Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 10 Ақпан 2024

Ұлттық компаниялар. Қарызға батыр да – сыйақы ал!

теңге
Фото: Shutterstock

Өткен аптада бірқатар тәуелсіз сарапшылар елдегі квазимемлекеттік сектордың қаржылық есебіне үңіліп, ұлттық компаниялардағы топ-менеджерлердің 2023 жылы қанша көлемде жалақы мен сыйақы алғанын жариялады.

Мысалы, Shukshin_like Telegram-арнасының есебінше, 2023 жылдың тоғыз айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның негізгі басқарушы қызметкерлері 711 миллион теңге көлемінде жалақы мен сыйақы алған. Бұл қаражат басқарма мен директорлар кеңесіндегі 15 адамға бөлініпті. Сонда орта есеппен бір басшы айына 5,3 миллион теңге алған. Бұл сомаға жалақы, сыйақы, әлеуметтік салық төлемдері кіреді.

Біз ҚТЖ-ның миллиондарынан көзіміз сүрініп отырғанда есеп-қисаптың арасындағы «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері «олжалаған» миллиардтарын көріп тіптен таңдай қақтық. Тізімде көрсетілгендей, «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарушы қызметкерлері 2022 жылы 3,6 млрд теңге көлемінде жалақы мен сыйақы алған. Аталмыш компанияда бүкіл басқарма және директорлар кеңесінің барлық мүшесі 12 адам деп есептесек, онда олардың ай сайын 25 млн теңге алып тұрғанын шамалаймыз. Есептерге сәйкес, негізгі басшыларға төленетін сома жалақы мен бір жылдағы жұмыс нәтижесі бойынша сыйақыдан тұрады.

Еске салсақ, «Қазақтелеком» басшылары бұдан бұрын да жыл сайын қомақты сыйақы алып тұрған. Мәселен, былтыр күзде 2022 жылы «Қазақтелекомның» 4 мүшесінің (Қуанышбек Есекеев, Людмила Атамұратова, Берік Битабаров және Нұрлан Мейірманов) жалпы сомасы 422 159 000 теңге сыйақы алғаны белгілі болды. 2021 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 500 435 000 теңге сыйақы берілген. Бұл шамамен, бір адамға 55,6 млн теңге. 2020 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 425 960 000 теңге сыйақы берілді. 2019 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 625 786 000 теңге сыйақы берілген. Бұл жерде бір басқарма мүшесіне 69,53 млн теңге.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның топ-менеджерлерінің бір жылдық табысы «Қазақтелекомнан» да асып түседі. Аталмыш компанияның басқарушы қызметкерлері бір жылда 4,7 млрд теңге алған. Олардың барлығы 16 адам. 2023 жылы әрқайсысына ай сайын 32,6 млн теңге төленген. «Эйр Астана» АҚ-да топ менеджерлеріне миллиардтап төлеуден кенде қалмайды. Аталмыш компания бір жылда 2,8 млрд теңгені директорлар кеңесі мен басшылық қызметтегі персоналдарына төлеген. Жиыны 14 адамнан тұратын басқарушы қызметкерлерінің әрқайсысы 2023 жылы ай сайын жалақы, бонустар, әлеуметтік салықты есептегенде 22,2 млн теңге алып отырған. Бұдан соң «Самұрық-Энерго» АҚ былтыр топ менеджерлеріне 313,5 млн теңге төлеген. Мұнда әр басшы 2023 жылы орта есеппен айына 3,9 миллион теңге табыс тапқан. KEGOC 370,3 млн теңге төлеген. 2023 жылы KEGOC АҚ-ның әрбір басқарушы менеджері айына 3,7 миллион теңге табыс тауыпты. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 766 миллион теңгені 13 адамға берген. 2023 жылы олардың әрқайсысы ай сайын орта есеппен 6,5 миллион теңгеден табыс тапқан.

Міне, біздегі квазимемлекеттік сектордағы компаниялар өткен жылы басқарушы қызметкерлеріне жалпы сомасы 300 млн теңгеден 4,7 млрд теңгеге дейін жалақы мен сыйақылар төлеген.

