Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 11 Қараша 2023

Ұлттық банк: Ұлттық қор шығынға ұшырауы мүмкін

тенге
Фото: из открытых источников

«Жас Алаштың» 19 қазан күнгі 84-ші санында «Ұлттық банк 2030-ға әлі сенеді екен» деген мақала жарияланды. Онда «Ұлттық қор активтерін 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізе ала ма?» деген сауалға жауап іздедік.

Сарапшылар «әлемдік саясаттағы соғыстар, санкциялар, пандемиядан кейінгі инфляция Ұлттық қордың бүйірін тесіп кеткенін мысал етті. «Алдағы жеті жылда қордың активтерін 100 млрд доллар межесіне жеткізу мүмкін емес» дегендер де болды.

Ұлттық банк Ұлттық қордың активтерін 2030 жылға дейін басқару жөнінде арнайы тұжырымдама жасады. Ол тұжырымдама қалай әзірленді? Бас банк «жеті жылда қор активтерін 100 млрд долларға жеткізе аламыз» дегенді неге сүйеніп айтты? Қандай да бір форс-мажор болса, мысалы, мұнай бағасы күрт арзандаса, қордың активі не болады? Инвестиция, акциялардың құны төмендейтін болса қайтпек, одан басқа да сын-қатерлерге дайын ба? Осыған байланысты қандай да бір болжамдар жасалған ба? Келер жылы жүзеге асырылатын «Ұлттық қор балаларға» жобасы қордың активтерін толықтыруға кедергі келтірмей ме? Бұл сауалдарды біз Ұлттық банктің ақпарат және коммуникациялар департаментінің баспасөз қызметіне жолдадық. Сауалымызға департамент директоры А.Ахметжан жауап берді. Алдын ала айта кету керек, департамент басшысының жауабы – онсыз да күдікті көңілді күпті ете түсетіндей. Жоспар жасалғанда ақталып алуға болатындай түсініксіз уәждерге көбірек иек артып, шегінер жер қалдырып отыруға тырысқандай әсер етеді. Мақсатымыз – тиісті мекеме берген жауапты талдау емес, ол туралы өткен мақалада кеңінен тоқталғанбыз, сондықтан оқырмандарымызға жауапты толықтай ұсынамыз.

Біріншіден, «Ұлттық Қордың активтерін басқару туралы» тұжырымдама активтер портфелін 2030 жылға дейін басқарудың бағытын айқындайды. Тұжырымдаманы әзірлегенде Норвегияның жаһандық зейнетақы қоры, Жаңа Зеландия зейнетақы қоры, Аляска тұрақты қоры және т. б. шетелдің ірі қор активтерін басқарудағы озық тәжірибесі ескерілді. Тұжырымдаманы қабылдаудағы негізгі мақсаттың бірі – Ұлттық Банктің ұзақ мерзімде сын-қатер мен кіріс балансын тең ұстайтын институционалдық инвестор ретіндегі инвестициялық қызметінің негізін қалау.

Ұлттық қор көлемі, ең алдымен, оған түсетін түсім мен одан алынатын қаражат мөлшеріне байланысты. Осы мәселелерге қатысты негізгі жұмыс жоспары және қағидалары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында бекітілген. Жақсы инвестициялық табыс Ұлттық қор активтерінің көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады. Бұған, ең алдымен Ұлттық қор активін басқару тұжырымдамасына сәйкес, ұзақ мерзімді инвестициялау стратегиясын ұстану арқылы қол жеткізе аламыз.

Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі тұжырымдама 2023 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңдегі активтердің кірісін активтердің консервативті бөлінуіне қатысты кемінде 1 пайызға (жылдық мәнде) ұлғайтатындай нәтиже береді деген сенім бар. 2030 жылға дейінгі жұмыс жоспары да осы құжатта көрсетілген. Ұлттық қорды басқару стратегиясы – ұзақ мерзімді және бекітілген активтердің стратегиялық аллокациясын сақтауға бағытталған. Осыған байланысты Ұлттық қордың кіріс көрсеткіші ұзақ мерзімде бағаланады.

Екіншіден, активтерді инвестициялағандағы кірістілікті бірнеше фактордың жиынтығы анықтайды, оның ішінде активтерді әртүрлі топтарға бөлу, жалпы экономиканың ахуалы, инфляция, пайыздық мөлшерлемелер және әлемдік экономиканың өсу қарқыны, жаһандық және аймақтық трендтер және уақыт факторы негізгі деп есептеледі. Жалпы кірістілік барлық фактордың өзара байланысының нәтижесі болады. Әрине, актив құнының төмендеуі уақытша әсер етуі мүмкін. Сын-қатер тудыратын фактор ретінде мұнай бағасының құбылмалылығы, сондай-ақ Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі ескеріледі. Сондықтан мұнай бағасы өскен кезеңде көбірек үнемдеу қажет, яғни контрциклды бюджет ережесін қатаң сақтау қажет.

Ұлттық Қорды басқару стратегиясы осы айтылған аспектінің барлығын ескеріп, инвестицияға ұзақ мерзімді жоспар ретінде қарайды, яғни кей жылдары шығынға ұшырау мүмкін екенін ескертеді. Бұл ретте стратегия ұзақ мерзімді уақытта оң нәтиже алуға бағытталған. Осылайша, әлемдік қаржы нарығын ұзақ мерзімді ретроспективада талдау тәжірибесіне сүйенсек, көптеген түрлі дағдарысқа қарамастан, инвестициялық стратегияны ұстану, яғни стратегиялық аллокацияны сақтау немесе активтерді бөлу жақсы инвестициялық кіріс алуға кепілдік береді.

Жазып алған – Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: