Ұлттық қордың валюталық активтері мен алтын қоры айтарлықтай өсті

Ұлттық банк халықаралық резервтер, Ұлттық қордың валюталық активтері және алтын қоры жөніндегі жаңа деректерін жариялады. Мәліметке сүйенсек, Ұлттық қордың активтері үш ай қатарынан өсіп, өткен жылғы ең жоғары деңгейге жақындады.
Шілде айының қорытындысында Ұлттық қордың валюталық активтері 60 млрд 590 млн АҚШ долларына жетіп, бұл көрсеткіш 2024 жылғы қарашадан бергі ең жоғары деңгей болды. Жыл басынан бері «мұнай жинақ қазынасындағы» валюта көлемі 2,98%-ға артқан.
Қазақстанның таза халықаралық резервтері осы кезеңде 15,54%-ға өсіп, 50,3 млрд долларға жетті. Резервтегі алтын қоры да айтарлықтай ұлғайып, 37,66%-ға өсім көрсетті. Қазіргі таңда алтынның долларлық баламасы 32,8 млрд-қа жетіп отыр. Сарапшылар мұны Қазақстанның әлемде алтын сатып алу көлемі бойынша алғашқы үш елдің қатарына кіруімен байланыстырады.
Сонымен қатар, биыл Ұлттық қордан жұмсалған қаражат көлемі түсімнен 65%-ға артық болды. Жылдың алғашқы жартысында мұнай табысынан жоспарланған жылдық трансферттің 60%-ы игерілген.