Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 10 Ақпан 2024

Ұлтшылдық па, ұлтжандылық па?

Әлихан Бөкейхан
Фото: из открытых источников

Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Абай

Осы мақаланы жазуыма естен кетпес бір өте келеңсіз жайт себеп болды. Сол себеп болған видеороликтің көрінісінен бастайын. Осыдан біраз уақыт бұрын, жол полицейлерін үркітіп жүрген жеке-дара екпінді белсенді Руслан Жанпейісов деген азамат өзіне қазақша сыпайы тіл қатып келе жатқан полицейге: «Ты почему ко мне обращаешься по-казахский, ты что, нацист? (Сен неге маған қазақша сөйлейсің, бұның не, нацистсың ба?» деп, оған қатқыл дүрсе қоя берген еді. Сонда қалай, Р.Жанпейісовтің ойынша қазақша сөйлегендердің бәрі, тіпті бүкіл адамзат тірлігіне қарсы, қатыгез қылмыскер нацистер болғаны ма? Бірақ менің пайымдауым бойынша, өзінше полицейлерді «жөнге саламын» деп аса белсенділік танытып жүрген бұл азамат «нацист» деген сөздің мән-мағынасын жіті ұғынбаған болып тұр ғой. Білсе – айтпас еді. Біріншіден, полицейлер Қазақстанның мемлекет қызметкерлері болғандықтан, әуелі мемлекет тілі – қазақ тілінде сөйлеу олардың конституциялық міндеті, патриоттық ұлттық парызы. Екіншіден, Р.Жанпейісовтің бұл қылығы көпе-көрінеу жала, полиция қызметкерін қорлау. Осыған орай, «нацист» сөзін еріксіз талдауға мәжбүр болып тұрмыз, өйткені бұл айдан айқын әбестік жіберген азамат, көптеген жұртшылыққа өзін жөн-жобасы түзу, көрген-білгені толық жетілген азамат ретінде пікір қалыптастырған болатын. Ал осындай оқығаным-тоқығаным жеткілікті деген ой-пайымымен қоғамда белсенді іс-әрекет жасап жүрген азамат «нацист» деген сөздің нақты түсінігін анық білмесе, басқа қатары мол өскелең жастар «нацист», «националист» («ұлтшыл») деген сөздердің мағынасына терең бойламай, оларды қолдану мен қайсібір іс-әрекеттерінде қателік жіберіп жүрген жоқ па деген алаң біздің санамызды мазалайды. Бұған қоса, еліміздің кейбір оқыған-тоқыған азаматтары өзін «ұлтшылмын» деген атауды жөн көріп жүр. Бұл құптарлық үрдіс пе? Сонымен, осы тұрғыда жастардың саяси пайымы заманауи талаптарға сай ма? Осыларды талдап көрейік.

Саяси кеңістіктен хабардар, пайымы мен талғамы терең азаматтар үшін «нацист» деген өте ауыр айып, өйткені ол «фашист» деген сөзбен пара-пар түсінік. Көбіне «нацист» пен «фашист» сөздері бір түсінікті білдіреді. Ал фашист деген сөздің түсінігін мектеп балалары да біледі. Сонымен, «нацист» сөзінің нақты түсінігі қандай? Қолжетімді, белгілі сөздіктердің бетін ашайық. «Нацист – Германский фашист» (Нацист – Герман фашисті) С.И.Ожегов. Словарь русского языка.М., «Сов.энциклопедия», 1973, стр.363).

Ал мына келесі сөздікте аталмыш сөзге тіпті анығырақ түсінік берілген: «Нацист – Приверженец нацизма, член германской фашистской партии» ( Нацист – нацизмді ұстанушы, неміс фашистік партиясының мүшесі) (Словарь русского языка в 4-ой том. 2-ой том, М., 1982, стр. 414).

Ал Фашистік Германия – Ұлы Германиялық рейх – соғыс ашып, әлем халықтарын аяусыз қырып жойған, халықаралық қылмыскер, жауыз Адольф Гитлер басқарған ұлтшыл-социалистік жұмысшылар партиясының 1933 жылдан 1945 жылға дейін неміс елінде үстем құрған тоталитарлық диктатура режимінің тарихи атауы. 1933 жылдан бастап фашистік диктатура күш алып, мейлінше жетілгеннен кейін нацистік Германия дүниежүзіне үстемдік жүргізу жоспарын іске асыруға бар жігерін сала жедел кірісті. Фашистік нәсілшіл (ұлттық социализмнің идеологиясы мен саясаты шеңберінде қабылданған неміс нацизмінің нәсілдік теориясына сай «арий нәсілінің» олар «төмен санаттағы олқы» деп санайтын барлық басқа нәсілдерден сөзсіз артықшылығы туралы ақылға конымсыз сандырақ пайымы) ұғымдарға негізделген саясаттарына сүйене, нацистік Германия 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың отын лаулатып, миллиондаған еврейлерді және басқа да мемлекеттердің халықтарын қырып-жойған. Аса қырғын соғыстың салдарынан әлем бойынша 55 миллиондай адамдар өлімге душар болған. Бұл нацистік теріс ілім қасіреті көптеген мемлекеттер мен халықтарды ғаламат апаттар мен дағдарысқа соқтырған. Нацистік фашизмнің сиқы осындай еді. 5 жылға созылған Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы фашистік Германияның толықтай күйреуімен аяқталды. Сол жылдың күз айында Нюрнберг процесі басталып, фашистік Германияның басты әскери қылмыскерлер тобы қатаң жауапқа тартылып, өлім жазасына кесілді. Процесс қарары бойынша тарихта бірінші рет фашистік агрессия адамзатқа қарсы жасалған аса ауыр қылмыс екендігі айқындалды.

