– Құрметті ата-аналар, мынаған балаларыңыздың аты-жөнін, қай класқа баратынын ретіне қарай жазып беріңіздер. Нақты адрестеріңіз де болсын. Арғы жағы бірдеңе болады, – деді.
Тартысты әңгіме содан соң сап тыйылды. Бала саны жалғыз бірінші сынып емес, сегізінші сыныпқа дейін 10 класс жасақтауға мүмкіндік береді екен. «Көп қорқытады» деген емес пе, істің шұғыл бетбұрыс алуы әлгі ағарту бишікештерін амалсыз келісуге мәжбүр етті. Олар тағы бір шикілік шығармауы үшін Шона аға келесі күні жазған фельетонын «Лениншіл жас» газетіне апарып берді. Сөйтіп, әлгі кластар түгел ашылды. Келер жылы қазақ кластары өз алдына жеке мектеп болып бөлініп шықты.
Айта берсе, Шона ағаның мылтықсыз майданға теңерлік тегеурінді істерін көрсететін мысалдардың көптігі сондай, айтып шығу мүмкін емес. Әйтсе де сәбилерге қатысты біреуін ғана тілге тиек етейін. 1986 жылы 3 қарашада Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Мектеп кеңесі бастамашылық тобының шақыруымен жаңадан салынып, пайдалануға берілейін деп тұрған №337 балалар бақшасына ата-ана жиналады. Содан жарты жыл бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жазылған өтініш бойынша мұнда ашылмақ болған 14 бүлдіршіндер тобының алтауы қазақша болып белгіленген болатын. Осы шешімді жариялап, ата-аналарды қуанту үшін Алматы қалалық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары І.Әлімжанова әдейі келеді. Әрине, Шона ағамыз ерекше қуанады.
Дәл жиналыс басталар алдында Калинин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Анатолий Иванович Рожков, қасында бірнеше адамы бар, жетіп келіпті. Ай-шайға қарамай: «Сендер кімсіңдер, неменеге жиналып тұрсыңдар? Сендерге қазақ топтарын ашуға кім рұқсат берді?» – деп тықсыра жөнеледі. Қалалық оқу бөлімінің шешімін құлағына ілгісі де келмей кердеңдегені сондай:
– Әзірге бұл ауданда қожайын мен! Менің рұқсатымсыз бірде-бір қазақша топ ашылмайды. Әлеуметтік әділеттілік деген болу керек. Біздің есепте бір жарым мың бала орын алудың кезегінде тіркеулі тұр. Ал сендер мұнда қазақша топ ашамыз дейсіңдер. Ашылмайды, рұқсат жоқ! – дейді әкіреңдеп.
– Александр Иванович, қазақ топтарына ауысатын бүлдіршіндер түгелге жуық осы ауданның басқа бақшаларына барады. Мұнан қазақ топтарын ашсаңыз, олардың бұрынғы орындарын еркіңізше пайдаланасыз. Орын жағынан ешбір нұқсан келіп тұрған жоқ қой, – деген сөзді де тыңдамай:
– Айттым – бітті, ашылмайды! Ал қазір тараңыздар! – дейді бұйыра сөйлеп. Ары қарай сол сөзін тағы да қайталап, машинасына мінеді. Дал болып ел қалады. Шөкең бастаған қауым енді бәрін қойып, қалалық партия комитетіне барайық деп тұрғанда сау етіп екі-үш мотоциклмен милиционерлер жетіп келеді. Біреуінің жетегінде қасқыр иті бар.
– Тараңдар! – дейді бастап келген үлкен шендісі қатуланып. Бірінші хатшы рация арқылы шақыртса керек. Содан амал жоқ, жиналғандарды таратады. Бәрібір «не істеу керек?» деген сауал Шона ағамыздың миын шағып: «Бірінші хатшы айтты екен деп інге тығылған тышқандай күй кешеміз бе?! Қой, Марат, Мәскеуге жеделхат жіберейік», – дейді. Осы айтқаны бойынша Марат ағамыз ертеңіне Шөкеңнің көпбалалы келіндерінің бірінің атынан М.С. Горбачевке жеделхат жөнелтеді. Онда Рожковтың зорлық-зомбылықпен күш көрсеткені, шовинистік пиғыл танытқаны, қалалық оқу бөлімі ашып тұрған қазақ топтарын жауып тастағаны айтылады.
– Шөкеңнің осы әрекетінің арқасында мәселеге Мәскеу араласып, №337 бақшада, әйтеуір, зорға дегенде 6 топтың орнына 2 қазақша топ ашылды-ау. Сондағы көзделген 6 топқа араға алты жыл салып қана әзер қол жеткіздік, – дейді М.Тоқашбай.
Автордан: Қазаққа қарсы орталықтың әрекеті дес бермейтін тоталитарлық заманда ұлт мүддесі үшін күресуден бір танбаған Шона Смаханұлын есте қалдыру үшін өз деңгейінде құрмет көрсете алмай келеміз. Алматыда Ш.Смаханұлы атында мектеп қана бар. Әр көшені шарлап, әр қазақтың есігін қағып, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға айрықша ықпал еткен Алматыда көше жоқ, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылмаған. Есесіне, Орта Азия мен Қазақстанда патша өкіметінің отарлау саясатын жүргізген орыс армиясының генералы Г.А.Колпаковскийдің атында көше әлі бар. Мен тура осы көшені Алматы қалалық ономастика комиссиясынан көрнекті қоғам қайраткері, сатирик-ақын болып, артында мол рухани мұра қалдырған Ш.Смаханұлының атына беруді ұсынамын. Жүз жылдығы кезінде осылай етсек, бұл нағыз тарихи әділеті іс болар еді.
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