Ұлттың жаралы жады: Әкелер мен балалар

Қаруға үміт артқан қоғам адамдық қасиеттен әлдеқайда алыстап кетеді екен. Себебі адам қолына қару алған сәттен бастап, парасат пен мейірімділік екінші орынға ығыстырылады да, ал өлім мен күйреу күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналып кетеді.
Адамзат қоғамы осындай қанға бөгіп, қатыгездіктің алаңына айналған соғыстың бір емес, екеуін бастан қалай өткерді деген ұлы сұрақ туады. Оған соғыс тарихына қатысты статистика мен архивтің ақтаңдақ парақтары дәлел. Жеңіске жеткен тарап сапында біздің де аталарымыз бен әжелеріміз болды. Олардың қан майдандағы жүріп өткен жолы жырға айналды, көзсіз батырлығы өнеге, әрбір әңгімесі патриоттық ұран ретінде дәріптелді. Бірақ бүгінгі құндылық, бүгінгі тарих Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әрбір солдатты жалған идеологияға алданған ұрпақ, пафосты ерлік жырының құрбаны ретінде қарастыра бастады. Себебі күллі әлем соғысқа қарсы. Соғыс – құрылымдық күйреу, ұжымдық психикаға түскен жара, ұлттың жан дүниесін тілгілеген оқ. Адамзаттың қасіретін арқалайтын, бақытсыздығын еселейтін соғыста қандай жеңімпаз болсын?! Адам – қонақ, әлем – мәңгілік. Ендеше, ешкімнің біреудің өмірін қиюға, оның айналасын тып-типыл етіп жойып жіберуге қақысы жоқ. Сол үшін де соғыс тақырыбында адам трагедиясы жеңілген де, жеңген де тарапқа ортақ. Бұл соғыста жеңімпаз болмайтынына тағы бір дәлел. Соғыс – мемлекеттердің арасында өтетін стратегиялық қақтығыс деген жалаң пікір болар, ол – адамның адамға қару кезеп, адамгершіліктің шекарасын шайып кететін ұлы қасірет. Тек соғысқа қатысқан, майдан алаңында жан беріскен адамдарды ғана құрбан деу қисынға келмейді. Соғыстың зардабы мен азабын тұтас ұлт, бірнеше буын қатар сезініп өсетіні өтірік емес. Бұл әдетте тұтас ұлттың психологиялық күйіне, ұлттық сана мен болмысының өзгеруіне әкеліп соғады екен.
Осы орайда әдетте соғыс төңірегінде көп ұран мен айқайдың арасында зерттелмей, зерделенбей қалатын бір мәселе бар. Ол – соғыс тұсындағы әкелер мен балалар тақырыбы. Соғыс отының ортасында қалған немесе соның көлеңкесінде өскен балалар – адамзат тарихының мейлінше нәзік, мейлінше ауыр сәтінің үнсіз куәгерлері. Тарихқа көз тастасақ, соғыс балалары – ұрпақаралық жарақат пен сызаттың тірі айғағы. Соғыс балаларының драмасы бізге бейтаныс емес. Қазақ әдебиеті табалдырығын «бес жетім» болып аттаған, кейін классик жазушыларға айналған Төлен, Дулат, Қалихан, Асқар, Әбіш шығармаларынан бұғанасы қатпай еңбекке араласқан, батысқа телміріп, әкесiн күтуден талмаған, жетімдіктің жырын жаралы жүрегінде жылдар бойы сақтаған, құмары қанбай қалған балалықтың дастанын бала жастан басымызға жастанып оқып жүріп есейдік. Өзіміз көрмеген аталарымыздан ести алмаған жыр-дастандар мен ертегілерге деген қажеттілігімізді Төлен мен Әбіштердің кейіпкерлерінен естідік. Соларды оқи отырып, атамызбен сырласқандай болдық. Әдетте «соғыс балалары» қоғамның моральдық жүйесі, отбасылық құрылымы, білім беру үрдісі, тіпті ұлттық болмыс туралы қалыптасқан түсініктерді