Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 20 Наурыз 2025

Ұлттық қауіпсіздік: жеке тұлға, қоғам және мемлекет

Ұлттық қауіпсіздік

Қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан геосаяси өзгерістер, экономикалық дағдарыстар мен технологиялық төңкерістер мемлекеттердің қауіпсіздік жүйесіне жаңа талаптар қояды. Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тәуелсіздікті нығайтудың, тұрақтылықты сақтаудың және халықтың әл-ауқатын қорғаудың негізгі шарты.

 Ол үшін елдің сыртын жаудан, ішін даудан қорғай білу керек. Былтыр президент Қауіпсіздік Кеңесінің соңғы отырысында осы мәселеге ерекше тоқталып, еліміздің қауіпсіздік стратегиясын уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін атап өткен. Осыған байланысты, 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қабылданып, оның негізгі бағыттары айқындалды.

Аталған құжат елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Ол әскери қорғанысты күшейтуден бастап, экономикалық, экологиялық және ақпараттық қауіпсіздікке дейінгі көптеген салаларды қамтиды. Ұлттық қауіпсіздік ұғымы өзара тығыз байланысты үш деңгейде қарастырылады: жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі. Бұл ұғым қоғамдық қатынастардың тұрақтылығымен, саяси және экономикалық құрылымдардың орнықтылығымен, сондай-ақ құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның даму деңгейімен өлшенеді. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бірнеше басым бағыт бойынша дамытып келеді.

Алғашқы маңызды бағыт – сыртқы қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін нығайту. Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатын сақтай отырып, халықаралық аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салады. Геосаяси жағдайлардың құбылмалылығын ескере отырып, ел әскери әлеуетін жетілдіру, қорғаныс жүйесін нығайту және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тиімді әрекет ету мақсатында қарулы күштерді реформалау жұмыстарын жүргізуде. Мемлекет Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдармен әріптестікті дамытып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтіп келеді.

Экономикалық қауіпсіздік те ұлттық мүдденің басты бағыттарының бірі болып саналады. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық, пандемияның салдары және логистикалық тізбектердің бұзылуы ел экономикасына жаңа сын-қатерлер әкелді. Осыған байланысты, Қазақстан экономикалық дербестікті арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және стратегиялық маңызы бар өндірістерді дамытуға ерекше назар аударып отыр. Мемлекет ұлттық өндірісті қолдап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қаржы жүйесін тұрақтандыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда.

Ақпараттық қауіпсіздік – Қазақстан үшін аса өзекті мәселелердің бірі. Цифрлық технологиялардың дамуы бір жағынан жаңа мүмкіндіктер ұсынса, екінші жағынан ақпараттық қауіптерді күшейтті. Киберқылмыстың артуы, жалған ақпараттардың таралуы және сыртқы ақпараттық ықпалдың күшеюі ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Осыған байланысты, мемлекет ақпараттық кеңістікті қорғау, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және киберқорғаныс жүйесін жетілдіру бойынша кешенді шараларды қолға алды. Сонымен қатар БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы қоғамға деструктивті идеологияның енуіне қарсы әрекет ету маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек.

Экологиялық қауіпсіздік те ұлттық қауіпсіздік стратегиясының ажырамас бөлігі. Климаттың өзгеруі, табиғи ресурстардың сарқылуы және экологиялық апаттар мемлекет алдында жаңа міндеттер қояды. Қазақстан жасыл экономикаға көшу стратегиясын жүзеге асырып, қоршаған ортаны қорғауға, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған бағдарламаларды іске асыруда. Елдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында заңнамалық реформалар жүргізіліп, жасыл технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынуда.

Қоғамдық қауіпсіздік пен қылмысқа қарсы күрес мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Елде заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру және қылмыстың алдын алу шараларын күшейту бағытында реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекет азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күресу және құқықтық мәдениетті арттыруға ерекше мән беруде. Сонымен қатар есірткі саудасы, адам саудасы және терроризм сияқты трансұлттық қылмыстарға қарсы халықаралық деңгейде әрекет ету маңызды бағыттардың бірі саналады.

Жалпы алғанда, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік стратегиясы заман талабына сай үнемі жетілдіріліп отыратын, кешенді әрі жүйелі құжат болып табылады. Қауіпсіздіктің әр саласына қатысты нақты міндеттер қойылып, оларды жүзеге асыру үшін тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамның барлық салалары жұмылдырылуда. Мемлекет тәуелсіздігін нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және еліміздің ішкі тұрақтылығын сақтау – ұлттық қауіпсіздік саясатының басты мақсаты болып қала бермек.

Қосқанат Бауыржан