Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:23, 14 Желтоқсан 2024

Ұлттық болмысқа оралу. Құндылық іздеу және комплекстермен күрес

1
Фото: ашық дереккөз

Қазіргі қазақ қоғамында ұлттық болмысыңа оралу, түп-тамырың мен өзегіңді табу тақырыбы жиі сөз болып, баса назар аударылып жүр.

 Мейлі, ақпарат көздері не медиа болсын, көнерген салт-дәстүрлерді жаңғыртып, ұмыт қалған құндылықтарымызды жаңартуға құмартып жүрміз. Жастар ою-өрнегі көп киім киіп, қазақша сөйлейді, үлкендер салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың озығы мен тозығын саралайды. Сан ғасыр отар елдің босағасында жүріп, отар болған ұлт үшін бұл тенденция заңды әрі жақсы құбылыс делік. Ұзақ уақыт бойы империашыл ұлттың ықпалында болған халықтар үшін бұл ұмтылыс ұлттың өзін-өзі тану және өз құндылықтарын сақтап қалуға деген әрекеті деп қарастырылады. Десек те, бұл тенденцияның түп-тамырыңа болмысың мен рухани келбетіңе шынайы оралуға деген талпыныс жатыр ма әлде зобалаң жылдар салып берген жараны жазып, талай жыл ішке жиналған комплекстермен күресу әрекеті ме деген ой туындайды. Әсіресе посткеңестік елдерде жиі орын алатын идеологиялық вакуум тақырыбы да осы тенденцияның пайда болуына айтарлықтай ықпал еткені анық. Әйтеуір, қазір кез келген медиа көздерін ашып, теледидар қоса қалсаң үнемі ұлттық дүниелерді дәріптеп жатады. Этносимволизм теориясы бойынша ұлттың тарихи құндылықтары мен мәдени мұрасы саясатта жиі қолданылатын амалдардың бірі, себебі халықты мобилизациялау мен басқарудың ең тиімді жолдарының бірі осы болса керек. Бұл жағдайда билік ұлттық идентификацияны күшейту арқылы халықты ортақ жау немесе сыртқы қауіпке қарсы біріктіріп, әлеуметтік шиеленістерді жасырады. Осы орайда, шешімін қажет ететін мәселелер тасада «жабулы қазан» күйінде қалып, қоғам назарын аудару үшін саяси билік дәл осы тенденцияны көзір ретінде пайдаланып жүрген жоқ па деген ой туады. Біз бүгін тақырып аясында философ Серік Нұрмұратов, әлеуметтік психолог Ләззат Бисенғалиева және саясаттанушы Руслан Ақмағанбеттен пікір алдық.

Серік Нұрмұратов
Фото: из открытых источников

Серік Нұрмұратов: Ұлттық келбетімізді жаңғыртайық деген алдамшы сыртқы сипат қана

