Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 29 Наурыз 2025

Ұлттық қордың үш анығы мен жүз молдасы

ұлттық қор
Фото: из открытых источников

Ұлттық қордың 1 млрд доллары АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына (бағалы қағаздарына) салынатын болды.

 Бас банк осы арқылы АҚШ-тың инфляциядан қорғалған TIPS мемлекеттік облигациялары нақты табысымызды сақтайды, активтердің құнсыздануына қарсы тұрамыз дейді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың сөзінше, сатып алынған TIPS Қазақстанның Ұлттық қорына енгізіледі. Қазір ТIPS-тің активтері 59 млрд долларды құрайды, оның 54 млрд доллары жоғары кіріс беріп келген.

Әрине, тәуекел еткен соң Бас банк Ұлттық қордың қаражаты тек қомақты табыс әкелетін шетелдік мемлекеттік облигацияларға салынып жатқанын түсіндіруге тырысады. Ұлттық банк TIPS-тен басқа шетелдік жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым саласында да Ұлттық қор қаражаты бар екенін айтады. Ұлттық банктің баламалы инвестицияларға жауапты бөлімшесі қазірде жылжымайтын мүлік қорларына қордың қаражатын салып үлгерген және басқа да инфрақұрылымдық қорларға инвестициялауға мүмкіндік іздеп жатыр.

Жалпы, осы уақытқа дейін біз Ұлт­тық қорды көбейтудің екі жолын ұстанып келдік. Біріншісі – мұнайдан түскен түсім. Бұл жолда қаржы ең әуелі Ұлттық қорға түседі. Содан кейін барып трансферт арқылы бюджетке кетеді. Екіншісі – ин­вестициялық кірісті арттыру. Бұған дейін біз осы бағытты дамытуда 80/20 пайыз межесін ұстандық. Яғни Ұлттық қордағы қаражаттың 80 пайызы облигацияларға, қалған 20 пайызы акцияларға салынды. 2023 жылдан бері үкіметке Ұлттық қор­ды бас­қару параметрін өзгерту тапсырылды. Енді Ұлттық қордың қаражатының 60 пайызы облигацияға, 30 пайызы акцияға, 5 пайызы алтынмен сақталып, қалған 5 пайыз баламалы қаржылық құралдарына бөлінбек. Бұл – Ұлт­тық қордың инвестициялық кірісін одан әрі өсіру үшін жасалған қадам. Ұлттық банк инвестициялық портфельді осылай әртараптандыру арқылы қордың кірісін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға өсіреміз деп отыр. Қазір қорда 60 млрд долларға жуық қаражат жатыр.

Кейінгі бес жылда Ұлттық қордан 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы алынған. Биыл да үкімет қордан 5,3 трлн теңге трансферт алуды жоспарлап отыр. Негізінде, жоспар бойынша Ұлттық қордың көлемі 2023 жылы 66,7 млрд долларға, 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд долларға дейін артуы керек болған. Бұл туралы, әсіресе 2023 жылы ұлттық экономика министрі болып тұрған тұсында Әлібек Қуантыров жиі айтатын. Көріп отырғаныңыздай, бұл жоспарды тіпті межелей де алмадық. Осыдан да болар, соңғы кезде «2030 жылға дейін Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу» туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы туралы көп айтылмай кетті.

Ұлттық банктің жанталасып инвестициялық қоржынды әртараптандыруы, Ұлттық қор қаражатын дамыған елдердің бағалы қағаздары мен акцияларына салуы қорды байыта қоя ма? Салалық сарапшылар бұл жағына күмәнмен қарайды. Бұл – Ұлттық қорға уақытша ғана дем беретін құбылыс. Себебі Қазақстанда Ұлттық қор қаражатын басқаруға қатысты «оң қол және сол қол» синдромы қатты қалыптасып кеткен. «Экономика және құқық» институтының маманы, экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің пайымдауынша, бізде Ұлттық қорды басқаруда Ұлттық банк оң қол болса, үкімет сол қол болып отыр.