терең сынаққа салатын күрделі топ ретінде сипатталады. Әкесінің үні мен ізін аңсап, ананың үміт пен үрейге толы жанарына жаутаңдап өскен бұл балалар үшін балалық шағы ойын мен шаттықтың емес, жоқтаудың, аштық пен үрейдің уақытына тұспа-тұс келді. Тіпті бейбіт өмірдің өзі олар үшін бөгде, бөтен көрініс еді. Себебі соғыс атты сұрқылдайдың зардабы тек майданмен шектелген жоқ, ол әр үйдің, әр жүректің ішіне еніп, тыныштығын бұзып кетті. Бұл – үнсіз соғыс. Бұл – ұрпақтар арасындағы үнсіз мұң, адамзат жадындағы өшпес сызат. Осы тұста әкелері соғыстан қайтпаған балалардың өз мұңы мен қайғысы болса, әкесі соғыстан қайтқан балалардың да өз басына жетерлік мұң мен машақаты болды. Дәл осы жылдары отбасыдағы әкенің моделі әлсіреп, қазақ отбасының құрылымы өзгеріп кетті. Дәл осы жарақат, дәл осы сызат бүгінгі қоғамның құрылысына әсер еткені анық. Сөзімізге дәлел болсын. Соғысты көзімен көрмесе де, оның зардабы мен азабын бір кісідей кешкен кейіпкерлер көп. Бірінің әкесі соғысқа барып, қайта оралмаған, енді бірінің әкесі қайтып келсе де, тәні мен жанын тілген жарасын көтеріп өмір сүруге мәжбүр болған. Бүгінде жетпісті алқымдаған Рамазан Зинеденұлының әкесі Зинеден Қыдырашев 1925 жылы дүниеге келіп, 1944 жылы соғысқа аттанып кеткенін айтады.
«Әкем он тоғыз жасында соғысқа аттанып кеткен. Майдан алаңында басына екі рет, сол жақ иығы мен аяғына оқ тиіп, жиырма жасында алты ай ес-түссіз өлім мен өмір арасында жатқан. Былайша айтқанда, контузия алған. Соғыстан келген соң, бірінші топ мүгедегі атанды. Кейін Ақжібек деген анасы әйел тауып, Ұлжан деген қызға үйлендірген. Соғыстан келген соң, жағдайы бірден оңалып кетті дей алмас едім. Ол кездер ешкімге оңай болмаса керек. Әкемнің психологиялық күйі қандай болғанын нақты білмеймін. Бірақ біраз уақыт ішкілікке, кейін карта ойынына құмарлық болғанын білемін. Денесі ауылда жүргенімен, жаны сол бомбалардың арасында қалып қойғандай еді. Кейде түнде оянып кететінмін – әкем тұншыға дем алып, «Жүгір! Жүгір!» деп айқайлап жататын. Ал шешем үндемей, көрпесін тартып жатып алатын. Әкем маған ешқашан соғыс туралы ашық айтқан емес. Бірақ мен оның соғыстың ішінде тұрып қалғанын сезетінмін. Далада көршілер әңгіме айтып, күліп жатса – ол үнсіз қалатын. Біреу қолын шапалақтап қалса, жалт бұрылып, иығы дір ете қалатын. Меніңше, ол соғыстан келген жоқ – ол жай ғана бір сәтке тоқтап, тыныс алып алу үшін оралған. Ал шын мәнінде әлі де майдан шебінде жүр. Әдетте «соғыс ардагерлері – батырлар» дейтін. Ал менің көз алдымда – түнде тыныш ұйықтай алмайтын, баласының көзіне тіке қарай алмайтын, қоғамдық шараларда басын төмен салбыратып отыратын адам тұрды. Батыр деген – осындай бола ма? Кейде мен одан неге ауыл адамдары сияқты ашылып сөйлеспейтінін сұрағым келетін. Бірақ оның көзіндегі мұң мені тоқтатып қоятын. Мен түсіндім: соғыс тек оқпен емес, үнсіздікпен де жаралайды екен. Ол тек жауды емес, адамның ішкі әлемін де күлге айналдырады. Соғыстан кейін қоғамға араласа алмау – ол әлсіздік емес. Ол – жанның шаршауы, қажуы болса керек.
