Ұлттық банк төрағасының орынбасары тағайындалды
Бинұр Жәленов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Бинұр Жәленов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды», – делінген жұма күні жарияланған хабарламада.
Жәленов 2024 жылдың қыркүйегінен бері Ұлттық банктің цифрлық трансформация жөніндегі жетекшісі, сондай-ақ төрағаның кеңесшісі қызметін атқарған. Оған дейін, 2023 жылдың тамызынан бастап, Ұлттық банкке қарасты «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болған. Ал бұдан бұрын, 2023 жылдың ақпанынан бастап, Ұлттық банктің «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын басқарған.
Жәленовтің алдында Ұлттық банк төрағасының орынбасары болған Берік Шолпанқұлов қызметінен 7 триллион теңгенің «сыртқа шығарылуы» туралы дау аясында босатылған еді.
Бұған дейін Шолпанқұлов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көршілес елден Қазақстандағы бір банк арқылы шетелге 7 триллион теңгеден астам қаржы аударылғаны туралы мәлімдемесінің дұрыстығына күмән келтірген. Ұлттық банк төрағасының орынбасары ол кезде заңбұзушылық анықталмағанын айтқан болатын.
Кейін Ақорда Тоқаевтың 7 триллион теңге аударылғаны туралы сөзі шындыққа сәйкес екенін растады және бұл мәселенің санкциялық саясатпен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен кеңесте Тоқаев агенттік төрағасы Жанат Элимановтың баяндамасына сүйене отырып, 2025 жылы көршілес елден Қазақстандағы бір банк арқылы басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы аударылғанын мәлімдеген еді.
Осыған байланысты мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігіне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Ұлттық банкке нақты тапсырмалар берген.