Әлеуметтік психологияны, атап айтқанда, қоғамның, ұлт пен әлеуметтік топтардың психологиясын зерттейтін мамандардың зерттеуіне сүйенсек, бұл тек қазаққа немесе посткеңестік елдерге ғана тиісті мәселе емес екенін анық аңғаруға болады. Кез келген ұлт пен ұлыс өзінің қалыптасу кезеңінде осындай бір сәттерден өтеді. Бүгінгі қазақ қоғамында дәстүрге, өзіміздің ұлттық сипатымызға, идентика немесе болмысымызға аса мән беріп, жандандырып, қайта оралып жатырмыз. Бір ғасырға жуық билік құрған Кеңес дәуірінде ұлтсыз қоғам құру мақсат болды. Ұлт дегеннің өзі де сол коммунизмге қызмет етуі шарт еді. Сондықтан ұлттардың бәрі тек орыс тілінің ғана көмегімен бірімен-бірі қатынас құруы керек деген саясат ұстанды. Осы саясаттың салдарынан әлсіз, өкілі әлдеқайда аз ұлттар не солтүстіктегі аз этностар, тіпті мықты, халқы көп ұлттардың өзі түп-тамырынан, түпкі құндылықтарынан ажырап қалды. Ал саны жағынан басым өзбек, гүржі, украин сынды монолитті ұлттар ұлттық келбетін жоғалтпауға басымдық беріп, шама келгенше күресіп бақты. Ал бізде бұл жағдай әлдеқайда күрделі еді. 1959 жылы елдегі қазақтар ұлттық құрамның тек 59%-ын ғана құрайтын. Осы себептен де қазақтар ұлтсызданып, ассимиляцияға ұшырай бастады. Ал тәуелсіздік алған тұста қазақтар тек жалпы ұлттық құрамның 40%-ын ғана құрады. Оның басым бөлігі орыс тілді қазақтар болуы салдарынан мәдени ассимиляция қарқынды жүрді. Арада уақыт өтіп, сан жағынан әлдеқайда көбейген тұста кез келген ұлт өзінің идентикасы, келбеті мен бояуын жоғалтқан ұлт оны қайта жандандырғысы келуі заңды, қалыпты құбылыс. Отыз жылдан асса да әлі де орнықты күйге жетпеген сынды күй кешіп жүрміз. Бұл процесс әлі де жүріп жатыр. Аталмыш құбылыстың түп-тамырында өз-өзін сақтауға деген ұмтылыс жатыр. Десек те, осы орайда ескере кететін маңызды бір қағида бар. Өз-өзіңді іздеп, түп болмысың мен келбетіңді қайта табамын, іздеймін деп жүргенде жаһандық тенденциялардан тыс қалмауымыз шарт. Болашақта технократиялық заман орнап, технология күнделікте тұрмыс-тіршілігімізге толықтай еніп, бағындырып жатыр. Байқап қарасақ, бүгінгі жастар мен жасөспірімдерге ұлттың мүддесінен гөрі әлеуметтік желідегі трендтер қызықты, тарих пен тілден гөрі сән әлеміндегі жаңалықтар әлдеқайда қызықты. Алдымызда сондай тенденция басталып жатыр. Осы жағдайда не істеу керек деген сұрақ туындайды. Кітап оқымайтын ұрпаққа ұлттық келбетіміз бен мәдениетімізді сол технология арқылы ұсынуымыз шарт. Әлемдік тенденциялардың ішіне дендеп кіріп, біте қайнасып, өз орнымызды анықтауымыз керек. Өзімізді сақтаудың жолы осы болса, неге қолдамасқа?

Бүгінгі аласапыран, дүниенің астан-кестеңі шығып жатқан заманда рухани келбетіңді іздеу, соны сақтаудан да маңызды мәселе туып отыр. Ол – рухани даму, қалыптасу. Адам боп дүниеге келген соң ақиқаттың заңымен жүру шарт. Ал біз осы уақытқа дейін саяси идеологияның жолымен жүріп, тіршілік үшін күрестік. Басты мақсат – басқалардан артық табыс тапсам, өзгеден артық ғұмыр кешсем деген ой болды. Ал адами қалыптасу, рухани даму жайында әлі де сөз қозғалмай, қалыс қалып келеміз. Күллі тәрбие орындары бұл мәселеге шынайы бет бұрғанда ғана жүзеге асары анық. Бүгінгі қоғамдағы кез келген кеселдің түп-тамырында осы мәселе қылаң етеді. Мейлі жемқорлық, мейлі зорлық болсын, адамгершіліктің, адами қалыптасудың кемдігінен туындайтын мәселелер. Қоғам ылғи мықты, бірінші, жеңімпаз болуды дәріптейді. Сәйкесінше, басты назарды нәтижеге аударады. Мәреге кімнің қалай жеткені емес, нешінші жеткені маңыздырақ. Жеңісті зәулім үй, қымбат көлік, жұмсақ кресломен есептейтін қоғамға сәл мейірімді, қарапайым, керек кезінде әлсіз бола алуды да үйретсек. Жеңісті күндерді ғана өмірдің өзі деп қабылдайтын әлемге сәтсіздіктер де адам болмысының ажырамас бөлшегі екенін жиі айтсақ. Кезінде «Рухани жаңғыру» деп желеулеткен жобаны ешкім толық танып, түсіндіріп те бере алмады. Шын мәнінде, руханият деген не? Бұл сұраққа жоба авторларының өзі жете түсінік бере алмады. Ұлттық келбетімізді жаңғыртайық, көнені жаңартайық деген алдамшы сыртқы сипат қана. Саяси билік те бұл тенденцияны өздерінің бас пайдасына қарай қолданып отыр. Негізі мемлекеттерде басқарудың қитұрқы әдістері көп. Соның ішінде кең тараған екі әдіс бар: бірі – «бөліп ал да, билей бер» ұстанымы. Қоғамды бөлшектеп, бір-біріне қарама-қарсы қой да, билеп-төстей беруге болады. Енді бірі – кәкір-шүкір майда мәселелердің жаңғырығын ұлғайтып, бар назарды соған аудару. Осының салдарынан шынайы әлеуметтік-саяси мәселелер көлеңкеде қалып қояды.

Біздің қоғамда да шынайы шешімін қажет ететін көп мәселе көлеңкеде қалып, ұлт, ру, ұлттық болмыс, ата-баба деген желеумен жанталасып, арпалысып жүрміз. Бұл – біздің сырт көзге соншалықты сыпайы боп көрінгенмен, іштей титтей де жаны ашымайтын саясаттың ісі. Бүгінгі біздің қоғамда ең алдымен адами қалыптасу, рухани даму мәселесі көтеріліп, баса назарға алған жөн. Осы арқылы ғана ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыра аламыз, сонда ғана ұлттың идентикасы дұрыс қалыптасады. Мемлекет өз тұғырына берік қонып, рухани иммунитеті қалыптасқан ел болу үшін мәдениет – ғылым-дін (радикалды емес, шынайы дін) қосылып, әр адамға нұрын шашқаны жөн. Бүгінгі қоғам бос сөз, бөспе жолдау мен қажетсіз айқау-шуға тұнып тұр. Шынайылық жоқ. Қоғам қайта пішімделген жоқ, идеология жетіспейді.

Ләззат Бисенғалиева: Тіл мен дәстүрді жаңғырту арқылы ұлт өзін-өзі қайта құрып жатыр

Бұл құбылысты түсіну үшін оны мәдени идентификация, посткеңестік контекст және ұжымдық психология сынды бірнеше деңгейде қарастыру қажет. Қазақилыққа бет бұру көп жағдайда ұлттық болмысқа шынайы оралу ниетінен туындайды. Әлемдегі көптеген халықтар жаһандану үдерісінде өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуға тырысады. Қазақ жастарының ұлттық киімге, тілге, дәстүрге қызығушылығы осы табиғи үрдістің көрінісі. Бұл өз тамырына қайта үңіліп, мәдени мұрасын қайта бағалауға деген ұмтылыс. Десек те, Кеңес үкіметі тұсында қазақ халқының мәдениеті мен тілі шектеулі дамыды, ал тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық идентификацияның жаңа кезеңі басталды. Алайда бұл кезеңде идеологиялық тұрғыдан біраз вакуум пайда болды: кеңестік идеология жойылды, бірақ оның орнына қоғамда бірыңғай, бәрін біріктіретін жаңа идеология толық қалыптаспаған. Сол себепті, қазақилыққа қайту – ұлттың осы вакуумды толтыру әрекеті деп те түсінуге болады. Тіл мен дәстүрді жаңғырту арқылы ұлт өзін-өзі жаңа жағдайда қайта құрып жатыр. Оның үстіне, посткеңестік елдерде ұжымдық жарақат мәселесі өзекті. Франц Фанонның «Жердің қарғысы» еңбегінде отарлық үстемдіктің ұлттың өзіндік болмысын қабылдамауға мәжбүрлейтіні көрсетілген. Отарлық кезең ұжымдық санада «өзімізден ұялу» комплексін қалыптастырды, ал одан арылу үшін өз құндылықтарыңды өз көзқарасыңмен қайта бағалау қажет. Бүгінгі қазақ жастарының төл болмысына қайта оралу талпынысын осы комплекстермен күресу, өздерінің ұлттық құндылығын қайта растау деп қарастыруға болады. Ұлттық мәдениетке бет бұру әрдайым шынайылықпен жүреді деп айту қиын. Кей жағдайда ұлттық символизм (киім кию, тілге баса назар аудару) сыртқы форма ретінде қабылданып, ішкі мазмұнға толықтай сәйкес келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда қазақилыққа қайту белгілі бір идеологиялық трендке немесе әлеуметтік қысымға ұмтылыс ретінде көрінеді. Қазақилыққа қайту тенденциясы – бірнеше факторлардың тоғысуы. Бұл бір жағынан, төл болмысқа оралу ниеті болса, екінші жағынан, кеңестік кезеңде жоғалтқанды қайтару мен жаңа жағдайға бейімделу талпынысы. Бұл үрдіс қоғамның жалпы мәдени жетілуінің белгісі болуы мүмкін, бірақ оның шынайылығы әр адамның ішкі мотивациясына байланысты. Сондықтан бұл құбылысты тек «болмысқа қайту» немесе «комплекс» деп шектеп қою жеткіліксіз; бұл – күрделі, көпқырлы әлеуметтік процесс.

