Ұлттық қорды уран құтқара ма?

Жуырда үкімет Ұлттық қор қаражатына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат берді. Ондағы мақсат – қордағы қаражатты бос жатқызбай инвестицияға айналдыру.
Былтырдан бері үкімет пен Ұлттық банк президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан «2030 жылға дейін Ұлттық қордың валюталық активтерін 100 млрд долларға жеткізу керек» деген тапсырма алған. Артынша Ұлттық банк қорды басқарудың арнайы тұжырымдамасын да жариялап үлгерді. Осылайша, жоспар құрылып, 2024-2026 жылдар аралығында Ұлттық қордан алынатын трансферттердің көлемі азайтылатыны, қордағы қаражатты оңды-солды шаша беруге жол берілмейтіні айтылды.
Бұл уәдеге сенгің-ақ келеді. Бірақ үкімет пен Ұлттық банк бюджеттің кем-кетігін жабу үшін Ұлттық қордың қаражатына қайта-қайта қол салуды әдетке айналдырғалы қашан?! Шөміш ұстаған шенділер осы уақытқа дейін қазанның түбіне қараған жоқ. Ұлттық қордың ортаятыны, сарапшылардың дабыл қаққаны, қордың есебінен бюджеттің жыртығын жамауға болмайтыны қанша мәрте айтылды, ұсыныстар көтерілді. Бірақ Ұлттық қордың активтері 2014 жылы 77,2 млрд доллар белесіне бір көтерілді де, күні бүгінге дейін сол межені қайта бағындыра алмады.
Ұлттық банктің дерегінше, қазірде Ұлттық қорда жинақталған қаржы 60 млрд долларды құрайды. 2024 жылдың соңғы алты айында Ұлттық қорға 2,65 трлн теңге түскен. Соның ішінде 2,17 трлн теңгесі – мұнай компанияларынан тікелей түсетін салық. Алайда оның басым бөлігі жұмсалып кеткен. 2024 жылдың І тоқсанында Ұлттық қорды басқарудан 464 млрд теңге инвестициялық табыс түскен. 2024-2026 жылдары Ұлттық қордан бюджетке 6 трлн теңге кепілдендірілген трансферт бөлінеді деп жоспарланған. 2024 жылғы 1 қаңтарда Ұлттық қор активтері 29,1 трлн теңгені құраса, 1 маусымдағы жағдай бойынша 29,3 трлн теңгеге (60,2 млрд доллар) жеткен. Яғни мұнай секторынан қаржы тұрақты түсіп отырғанымен, ел үкіметінің қордан үздіксіз қаржы алуының салдарынан, Ұлттық қордағы қаржы соңғы алты айда тек 190 млрд теңгеге өсіпті.
Қор қаражатының бұлайша ілбіп өсуіне қарап «2030 жылға дейін Ұлттық қордың қаражаты 100 млрд долларға өсуі мүмкін бе, әлде бұл құр қиял ма?!» деген сауал мазалары анық. Қазір Ұлттық қордың қаражатына ұлттық компаниялардың акциялары сатып алынып жатыр. Бұдан қорға қандай пайда келмек?! Бәлкім, осы әрекет қор қаржысының күрт өсуіне ықпал етер. Мысалы, 2023 жылы үкімет Ұлттық қордың 1,3 триллион теңге қаражатын пайдаланып, «Самұрық-Қазына» қорынан «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның (ҚМГ) акциясын сатып алған болатын. Үкімет осылайша ҚМГ акцияларын сатып алу арқылы Ұлттық қордан бюджетті қаржыландыру үшін 1,3 трлн теңге шығарып алды. Нәтижесінде, ел бюджетіне қосымша 1,3 трлн теңге түсті. Енді «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акциясына қордың қаражатынан инвестиция салса, ол да белгілі мөлшерде пайда әкелмей ме?! Бұл биліктің ойы.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылар Ұлттық қордың қаржысын мұндай тәсілмен алу – экономикаға және бюджет саясатына жағымсыз үрдіс дегенді алға тартты.
Бизнес аналитика және экономика саласының сарапшысы Жақсыбек Мұқышевтің ойынша, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акцияларын сатып алу арқылы Ұлттық қордың бүйірін қампайта алмаймыз. Маманның пайымдауынша, акциялардың инвестициялық кірісі қысқамерзімде қорды қоңды ете қоймайды. Сондықтан бұл тәсіл тығырықтан шығар жол емес. Себебі компаниялардың акциялары стратегиялық жоспар бойынша арзандап отырады.
