«Ұлтшыл» мін бе, мерей ме?
Мұхат Социалұлы әйгілі желтоқсан оқиғасы басталғанда әскери борышын Украинадаөтеп жүрген.
1986 жылы Чернобыль атом станциясында жарылыс болып, Киевтегі қазақстандық жауынгерлер бірден дүмпу ошағына жұмылдырылды. Мұхат Чернобыльге химик-барлаушы ретінде жіберілген.
— Дүмпу ошағы болған аймаққа келісімен бізді Ленин бөлмесіне қамап тастады. Құдайдың құтты күні жиналыс болады. Әскерилер бізге «наркоманы», «алкаши» деп жекиді. Ашуға мінген старшиналар «Националист» деп адуынды тіл қатады. Сөздерінің мәнісін түсінбейміз. Кейін білдім, бұл сөз елін риясыз сүйетін ұлтжанды жандарға қаратып айтылады екен. Осы ұғымды қазір ерекше қадір тұтамын.
Елден тысқары жүрген үш жүзге жуық қазақ жігіті осындай көпе-көрінеу айып арқалаған. Олар тар қапаста айға жуық аялдаған.
– Нарядқа түсетін сарбаздар жетіспегендіктен, бізді жаңа жылдан кейін әскери міндетімізді орындауға шығара бастады. Ол кезде елде желтоқсан дүмпуі басылғанмен, айналамыздағылар көпке дейін бізді жақтырмайтын кейіп танытып жүрді. Бірде күтпеген жерден естен кетпес бір оқиға болды. Біз отырған бөлмеге тапал бойлы офицер кіріп келіп: «Сендер, Қазақстаннансыңдар ма?» деді. «Иә» дедік. Ол: «Жарайсыңдар! Нағыз ұлтжанды ұлт екенсіңдер!» деп қолымыздан алды. Бұл сөз біздің рухымызды көтеріп, жігерімізді жанды. Тек сол кезде, отанымызда не болғанын білдік, – дейді Чернобыль жауынгері.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген рас. Жат елде жүргенде көп теперіш көрдік. Қауіптің өтіне жіберілген құрбыларымның 70 пайызы қазақтар еді. Олар радиация сіңген ғимараттарды тазартып, химиялық жарылыстың ортасында қалған көлік көметін қойманы қазды. Бәлкім, Қазақстанда желтоқсан көтерілісі болмағанда, қазақ жастарын радиация ошағын залалсыздандыруға тоғытар ма еді. Менің әкелік әрі азаматтық бар тілегім – қасқалдақтың қанындай аз халқымызға қайғы кештіріп, жастарымызды қынадай қырған қанды желтоқсан мен қаңтар оқиғасы қайталанбаса екен. Жазықсыз жандар жапа шекпесе деймін, – дейді кейіпкеріміз.
Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысқан қарағандылық Мұхат Социалұлы былтыр желтоқсан айында «Төтенше жағдай кезіндегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қазақ жігіттерінің кеңес дәуірі үшін жасаған ерлігін арада 35 жыл өткенде – тәуелсіз туған елі еледі.