Көпшілік жиналған жерде өзін бөтен сезінетін. Кейін көре бастадым – әкем күн сайын ішетін болды. Бастапқыда бір стақаннан, кейін бөтелке толы үнсіздікке көшті. Арақ ішу – оны елден бөлектемеді, керісінше, елдің ішінде өзін жоғалтпау үшін ішкендей еді. Іше бастағанда ғана аздап ашылатын. Кейде соғысты айтып кететін, бірақ нақты оқиға емес. Ол отбасымыздың бір бөлшегіндей бола алмады. Үнемі сыртта жүрген адам сияқты көрінетін. Анам оны аяйтын. Бірақ аяу адамды қайта тірілтпейді. Қоғам әкелерге «батыр» деп қарады. Бірақ ол өзіне сол атақтың ауыр салмағымен өмір сүрді. Өмір бойы өзімен күресті. Жеңген жоқ. Бірақ берілмеді де. Қазір ойласам, қоғам соғыстан оралған адамдардан тым көп үміт күткен сияқты. «Олар елін қорғады – енді жай ғана өмір сүрсін» деді. Бірақ соғыстың адам психикасында қалдырған жарасын ешкім емдеген жоқ. Адамдар үнсіз күйіп жатты. Әкем де солардың бірі еді», – дейді кейіпкеріміз.
Қазақ қоғамында соғыс тақырыбы ұзақ уақыт бойы ерлік пен жеңістің, қаһармандық пен отансүйгіштіктің идеологиялық өрнегінде ғана сипатталып келді. Алайда уақыт өте келе бұл ұғымдарға деген көзқарас өзгеріп, соғыс тек біржақты жеңіс емес, ұлттың ішкі жарасы, ұзақ жылдарға созылған психологиялық сынақ, ұрпақтар санасында бедерленіп қалған беймәлім қорқыныш ретінде ұғыныла бастады. Қан майданнан аман келген әкелер мен сол соғыстың көлеңкесінде қалған балалар тағдыры – осы кеш түсінілген, әлі де толық зерттелмеген ұлттық жара. Бүгін біз майдан даласында шейіт болғандарды еске аламыз, бірақ олардан қалған балалардың өмірлік майданын жиі ұмытып кетеміз. Соғыс тек пушканың гүрсілімен емес, жауынсыз жанардағы үнсіз мұңмен де сипатталады. Ал бұл үнсіз мұң – ұрпақтың жан дауысына айналмайынша, өткеннің сабақтары толық ашылмайды.
Ал соғыс жылдарында дүниеге келіп, талайлы тағдырды кешкен тағы бір кейіпкеріміз – БҚО, Жаңақала ауданының тұрғыны Бақытжамал Магзенова. Бұл кейіпкер – соғыс баласы. Басына түскен аса ауыр жағдайдан ерте есейген, буыны бекiп, бұғанасы қатпай еңбекке араласқан, жетiмдiктің жырын жаралы жүрегiнде жылдар бойы сақтаған, жанары жасқа толып, батысқа телмiрiп, әкесiн күтуден талмаған, сәби қолдарымен салтанаты ортақ Жеңiстiң туын көтеруге қолтаңба салған, ерлiк пен өрлiктiң үздiк үлгiсiн көрсеткен, ерте есейген соғыс баласы. Кейіпкердің әкесі соғыстан оралмаған, тіпті қазір сүйегі қайда қалғанын білмейді де екен.
«Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толса да соғыста жетім қалған балалардың «статусы» анықталған жоқ. Мен әкем соғысқа кеткенде 1942 жылы 5 мамырда дүниеге келгенмін. Әкем марқұм соғыстан оралмады, сүйегінің қайда жатқаны да белгісіз. Шешем бізді сүйрелеп жүріп, асырады, бағып-қақты. Өзім үкіметтің берген жұмысын жасап, зейнеткерлікке шыққан жанмын. Алғашқыда әкемді Ресей Федерациясынан, кейін ҚР-ның түрлі органдарына хат жазып, іздеу салып, сұрастырып көріп едім, хабар болмады. Жоғарыда халық сайлаған депутаттар немесе түрлі құзыретті органдар отыр, не ойлары бар, неге осы біз сияқты кезінде жетім қалған балалардың мәртебесін қорғап, заң жүзінде қолдап шықпасқа?
Айтайын дегенім, біз «тыл ардагеріне» де, «дети войныға» да жатпаймыз.
Біріншіден, біз секілді жетімдерге бір реттік болсын өтемақы төленіп немесе емдік санаторийлерге жіберу қарастырылып та көрмепті (санаторийге бара да алмас едім), бұрын үйге 9 май – Жеңіс күнімен құттықтап та келмейтін еді, қазір қатарымыз азайған соң, «е, мына кемпір бар еді ғой» деп, әкімдіктен кісілер келіп-кетеді, құттықтап. Екіншіден, елімізде қанша саны бар да, сапасы жоқ, түртіп қалсаң, жарнамасы жер жаратын, жарнамаларына ақшаны аямай құятын қорлар жетерлік, яғни неге мен секілді жетімдердің әлеуметтік жағдайын қарастырып, қамқорлығына алып, қолдап отыратын қор ашпасқа?
Үшіншіден, әр қозғалатын мәселенің артында әйтеуір бір шешімі табылып жатады ғой, сол секілді соғыс кезінде туып, жетім қалғандарға жәрдемақы тағайындаса жөн болар ма еді? Қанша жасқа дейін өмір сүретінім белгісіз, берген жасты, әйтеуір адаммын ғой деп өмір сүріп жатырмын. Көзімнің тірісінде қанша жылғы шырылдап есік қағып, хат жазып жіберіп жүрген еңбегіме жоғарыдан бір оңды жауап естимін бе деген үміт қой менікі, қайдан білейін. Біздің мүддемізді кім қорғайды? Жылда бір өзгеріс болар деген үмітпен Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына да келіп қалыппын», – дейді кейіпкеріміз.
Мемлекеттер арасындағы стратегиялық қақтығыстардан бұрын, соғыс – адамның ішкі әлеміндегі гуманизм мен қатыгездіктің арпалысы. Бұл арпалыс тек майданда емес, бейбіт өмірде де жалғасады. Бүгінде жүзге жуықтаған соғыс балаларының көбі тірі тарихтың үнсіз шежіресіне айналды. Олар – ешқашан әкесінің даусын естімеген, соғыстың салқын демін балалық шағынан бастап сезінген ұрпақ. Бұл – ұлттың жаралы жады.
Ләззат БИСЕНҒАЛИЕВА, әлеуметтік психолог: СОҒЫС ОТБАСЫДАҒЫ ӘКЕНІҢ МОДЕЛІН ӘЛСІРЕТТІ
Мейлі кіші не үлкен болмасын, кез келген соғыс миллиондаған адамның өмірін ғана емес, ұлттың болмысы мен ұрпақ сабақтастығын да күйрететін ұлы қасірет. Қазір біз сүріп жатқан қоғам да бұл зұлматтан шет қалған жоқ. Әсіресе соғыстан кейінгі кезеңдегі әлеуметтік құрылымның өзгеруі, отбасылық институттың әлсіреуі, әкелер бейнесінің дағдарысы – бүгінгі күнге дейін ұлттың психоәлеуметтік жадында жазылмаған жара болып қалып отыр. Соғыстан кейін елге оралған әкелердің көпшілігі майдан даласынан тек жаралы тәнімен емес, жаралы жанымен де қайтты. Олардың арасында психикалық күйзеліс, посттравматикалық стресс, депрессия кең таралды. Бұл күйзелістер сол кезде кәсіби тұрғыда емделмеді, танылмады. Керісінше, «ер адам жыламайды», «ердің ісі – елді қорғау» деген ұлттық кодқа сүйеніп, ерлер іштей, үнсіз күйзелді, тұйықталды. Бұл үнсіздік ішкілікпен ұласатын. Кеңес өкіметі кезеңінде ішімдік мәдениет деңгейінде насихатталды: арақ – ерлер «демалысының» заңды атрибутына айналды. Соғыс көрген ерлер ішімдік арқылы өзін-өзі ұмытуға тырысты. Уақыт өте бұл мінез-құлық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ұлттық сипат ала бастады. Әлі күнге дейін әкенің бейнесі көбіне ашуланшақ, үнсіз, көп ішетін тұлға ретінде қабылданады. Осындай жағдайда өсіп жетілген ұрпақ – соғыс балалары – екіұдай әлеуметтік кеңістікте өмір сүрді. Бір жағынан, олар елдің қайта құрылуына үлес қосқан, еңбек етіп, жетістікке жеткен азаматтар болды. Екінші жағынан, олар эмоциялық жақындықты сезінбеген, әкенің жылуын көрмеген, психологиялық тұрғыда жалғыз болып қалыптасты. Бұл ұрпақтың бойында тұрақсыздық, қорғансыздық, эмоциялық тоң мінез, қорқыныш пен кінә сезімі тамыр жайды. Кеңестік жүйе бұны таптық тәрбиемен бүркеп, мәселені жекелеген психологиялық проблема ретінде қарастырмағанын білеміз. Алайда әлеуметтанулық тұрғыдан бұл – ұжымдық жарақат, ұлттың ішкі құрылымындағы ақау еді.
