Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 01 Маусым 2025

Ұлттық компаниялар бюджетті емес, құрылтайшыларын жарылқайды

самұрық қазына
Фото: ашық дереккөз

Биыл республикалық бюджеттің тапшылығы 4,1 трлн теңгеге жететінін үкімет жыл басында айтқан. Бұл елдің ЖІӨ-нің 2,7 пайызына тең.

 Қазір қазынаға қаржы тарту мәселесі өткір болып тұрған тұс. Ал осы тұста экономиканың дамуына үлес қосып, бюджеттің бүйірін тоқ етуі тиіс ұлттық компаниялар түрлі өнер шығарып жатыр. Бұған дейін ұлттық компания басшыларының өздеріне елде жоқ қомақты сыйақы тағайындап алатынын, сыйақы+бонус+жалақы төлемдері еріксіз таңдай қақтыратынын жазғанбыз. Енді елдегі квазимемлекеттік сектор бюджетке демеу болудың орнына жылдық табысын өзіне және акционерлеріне (құрылтайшыларына) ғана шығындап, мемлекеттік қазынаға төлейтін дивидендін (жыл сайын төленетін табыс) азайтқан.

Тіпті елдегі алпауыт компаниялардың қайсыбірі өздерінің акционерлеріне табыс ретінде беріп тұру үшін сырттан қарыз ала бастаған. Бұл ретте «ҚазМұнай­Газдың» еншілес компаниялары акцио­нер­леріне дивиденд түрінде беру үшін үш жыл мерзімге 300 млн доллар займ алған. Ал «Қазақтелеком» өз акциясын ұстаған байларға бүкіл тапқан табысын дивиденд түрінде үлестіре салыпты. Қазір тапқан табысы азайған, құрылтайшыларына дивиденд төлеп қана отырған «Қазақтелекомның» акцияларының бағасы қатты түсіп жатыр. Телеком алпауыты 2024 жылғы 74,2 млрд таза табысын ешқайда бағыттамай, қордаланған 219,3 млрд теңге кірісі бар – тұтастай ал­ған­да, 293,6 млрд теңгені дивиденд ретінде құрылтайшыларына берген. Мамандардың пайымдауынша, ұлттық байланыс операторы осы және басқа миллиардтарын бюджетке аударғанда, қазына қоржыны біршама қампайып қалар еді.

Жалпы, экономиканы талдау және сараптау агенттіктері таратқан мәліметтерге жүгінсек, 2024 жылдың аяқталғанына біраз уақыт өтсе де, ұлттық компаниялар мемлекетке дивиденд төлеуге мүлдем асықпай отыр. Ranking мониторинг агенттігінің дерегінше, «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қорының өзі 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекетке қанша дивиденд төлейтінін әлі күнге айқындамаған. Ал қордың еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаз» болса, жоғарыда айтқанымыздай, құрылтайшыларына дивиденд төлеу үшін сырттан қарыз алып жүр. Тағы бір ұлттық компания «Қазатомөнеркәсіп» акционерлеріне 327,9 млрд теңгені дивиденд ретінде төлеуді жоспарлап отыр. Бұл компания да әзірге мемлекетке қанша дивиденд төлейтінінен құлағдар етпеді. Электр желілерін басқаратын KEGOC АҚ 2024 жылдың бірінші жар­тысы үшін мемлекетке 22,7 млрд теңге ғана дивиденд төлепті. Магистральды электр желілерінің операторы былтырғы екінші жартыжылдық үшін 22,3 млрд теңге бөлуді ойлап отыр. Бірақ компания әлі нақты шешім қабылдамаған. «Самұрық-Энерго» компаниясы да 2024 жыл үшін 20,6 млрд теңге ғана ди­вид­енд бере алатынын жариялады. Ал ««Қазақстан темір жолы» мен «Қазпошта» мемлекетке бір тиын да дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдаған. Басқа ұлттық компаниялар мен «Самұрық-Қазына» қоры­ның өзге еншілес ұйымдары мемлекетке дивиденд төлеуге қатысты әлі күн­ге бір шешімге келе алмай жатқанға ұқсайды.

Ең қызығы, Отбасы банк, «Қазақ­стан тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Қа­зақ­стан Даму Банкі» АҚ, «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры, KazakhExport, Qazaqstan Investment Corporation АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сияқты сала алпауыттарын топтастырған, жалпы сомасы 14,1 триллион теңге тұра­тын мемлекеттік активті басқаратын «Бәй­­терек» ұлттық басқару холдингі 2024 жыл үшін мемлекетке 61,2 млрд теңге дивиденд төлеген. Салыстырсақ, «Қазақстанның Даму Банкі» капиталы үлкен «Бәйтеректен» мемлекетке көбірек (67,3 млрд­ теңге) дивиденд төле­пті. «Бәй­терек» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин биыл көктемде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған. Ол сол кезде холдингтің таза табысы 416 млрд теңгеге жеткенін айтып мақтанған. Ал сол табыстан мемлекетке бар-жоғы 61,2 млрд теңге дивиденд төлеу аз екенін Қарағойшин мырза сезіне қоймайды-ау. Ол «Бәйтеректің» тапқан табысын негізінен мемлекетке бер­мей, холдингтің компаниялар тобы ая­сын­дағы бағдарламаларды іске асыруға жұмсауды жоспарлап отырғандарын айтады.

Сөйтіп, мемлекетте бюджет дағ­дарысы туындап жатқанда квазимемлекеттік сектордың шұғыл көмекке келер түрі жоқ. Ал енді не істемек керек?! Бұған қатысты депутат Елнұр Бейсенбаевтың пікіріне сүйенсек, үкімет алдағы уақытта салықтық түсімдер бойынша ғана емес, дивидендтік түсімдер бойынша да жұмысты үдетіп, бюджетті толтыруға күш салуы керек.

«Үкімет «Самұрық-Қазына» қорының тобына енетін компаниялар акцияларының 100 пайыз қожайыны саналады. Соған қарамастан, ол компаниялардан ел бюджетіне түсетін түсім 10-20 пайызды ғана құрап отыр. Квазимемлекеттік сектордың 90 пайызға дейінгі табысын «Самұрық-Қазына» қоры өз бетінше қалаған бағыты мен жобасына ұстайды», – дейді Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттар ұлттық компаниялардың бюджетке төлейтін дивидендін арттыру мәселесін көтергелі біраз болды. Бұған қатысты халық қалаулылары жыл басында квазимемлекеттік компаниялар таза табысының 80 пайызын бюджетке аударсын деген бастама көтерген. Артынша тіпті «жылдық табысының 50 пайызын бюджетке аударып отырсын» дегендер де болды. Бірақ үкімет бұған келіспеді. Бұған қатысты ұлттық экономика министрлігі үкімет түрлі бағдарламалар мен жобаларды «Самұрық-Қазы­наның» және «Бәйтеректің» есебі­нен іске асырып отырғанын айтты. Министрліктің есебінше, ұлттық компаниялар табысы бюджетке алын­бағанымен, бәрібір инвестиция ретінде ауыл шаруашылығы салаларын қолдауға, өңдеу өнеркәсібіндегі, шағын және орта кәсіпкерлікке және инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалып жатыр.

Алайда осы саланы зерттеп жүрген Стратегиялық және бизнестік жобаларды талдау орталығының маманы, қаржыгер Алмас Сәлменовтің сөзіне сүйенсек, бізде ұлттық компаниялар тарапынан да, мемлекеттік органдар есебінен де қаражатты орынсыз жұмсау фактілері көп. Осыдан барып бюджеттік дағдарыс орнап жатыр.

«Жыл басынан бері мемлекеттік қаржыны тиімсіз жоспарлап, мақсатсыз жұмсағаннан бюджетке 355 млрд теңге шығын келіпті. Биылғы жылдың алғашқы үш айында 24 мемлекеттік мекемені тексерген Есеп палатасы осыны анықтады. Ал енді салық қызметі әлі 444 компанияға тексеру жүргіземіз деп отыр. Онда тағы бірталай былық ашылатыны даусыз. Білесіз, қазір бюджетке байлаулы мекемелердің біразы қаражаттан тарығып отыр. Тендердің ақшасын кешіктіріп төлеу, тапсырысты орындаған мердігерлерге қаражатты уақытында бермеу әдетке айналды. Былтыр әскери қызметкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер айлық табыстарын кешіктіріп алып, тіпті еңбек демалысына төленетін қаражаттың аз екенін айтып жүрді. Былтырғы жылы «Қазынашылық кәсіпорында қаражат жоқ» деген сөздер де болды. Оған үкімет «өңірлерді су басқаны қазынада қаражат тапшылығын тудырды» деген уәж айтты.

2024 жылы бюджет 12 рет түзеліпті. Бұрын-сонды мұндай түзету болмаған. Ал енді биыл да бюджетте тапшылық болып отыр. Мемлекеттік тапсырыс алушылардың біразы қаражаттарын ала алмай жүргендерін айтып жүр. Қатарынан екі жыл Қазынашылық кәсіпорында қаражаттың тапшы болуының негізгі себебі – бюджетті жоспарлау мен оны басқаруда үлкен қателіктер барын көрсетеді. Сондықтан үкіметке әлемдік экономикалық жағдайды бағдарлап отырып, бюджетті дұрыс жоспарлауға және бюджетті әділ әрі сауатты басқаруға машықтану керек. Әсіресе қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінде сауатты мамандар отыруы керек. Олай етпесек, квазимемлекеттік секторы бар, мемлекеттік органдары бар қаражатты тиімсіз жұмсай береді. Қазіргі ұлттық компаниялардың бюджетке аз дивиденд төлеуі де әу баста жоспардың дұрыс құрылмағандығынан. Жоспар дұрыс құрылып, табыс табу схемасы нақты сызылғанда мұндай болмас еді. Ал құрылтайшыларына уәде етілген қаражатты бермесе, олар компания акцияларынан бас тарта салуы мүмкін. Бұдан компаниялардың акциялары жаппай құлдырайды. Осыны ойлағандықтан олар бірінші акционерлеріне дивиденд береді. Жалпы, тиімсіз жоспарлаудың салдарынан биылғы үш айдың ішінде ғана бюджетке 355 млрд теңге шығын келуі ойлантатын жайт. Мұндайда бюджетті кризистен шығару екіталай», – дейді қаржыгер Алмас Сәлменов.

