Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Ұлттық экономика министрлігі 6 айдан астам бос тұрған штаттарды қысқартады

Экономика
Фото:

  Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік секторға қарасты ведомстволық ұйымдардағы кадрлық ресурстарды басқаруды оңтайландыруға бағытталған жаңа бұйрықты бекітті.

Министрліктің мәліметінше, құжатқа сәйкес 6 айдан астам уақыт бойы бос тұрған штат бірліктері қысқартылады. Бұл ретте еңбекақы төлеу қоры да тиісті түрде қайта қаралады.

Алайда жаңа нормалар барлық лауазымдарға бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда, бірінші басшылардың, маусымдық қызметкерлердің, сондай-ақ ұйым жұмысы үшін аса маңызды бірегей өндірістік және жоғары мамандандырылған қызметкерлердің (ядролық физика, жоғары технологиялық жабдықтар, сирек инженерлік мамандықтар және басқа да ерекше бағыттар) лауазымдары қысқартуға жатпайды. Сонымен қатар еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс орны сақталуы тиіс жағдайлар да бұл талаптан тыс қалады.

Өзгерістер аясында ұйымдардың даму жоспарына түзетулер енгізу тәртібі де белгіленді. Егер ұзақ уақыт бойы бос тұрған штат анықталса, атқарушы орган бос орынды қысқарту және еңбекақы қорына қатысты өзгерістерді негіздей отырып, нақтыланған даму жоспарын ұсынуға міндетті.

Нақтыланған жоспарларды қарау және бекіту белгіленген мерзімдерде – жыл сайын 25 маусымнан және 25 желтоқсаннан кешіктірілмей жүзеге асырылады.

Сондай-ақ есептілік талаптары нақтыланды. Енді ұйымдар персонал саны мен еңбекақы төлеу қоры туралы мәліметтерді, оның ішінде қысқартылған бос штат бірліктері жөніндегі ақпаратты да көрсетуге міндетті.

Министрлік бұл өзгерістер мемлекеттік сектордағы басқару тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді деп атап өтті.

Тегтер: