«Ұлттар достығы» мерекесі: азаматтық қоғам, ұран мен шеру

Үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары жердің қамқоршысы әйел құдай Майяға табынған десе-ді.
Соның құрметіне көктемнің соңғы айын «май» деп атап, осы айдың бірінші күнінде серуендер өткізіп, той жасаған екен. Содан бері бұл күннің тарихи сипаты ерекше. Бүгінде біз «Қазақстан халықтарының бірлігі күніне» балайтын 1 мамыр 1889 жылдың шілдесінен бастап АҚШ-та Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде атап өтілді. 1886 жылдың 1 мамырында АҚШ-тың жұмысшылары 15 сағаттық жұмыс күніне қарсы ереуіл ұйымдастырып, зауыт басшыларынан жұмыс күнін 8 сағат деп белгілеуді талап етеді. Нәтижесінде ереуілге қатысқан жүздеген адам тұтқындалып, алты жұмысшы мерт болды, елу адам жарақат алды. Дегенмен жұмысшылардың талабы орындалды. Содан бері 1889 жылдың маусымында Париждегі 2 Интернационалдың 1 Конгрессі 1 мамырды – 8 сағаттық жұмыс күні үшін Халықаралық күрес күні немесе Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні деп атау туралы шешім шығарды.
Патшалық Ресейде де бұл мейрам 1890 жылы жұмысшылардың ереуілге шығуы ретінде аталып өткен. Бір жылдан кейін Петербург қаласында бірінші «маевка» ұйымдастырылды. 1897 жылдан бастап «маевкалар» саяси сипатқа ие болып, жаппай демонстрациялармен қатар өтті. 1917 жылдың 1 мамырында бұл мереке алғаш рет ашық тойланды. Кеңес Одағында Еңбекшілердің ынтымақтастық күні мемлекеттік мереке болып табылып, сән-салтанатпен атап өтіліп, мамырдың алғашқы екі күні демалыс саналатын. Қазіргі таңда Ресейде бұл мейрам өзінің бастапқы саяси мағынасынан айырылып, Көктем және еңбек күні болып есептеліп кетті. Ал біздің елде 1996 жылдан бастап 1 мамырды «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жариялаған.
Көпұлтты әлде көпэтносты қоғам – тек демографиялық дерек емес. Бұл – тұрақтылық пен әлеуметтік шиеленістің, ұлтаралық араздықтың арасында үнемі шиеленісіп тұратын күрделі әлеуметтік процесс. Қазақстан секілді этностық құрамы алуан, сан ғасыр отарлық тарихы бар, ал қазіргі ұлттық мемлекеттілігі әлі орнығып болмаған елде бұл мәселенің одан сайын түрлене түсуі заңды. Күні бүгінге дейін «халықтар достығы» деп ұрандата беретін идеологияның артында Кеңестік идеологияның сарқыншағы жатқан сыңайлы. Кеңес Одағы кезінде бұл ұғымның артында «советтік біртектілік» идеологиясы тұрған еді. Әр ұлт пен ұлыс өз болмысын сақтағанмен, бәрі «совет адамы» деген бір ортақ шаблонға икемделуі керек болды. Кеңес билігі кезеңінде «ұлттар достығы» ұраны ұдайы насихатталды. Бірақ бұл ұғым нақты бір саяси-әлеуметтік тәжірибемен емес, көбіне декларативті сипаттағы рәсімдермен бекітілгені мәлім. Ендігі жолы бұл жағдай тәуелсіздік алған тұста айқын сезіле бастады. Ұлттар арасындағы шынайы қарым-қатынастың әлсіздігі, тарихи әділетсіздіктердің ізі, әлеуметтік теңсіздіктің ұлтаралық планда көрініс беруі – барлығы да ұзақ жылдар бойы жинақталған ішкі қайшылықтардың салдары болатын. Хош. Қалай десек те, дәл осы күні еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі этностар ұлттық киімін киіп, шеруге шығады, ұлттық тамағын пісіріп, биін билейді. Бұл мерекенің сонда мәні мен маңызы қандай? Ұлтаралық татулық, халықтар бірлігі деп қайталай беру этностар арасындағы араздықты жоя ма? Осы турасында біз бүгін әлеуметтанушылар Серік Бейсембаев пен Құралай Қатаева және алаштанушы Ұшқын Сәйдірахманнан пікір алдық.