Қаржыгер маманның осы сөздерін негізге ала отырып, біз «Жас Алаштың» атынан қаржы министрлігіне қарасты Қазынашылық комитетіне е-Өтініш платформасы арқылы арнайы сауалдар жолдадық. Комитеттен неліктен қазынада қаражат тапшылығы жиі болатынын, екі жыл қатарынан «Қазынашылық кәсіпорындарда қаражат қат» деген сөздер неліктен айтылып жүргенін, комитет бюджеттік дағдарыстан шығудың қандай жолдарын ойластырып жатқанын білгіміз келді.

Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков те бюджетті тиімді басқару мен оның өлшемдерін дұрыс болжау үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін айтады. Экономист-ғалымның пайымдауынша, бізде қазір қай салада болсын «шашармандық синдромы» қалыптасып кеткен. Осыдан тыйылмай, қазынаға қаржы құтаймайды.

«Біз қазір жинаған салықтан көп ақша жаратып отырмыз. Тура осындай бағытпен біз бюджетті де, Ұлттық қорды да толтыра алмаймыз, квазисектордың табысын да арттыра алмаймыз. Бірінші, бізге «шашармандық синдромынан» арылу керек. Біздегі бюджеттің 56 пайызы әлеуметтік шығындар. Зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы, бюджеттік қызметкерлердің жалақысы, Атаулы әлеуметтік көмек, декреттік төлемдер, тағы басқа. Бұларды қысқарта алмайсың, керісінше, инфляция орын алса, бұл төлемдерді индекстеп, өсіріп отыру керек. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдар салынуы керек, ауыз су мәселесін шешу қажет, инфрақұрылымдық жағдайды түзеу керек. Халықтың басқа да қажеттілігін өтеу қажет. Демек бюджеттің шығыны болашақта өспесе, кемімейді. Сондықтан бізге нақ қазір қаражаттың көп бөлігін инвестициялық жобаларға алатын квазисекторға бақылауды күшейту керек. Олардың жұмыс істеу тәсілі, шешім қабылдауы ашық болуы керек. Ұлттық компаниялардың ұлттық байлықты қаншалықты тиімді басқарып отырғаны барынша ашық көрсетілгені жөн. Қазір ұлттық компаниялар әкімшілік шығындардың 58 пайызын еңбекақы қорына деп алып отыр. Есеп палатасының дерегінше, жекелеген холдингтерде директорлар кеңесін ұстауға кететін шығын 6 жыл ішінде 55 есеге өскен. Бұл шашармандық емей немене?! Мұндай жұмыс істеудің арты түрлі экономикалық шығындарға, рентабельді емес шығыстар мен залалдарға апарып соғады. Сондықтан ұлттық компания басшыларына талапты күшейткен абзал. Оларға халық алдына шығып, парламентке барып, ашық есеп беруге міндеттелсін. Қанша жерден инвестициялық, инфрақұрылымдық, мемлекеттік жобаларды орындап жатса да тапқан табысының 50 пайызын бюджетке аударып отырсын», – дейді экономист Бейсенбек Зиябеков.

Сала мамандары осылай дегенмен, Қазақстандағы ұлттық компаниялардың басшылары халық алдында есеп берейін деген ыңғай танытпайды. Былтыр депутаттарAir Аstana ұлттық компаниясын ұзақ жыл басқарып келе жатқан Питер Фостерді мәжіліске шақырып алып, базыналарын айтқан. Мәжілісмендердің ескертпелерін миығынан күліп отырып тыңдаған Фостер сол кеңестен қорытынды шығарған болса, ендігі Air Аstana мемлекетке тапқан табысынан қомақты дивиденд төлеген болар еді. Алайда бұл ұлттық әуе компаниясы да дивиденд төлеуде мемлекетке жомарттық танытпапты. Компания мемлекетке және өзінің акционерлеріне 2024 жыл үшін небәрі 6,3 млрд теңге дивиденд пен 12,8 млрд тең­ге арнайы дивиденд қана төлеуді ұй­ғарыпты. Соған қарағанда, ұлттық компанияларды бюджеттің ортайғаны алаңдатпайды. Оларға тек өз қалталары қампайса, өздерінің көңілдері тоқ болса жеткілікті...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