Ұлттық қордың әлеуметтік жобаларға құйылған триллиондары табыс әкелмей жатыр

Қазақстанның Ұлттық қоры шетелдік әріптес қорлармен салыстырғанда аз табыс тапқан. Мұның себебін Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жариялады. Аудиторлар Ұлттық қор қаражаты әлеуметтік және индустриялық жобаларға салынып, табысы төмен болғанын алға тартады.
2009 жылдан бері Ұлттық қордан 3,7 трлн теңгеден астам қаражат «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» облигацияларына салынған. Бірақ бұлардың кірісі тым төмен – мысалы, 2024 жылы қор бар-жоғы 45,5 млрд теңге ғана пайда көрген.
2024 жылдың соңында Ұлттық қор портфелі былайша бөлінді:
-
акциялар – 36%,
-
дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары – 27%,
-
дамушы елдер – 19%,
-
корпоративті облигациялар – 9%,
-
алтын – 6%,
-
басқа – 3%.
Бірақ Жоғары аудиторлық палата қордың табыстылығы жағынан шетелдік қорлардан әлдеқайда артта екенін атап өтеді. Мысал ретінде әлемдегі ең ірі әл-ауқат қоры – Норвегия ұлттық қоры келтіріледі. Оның капиталы – 1,8 трлн доллар. 2023 жылы қор 213 млрд еуро таза пайда тапқан. Қор 77 елдің 8900-ден астам компаниясына үлескер, ал ірі инвестициялары – Apple, Microsoft, Nvidia сынды AI саласында өскен алыптар.
2024 жылы бұл қордың жалпы табысы 13% болған. Бұл Қазақстанның Ұлттық қорына қарағанда бірнеше есе жоғары.
Екінші бір үлкен қауіп – Ұлттық қордан трансферттер арқылы бюджетке қаражат аудару. 2015–2024 жылдары қордан алынған қаржы республикалық бюджеттің 29,9%-ын құраған.
«Бұл үрдіс қордың тұрақтылығына қауіп төндіріп, мұнайдан тыс бюджет тапшылығын үдете түседі», – дейді ЖАП.
2024 жылы Ұлттық қордан 6,2 трлн теңге алынып, соның 5,6 трлн теңгесі республикалық бюджетке берілген.
Аудиторлар Ұлттық қордың 2030 жылға дейін 100 млрд долларлық активке жетуі екіталай екенін ескертеді. Өйткені:
-
мұнайдан түскен табыс 2024 жылы 748 млрд теңгеге азайды,
-
салық төлейтін мұнай компаниялары 204-тен 24-ке дейін қысқарды,
-
осыған байланысты қор 166 млрд теңге жоғалтты.
Қазіргі таңда, 2025 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, Ұлттық қордың жалпы активі – 32,8 трлн теңге.