Серік БЕЙСЕМБАЕВ: ҚАЗІР АДАМНЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ КІНДІГІ БҰРЫНҒЫДАЙ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС
Шынымен-ақ бүгінде «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» аталып кеткен 1 мамыр мерекесінің өзі – Кеңестік кезеңде қалыптасып, бүгінге дейін жеткен бір институт. Сол коммунистік мұрадан қалған мереке. Мерекенің мақсаты – әртүрлі ұлттардан құралған кеңес одағында тұтастықтың көрінісін қамтамасыз ету болатын. Жасыратыны жоқ, бұл мереке де, ассамблея да тәуелсіз Қазақстанда да маңызын, өзектілігін жоғалтпай, билік пен мемлекет үшін ұлтаралық жанжалдардың алдын алу механизмі ретінде пайдаланылып келді. Ассамблеяның да жұмысы ұжым ретінде осы түсінікке, идеяға негізделген. Бүгінгі Қазақстан қоғамы – әртүрлі этностардан құралған қауымдастық. «Біз ұлттар достығын көрсету, жарнамалау арқылы ұлтаралық жанжалдардың алдын аламыз» деген түсінік болатын. Бірақ соңғы отыз жылдың ішінде бұл түсініктің өзектілігі жоғалып, бұрынғыға қарағанда сейіліп келе жатқанын көреміз. Бүгінгі қоғамда құндылықтар алмасып, кім-кімнің де identity не этникалық кіндігі бұрынғыдай маңызды емес. Өйткені біздің замандастарымыз адамның этникалық белгілерінен бұрын басқа құндылықтары мен белгілерін, мәселен, адами құндылықтары, тілі мен діні сынды, міне, осыларды әлдеқайда маңызды санайды, соған баса назар аударады. Жаһандану нәтижесінде ұлтаралық некелердің саны өсті, осы себепті де көп адамға өзінің этникалық кіндігі өзіне де үлкен сұрақ. Мәселен, қазір төлқұжатында ұлтын көрсетпей, өзін «мен тек қана қазақпын», не «мен тек қана орыспын» деп айтатындар азайған. Біздің елде осы ұлтаралық татулық, достық шектен тыс идеологияға ұшыраған. Егер мемлекет «адамдардың құқығы» деген идеяға жұмыс істеп, азаматтық қоғам талаптары жүзеге асса, ұлт пен ұлыс мәселесі тым өршімейтін де еді. Кез келген адам өзінің шыққан жері, ұлты мен ұлысы, сеніміне қарамастан, азаматтық құқықтарға ие. Оның ар-ожданы мен жеке бостандығы, құқықтары шектеуге келмейтіні анық. Дәл осы түсінік заң не сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жүзеге асқанда бұл мерекенің де, «ұлт», «халықтар бірлігі» мен «ұлттар достастығы» деген символдың да сонша маңызы қалмайтын еді. Дегенмен қазір, өкінішке қарай, азаматтық қоғамдағы адам құқығы деген концепция жүзеге аспау салдарынан әлі күнге дискриминация өршіп тұр. Тіпті халықты былай қойғанда биліктің өзі де риторикасында дискриминацияны жиі байқатып қалады. Өткен жолы «оралмандар» турасында айтылған пікір, үнемі айтылып қалатын дін өкілдері туралы пікірлер осының айқын дәлелі. Ылғи да hate speech байқалып қалады. Тіпті биліктің өзінде бөліп-жару басым. Кім-кімнің де іс жүзінде азаматтық құқығы бола тұра, сырт келбетінің әлде шыққан тегінің «дұрыс» болмауына байланысты азаматтық құқықтарының толық пакетіне ие бола алмайды. Осы себепті де қоғамда үнемі мәселе туындай береді. Билік өз риторикасы соған мүмкіндік беріп отыр. Сәйкесінше, осындай концепция, мейрамдар мен ассамблея сынды ұйымдар ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеудің тетігі ретінде отырғанмен, толық жүзеге асады деп ойламаймын. Жылда «ұлтаралық бірлік» деп шеру өткізіп, ассамблеяның съезін жасай беру – символикалық мәнге ие идеологиялық құрал. Бәрі сөз жүзінде ғана орындалады. Ұлт пен ұлт бір-бірімен өз мүддесінің пайдасы мен қамы үшін ғана дос бола алатын шығар. Еуропа елдерінде көптеген ұлт пен ұлыс, этнос қатар өмір сүреді. Себебі мемлекеттің идеологиялық негізі – либерал-демократия. Либерал-демократия орныққан елдерде ұлтқа байланысты кемсітушілік не этникалық мәселелер сонша ушыққан емес. Неге? Себебі мұндай елдерде либерал-демократия риторика, саясат түрінде халықтың ойына, түсінігіне әбден сіңіп кеткен. Әр адам ұлт, дініне қарамай тұлға ретінде бағаланады.

Құралай ҚАНТАЕВА: ҚОҒАМ БҰЛ МЕРЕКЕНІ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАСА, МЕЙРАМ СОҒАН САЙ ЖАҢА МӘНГЕ ИЕ БОЛАДЫ
Қазақстан көпэтносты, көпмәдениетті мемлекет болғандықтан, қоғамның тұрақтылығын сақтауда ұлтаралық бірліктің, ұлтаралық келісім идеяларының мәні зор. 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігін тойлау қаншалықты орынды деген мәселеде қоғам пікірі бірнешеге бөлінеді. Бұл тұрғыда сыни көзқарас танытатындар да, қолдаушылар да табылып жатады. Ең әуелі бұл мерекенің қайдан шыққанын талдаған дұрыс болар, бұл даталы күннің тарихта түсіндірілуі мен интерпретациялануы мерекенің тікелей мәнін ашады. Сыни көзқарастар бойынша кей азаматтар бұл мейрамның тарихы тікелей Кеңестік жүйемен байланысты екенін алға тартады. Кеңестік жүйенің сарқыншағына балап, содан қалған қалдық, рудимент деп қабылдау қалыптасып қалған. Бұның өзі де заңды пікір. Әдетте постколониаль елдерде кез келген тарихи шешімнің, оқиғаның немесе қандай да бір заңның орын алып, қабылдануына Кеңес одағының байланысы бар болса, солай түсінсе, бірден бас тартып жатады. Бұл – қоғам санасындағы мәдени травма. Сол қалыптасқан сыни көзқарас бойынша бұл күннің түп-тамыры – халықаралық еңбекшілер күні, не социалистік ынтымақ күні деп түсіндірілгенмен, бұл шешімнің өзі де халықаралық тәжірибеге байланысты туғанын ұмытпауымыз керек. Мәселен, кезінде АҚШ-та он бес сағаттық жұмыс күнінен сегіз сағаттық жұмыс күніне ауысуын талап етіп талай ереуілдер орын алды. Сол ереуілдердің нәтижесінде Парижде еңбекшілердің халықаралық «ынтымақтастық күні» пайда болады. Дәл осы мереке кезінде қайта жаңғырып, Кеңестік идеяда көрініс тапты. Кейін бұл мерекені тойлаудан бас тартып, 1996 жылы жаңғырған сипатта Қазақстан «Халықтар бірлігі күнін» тойлап бастады. 1 мамырға бекітілгенмен, идеясы мен мазмұны мүлде басқа бағытқа ауысты. Демек бұл күн мемлекеттік деңгейде де, азаматтық қоғам үшін де бірлік идеясын нығайтудың құралы болу керек. Тек қана этностардың арасындағы достықты ғана емес, азаматтық теңдікті, мәдени әртүрлілікті мойындау үшін, осындай сан салалы ғаламда бейбіт өмір сүруге болатынын, қорыта айтқанда, бейбітшілікті насихаттайтын мереке ретінде қарастырсақ болады. Яғни әлеуметтанушылық тұрғысынан мерекенің мазмұнымен қабылдануы тек тарихи контекстке байланысты емес, қазіргі қоғамдық қатынастар мен құндылықтарға байланысты тікелей өзгеріп отырады. Қоғам бұл мерекені қалай қабылдаса, мейрам соған сай жаңа мәнге ие болады.
