Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:35, 08 Сәуір 2025

Ұлттық инфрақұрылым жоспарынан не күтеміз?

Мыс балқыту зауыты
Мыс балқыту зауыты. Фото: ЖИ

Қазақстанда өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылым мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісі – басты назардағы бағыттардың бірі.

 Себебі көгілдір отынмен және энергетикамен қамту, жолдардың сапасын арттыру мен жаңаларын салу, су жеткізу, тазарту нысандарын көбейту, цифрлық инфрақұрылым деңгейін арттыру азаматтардың өмір салтын жақсартуға, өңірлердің дамуына тікелей әсер етеді. Әрине, қазір бәрі жақсы деп айтуға келмес. Алайда прогресс те жоқ емес.

2024 жылдың басында президент инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі екенін тағы да шегелеп айтты. Соның ішінде көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету, мемлекеттік қаржыны ғана емес, жеке инвестицияларды тиімді пайдалану қажеттігін де жеткізді. Яғни ел үкіметінің алдына логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шалғай және ауылдық елді мекендердегі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау міндеттері қойылды. Осы шаруаларды реттеу мен жүйелеу мақсатында 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жасалды.

Аталған инфрақұрылымдық даму жоспары төрт негізгі бағытқа бөлінген. Оның ішінде 204 жоба бар. Жеке-жеке тоқталып өтер болсақ, энергетикалық инфрақұрылым бойынша жаңа нысандар салу, ескілерін жаңарту, әсіресе тұрғындарды газбен қамту деңгейін арттыру қарастырылған. Ал көлік инфрақұрылымы бойынша көлік дәліздерін дамыту, жолдарды реконструкциялау және теміржол желісін жаңғырту көзделіп отыр. Сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымына келсек, сумен қамтамасыз ету, су бұру және сарқынды суларды тазарту нысандарын салу және жаңғырту жоспарлары жасалды. Ең маңыздысы, цифрлық инфрақұрылымды бақылау және басқару үшін цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары басталмақ.

Бұл төрт бағыттың әрбірі өзінше маңызды. Өйткені жарықсыз немесе жылусыз ауылдар баршылық. Жарығы мен жылуы түгел болғанымен, батпақ кешіп жүргендер қаншама? Тағы қолжетімді интернет қамтамасыз етілмеген ауылдар да жетерлік. Демек, әр бағыт бойынша толымды жұмыс жүргізіліп, нәтиже алғанда ғана елдің инженерлік инфрақұрылым деңгейі артты деп топшылай аламыз.

Осылардың арасында, жол мен көлік инфрақұрылымы бағыты бойынша жасалған жұмыстар нәтижесін беріп жатыр. 2024 жыл Қазақстанда көлік инфрақұрылымын жөндеу, реконструкциялау және салуға қатысты ауқымды жобалар іске асырылды. Жоғарыда сөз болған бағдарлама шеңберінде былтыр 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмысы басталды. Оған қоса, еліміздің негізгі өңірлері мен халықаралық көлік бағыттарын байланыстыратын төрт маңызды автожол дәлізін реконструкциялау ісі де назарға алынды. Орталық және оңтүстік өңірлерді байланыстыратын Қарағанды-Алматы (879 шақырым) автожолын, шығыс пен оңтүстікті байланыстыратын Талдықорған-Өскемен (768 шақырым) тасжолын реконструкциялау аяқталды. Батыс Қазақстанда көлік қатынасын жақсартуға ықпал ететін Ақтөбе-Қандыағаш (96 шақырым) учаскесіндегі тиісті жұмыстар да өз мәресіне жетті.

Альфия Жәнібекқызы

Тегтер: