Ұлттық өнерді ұлықтау – ұрпақ парызы
Қазіргі таңда білім берудің басты мақсаты – білім алушыға тек білім, білік, дағдыны меңгерту ғана емес, сонымен қатар ұлттық тәрбие негізінде саналы да белсенді азамат қалыптастыру.
Бұл ата-бабадан мирас болып келе жатқан, ұлт рухы мен болмысын айшықтайтын құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу деген сөз. Ұлттық қолданбалы өнер – халқымыздың рухани әрі мәдени дамуының биік көрінісі. Күнделікті тұрмысқа қажетті ою-өрнек, сәндік бұйымдар мен әшекейлер – ата-бабамыздың ақыл-парасаты мен шеберлігінің ғасырлар бойы қалыптасқан жемісі. Алайда бүгінгі технологиялық заманда жастардың бұл өнерге деген қызығушылығының төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Интернетке тәуелділік пен бос уақытты тиімді пайдаланбау – ұлттық өнерден алыстататын негізгі себептердің бірі. Бұрын бала тәрбиесі ата-ананың үйреткен өнері арқылы берілсе, бүгінде көпшілік оған уақыт таба бермейді. Ендеше, ұлт қазынасын кім насихаттамақ? Осы орайда жоғары оқу орындарында ұлттық мәдениет пен өнерді танытатын қосымша қолөнер үйірмелерін дамыту аса маңызды міндет. Мұндай бастамалар студенттердің бос уақытын мазмұнды өткізуіне, ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға айрықша ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында құрылған «Жас шебер» қолөнер стартабы – осындай игілікті істің жарқын үлгісі. Стартаптың негізгі мақсаты – ата-бабадан жеткен ұлттық өнерді көздің қарашығындай сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізу, қазақ қолөнерінің өзіндік ерекшелігін дәріптеу және ұлттық мәдениеттің мәнін терең түсіндіру. Стартап жұмысына қатысатын тыңдаушылар бос уақытын тиімді пайдаланып, тұрмыстық қажеттілікке сай қолданбалы бұйымдар жасаудың қыр-сырын меңгереді. Биылғы оқу жылында стартап құрамын Моңғолия, Қытай және Өзбекстаннан келген қандас қаракөз қыздар толықтырып, ұлттық өнерді жаңғыртуға өз үлестерін қосып отыр. Қорытындылай келе, еліміздің білім және тәрбие саласындағы жаңғыру үдерістері ұлттық құндылықтарды қайта түлетуге тың серпін беруде. Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық тәлім-тәрбиесі мен қолданбалы өнер мұрасы жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын баға жетпес қазына. Сондықтан өзге де оқу орындарында ұлттық өнерді насихаттайтын үйірмелердің көптеп ашылуы уақыт талабы.
М. Ибрагимова,
Ж. Қасымова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
оқытушылары