Енді «ұлтшылдық» сөзінің мән-мағынасын талдауға көңіл бөлейік. Ол үшін тағы да сөздіктер бетін ашайық. Өйткені өкінішке қарай, бұл сөздің түсініктемесі әр сөздікте әртүрлі сипатта беріліп келеді. Сонда жасөспірім ұрпақ пен қандай да болмасын оқырман өз ой-санасын қай сөздікке қарап қалыптастырады? Коммунистік идеология үстем құрған Кеңес заманында жарық көрген Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты дайындаған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» аталмыш сөзді былай анықтаған: «ҰЛТШЫЛДЫҚ зат. Ұлттар арасындағы алауыздықты насихаттайтын, еңбекшілер мүддесіне жат буржуазиялық идеология мен саясат. ...Алаш қолын бастаған, ұ л т ш ы л д ы қ туын ұстаған, Байшылдар тобы жығылды (И.Байзақов, Құралай.) (Аталған сөздік, 9 том, Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, Алматы, 1986, 477 бет).

Ал Елімізде Тәуелсіздік орнаған кезінде дайындалып жарық көрген 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» бетінде аталмыш сөз былай анықталған: «ҰЛТШЫЛДЫҚ — з а т. қ о ғ.с а я с и. 1. Төл этникалық құндылықтары мен мақсат-мұраттарын құрметтеуімен сипатталатын адам санасындағы әлеуметтік-саяси және психологиялық-этникалық құбылыс. (Аталған сөздік. 14-том. / Құраст.: М.Малмақов, Қ.Есенова, Б.Хинаят және т.б. – Алматы, 2011. - 800 б.). Ал енді 2008 жылы баспадан шыққан, таралымы 100 мың дана «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» аталмыш сөзге оның мән-мақсаты мен сипатына тән емес, біріне-бірі жанаспайтын, төркіндері бөлек түсініктер берген. Мысалы: «ҰЛТШЫЛДЫҚ. 1. Ұлт мүддесіне жан-тәнімен берілушілік, ұлтжандылық, ұлтын ерекше сүюшілік. 2. Ұлт мүддесін, ұлт ерекшелігін қорғау ұранын пайдаланып ұлттар арасына іріткі салушы буржуазиялық кертартпа саясат пен идеология.» (аталған сөздік. Алматы қ., «Дайк Пресс» баспасы, 858 бет).

Біріншіден, бұл анықтамада «ұлтшылдық» сөзі қарама-қайшы екі түсінікті қамтып тұр. Бұл дұрыс емес. Сонымен, «ұлтшылдық» пен «ұлтжандылық» түсініктерінің ара-жігі ажыратылмай, бір мағынаны ғана қамтитын сөздер ретінде берілген. Бұған мүлдем қарсымыз. Өйткені қазір «ұлтшылдық» деген сөздің өзіне ғана тән мағынасы жойыла бастап, ол басқа түсініктің шапанын жамыла бастаған. Бұндай қате үрдіс қоғам өмірінде талай қасіретті жағдайларға соқтыруы ықтимал. Астары неде? Өткен тарихымызға қысқаша көз жүгіртейік.