Қазақстан көпұлтты мемлекет емес, көпэтносты мемлекет және біздің елдегі ұлт біреу, ол – қазақ ұлты. Осы анықтаманы берген кезде ұлттың әлеуметтік және этноәлеуметтік тұжырымы бар екенін түсінуіміз керек. Этноәлеуметтік ұлт дегеніміздің өзі – этникалық шығу тегіне, тілге, мәдениетке негізделген ұлт түсінігі екенін білуіміз керек. Ұлттың әлеуметтанудағы анықтамасында да ұлт дегеніміз белгілі бір географиялық аймақта тарихи қалыптасқан өз тілі мен мәдениеті бар қауымдастық деп айтамыз. Және мұнда ең маңыздысы – ресми шекарасы бар деген анықтаманың болуы. Ұлт бір этностың айналасында құрылып және мемлекетті құрушы ұлт ретінде қазақ этносы танылып, тіл мен мәдениет саясаты осы бағытта жүргізілетінін білдіреді. Дегенмен ұлт ұғымын түсіндіруде екінші нұсқа бар. Бұл – азаматтық ұлт тұжырымдамасы. АҚШ-тағы қазіргі идеология азаматтық ұлт тұжырымдамасы тұрғысынан жүріп жатқанын білеміз. Бұл ұлтты тек этникалық шығу тегіне қарай емес, ортақ азаматтық идеяларға, құқықтық теңдікке, ортақ саяси кеңістік пен құндылықтарға негізделіп түсіндіруі. Қазіргі таңда ол жақта жергілікті халық саны өте аз да, шығу тегі, нәсілі, діні мен ділі әрқилы сырттан келген этникалық топтардың өкілдерін «америкалық» деп шоғырландыру арқылы тұрақтылығын сақтап отыр. Қазақстан үшін азаматтық ұлт қаншалықты тиімді боларын дөп басып айту қиын. Себебі елімізде қазақ ұлтының үлесі көп, сол себепті де екі ұлт тұжырымдамасын қатар алып жүру қиын болмақ. Конституция тұрғысынан азаматтық ұлт тұжырымына негізделгенімізбен, қоғамдық сана мен тәжірибеде этноәлеуметтік ұлт белгілері сақталып отыр. Халық санының басым бөлігін қазақ ұлты құрайды, ұлт ұғымында ресми шекара ретінде қалыптасқан кезден бастап ұзақ уақыт мекендеген халық тобы болса, екі модельді де қатар алып жүру қажет. Қазақстанда қазір азаматтық ұлт қалыптастыру процесі жүріп жатыр. Болашақта тұрақты азаматтық ұлтты қалыптастыру үшін ең әуелі құқықтық теңдік керек дер едім. Бұдан бөлек, мәдени теңдік пен тіл саясатының әділеттілігі, азаматтық бірегейлікті нығайту мәселелеріне баса назар аударған жөн. Қазақстандағы ұлт саясаты ресми тіркелген құжаттарда ғана емес, жалпы қоғамдық санаға орнығып, көрініс тапса, азаматтық ұлт концепциясына оңай қол жеткізе аламыз, бейбітшілік пен тұрақтылық, тыныштық орнайды. Шынайы ұлтаралық бірлік тек символикалық мейраммен емес, күнделікті саясат пен әлеуметтік әділеттіліктен көрініс табуы қажет. Менің ойымша, 1 мамырды – Кеңестік дәуірді жалғасы ретінде емес, керісінше, заманауи көпұлтты мемлекеттің болмысына сай жаңа мазмұндағы мереке ретінде бағалаған дұрыс.

Ұшқын СӘЙДІРАХМАН: БІЗДЕГІ ҰЛТ ПЕН ҰЛЫСТЫҢ ДОСТЫҒЫ ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА
Белгілі бір тарап не ұлттың ғана мүддесін жығып, екінші тараптың мүддесін үстеп отыратын идеология құрылған достық ешқашан «достық» емес. Оны біз «ұлттар достығы», «халықтар бірлігі» деп атаған күннің өзінде де бұл уақыт өте келе жаулыққа не қақтығысқа, мүдделердің ушығуына әлде тайталасқа әкеліп соғуы мүмкін. Шын мәнінде мемлекетте ұлттар достығы орнап, достық дәуіштегі қарым-қатынас орнауы үшін не керек деген сұрақ туындауы заңды. Осы мемлекетте тұратын, өмір сүретін күллі этностардың ортақ мүддесі болуы тиіс. Ол қандай мүдде десек, Қазақстанның гүлденіп, көркеюіне жан салатын патриоттық сезім, елге деген жанашырлық. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта біз мұндай жалпыхалықтық идеологияны көре алмай отырмыз. Мейлі ассамблея не басқа болсын қазіргі таңда тек қағаз жүзінде ғана декларативті түрде жұмыс істеп жатыр. Себебі ұлтаралық араздық туып, кикілжің туындай қалғанда сол мекемелердің қоғамға бағыттаған үні мен үндеуі естілмейді. Сондықтан «ұлтаралық достық», «халықтар бірлігі» деген ұғымның бәрі дерлік күштеп таңылған, қағаз жүзіндегі достық пен құндылық деп қана санаймын. Ал шынайы достық Қазақстан – ортақ мекенім, қазақ тілі – ортақ тілім, осы ұлттың болашағы – менің болашағым деген ұстанымдармен етене біріккенде ғана шынайы достық пейіл, жолдастық келісім туады.
Қазіргі уақытта күнтізбедегі кей даталар Кеңестік кезеңнен қалған мұрадай не сол уақыттағы дәуірді еске түсіретін күндей әсер етеді. Кеңес кезінде осындай қолдан жасалған даталар мен мерекелерге идеология әсер еткен. Ол кезде мейлі жақсы не жаман болсын қуатты идеология бар еді. Бізде қазір мереке болғанмен, оның арғы жағында ұстап тұратын тұғыры жоқ. Сондықтан мұның бәрі жасанды боп көрінеді, айнала толған ұран мен дауыс жасандылау естіледі. Бірінші мамыр сынды мерекелердің көбі декоративті формада қалғаны жасырын емес. Қазақтар қазақша шапанын, басқа ұлттар өзінің халықтық киімін киіп ап, алаңда шерулетіп жүрумен ғана шектеліп жатыр. Бұл тереңіндегі тамырдың жоғынан. Тамыры жоқ, тақырға отырғызылған гүл сияқты. Сырт көзге сұлу боп көрінер, бірақ өміршең емес. Шын мәнінде ұлт пен ұлтты ұйытып, біріктіретін идеологияны орнықтыру үшін мерекеден тыс, басқа форматтар ойлап табылу керек деп ойлаймын. Әрине, мұндай мерекелерді түбегейлі жоққа шығаруға да болмас. Егер түр ғана емес, мән мен мазмұн болса, кез келген мереке мемлекеттің болашағына, бүгініне қызмет етері анық. Тіпті қоғам мүшелерін біріне-бірі жақындата түсер еді.
Дайындаған
Ақгүлім Ерболқызы