Ұлттық ұлан сарбазы жаттығу кезінде жарақат алды
Алматы облысында Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі сарбазы жоспарлы жауынгерлік жаттығу кезінде жарақат алды.
Оқиға 13 қаңтар күні сағат 15:05 шамасында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің жаттығу полигонында болған. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының хабарлауынша, қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан сарбаз АК-74 автоматынан абайсызда өзіне оқ атқан.
Жарақат алған әскери қызметшіге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін Қонаев қалалық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап, өміріне қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 9 қаңтарда Отар елді мекені маңындағы 30212 әскери бөлімінің оқу орталығында мерзімді сарбаз жарақат алған еді.
Түркістан облысынан шақырылған сарбазға қалта құжаттары өзінде болмағаны үшін ескерту жасалып, құжаттарын әкелуге жіберілген. Осы сәтте ол құжатына бара жатып, жолда өртке қарсы қалқаннан балтаны алып, өз саусақтарын шапқан.
Ал ҚР Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі бұл нұсқаны жоққа шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 6 қаңтарда әскери қызметші сол қолының саусақтарын металл затпен жарақаттаған және бұл жағдай жеке себептермен болған. Ведомство оқиғаның қызмет өткеру тәртібімен немесе командирлердің әрекетімен байланысты емес екенін мәлімдеді.
Зардап шеккен сарбаз әскери госпитальға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.