Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Ұлттық қорды дамыған елдер қорғай ма?

Ұлттық қор
Фото: ЖИ

Ұлттық банк енді Ұлттық қордың қаражатын дамыған елдердің инфляцияға түспейтін, құнсызданбайтын бағалы қағаздарына салатын болды.

Ондағы мақсат – қордың қаражатын инвестициялау мүмкіндігін кеңейту. Бас банк қазір арнайы құжатқа түзетулер енгізіп, қаулы жобасын әзірлеп те қойды. Алайда бір сұрақ туындайды: қордың ақшасы бағалы қағаздарға бұған дейін де салынып келді ғой. Содан ұшпаққа шыққан қор қане? 

Аталмыш жобаның Ұлттық қорға қаншалықты пайда әкелетінін, бұл бағалы қағаздардың номиналды құны қаншалықты белгіленген шектен түспейтінін, мұндай әрекет Ұлттық қордағы инвестициялық табыстың сақталуына қандай кепілдік беретінін біз Ұлттық банктен сұрағанбыз. Банктің «Жас Алашқа» берген мәліметінше, дамыған елдердің инфляциядан қорғалған мемлекеттік бағалы қағаздарының номиналды құны тұтыну бағасының өсуіне байланысты өзгеріп отырады. Ал купондық төлемдер осы түзетілген құн негізінде есептеледі. Тұрақты кірістілігі бар мемлекеттік бағалы қағаздардан айырмашылығы, мұндай инфляциядан қорғалған облигациялар инвестициялардың сатып алу қабілетін және кірістің нақты мәнде сақталуын қамтамасыз етеді. Дефляция (құлдырау) кезінде бұл қағаздардың номиналды құны белгіленген шектен төмен түспейді, ол бастапқы инвестициялардың сақталуына кепілдік береді дейді бас банк өкілдері.

Еске салсақ, биыл көктемде Ұлттық банк Ұлттық қордың 1 млрд доллары АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына (бағалы қағаздарына) салынатынын мәлімдеген. Бұған қатысты бас банк АҚШ-тың инфляциядан қорғалған TIPS мемлекеттік облигациялары нақты табысымызды сақтайды, активтердің құнсыздануына қарсы тұрамыз дегенді айтқан.Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың сөзінше, сатып алынған TIPS Қазақстанның Ұлттық қорына енгізіледі. Қазір ТIPS-тің активтері 59 млрд долларды құрайды, оның 54 млрд доллары жоғары кіріс беріп келген. Осылайша Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражаты тек қомақты табыс әкелетін шетелдік мемлекеттік облигацияларға салынып жатқанын түсіндіруге тырысады.

Жалпы Ұлттық қордың екі міндеті бар. Біріншісі – жинақтау. Бұл міндет бойынша мұнайдан түскен табыс жинақталып, оны тиімді инвестициялау жүзеге асырылады. Екіншісі – тұрақтандыру. Елде қандай да бір дағдарыс орнаса, экономика күйзеле бастаса осы екінші тәсілді қолданамыз. Сарапшылар қазірде үкіметтің осы екінші тәсілді жиі ұстанып кеткенін, қордағы қаражатты жинақтаудың орнына тұрақтандыруға көп мән беріп кеткенін жиі айтып жүр.

Жинақтау және тұрақтандыру функциясын атқаратындықтан қор активтері екі бөлек жинақ және тұрақтандыру портфелінде сақталған. Тұрақтандыру портфелі қысқамерзімді қаржы құралдарынан тұрса, жинақ портфеліндегі активтердің 60 пайызы облигацияларға, 30 пайызы акцияларға орналастырылған. Бұдан бөлек, 5 пайызға дейін балама инвестициялық құралдар мен 5 пайызы алтынға салынған.

