Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:11, 01 Маусым 2021

Ұлтты біріктіретін бір күн керек

None
None

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында  «Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн» деп атап көрсеткені белгілі.

Алайда біздің көкейімізде осыған байланысты құрылған комиссияның қандай шешім шығаратыны маңызды.Шын мәнінде комиссия зерттеулермен ғана айналысып қоя ма, жоқ әлде қандай да бір саяси шешім қабылдай ала ма?

       Қазір ашаршылық жайлы әңгіме ашық айтыла бастады. Бірақ біз үшін бір мәселе маңызды: мәселенің  анық-қанығына нақты саяси баға берілуі тиіс. Жалпы, халықтың, сарапшылардың, тарихшылардың биліктен талап етіп келе жатқаны рас. Алайда бізге не нәрсе кедергі жасап отыр? Осыдан үш ай бұрын шамасында елордада сөйлеген сөзінде сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың былай дегені бар: «Ашаршылық – Кеңес Одағы құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы. Сондықтан ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл – барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті. Сол себепті ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал». 

        Мәулен Әшімбаевтың бұл пікірі кезінде, әсіресе әлеуметтік желіде қайшы пікір туғызды. Қоғам бұл пікірге қарсылығын білдірді. Сонда  бұл сала ғылыми тұрғыдан ғана зерттелуі керек пе? Мәскеудің солақай саясатының озбырлығынан қазақтың 2-3 миллионы қырылғанын бүкіл әлем білуі керек емес пе? Қазіргі уақытта біз ашықтықты, жариялылықты  ғана талап етіп келеміз. Рас, ғылыми тұрғыдан аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының қырылғаны нақты дәлелденуі тиіс. Алайда бұл Мәулен Әшімбаев айтқандай, «барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті» ғана ма, жоқ әлде, шынында да, қолдан жасаған Мәскеудің қастандығы ма? Елдің көкейіндегі ең маңызды сауал да осы, әсіресе соңғы сұрақ көкейкесті. Сондықтан билік ең алдымен аталған жайттардың басын ашып алуы тиіс. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның «Ашаршылық – қазақ ұлтына қарсы әдейі жасалған қастандық және нағыз геноцид. Мұны біз нақты айтуға міндеттіміз» дегені бар. Бұл енді ақиқат нәрсе. Халықтың биліктен талап етіп отырғаны да осы.

        Осыдан бірнеше күн бұрын сенатта «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты  кітап шығып, көпшілікке таныстырылды. Әрине, бұл еңбекте тың деректер бар. Бірақ тағы да бір мәселеге біз қайта оралуымыз керек. Осы жиында қазақ халқының өмірінде орын алған аштық нағыз геноцид, оның саяси мәні бар екенін ешкім де ашық айтпады.  Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тағы да бұрынғы пікірінде қалатынын аңғартты. 

«Құжаттар мен деректерді әрі қарай да жинақтау қажет. Сонымен бірге жарияланған мәліметтердің негізінде жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізу де маңызды мақсаттардың бірі. Ол үшін мемлекеттік органдар тарапынан тиісті қолдау көрсетіле береді», – деді сенат төрағасы. Бізден сауал: құпия болып келген деректердің халыққа жария етілгенін қоштаймыз, бірақ ғылыми зерттеулер қашанғы жүргізіле береді, оның саяси мәні ашылмаса, біз осылай жыл сайын құрбан болғандарды еске алып қана отыра береміз бе? Ары кетсе ашаршылық құрбандары ескерткішінің басына гүл шоғын қоямыз, дөңгелек үстел басында ғылыми конференция өткізерміз. Кітап шығарамыз. Сонымен тірлік бітті. Ал өзге елдерде қалай? Мысалы, Израильде еврейлер «холокост» күнін қалай өткізеді?

      – Ұлт боп қайғыратындай небір қасіреттерді бастан өткерсек те, бір нәрсені түсіне алмай жүрміз. Мысалы,  «холокост» деп бір күні бір сәтте әлемдегі барлық еврей тоқтап, қаралы күнді атап өтеді. Бізде ондай да күн жоқ. 16 желтоқсанда Желтоқсан құрбандарын еске алайық десек, оны істейтін ешкім жоқ, 30-31 мамырды есептік жиындармен өткіземіз. Енді өзің ойлап көр, не қуанышта біріге алмаймыз, не қайғыда біріге алмаймыз, сонда біздің айтып жүргеніміз қандай бірлік?! Ал әлемдік тарихта, мемлекет құрушы ұлттардың бірлік саясатында сондай күндер бар. Ұлтты біріктіретін бір күн, бір оқиға болуы керек. Сол себепті де мен үнемі 31 мамыр тек қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні емес, ашаршылық құрбандары мен қаралы күн болып, еске алу күні ретінде жариялануы керек деп айтамын. Сол күні қазақ даласындағы мемлекеттік тудың бәрі төмен түсіріліп, той-томалақтың бәрі тоқтауы керек. Белгілі бір уақытта әлемдегі бар қазақ бір сәт үнсіздік жасап, келген жерінде тоқтап, қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан құрбан болған жандарға тағзым жасауы керек, – дейді мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.

       Рас, бұл ұлт үшін өте керекті қадам. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Тіршілік жалғаса береді. Бірақ зардап шеккен, озбыр саясаттың кесірінен құрбан болған қазақ халқының басынан осындай ауыр күн өткенін бүкіл ғалам білуі қажет. Ол үшін біздің биліктен бір ғана нәрсе керек: қазақтың қаймағы, ұлттың зиялылары құрбан болған күн мен аштықтан қырылғандарды еске алатын тағзым ету минуты жүзеге асқаны жөн. Алайда  бүгінгі қоғамдық мемлекеттік саяси жүйеде бұл ұсыныстың орын ала қоюы екіталай. Мысалы, әлемдік қауымдастық Украинадағы «голодоморды», Израильдегі «холокосты» біледі. Ал қазақтың қайғы-қасіреті орын алған күннің  бар екенін неге білмейді? Өйткені біздің кешегі билік оған мүдделі болған жоқ. Аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын біріктіріп,  екеуін бір күнге белгілеп, бұл маңызды іске  мән бермей қоя салды. Әлем мінберінен айтуға жүрексінді. Кремльге жалтақтап келді. Қалай айтқанда да, әлемдік қауымдастық ХХ ғасырда озбырлықпен, қастандықпен жасалған қазақ қасіретіне әділ баға беруі керек.

       Ақиқаты, бұл геноцидке қазақ билігі Мәскеуді айыптаса, халықаралық деңгейде мәселе көтеріліп кетуі мүмкін. Сондықтан бұл тақырып бүгінгі билік тарапынан әзірге ғылыми бағытта зерттеліп, жалғаса беретін сияқты. Демек, бұл мәселе келешек буынға қалдырылған аманат есебінде қалады.

Тегтер: