Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:45, 15 Мамыр 2025

Ұлттық банктің 1000 теңгесі рубльді еске түсіреді

Ұлттық банктің 1000 теңгесі
Фото: ашық дереккөз

Еліміздің Ұлттық банкі Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1000 теңгелік мерейтойлық банкнотты айналымға шығармақ.

 Әлеуметтік желілерде және ақпарат көздерінде банкноталардың үлгілері де таралып үлгерді. Бас банкир Тимур Сүлейменовтің қолы қойылған қоңыр сарғылт түсті банкноттарды көріп бастапқыда қайран қалдық. Ұлттық банктің бұл әрекеті қоғамда қызу талқыланып, бас банкті «әрбір мерейтойға арнап ақша шығара берсе, теңгенің не құны қалады» деп сынап жатқандар да баршылық. 

Осыған байланысты мәселенің анық-қанығын білу үшін алдымен Ұлттық банкке хабарластық. «Жас Алашқа» мәлімет берген банктің ресми өкілдері бұл ақпараттың рас екенін, банкноттың массалық айналымға әлі шыға қоймағанын, шығару жоспарда бар екенін, үлгісі жасалып, барлығы дайындалып қойғанын түсіндірді.

Ұлттық банктің бізге берген мәліметінше, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1000 теңгелік мерейтойлық банкноттың таралымы 5 миллион дана. Банк өкілдерінің жолдаған түсіндірмесінде: 9 мамыр – бүкіл әлем үшін айтулы күн екенін, Қазақстанның Жеңіске қомақты үлес қосқанын, республикадан 1,2 миллионға жуық адам жұмылдырылғанын, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен – 20 пайызы екенін жазыпты. Сол қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту мақсатында Ұлттық банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотты айналымға шығаруды жөн көріпті.

Мерейтойлық банкноттың дизайны бір қарағанда баяғы КСРО рублін еске түсіреді, тек Лениннің басы жетпей тұр. Ал бұл дизайнның авторы Ұлттық банк өкілдері мынадай сипаттама береді:

«Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт. Алдыңғы бетінде: Даңқ мемориалы бейнеленген, Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан.

- Микро-оптикалық қорғаныс жолағы. Банкнот бұрышын өзгерткен кезде жолақта тереңдіктің, көлемнің және жылтырдың үш өлшемді әсері, сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.

Екінші бетінде:

- тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен Қазақстан картасы бейнеленген. Бұл суреттерді Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві» РММ ұсынған.

- ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген».

Ал енді бұл банкнотты шығару үшін қанша қаражат жұмсалатыны, бұл істің қаржылай шығыны қанша көлемде болатыны жайлы сауалымызды бас банк өкілдері жауапсыз қалдырды. Бұған қатысты арнайы сауал жолдауымызды өтінді. Біз де сауалымызды Ұлттық банкке Е-Өтініш платформасы арқылы жолдадық.

Әлем цифрлы ақшаға ауысып жатқанда...

Аңғарғанымыз, еліміздің бас банкі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап банкнот шығаратындарын мақтаныш ететін тәрізді. Алайда сала мамандары мұндай қажеттіліктің неден туындағанын түсінбей дал. Бұл ретте бізге пікір білдірген саясаттанушы Әзімбай Ғали:

«Мұндай қажеттілік жоқ еді. Оның қажеті қанша?! Қазір Ресей мен Украина арасындағы жағдай ушығып тұрған сәт. Геосаяси жағдайдан бөлек экономикалық ахуал да ауырлап тұр. Доллардың қымбаттауы, теңгенің құлдырауы, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы түрлі шектеулер орын алып жатқан заматта Ұлттық банктің Жеңіс күніне арнап ұлттық ақша шығаруы, ол банкноттың дизайнына түрлі элементтерді қосуы ақылға сыймайды. Бұл қосымша шығындарды талап ететін дүние. Ресеймен қанша жерден ынтымақтас, одақтас болсақ та бұл ел бізден көп нәрсе дәметеді. Бұрынғы Совет одағының құрамына енген елдердің бірде-бірі мұндай әрекет істемейді. Ерлік пен табандылықты насихаттаудың басқа да жолы бар ғой. Бұған айтарға сөзім жоқ», – дейді.

Ұлттық банктің бұл әрекетіне қатысты Қазақстанның төл теңгесінің авторы Хайролла Ғабжалеловтің пікірін де білдік. Теңге авторының айтуынша, бас банктің мұндай қадамын мүлде қолдауға болмайды.

«Мұндай ақша шығаруға үлкен қаражат кетеді. Дүниежүзі бойынша банк секторы ең қатты дамыған Англияда төрт-ақ банкнот бар. Тіпті Американың доллары да өзгермей келеді. Ал енді біздің теңгенің дизайны есепсіз өзгереді де жатады. Ұлттық банк ақшаны қандай бір жиын болса соған арнап шығарып жатыр. Ақша шығару бізде коррупцияға айналып кетті. Кезінде Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуге арнап бір банкнот шығарды. Теңгенің 15 жылдығына банкнот шықты. Теңге күніне арнап «Сақ стилі» атты жаңа банкнот шығарылды. Санасақ, есеп жоқ, 30-ға жуық банкнот бар. Енді ол аз болғандай, Жеңістің 80 жылдығына арнап ақша шығарғалы жатыр. Шындап келгенде мұның барлығының не қажеті бар?! Банкнот деген бұл идеологиялық құрал болуы керек. Біз теңгені ең алғаш қолданысқа енгізгенде оған не үшін Абылай ханды, әл-Фарабиді, Абайды, Сүйінбайды, қазақтың үш биін енгіздік? Сол арқылы халықтың рухын көтеруді, еңсесін тіктеуді ойлап, біртуар тұлғалардың бейнесін ұлттық валютамызға бейнеледік. Артынан оның барлығын алып тастады. Енді келіп әрбір той-жиынға арнап банкнот шығару, оны айналымға енгізу – масқара жағдай. Қосымша шығын. Қазір үкімет бюджет тапшылығын жаба алмай халыққа салынатын түрлі айыппұлдарды көбейтіп, салықты өсіріп әлек болып жатқан тұста Ұлттық банктің мұнысы қисынсыз.

Кезінде Ұлттық банкті Григорий Марченко басқарып тұрғанда Қазақстан территориясынан өткені үшін Атиллаға арнап монета шығарған. Біздің аймағымыздан кім өтпеді?! Соның барлығына арнап монета, банкнот шығара берсек, ұлттық валютамыздың не қадірі қалады?! Мұны маған халықаралық сарапшылар айтып, кезінде мен осы жайында арнайы сұхбат бердім. Одан кейін де Ұлттық банкті басқарғандар жетістірген жоқ. Банкнота, монета шығару үшін қаншама қаражат кететінін ескеріп, орынсыз шығынға жол бермеу үшін әлем цифрлы ақшаға көшіп жатыр. Бізде де жұрттың дені қолма-қол ақша ұстап жүрген жоқ қой. Барлығы аударымдар арқылы төлем жасайды. Банкнотты ауыстыра беру – бұл таза ақшаны жымқырудың, жеудің амалы.

Осы арада айтарым, Ұлттық банк президентке ғана бағынады, басқа ешкімге есеп бермейді. Бұл банкті 30 жылдан аса ешкім тексерген жоқ. Егер осы банкті арнайы тексеріп, аудит жасаса, түрлі заңбұзушылықтар анықталар еді», – дейді Хайролла Ғабжалелов.

Қ. Сайлауова