Ұлттық компаниялар қарызға батып жатса да сыйақы беруді қоймайды

Осы арада бізді «өзге елдердің ұлттық компанияларында жағдай қалай түзіледі? Олардың басқарушы қызметкерлеріне жылына қанша қаражат төленеді?» деген сауал да қызықтырмай қоймады. Эстонияда білімін жетілдіріп жатқан саясаттанушы және экономикалық бақылаушы Әсем Қасымханованың пікірін сұрадық. Оның сөзіне сүйенсек, Эстонияның ұлттық пошта операторы саналатын Eesti Post AS компаниясы біздің «ҚазМұнайГазбен» бірдей-ақ пайда табады. Бірақ топ-менеджерлері ондаған есе аз жалақы алады. Маман айтқандай, Эстонияның ұлттық пошта операторы Eesti Post AS компаниясы былтырғы қаңтар, маусым айларында 1 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. Салыстырсақ, біздің «ҚазМұнайГаздың» да осы кезеңдердегі тапқан табысы тура солай. Былтыр қаңтар, маусым айларында «ҚазМұнайГаздың» таза табысы 492 млрд теңгені құрапты. Бұл доллармен 1,088 млн АҚШ доллары болады.

«Біздегі ұлттық пошта операторы «Қазпоштаның» жұмысын айтпай-ақ қоялық. Соңғы кездері бұл компанияның жұмысы тіптен мандымады. Қарызы бастан асады. Ал еліміздің иен байлығын өндіріп жатқандықтан кірісі артып, табысы жыл сайын көбейіп отыруы тиіс «ҚазМұнайГаздың» да, керісінше, былтыр қарызы артып, табысы азайған. 2022 жылмен салыстырғанда былтыр «ҚазМұнайГаз» компаниясының табысы 36 пайызға азайған. Соның өзінде компания басқарушы қызметкерлеріне қомақты жалақы мен сыйақы төлеуін доғармайды. Эстонияда ұлттық компаниялардың басшыларына біздегідей қомақты жалақы төленбейді. Оларда өндірістегі қызметкерлері жоғары жалақы алады да, басқарушы қызметкерлер ондаған есе аз жалақы алады», – дейді Әсем Қасымханова.

Маман, Эстониядан бөлек, Әзербайжан елі де ұлттық компанияларын басқаратын қызметкерлерге қомақты жалақы мен сыйақы ұсынбайтынын, Жапония мемлекеті де топ-менеджерлерін біздегідей «тайраңдатпайтынын» айтты.

«Әзербайжанды алайықшы, бұл елдің мұнай өндіруші негізгі компанияларының бірі «Socar» компаниясы. Табысы «ҚазМұнайГаздан» екі есе көп. Басқарушы қызметкерлерінің алатын жалақысы АҚШ долларымен шаққанда 700 доллар болады. Әзербайжанның «АзерХимия» компаниясының басшыларын да кезінде ол елдің билігі қатты бақылауға алды. Қомақты жалақы мен сыйақы алғандарын соттаған кездері де болды. Ал Жапонияны мысал етсек, Жапонияда «Z» теориясы деген арнайы теория бар. Елдің ұлттық мемлекеттік компаниялары осы теорияға жүгіне отырып ұжымдық басқаруды қатты ұстанады. Компанияларға қандайда бір басшы тағайындалатын болса да, жалақыларында өзгеріс болса да ұжымдағы жұмысшылардың пікірі ескеріледі. Жалақы төлеуде, жұмыстық тәртіпте өзгеріс болса да қарапайым жұмысшылардың ойы сұралады. Жапонияда да басқарушы қызметкерлердің қатардағы қызметкерден ондаған есе қомақты жалақы алуына жол берілмейді», – дейді маман.

Қазір дамыған елдер де, дамушы елдер де квазимемлекеттік сектордағы компанияларының сырттан қарыз алуына қатаң шектеу қоюда. Ал біздің бұл сектордағы компаниялардың тапқан табысынан қарызы көп. Былтыр бұған қатысты Жоғары Есеп палатасының басшысы Наталья Годунова да құлаққағыс жасаған. Ол квазимемлекеттік сектордағы компанияларға ондаған жылдар бойы қолдау көрсетіліп жатқанымен олардың қарызы көп, табысы аз екенін үкімет қабырғасында қозғаған. Сондай-ақ Годунова ұлттық компаниялардың дивидендтік және қарыздық саясаты мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керектігін де айтқан. Депутаттар (бұрынғы қаржы министрі) Ерұлан Жамаубаевқа мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөліп жатқанын, олар оны бюджетке 6 есе аз қайтаратынын айтқан.