«Қазір әлем бойынша уранның бағасы қымбаттап жатыр делік. Бұдан бөлек, Қазақстан 2025 жылы уран өндіру салығын 6 пайыздан 9 пайызға өсіруді жоспарлап отыр. Әрине, «бұл өндіріске әсер етіп, нарықта уран бағасының өсуіне ықпал етеді» деген болжам бар. Бірақ біздегі уран өндіретін 14 компанияның екеуі ғана «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі. Ал қалған 12 кәсіпорынның құрылтайшылары «Росатомның» еншілестері. Үкімет акцияларын сатып алу арқылы «Қазатомөнеркәсіпке» бақылауды күшейтеміз десе де, «Росатоммен» еншілес компанияларға тісі бата қоймайды. Бұдан бөлек, әлемдік нарықтағы бағаға байланысты және компаниялардың жоспарларына қарай акциялары да арзандап отырады. Сондықтан бізге Ұлттық қордың 1 млрд долларға жуық қаражатына «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акцияларын сатып алу онша пайда әкелмейді. Үкімет Ұлттық қор қаражатын тиімділігі жоғары активке салудың орнына тиімсіз активтер санын арттырып отыр. Өз басым, нақ қазір «Қазатомөнеркәсіптің» акциясын сатып алып, оны құтқарып қалатындай, оның капиталын толықтыратындай қажеттілік көрмеймін. Меніңше, бұл акциялар белгілі бір ірі тұлғалардың акциялары болу да мүмкін. Олар кезінде IPO-ға кірді. Акция бағасы өскенде пайдасын көрді, енді пайда азая бастағанда акциясын мемлекетке сата салып, ІРО-дан шығып кетпек болар деп топшылаймын. Жалпы, Ұлттық қордың қаражатына «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына», «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының акцияларын сатып алу арқылы қордың активін арттырамыз дегенмен келіспеймін. Бұдан қордағы қаражат арта қоймайды», – дейді сарапшы Жақсыбек Мұқышев.
Мұнай қымбат кездің өзінде Ұлттық қорға қол салдық
Маманның айтуынша, 2002, 2008, 2018-жылдары акция таңдаудың қателігінен біз Ұлттық қорды минусқа жіберіп алыппыз. Міне, содан бері қорға қаражат құтаймаған. Қордың қаражатын қоңды ету үшін осы уақытқа дейінгі басымыздан өткен дағдарыстардан сабақ алып, экономиканы әртараптандыруымыз қажет еді. Әттеген-айы, бізде үкіметтің жіберген кем-кетіктері мемлекеттік деңгейде сараланбайды, сыннан қорытынды шығарылмайды.
«Сол 2008 жылдарда болған дағдарыстан кейін-ақ сабақ алуымыз керек еді. Үкімет сол жылдардағы дағдарыстан сабақ алғанда ішкі нарық үшін экономиканың барлық сегментінде бизнес субьектілерінің пайда болуына мүмкіндік берер еді. Бірақ қазір бұған қатысты жағдай бақылаудан шығып кетті. Көлеңкелі бизнеске үкімет тосқауыл қоя алмады. Шағын және орта бизнеске демеу бола алмады. Мемлекеттік сатып алудың айналасындағы жемқорлықты, субсидия бөлудегі түрлі заңсыздықтарды тоқтата алмады. Экономиканы әртараптандырамыз деген жоспарлар мен жобалардың нәтижесін көре алмадық. 2015 жылдардан бері Ұлттық қорға түсіп жатқан түсімнен шығынымыз басым. Соның өзінде үкімет экономикалық өсім бар деп есеп беруден жаңылмайды. Экономикалық өсу кезінде Ұлттық қордан 5-6 трлн теңгеге дейін трансферттер алынбайды. Осыны ұғу керек. Бұдан бөлек, бүгінде мұнай бағасы құбылып тұр. Жаһандық нарықта мұнай қазір 79 доллардан сатыла бастады. Кезінде Brent маркалы мұнай 143,9 доллардан бағаланған кезеңдер болды. Сол қымбат ресурс дәуірінде біз Ұлттық қордың ақшасын жұмсап тастадық, жинаған жоқпыз. Ал қазіргі геосаяси, ғаламдық қымбатшылық, макроэкономикалық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан үшін Ұлттық қорды алты жылдың ішінде 100 млрд долларға жеткізу қиындау», – дейді Ж.Мұқышев.