ХХ ғасырдың басында Ресей империясының озбырлық, жымысқы, отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған Алаш қозғалысы болды. Ұлт ардагерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы ұлт азаттығы үшін саяси күрес жолдарын бастады. Оған мыңдаған қазақ зиялылары қосылып, бұл қозғалыс ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін созылды. Бірақ қатыгез сталиндік коммунистік тоталитарлық режим оларды Алаш қозғалысы ізбасарлары ретінде қатаң жазалап, көбісін атып тастады. Тәуелсіз Қазақстанда Алаш қозғалысы ардагерлерінің жанкешті әрекеттері мен еңбектері лайықты бағасын алып, кең көлемде зерттеліп жатыр. Алаш ардагерлерін жазықсыз жазалауға кіріскен ГПУ-дің (сол қасіретті заманда Гепеу келе жатыр дегенде, тіпті шырылдаған бала жылауын күрт тоқтатады екен) жендеттері, олардың көбісін «ұлтшылдар» деген айыппен ату жазасына кескен. Ардагер алаштықтарға еліктеген қазіргі көпшілік өздерін «ұлтшыл» санатына қосып, «ұлтшылмыз» дейтіні сол себептен. Бірақ алаштықтар шын мәнінде ұлтшыл болмаған, өз халқын басқа халықтардан артық санамаған, тек ұлт мүддесін қорғауға тырысқан. Саналы қазақ ұлтжанды болса да, ұлтшыл болуға тиіс емес деген тұжырымды ширатайық. Өйткені ертеден қалыптасқан әлемдік қоғами философиялық пайым – ұғымдар мен анықтамалықтарда «ұлтшылдық» (национализм) өзіне ғана тән бұлтартпас түсінігінің мән-мағынасын жоғалтпайды. Сондықтан ертеден саяси әдебиеттер мен барша қоғам пайымындағы «ұлтшылдық» деп қалыптасқан түсініктен ешбір ауытқуға болмайды. Неліктен екеніне мән беріп, талдайық. Мысалы, орыс тілінде «национализм» (ұлтшылдық) сөзінің мағынасы шовинизм (әсіре ұлтшылдық), этнократия (әртүрлі халықтардың саяси құқықтарындағы теңсіздік пен айырмашылықтар, кейбіреулерге артықшылықтар беріліп, басқаларды кемсіту) және ксенофобия (басқа ұлттың адамдарына, шетелдіктерге, сондай-ақ кез келген бөтен адамға деген өшпенділік пен жеккөрушілік) сөздерінің түсінігіне етене жақын. Қазіргі заманауи сөздіктерінің анықтамасына сүйенсек: Национализм представляет собой ««идеологию и политику, исходящую из национального превосходства (автор Н.Сәдуақастегі ескертпесі!) и противопоставления своей нации другим» (ұлтшылдық – өз ұлтын басқа ұлттардан артық санау мен оны басқа ұлттарға қарсы қою саясаты мен идеологиясы) ( Современный толковый словарь русского языка под ред. С.А.Кузнецова (СПб.: Норинт, 2001). Осы анықтамаға сәйкес түсініктемелер басқа да сөздіктерде орын алған (Большой энциклопедический словарь под ред. А.М.Прохорова (М.: Большая российская энциклопедия, 2004.); Новый словарь русского языка под ред. Т. Ф. Ефремовой (М.: Русский язык, 2000); Мәні аса бағалы саяси басылымда: «Национализм – это идеология, психология, социальная практика, мировоззрение и политика подчинения одних наций другим, проповедь национальной исключительности и превосходства, разжигания национальной вражды, недоверия и конфликтов» (Ұлтшылдық – кейбір ұлттарды басқаларға бағындыру, ұлттық ерекшелік пен артықшылықты уағыздау, ұлт араздығын, сенімсіздік пен қақтығыстарды қоздыру идеологиясы, психологиясы, әлеуметтік тәжірибесі, дүниетанымы мен саясаты) (Политология: Энциклопедический словарь. М., 1993, стр.195). Ағылшынның Merriam-webster dictionary деп аталатын қалың жұртқа белгілі сөздігінде ұлтшылдық сөзіне байланысты мынадай анықтама берілген: Nationalism: loyalty and devotion to a nation especially as expressed in a glorifying of one nation above all others and a stressing of the promotion of its culture and interests (Ұлтшылдық: Бір ұлтқа деген берілгендік, әсіресе бір ұлтты басқа ұлттан асқақтатып, оның мәдениеті мен мүддесін ілгерілетуге баса мән беру).

Міне, осы сөздіктердегі мол түсініктерді негізге ала отыра қазақтың қалыптасқан қоғами, саяси, психологиялық ұғымы мен табиғи болмысына сай ұлтшыл болуына ешқандай негізі мен ынтасы жоқ деген тұжырымға тоқталу адами парызымыз. Қазақ өзін басқа ұлттардан артық санамайтындығы, ұлт араздығын, сенімсіздік пен ұлтаралық қақтығыстарды қоздыру идеологиясын мақсат етіп ұстамайтындығы анық. Әр қазақ саяси санасының дәрежесін мейлінше көтеріп, ел игілігіне бағытталған шынайы жасампаздыққа бет алуы абзал. Бұл бағыт әсіресе жастарға маңызды! Сондықтан әр саналы азаматтың, Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабының 2-тармағына сәйкес қазақстандық патриотизмді басшылыққа алып, Тәуелсіз Отанымызда шынайы ұлтжанды тұлға ретінде қалыптасуына барлық мүмкіндіктер баршылық.

Нақыпбек Сәдуақастегі,

заңгер-құқықтанушы, публицист