Жалпы, мемлекеттік қарыз, оның ішінде квазимемлекеттік секторлардың борышы туралы мәжілісте де, үкіметте де мәселе жиі қозғалады. Сырттан қарыз алуға шектеу қою, ол қарызды ұқсата алмағандарды жауапкершілікке тарту жайы да үнемі талқыланып жатады. Бірақ содан шыққан бір нәтиже болсашы. Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 млрд АҚШ долларын құрайды десек, сол қарыздың 127,1 млрд доллары немесе елдің сыртқы борышының 79 пайызы мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке сектордың міндеттемелері екен. Бір ғана «ҚазМұнайГаздың» қарызы 3,775 трлн теңге. 2022 жылы «Самұрық-Қазынаның» қарызы 7,5 трлн теңгеден асатыны айтылды. Кейбір деректер компанияның осыдан екі жыл бұрынғы қарызын 10 трлн деп те көрсетеді. Ұлттық экономика министрлігі қазір «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингіне сыртқы борыштың шекті көлемін бекітуді жоспарлап отыр. Биылғы жылы «Самұрық-Қазынаның» сыртқы борышы шекті 12,5 млрд доллардан, ал «Бәйтерек» сыртқы борышты 5 млрд доллардан асырмауы қажет.

Экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсенов «ұлттық компаниялар парламентке барып халық алдында есеп беруге міндетті. Басшыларына қалай сыйақы беріліп жатыр, ұлттық байлықты қаншалықты тиімді басқарып отыр, мұның барлығы ашық болуы керек» деп есептейді.

Санамаласақ, квазимемлекеттік секторда жалпы 27 000-дай кәсіпорын бар екен. Сыртқы қарыздан бөлек, біздегі ұлттық компанияларға Ұлттық қордан, зейнетақы қорынан да кепілдендірілген қаржылар беріліп жатады. Бірақ мемлекет қанша қолдағанымен, олардың ісінің алға басып, экономикамыздың локомативіне айналғаны шамалы:

- ҚТЖ-ны қазір халық жемқорлардың ұясы деп ашық айтады;

- «Қазпошта» жұмысына әлдеқашан әбден құрдымға кеткен сала деген баға берілген;

- «Қазақтелекомның» да оңып тұрмағанын басынан арылмай қойған дауға қарап біле беріңіз. «Қазақтелеком» арқылы қосқан интернет қызметінің өзі өзге шағын операторлардың қасында жіп есе алмайды, жылдамдығы оны орнатар кездегі шартта көрсетілген интернет жылдамдығынан екі есе төмен. (қазір «Қазақтелекомның» интернетін өзге операторларға ауыстырушылар аз емес);

- «ҚазМұнайГаздың» да басынан инфрақұрылымдық күйреу өтіп жатыр. Елде жыл сайын осы компанияға қарасты мұнай өңдеу зауыттары істен шығып, бұзылып жататын кездер де жиі болады;

- «Самұрық-Қазынаға» қатысты да айтылар сын көп. Бұл енді бөлек тақырыптың жүгі.

Тізе берсек, біздің елде ұлттық компаниялар көп, оларға қатысты қынжылтатын мысалдар да жеткілікті. Әйтсе де бұл компаниялардың басшылары өздеріне қомақты жалақы тағайындап, қарапайым жұмысшылары жалақы көтеруді сұрап ереуілге шығып жатса да (мұнайшыларды есіңізге түсіріңіз) қыңқ етпейді. Қандай сын айтылып жатса да көңілдері түскенін көрмейсің, елдің алдында есеп беріп, ақталып жатпайды. Олай болмас жөні жоқ, ай сайын миллиондап сыйақы алған адамда бір ғана мақсат бар – осы бір берекелі орнын жоғалтып алмау.

Қарлығаш Сайлаубаева