Соғыстан кейінгі кезеңде отбасы институты үлкен соққы алды. Соғыс жылдары әйелдер ерлердің орнын басты – олар жұмыс істеді, бала тәрбиеледі, қоғамды ұйыстырды. Бұл әйелдің әлеуметтік рөлін күшейтті. Алайда соғыстан қайтқан ерлерге бұл өзгеріс түсініксіз, тіпті жат көрінді. Үйдегі билік әйелдің қолында болған, балалар анасымен тығыз байланыста өскен отбасыларда әке образы әлсіреп, авторитарлы емес, көбіне шеттетілген, рөлсіз бейнеге айналды. Отбасыдағы эмоционалдық салмақ анаға ауысты. Осыдан кейінгі ұрпақтарда, әсіресе 60-70 жылдары туылғандарда әке мен бала арасындағы диалогтың жоқтығы, түсіністік тапшылығы сынды проблемалар кең таралған. Бұл мәселе қазақ қоғамындағы ер адамның эмоционалдық тұрғыдан оқшаулануына, ұрпақаралық алшақтыққа әкелді.
Соғыс балаларының психоәлеуметтік бейнесін сипаттасақ, төзімді, бірақ іштей жаралы тұлға деп көрсетуге болады. Олар үндемей еңбек етті, көп жағдайда ішкі сезімдерін білдірмеді. Алайда бұл үнсіздік – рухани бейқамдық емес, керісінше, үздіксіз күрестің көрінісі. Олар үшін сезімді ашық білдіру – әлсіздік, ал адам баласы әлсіздікті өмір сүруге қауіпті санайды. Сондықтан да бұл ұрпақ өзін қатал ұстауға тырысты. Бірақ бұл қаттылық кейін өз балаларын тәрбиелеуде проблемалар туғызды. Сезімін көрсетпейтін әке, үнемі жұмыста болатын ана, бала тәрбиесінің эмоциялық жағы назардан тыс қалды. Соғыстың салдары тек жеке тұлғалық деңгейде емес, құрылымдық деңгейде де көрінді. Ұлттық тәрбиедегі «әке – ұйытқы» қағидасы күйреді. Кеңестік идеология отбасылық дәстүрлерді екінші орынға ысырып, «ортақ мақсат» үшін өмір сүруге шақырды. Алайда бұл идея соғыс көрген қоғамда моральдық қуат таппады. Нәтижесінде, ұлттың ішкі тірегі саналатын отбасы – өзінің басты функциясы: қорған, тәрбие, махаббат ошағы ретіндегі рөлінен айырыла бастады. Қазіргі қазақ қоғамындағы ер адамдар арасындағы ішімдікке бейімділік, эмоциялық тұйықтық, әкелік жауапкершіліктің әлсіздігі – осы тарихи жараның жалғасы. Бұл құбылысты тек жеке мінез-құлықтың көрінісі ретінде емес, ұжымдық жара мен тарихи әділетсіздіктің белгісі ретінде қарастырған жөн. Әлеуметтану ғылымы бұл мәселені «интергенерациялық травма» (ұрпақаралық жара) ұғымы арқылы сипаттайды. Соғыс балаларының үнсіз қайғысы – бүгінгі қоғамның үнсіз проблемасына айналды.
Қазіргі жастар – сол соғыс балаларының, яғни психологиялық тұрғыда жаралы ұрпақтың немерелері мен шөберелері. Олардың бойында да қорқыныш, жақындыққа зәрулік, сенімсіздік сияқты белгілер жиі кездеседі. Бұлар енді генетикалық емес, әлеуметтік мұра ретінде жалғасып келеді. Психологияда мұндай құбылысты «интергенерациялық беріліс» дейді, ал әлеуметтану ғылымында бұл ұғым «әлеуметтік мұра», «травматикалық жады» секілді ұғымдармен байланыстырылады. Бұл – отбасылық, ұжымдық деңгейде айтылмаған, мойындалмаған қайғының, жараның ұрпақ санасына көлеңке ретінде сіңуі.
Ақгүлім Ерболқызы