Жалпы, сала мамандары «үкімет тек бюджет кірісіне сенсе ғана 2030 жылға қарай Ұлттық қордың қаражатын 100 млрд долларға жеткізе алуы мүмкін» дейді.
«Аналитик» талдау орталығының қаржыгері Жасұлан Мақсұтовтың сөзіне сүйенсек, үкімет те, Ұлттық банк те Ұлттық қордың қаражатын белгілі бір компаниялардың акцияларына салуды инвестиция деп қарастырады. Дегенмен атқарушы билік мұндай тәжірибені әдетке айналдырмауы керек. Үкімет бюджетті жоспарлағанда Ұлттық қорға емес, бюджет кірісіне сенуі тиіс.
«Үкіметке бюджет кірісін арттыратын жаңаша тетіктерді қарастыруы керек. Бізде әлі күнге дейін сол баяғы ұстаным. Жыл сайын салықты, айыппұлдарды өсіру. Айлық есептік көрсеткіштерді ұлғайту. Осы тәсілді ұстанып келе жатқан үкімет қазіргідей кезеңде салықты өсіру инфляцияны күшейтетінін, халықтың жағдайын төмендететінін, жалпы экономиканы тұрақсыздыққа апаратынын білмей ме?! Бір ғана мысал, «2025 жылы банктерге табыс салығы 25 пайызға дейін өсуі мүмкін» деп жатыр. Салықты өсіру бюджет кірісін арттырудың классикалық үлгісі десек те, нақ қазір мұндай қадамдарға баруға болмайды. Банктерге салық өсетін болса, банктер күні ертең сөзсіз несие пайызын жоғарлатады. Мұның соңы қарапайым халықтың одан әрі қиналуына әкеп соғады. Қазіргі жағдайда салықтың өсуі, керісінше, салық түсімдерінің төмендеуіне әкеледі. Себебі бизнес көлеңкеге кете бастайды, табысын жасыруға мәжбүр болады. Салықты өсіру бюджеттің кірісін арттырмайды. Сондықтан үкіметке қазір мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқартуды үйрену керек. Халықаралық форумдар, ірі-ірі басқосулар бізде өте көп. Салғырттықтың салдарынан төтенше жағдайларға жол беру жетерлік. Осы іспетті дүниелерді қысқарту қажет. Ең бастысы, халықтың төлем қабілетін түсіріп алмауымыз керек. Қарапайым халықтың қолында қаражат болмаса, компаниялар қандай мықты өнімдерін ұсынса да ел ол тауарларды сатып алмайды. Сондықтан үкімет халыққа төленетін жәрдемақы, зейнетақы, жалақы, тағы басқа әлеуметтік төлемдерді индекстеп, оны уақытылы халыққа төлеп отыруы керек. Осы бағытты сауатты ұстанғанда бюджеттің кірісі артар еді. Ұлттық қорымыз да алынбалы, салынбалы болмас еді», – дейді қаржыгер.
Жалпы, біздің халықта Ұлттық қор тек мұнайдан түсетін түсіммен ғана толығады деген түсінік бар. Ал ақиқатында, корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, өнімді бөлу бойынша үлестер, экспортқа рента салығы және жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі – тағы басқа түсімдердің барлығы ең алдымен Ұлттық қорға түседі. 2000 жылы Ұлттық қор құрылған тұста, экс-президент Назарбаев «Ұлттық қор елдің қауіпсіздігінің кепілі» дегенді жиі айтатын. Ұлттық қордың негізгі мақсаты – ұрпақ үшін қаржы жинағын қалыптастырып, әлемдік шикізат нарығында болып жатқан өзгерістердің ел экономикасына ықпалын кеміту болған. Алайда біз әлі күнге дейін әлемдік нарықтағы мұнай бағасының аңысын аңдып, қара алтынның бағасы түссе көңіл күйіміз қоса түсіп, сәл көтерілсе үміттеніп жүрген жайымыз бар.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