Эрик Эриксонның «Идентификация теориясы» ұлттардың да, жеке адамдардың да өз болмысын табуға ұмтылатынын көрсетеді. Бұл процесте ұлттық дәстүрлер, мәдениет және тіл – негізгі құралдар. Қазақ жастарының ұлттық киімге, ана тіліне, дәстүрлерге қызығушылығы – олардың тарихи жадыны қайта жаңғыртуға деген табиғи талпынысын көрсетеді. Бұл ұлттың өзін-өзі қайта табу, мәдени идентификацияны нығайту кезеңі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Ирландияның ұлттық мәдениетке қайта оралуы осындай тенденцияны көрсетеді. Ирланд тілі ғасырлар бойы британ отаршылдығы әсерінен жойылуға жақын болды. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін Ирландия ұлттық мәдениетке (Gaelic Revival) ерекше көңіл бөліп, мектептерде ирланд тілін міндетті пән ретінде енгізді. Қазақстандағы қазақилыққа қайту процесі тек қана төл болмысты іздеу емес, біріншіден, тарихи жарақаттармен күресу, ұлттық болмысты сақтап, жаһандану заманында өзіндік орнын табу және посткеңестік кезеңдегі ескі жүйені жаңа мазмұнмен алмастыру деп қабылдасақ болады.

Әрине, қазақилыққа бет бұру процесі биліктің халық назарын маңызды саяси немесе әлеуметтік мәселелерден басқа жаққа аудару үшін пайдаланылатын саяси құралға айналып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда, билік ұлттық құндылықтарды идеологиялық жалау ретінде ұстап, қоғамның сыни ойлау қабілетін шектеуге тырысады. Мемлекеттік биліктің ұлтшылдыққа немесе ұлттық бірегейлік идеясына сүйенуі – әлемде жиі кездесетін әлеуметтік-саяси феномен. Бұл құбылыс әсіресе дамушы елдерде немесе отаршылдықтың салдарынан өз ұлттық бірегейлігін қайта іздеген мемлекеттерде айқын байқалады. Қазақилыққа қайту тенденциясы да, бір жағынан, табиғи әрі қажетті процесс болса, екінші жағынан, саяси элиталар үшін тиімді манипуляция құралы болуы бек мүмкін. Оның үстіне, политикалық психологияда «символикалық саясат» теориясы бар. Бұл теорияға сәйкес, билік ұлттық рәміздер мен символдарды қолданып, халықтың эмоционалды реакциясын басқарады. Сондықтан қоғам ұлттық идеология мен риториканы сыни тұрғыдан қарастырып, саяси шешімдер мен бастамаларды дербес талдай білуі тиіс.

Руслан Ақмағанбет
Фото: из открытых источников

Руслан Ақмағанбет: Өткеннің көлеңкесінен құтылып, күннің жарығына ұмтылу

Дәстүрлі киімдерді киюдің салыстырмалы тұрғыдан алсақ шамамен осыдан 10 жыл бұрынғы киіммен қазіргі ұлттық киім арасында айырма бар. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрынғы дәстүрлі киімдер көбіне олпы-солпы, сахнаға арналған сияқты көрініп тұрушы еді. Ал қазіргі ұлттық киімдерде сәндік жағы да жақсара түскені байқалады. Қазір жаһандану деген көп айтылуда. Дүниенің бәрі жаһанданудың соңынан ілесіп отыратындай көрінеді. Соңғы жылдары жасалған зерттеулерге қарағанда, жаһандану адамзаттың барлығын қамтымайды, мүмкін тек 5 пайыз адам санын ғана қамтуы ықтимал деген пайымда жасалған екен. Адамдардың киім киюінде жер шарына ортақ үлгілері де қалыптасып жатқаны анық. Бірақ адам баласының бойында бір жағынан біреуге ұқсағысы келіп тұрса, екінші жағынан, басқадан дараланып тұруға тағы да құштарлығы бар. Жастар арасындағы тілге деген қатынаста міндеттеу жағынан емес, табиғи тұрғыдан іске асып жатқандай көрінеді. 30 жыл бойы мемлекеттік тілді дамытуға түрлі деңгейде инвестициялар салынды ғой. Соның енді жемісі беріліп жатыр. Идеология деген нәрсе өз жемісін бірден бермейді. Кейбір жеміс ағаштары сияқты, ондаған жылдар бойы күтуге тура келеді. Ал енді жастарымыз ұлттық киімді киіп, өзара мемлекеттік тілде сөйлеуді күнделікті өмір салтына айналдырып жатқаны мүмкін тәуелсіздіктен бері мемлекет пен қоғамның жұмсаған қаржысы мен еселі еңбегінде деп қабылдаған жөн. Ұлттық құндылықтарға оралуда табиғи қалыппен келе жатқанымыз рас. Бірақ адам баласы алға қойған мақсатының тез арада орындала қалғанын қалайды. Бір танысым айтқаны бар еді. 1994 жылдары ұлттық құндылықтарға оралуымыз керек деп мектепте оқушы кезімізде кәстөмнің сыртына қошқар мүйіз оюды тігіп киген уақыттар да болған еді деп. Сол сияқты, кейде біздер шамадан тыс асыққан тұста жасандылыққа ұрынып та қалуымыз мүмкін. Ал соңғы екі-үш жылда елімізде ұлттық тамақтану орындары, мемлекеттік тілде кино түсіру, ұлттық киімнің дизайны заман талабына сай дамып жатыр. Мысалы, бес жыл бұрын ұлттық тағамдану орындарын Алматының өзінде табу қиын еді. Табылған күннің өзінде оның мәзіріне адамның көңілі толмаушы еді. Қазіргі таңда мұндай орындарға көптеп жолығасыз. Бірақ осыдан 10-15 жыл бұрын неге ұлттық тағамдарымыз қарапайым асханаларда жоқ деген сұрақ қоғамда жиі қойылатын. Ал ол межеге арада 10 жыл өткенде жетіп отырмыз. Идеология деген жоғарыда айтқанымыздай, уақытты талап етеді. Жаңа заман талабына сай менеджерлер қалыптасу кезеңін өтіп жатырмыз. Кейде отарсыздану деп өткенмен күресе бергеннен күнділікті өмірімізде мемлекеттік тілде сөйлеп, кітап жазып, кино түсіріп, оны оқып, оны барып көріп жатсақ, алға деген ұмтылыс, өткеннің көлеңкесінен құтылып, күннің жарығына ұмтыла түскен жөн сияқты. Қазір неге зауыттар ашпаймыз деген сұрақтар интернет бетінде жиі талқыланып жатыр. Дәл осы сұрақ ұзақ уақыт талқылана түссе, шамасы алдағы 5-10 жыл аралығында «өнеркәсіп суына малтыған» технократтық ұлтқа да айналып қалуымыз бек мүмкін.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