Молдасы көп Ұлттық қор

«Ұлттық банктің оң қолмен қорға салған қаражатын, үкімет сол қолымен алып қойып отыр. Бюджет бекітілген сайын үкімет трансферттерді ұлғайта береді. Міне, қарама-қайшылық. Негізінде, Ұлттық қорға түскен инвестициялық табысқа тиіспей, оны көбейту кезеңін әлдеқашан бастауымыз керек еді. Ұлттық қордан алынып жатқан қаражаттарды да ұқсатып жарытпадық. Ұлттық қор есебінен алынған инвестициялық жобаларды іске асыруда жергілікті органдардың, министрліктердің іс-қимылы нашар. Бізде қорға жүктелген міндеттер бір­неше мемлекеттік органға бөлініп берілген. Мысалы, жос­парлау – ұлттық экономика министр­лігіне, кірістерді есепке алу – қаржы министрлігіне, ак­тив­терді басқару – Ұлттық банкке, жалпы үйлестіру – Ұлт­тық қорды басқару жөніндегі кеңеске, бақылау Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияға жүктелген. Алайда осынша көп орган бола тұра Ұлттық қор есебінен қаржыландырған жобалардың түпкі нәтижесі жөнінде нақты ақпарат табу қиын. Бізде оны жинақтап, талдап, қалт жібермей зерттеп отыратын мекеме жоқ. Елдегі Ұлттық қорды басқару жүйесі «молда көп болса қой арам өледінің» кебіне көбірек ұқсайды.

Қазақстанға сырттан инвестиция тарту әу бастан проблема болды. Ірі инвесторлар елге аз келеді, біздің нарыққа қызығушылық төмен. 2023 жылдан бері елге келетін инвестиция көлемі төмендеп келеді. 2023 жылы 23,4 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат тартылса, 2024 жылы 15,7 млрд доллар ғана тікелей инвестиция келген. Ал енді осындай кезде Ұлттық қордың қаражатын отандық өндіріске салайық десек, оның да тәуекелі көп. Өйткені бұған дейін отандық бизнеске қордың қаражаты салынбады емес, салынды. Мысалы, былтыр Ұлттық қордың 60 млрд теңгесі Астанадағы «сақалды құрылыс» мәселесін шешуге жұмсалған. Бірақ бұдан LRT іске қосыла салған жоқ. Қор қаражаты инфрақұрылымдық жобаларға, агро-өнеркәсіп саласына, ЭКСПО-2017 көрмесіне, энергетика, индустрия салаларына да бағытталды. Бір ғана мысал, қазір сол ЭКСПО-2017 көрмесінің шары бұзылып жатыр. Музейді енді жасанды интеллект орталығы алмастырады. «Са­мұрық-Қазынаның» облигацияларын алып та Ұлттық қор 60,8 млрд теңге шығынға батқан. Ұлттық қор есебінен «ҚазМұнайГаз» акция­ларын сатып алу үшін 1,3 трлн теңгенің бөлінуі де бір­жақ­ты үкімет шешімімен қабылданды. Осының бәрін қоса алғанда, 2023 жылы ғана қордан алған ақша көлемі 5,3 трлн теңгеге бір-ақ жеткен. Бұл – рекордты ақша алу көрінісі. Қазақстанда 21 министрлік бар болса соның бәрі Ұлттық қордан трансферт алып отыр. Былтыр да үкімет Ұлттық қордан бюджет тапшылығын жабу үшін 6 трлн теңгеге жуық қаражат алды.

Рас, қордағы бүкіл ақшаны экономикаға салу мүмкін емес. Өйткені бәрін экономикаға салсақ, макроэкономикалық тәуекелдер туындауы мүмкін. Олай болмау үшін экономикамыздың Ұлттық қордың қанша ақшасын қорыта алатынын, ол шамамен қанша сома екенін есептеп шығару керек. Қорыту қабілетінен көп ақша салынса, инфляцияның өршуі сияқты кері әсері пайда болады. Осындай әсерлерден қашқаннан кейін Ұлттық банк қор қаражатын шетелдік бағалы қағаздарға салуды жөн көреді», – дейді экономист.

Маманның ойынша, Ұлттық қор соңғы 10 жылда елімізді шикізатқа тәуелділіктен арылту үшін жұмыс істеуі керек еді. Үкімет осыған басымдық берудің орнына, керісінше, тапсырманы орындай алмай жатса қорға қол сала жөнелетін оңай жолға түсіп алды. Алайда қаржы саласында «оңай жол» болмауы керек. Бұл салада дұрыс немесе бұрыс деген ғана жол бар.

Қысылтаяң заманнан шығып болмадық

Экономикалық саясат институтының директоры, экономист-ғалым Қайырбек Арыстанбеков біз Ұлттық қордың әу бастағы жоспарланған функциясының өзін дұрыс реттей алмай, адасып кеттік дейді.

«Ұлттық қордың екі стратегиялық функциясы бар. Біріншісі – қысылтаяң заманда тұрақтандыру үшін пайдалану. Екіншісі – келер ұрпақтың игілігіне қаражат жинақтау. Өкінішке қарай, осы екі функцияның өзін дұрыс ұстана алмай отырмыз. Ұлттық қордың көбею жылдамдығын басқа елдермен салыстырсақ, өте төмен. Ұлттық қордың қаражатын тұрақтандырғымыз келсе, бізге бірінші кезекте банк секторының жұмысын реттеу керек. Банктерге отандық экономиканы қаржыландыру туралы қатаң талаптар қойылуы қажет. Бұл – бір. Екіншіден, Ұлттық қордан алынған қаражат көлеңкелі экономикаға да кетіп қалып жатыр. Бүгінде көлеңкелі экономика жалпы ішкі өнімнің 25-30 пайызына дейінгі үлесті құрап отыр. Бұл көлеңкелі экономикада тиісті салықтар алынбай жатқанын көрсетеді. Үшіншіден, Ұлттық қор қаражатының белгілі бір бөлігі шетелдік құнды қағаздар сатып алуға, акциялар мен облигацияларға салынады. Қордағы қаражатты құр жатқызбай шетелдік облигацияларға салу әлемдік тәжірибеде бар. Мұны экономикасы дамыған, өндірісі бекем, инвестициясы жолға қойылған елдер қолданады. Сондай-ақ қор қаражатының шетелдік облигацияларға салынуы біздің сыртқы имиджімізге де әсер етеді. Сырттан қарыз алу, ірі келісімдер жасау мәселесіне келгенде де тиімділіктер беруі мүмкін. Әйтсе де қор қаражатын шетелдік компанияларға, облигацияларға салуды мен аса тиімді дей алмаймын. Себебі акциялар мен облигациялардың құны бірде түседі, бірде көтеріледі. Ондайда пайызы төмен болады. Ұлттық қор ақшасына қай шетелдік компанияның акциясын сатып алсақ, соларды байытып отырмыз деуге болады. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Қор ақшасын тек өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларға ғана бөлу керек. Бірақ ол қаражаттар валюта нарығына түспеуі керек, яғни бағаның көтерілуіне жол ашпауы қажет», – дейді.

2030 жылға дейін Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткіземіз дегенде, шенеуніктер қазір үш аспектіні айтып жүр. Оның ең біріншісі және негізгісі – 2030 жылға дейін мұнай өндіру көлемін 105 млн тоннаға жеткіземіз десе, екіншісі – дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алып инвестициялық табысты арттыру. Үшіншісі – 2026 жылдан бастап қордан алынатын қаражатты 5 млрд долларға дейін шектеу. Алдыңғы екі аспектіні осы уақытқа дейін де ұстанып келгенбіз. Нәтижесі қазіргідей. Ал қордан қаражат алуды шектеу керек деп осыдан 10 жыл бұрын да айтып жүргенбіз...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: