Ұлттық банк 2030-ға әлі сенеді екен

2030 жылға дейін Ұлттық қордың валюталық активтері 100 млрд долларға жетуі тиіс...
Бұған қатысты Ұлттық банк бүгінде «Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын» жариялап та үлгерді. Бас банк пен үкімет бұл мақсатқа активтерді басқарудың тиімділігін арттыру арқылы жете саламыз деп ойлайды екен.
Қазақстанның Ұлттық қоры 2014 жылдан бері бір тиынға өспей қойды. Тіпті 2022 жылғы инвестициялық шығын көлемі 2,6 триллион теңгеге жеткені белгілі болды. Бұл – Ұлттық қордың 10,35 пайызы.Өткен жыл Ұлттық қор үшін шығын көлемі мұның алдындағы барлық жылдардан асып түсті. Сарапшылар бұған «әлемдік саясаттағы соғыстар, санкциялар, пандемиядан кейінгі инфляция әсер етті» деп жатты.
Ұлттық қордың, яғни оны басқарушылардың әлемдік жағдай өзгерген кезде оған тез бейімделе алмайтыны байқалады. Ал алдағы уақытта қандай да бір күтпеген жағдайларға дайынбыз ба? Ұлттық қордың бүйірін томпайту үшін не істеу керек? Және ең негізгі сұрақ: жеті жылдың ішінде Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу мүмкін бе?
Есеп дөп пе?
Ranking сарапшылары қорды 100 млрд долларға жеткізу жағдайы шынайылықтан біршама алшақ екенін айтады. Мысалы, 2023 жылдың наурыз айындағы есеп бойынша Ұлттық қор активі 58,4 млрд долларды құраған. Енді жеті жылдан аз уақытта Ұлттық қордың активтері 71 пайызға немесе 41,6 млрд долларға өсуі керек деп болжанып отыр. 2014 жылдан бергі тоғыз жылда Ұлттық қор активтері өспек түгілі азайып кеткенін елеусіз қалдыра салуға болатын болса... Онда жоспар орындауға оңай секілді көрінеді. 2014 жылғы тамызда (ол кезде мұнайдың бағамы 97 доллар болған) Ұлттық қордың активі тұрақты өсім көрсетіп, 77,2 млрд долларға жетті, бірақ одан кейін құлдырау басталды. Бүгінде Ұлттық қордың активтері сол кездегімен салыстырғанда 24,5 пайыз немесе 18,8 млрд долларға төмендеген.
Тағы бір қызықты дерек: қорды көбейтуге қатысты жаңа тұжырымдамада 2016 жылдың өзінде бізде Ұлттық қор активтерін басқару тәсілдерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілгені айтылыпты. Сол кездің өзінде тұрақтандыру портфелінің максималды көлеміне 10 млрд доллар шегінде шектеу қойылды. 2019 жылы Ұлттық қордың жинақ портфелінің активін консервативті бөлуден теңгерімді бөлуге көшіру басталды. Алайда мұндай шаралар да қорды толықтыра алмады. Сөйтіп жүргенде пандемия басталды. Бұл Ұлттық қордан ойсырата қаражат алуға итермеледі. Нақ осы кезеңдерде қорға мұнайдан түсетін табыстан гөрі республикалық бюджетке алынатын қаражаттар көп болды. Мысалы, 2017 жылы қорға 2,1 трлн теңге түссе, алынған ақша 4,4 трлн теңгеге жетті; 2020 жылы 1,4 трлн теңге кіріс болса, шығын 4,8 трлн теңгені құрады. Осындай жағдайларды ескерсек және қорды басқару әдісі ойдағыдай жүзеге асып жатпағанын есепке алсақ, онда 2030 жылға қарай 100 млрд долларлық көрсеткішке жету оңай болмайтынын аңғарамыз. Демек, бұл арада сарапшылардың «Ұлттық қорды өсіруге қатысты есеп дөп емес» дегенімен еріксіз келісуге тура келеді.
Күтпеген сценарийлерге дайынбыз ба?
Ұлттық қорға мұнайдан түсетін түсім, мұнай-газ саласындағы компаниялардан жиналған салық, ауылшаруашылық жерлерін сатудан тапқан қаржы, республикалық меншіктегі және ұлттық холдингтер мен компания активтерін жекешелендіруден түскен табыс 2000 жылдан бері жинақталып келеді. Негізінен Ұлттық қордың басым бөлігі мұнайдан түсетін түсіммен толығады. Биыл Халықаралық валюта қоры мұнай баррелінің бағасы 16,2 пайызға арзандап, 81,13 долларға дейін төмендейді деп болжап отыр. Тағы бір болжам – жанармайға жатпайтын шикізат тауарлардың бағасы да орта есеппен 6,3 пайызға құлдырайды дейді. 2023 жылы мұнай бағасы 81,13 доллар болса, 2024 жылы 75,36 доллар болады деген мәлімет айтылып жатыр. Демек, мұнай бағасы екі жыл қатарынан төмендемек. ХВҚ Ресей мен Украинадағы қақтығысқа байланысты мұнай, газ және азық-түлік бағасының күткен көрсеткіштен жоғары болуы жалпы инфляцияны қайта көтеруге ықпал етуі де мүмкін. Бұл үкіметті республикалық бюджеттің жыртығын жамау үшін тағы да Ұлттық қорға қол салуға итермелейді дегенді меңзеп тұр.
Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов айтады:
«Бұған дейін Ұлттық қорды көбейтуді жоспарлағанда бірқатар күтпеген сценарийлерге дайын болмадық. Пандемия, қымбатшылық, мұнай бағасының түсуі кезінде бірден Ұлттық қорға қол салдық. Алғашқы құрылған тұсында Ұлттық қордағы ақшаға ешкім тиіскен жоқ. Ол кездері мұнай бағасы 115 доллардан асты, соның арқасында түсетін түсім тұрақты болды. Бірақ 2007 жылдан бері қордың тұрақтандыру портфелінен жыл сайын үздіксіз ақша алынып келді. Бүгінде Ұлттық қордан алынатын қаржы бюджеттің кіріс бөлігінің тең жартысын құрайды. Қазіргі мұнай бағамы (89,51 доллар) да аса төмен көрсеткіш емес. Бірақ біздің Ұлттық қор ішкі және сыртқы саясатқа, экономикалық тұрақсыздықтарға төтеп бере алмай жатыр. Бір ғана мысал, пандемия кезіндегі күтпеген жағдайларға біз дайын болмадық. Экономикамыз дайын болмады. Әлемдік геосаясаттағы толқулар да қазір бізге қиындық тудырып отыр. Бұл да экономикалық саясаттың проблемасы бар екенін көрсетеді. Экономиканы дамыту жүйесін жаңа форматқа ауыстырып, тиімді жол ұстанбай, қоржынымыздың тесілгені тесілген.
Үлгі алғымыз келеді, ұқсата алмаймыз
Қазақстан 2000 жылы Ұлттық қорды құрғанда ең әуелі Норвегияның үлгісіне жүгінген. Норвегия 1990 жылы Мемлекеттік зейнетақы қорын құрды. Оны қазір көбіне «Норвегия мұнай қоры» деп те атайды. Аты айтып тұрғандай, бұл қор қара алтынға бай мемлекеттің мұнай сатудан түскен пайдасының бір бөлігін болашақ ұрпақ үшін сақтауға арналған. Қазіргі таңда мұнайдан түскен қаржыны жинақтайтын инвестициялық қоры бар елдердің ішінде Норвегия оқ бойы озық тұр. Бұл қордың түсімі мол болатын жөні бар. Норвегия 77 мемлекеттегі 9000 компанияға инвестиция құйған екен. Оның ішінде Apple, Nestle, Microsoft компанияларының акцияларына ие. Өкініштісі сол, біз Норвегия үкіметі сияқты тиімді жобаларды дөп басып тануда сауаттылық таныта алмай келеміз. Біздің үкімет осы уақытқа дейін Ұлттық қорды толықтыруда көпшілігінде мұнайдан түсетін түсімге сеніп келді. Мұнайдың дәурені өтіп барады. Мұнайға сеніп отыра беруге болмайтынын халықаралық сарапшылар да айтудай-ақ айтып жатыр. Осыған орай үкімет 2018 жылдан бастап қана дамушы елдердің активтеріне қаражат салуды бастады. Одан не шықты? Әзірге Ұлттық қордағы қаражаттың шетелдік активтерден тапқан пайдасынан гөрі зияны жайлы көп естиміз. Мәселен, сол 2018 жылы Ұлттық қордың 22 миллиард долларға пара-пар активтері бұғатталғанын әлемдік ақпарат құралдары жарыса хабарлады. Абырой болғанда, Амстердам округтік соты Қазақстан Ұлттық банкі мен Әділет министрлігінің шағымын қарап, New York Mellon банкіндегі Ұлттық қордың қаржысын бұғаттан босату туралы шешім шығарды. Міне, мұнайдың бағасы, пандемия, әлемдік қақтығыстардан бөлек инвестициялық табыс табу үшін шетелдік активтерге қаражат салуда да осындай күтпеген жағдайлар болып тұрады.
Ұлттық қордан тек кейінгі үш жыл ішінде 12 триллион теңге, яғни 30 миллиард долларға жуық қаржы алынып, әртүрлі мақсаттарға, соның ішінде коронавирус пандемиясының зардаптарын еңсеруге жұмсалды. Өз кезегінде есеп комитеті бұл қаражаттардың жұмсалуына қатысты арнайы аудит жүргізіп, кемшіліктер кеткенін анықтады. Республикалық және жергілікті бюджеттердің Ұлттық қордан бөлінген қаржыны өз мақсатына пайдаланбау фактілерінен бөлек министрліктер қордың қаражатын оңды-солды шашқан деген деректер айтылды. Мысалы, экология министрлігі 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызу, балық өнімдерін өндіру мен экспорттау көлемін ұлғайту үшін 2021 жылы алған қаражаттың 700 миллион теңгесін ведомстволық бағынысты кәсіпорындарына автокөліктер, жабдықтар мен ноутбуктар сатып алуға жұмсаған. Бұдан бөлек 2015-2021 жылдары пайдаланылмаған және Ұлттық қорға қайтарылмаған қаражат 72,3 миллиард теңге екені анықталған. Қысқасы, Есеп комитеті Ұлттық қор қаражаты есебінен инвестициялық жобаларды іске асыруда орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы нашар деген қорытындыға келген.
Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов мұның барлығы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауында дейді.
«Ұлттық қорға жүктелген міндеттердің орындалуына бізде үш мемлекеттік орган және екі консультативтік-кеңесші орган жауап береді. Жоспарлау – Ұлттық экономика министрлігіне, кірістерді есепке алу – Қаржы министрлігіне, активтерді басқару – Ұлттық банкке, жалпы үйлестіру – Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске, бақылау Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияға жүктелген. Ал жаңағы біз үлгі еткен Норвегияда немесе Қытай мен Ресейде және басқа да елдерде мұндай қордың қызметін бір-ақ мемлекеттік орган, қаржы министрлігі немесе Орталық банк реттейді. Ал бізде Ұлттық қорды бірнеше орган басқарады, бақылайды. Осыдан барып «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келеді. Орталықтан бір ғана орган басқарып, бақылап, тікелей президентке есеп беріп, сол органнан ғана барлық есеп сұралып отырса, жауапкершілік те артып, жұмыс та жөнімен істеліп, қор да толығар еді», – дейді маман.
Не істеу керек?
Дегенмен тым үмітсіз де емес сияқтымыз. Жұмысты дұрыс үйлестіре алса, Ұлттық қорды толықтыруға болады. Өткенге зер салсақ, біз – 2002, 2008, 2015, 2018 жылдары қорды минусқа жіберіп алыппыз. Бұл Ұлттық қордың акция таңдаудағы қателігінен болған. Яғни таңдаған акциялар құнын жойған, соның нәтижесінде Ұлттық қордың ақшасы желге ұшқан. Қалған жылдарды аз да болса жағымды нәтижемен аяқтап отырыппыз. Салыстыру үшін бір мәселеге ғана мән берейікші, мәселен, Ұлттық қор инвестициялық жұмыстан 2020 жылы 4,15 миллиард доллар тапқан. Сол жылы мұнайдан Ұлттық қорға небәрі 1,4 триллион теңге түскен.Сонда, бұдан былай не істеу керек?! «Ол үшін ең алдыменҰлттық қорды дұрыс басқарып, өсетін акцияларды таңдай алып, мықты инвестициялық саясат жүргізсек, Ұлттық қорға қаражат жинақтауда мұнай бағасына тәуелділіктен құтылуға болады». Бұл Жұмаділда Баяхметовтің жауабы.
Маман алға тартып отырғандай, үкіметке Ұлттық қор көлемін кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу керек деген тапсырма бекерден бекер берілмеді. Егер 100 миллиард доллар жинап алып, одан жыл сайын кем дегенде 5 пайыз кіріс алып отырсақ, бізге сол пайыздан-ақ жылына 5 миллиард доллар түсіп отырады. Мұнай қатты арзандап кетті немесе әлем мұнайдан бас тартты деген күннің өзінде де, Ұлттық қордың негізгі қаржысына тиіспей, сол 5 миллиард доллармен бюджет дефицитін жауып отыруға мүмкіндік бар. Сондықтан қорды «100 миллиард долларға жеткізу керек» деген бұл тапсырма үкіметке осы мақсатта берілді. Әрине, Ұлттық қордың ақшасын жамбасқа басып отыра беруге болмайды, оны өздігінен өсірудің жолы – тиімді инвестиция. Бұл ең алдымен қорды, одан кейін жалпы экономикамызды мұнайға тәуелділіктен құтқарады.
Смайылов мойнына осындай орасан міндет алғанда, жағдайды асықпай бағамдаған болар деп үміттенеміз. Болуы мүмкін форс-мажорларға қарсы «вакцина» салдырып алып барып, әҰлттық қор – 2030» бағдарламасын ұсынған шығар. Қит етсе Ұлттық қордан шыға келетін трансферт «вирусына» қарсы иммунитет болмаса, онда бәрі бекер болғаны. Әйтпесе, былтыр алған 4 триллион теңгені 2017, 2020 жылдардың рекордын қайталау үшін алдық демесе, онша мақтанатын нәрсе емес.
Айтпақшы, мақтаулы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2030 туралы тағы бір тәтті арманға кедергі келтіре қоймайтын шығар. Үкімет тұжырымдама жасағанда осы және өзге де мәселелерді зерттеген болар деген үмітпен «Жас Алаш» редакциясы үкіметке арнайы сауал жолдады. Жауабын келер аптада оқып қалуларыңыз мүмкін.
Қарлығаш Зарыққанқызы