Ұлттық қор нарықта ақша массасын көбейтуді ғана біледі

Ұлттық қор туралы сөз болғанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы қатар аталатын болып жүр: 2030 жылға дейін Ұлттық қордың валюталық активтері 100 млрд долларға жетуі тиіс. Бас банк сол жылы-ақ «Ұлттық қор актив­те­рін басқару жөніндегі 2030 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасының жобасын» жасап тастаған. Ұлттық банк пен үкімет бұл мақсатқа активтерді басқарудың тиім­ді­лігін арттыру арқылы жете саламыз деп ойлайды. Алайда соңғы жылдары Ұлттық қордың активтері тиімді басқарылып келе жатыр деуге ауыз бармайды. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, үкімет бюджетке қаражат жетпей жатса қорға қол салуға әбден дәндеп алды.

Деректерге жүгінсек, Қазақстанның Ұлттық қоры 2014 жылдан бері жоғары көрсеткіш көрсетпепті.Тіпті 2022 жылғы инвестициялық шығын көлемі 2,6 триллион теңгеге жеткен. Ұлттық банктің дерегінше, қор құрылғалы бергі кезеңде (2001–2024 жж.) жиынтық инвестициялық кіріс 25,9 млрд долларды, ал орташа жылдық табыстылық 3,55 пайызды құраған.

Экономист-ғалым Сапарбай Жобаев Ұлттық қордың инвестициялық табысының төмен көрінуінің бір себебін теңгенің құнсыздануынан деп түсіндіреді.

Ал макроэкономист Жақсыбек Мұқышевтің сөзіне сүйенсек, Ұлттық қордың қаражаты бұған дейін де бағалы қағаздарға да салынған, дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына да инвестицияланған. Енді келіп Ұлттық банктің «қордың қаражатын құнсызданбайтын бағалы қағаздарға саламыз, сол арқылы инвестициялық табысты арттырамыз» деуі қисынға келмейді. Бұл табысты өсіретін тәсіл емес. Бізге Ұлттық қордың табысын арттыру үшін ең алдымен қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттердің әлеуметтік-экономикалық қайтарымын толық өлшеуге дағдылану керек. Мәселен, Ұлттық қордан екі түрлі трансферт бөлінеді. Біріншісі – кепілдендірілген трансферт. Бұл – әр жылы тұрақты түрде берілетін қаражат. Оның мөлшері алдын ала үш жылға есептеліп, үкіметтің ұсынысымен бекітіледі. Содан соң бұл сома парламент арқылы заң жүзінде бекітіледі. Екіншісі – нысаналы трансферт. Бұл – аса маңызды жобаларды қаржыландыру үшін немесе дағдарыс кезінде көмек ретінде берілетін қаржы. Мұндай трансфертті бөлу туралы шешімді тікелей президент қабылдайды, ал үкімет арнайы ұсыныс дайындайды.

«Ең қызығы, бізде Ұлттық қордан қаражат бөлінеді. Бірақ ол қаражатты бақылайтын ресми органдар бөлінген трансферттің нәтижесін емес, оның игерілуін қадағалайды. Сөйтіп техникалық критерийлермен ғана шектеледі. Ал бұл ақша экономикаға пайдалы болды ма, кедейлік, жұмыссыздық қысқарды ма, халықтың жағдайы жақсарып, табысы өсті ме? Осы сауалдарды нақты жүйелі түрде зерттеу жоқ. Қазір Ұлттық қордан экономикаға қаржы бөлініп жатыр. Ол қаражат нарыққа құйылып, нарықта ақша массасы көбейеді. Бұдан инфляция одан әрі шарықтауда. Ал мұндайда инфляцияны болдырмайтын тетіктерді зерттейтін орган жоқ. Сондықтан ең алдымен Ұлттық қордан бөлінген трансферттердің тиімділігін кешенді түрде өлшейтін, зерттейтін тәуелсіз бақылау жүйесін құрып алу керек. Сол кезде ғана Ұлттық қордан бөлінген трансферттердің нақты қандай нәтиже беріп жатқаны белгілі болады», – дейді сарапшы.

Мәселен, Ұлттық қорға 2024 жылы 3,8 трлн теңге түскенмен, қордағы қаражат небәрі 3,2 трлн теңгеге артқан. Себебі үкімет бюджет кірісі аз болған соң былтыр Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге алып қойды. Ал биыл қордан 5,25 трлн теңге алу жоспарланған. Қорға биыл 4,8 трлн теңге түсуі ықтимал. Сонда қорға түсетін түсімнен алынатын шығын көп.

Қор ақшасы бюджеттен асып, банктерге жетті

Өзге де деректерге жүгінсек, 2024 жылы Ұлттық қор активтерінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі небәрі 20 пайызды құраған. Бұл соңғы 15 жылдағы ең төмен көрсеткіш. 2024 жылы Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар 2023 жылмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеген. Бұл үрдіс жалғаса берсе 2030-дағы 100 млрд долларлық межені көруден үміт үзе беру керек (Қаржы министрлігінің 2025 жылдың 1 шілдедегі дерегіне сүйенсек, қорда қазір 32,8 трлн теңге жинақталған. Бұл доллармен есептегенде 60,3 млрд доллар).

Саясаттанушы Әсем Қасымханова да Ұлттық банктің Ұлттық қордың қаражатын инвестициялауды арттыру аса бір оң нәтиже беріп, қордағы қаражатты әп-сәтте 100 млрд долларға жеткізе қоятын тәсіл емес. Ұлттық қордың қаражаты көбейсін десек, Қазақстан алдымен қорға қатысты заңды қатайтып, ашық есеп беруді реттеу керек.

«2022 жылдан бері Ұлттық қор қаражаты экономикаға республикалық бюджет арқылы ғана емес, парламентті хабардар ете отырып, өзге мақсаттарға да жұмсалатын болды. 2023 жылы қор қаражатын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ облигацияларына орналастыруға рұқсат берілді. Тағы осы жылы Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары сатып алынды. Нәтижесінде ел бюджетіне трансферттен тыс қосымша 1,3 трлн теңге түсті. Қаржы министрлігінің есебінде бұл қаражат мемлекет меншігіндегі акциялар пакетінен түскен табыс ретінде көрсетілді. Анығында, бұл да Ұлттық қордың ақшасы емес пе?! 2024 жылы Ұлттық қордың 467 млрд теңгесіне «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары мен 238 млрд теңгесіне «Самұрық-Қазына» қорының бағалы қағаздары сатып алынды.

Жалпы бізде қағаз жүзінде бәрі керемет. Іс жүзінде көп нәрсе орындалмай қалды. «Квазимемлекеттік секторға қаржы бөлмейміз, тек инвестициялық табысты қолданамыз» деген уәделердің бәрі орындалмай жатыр. Негізінде, Ұлттық қордан бөлінетін қаражат тек республикалық бюджетке трансферт ретінде жұмсалуы тиіс. Бірақ 2015 жылдан бері қор ақшасы банктерді құтқаруға, кәсіпкерлікті дамытуға, бюджетке тиіп-қашып салық төлейтін компаниялардың облигацияларын сатып алуға бағытталып жатыр», – дейді саясаттанушы.

Қаржы министрлігі ай сайынғы кіріс пен шығыс бойынша қысқаша деректерді 2001–2019 жылдар аралығында жариялап отырғанымен, 2021, 2022 және 2023, 2024 жылдары күйісінен жаңылды. Интернет-ресурсынан тіпті толыққанды жылдық есеп табудың өзі қиын. Тәуелсіз қорлардың ашықтығын бағалайтын Linaburg-Maduell индексі және Truman Scoreboard рейтингісінде Қазақстанның Ұлттық қоры ашықтық бойынша 10 балдың 5-ін ғана алған. Ең жоғары 9–10 балл Норвегия, Чили, Аустралия, АҚШ қорларына берілген.

«Мұндай көрсеткіштер Қазақстанда Ұлттық қор туралы мәліметтер шектеулі екенін білдіреді. Ұлттық қордың есебінің ашық болуы маңызды. Ол халық алдындағы сенім. Мысалы, Норвегияның GPFG қоры – халық меншігі, оны үкімет басқарып, парламент алдында есеп береді. Аталмыш қор жыл сайын 30 беттен асатын есебін жариялайды. Ал Ұлттық банктің жыл сайын Ұлттық қорға қатысты беретін есебі жарты беттен аспайды», – дейді Әсем Қасымханова.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: